ПОЭЗИЯ ТІЛІНІҢ БІЗДІҢ ДӘУІРІМІЗДЕ ӨРКЕНДЕУІ
Советтік дәуірдегі қазақ поэзиясы жаңа өмірді, еліміздегі ұлы революциялық өзгерістерді жырлаған поэзия болғандықтан, тақырып, мазмұн байлығы, ой-сезім сонылығы, жаңалығымен құнды. Социалистік реализм әдісімен қаруланған қазақ совет әдебиеті философиялық, эстетикалық негіздері жаңа, қоғамдық, идеялық нысанасы жоғары өнер болып қалыптасты. Қазақ совет әдебиеті, соның ішінде поэзия біздің заманымызда шын мағынасында профессионалдық әдебиетке айналды, поэзияда жаңа лирикалық үлгілер, жазба лириканың түрлері, жазба поэманың үлгілері орнығып, дамыды. Поэзия совет адамының жаңа сапалы ой-сезімін, эстетикалық ұғым-түсініктерін көрсету арқылы идеялық мазмұны, жанрлық түрі жағынан жан-жақты байып, молықты. Ұлттық көркем ой жүйесінің, ақындардың дүниетанымы, эстетикалық сезімінің дамуы, жаңа қасиет табуы поэзия тілін заманымыздың тілек-талаптарына сай ұстартып, жетілдіруге, байытуға орасан зор мүмкіншілік туғызды.
Поэзиялық шығарманың тіліндегі жаңалық, соны белгілер өз алдына оқшау тұрған нәрсе емес, поэзияның табиғатына, мазмұнына тән, поэзиялық, ақындық дүниетану жүйесіне, айналадағы өмірді қабылдапсезінуге тән тың, жаңа сипат-ерекшеліктердің көрінісі. Қазіргі қазақ поэзиясының тілі, суреттілік-бейнелілігі, сөз құралдарын қолдану тәсілдерін осы тұрғыдан қарасақ, әдебиетіміздің табыс-жетістіктерін байқау қиынға соқпайды.
Поэзияда жаңа, соны эпитет, теңеу, метафора, символ секілді бейнелі сөздерді, көркем баламаларды қолданудың, енгізуорнықтырудың мәні айрықша зор екені даусыз. Жаңа мағыналы бейнелі ой, көркем ұғым-түсініктер үнемі тың, бұрын қолданылмаған сөздер арқылы берілмейді. Көп жағдайда бұрыннан бар, белгілі сөздер, ұғымдар мүлде жаңа мағына алып, өзгеше бейнелілік, суреттілік сипатқа ие болады. Бұл тәсіл – поэзия тілін байыту, өрістетудегі аса үлкен, кең арна, бірақ бұл саладағы поэзия тілінің жаңалығы, ондай сөздер сырттай қарағанда бұрыннан таныс, үйреншікті көрінгендіктен, бірден көзге түсе бермейді. Осындай сөздердің поэзия да қисапсыз молдығы, поэзия тілінің көркемдік, бейнелілігін арттыруда орасан зор міндет атқаратыны шығармадағы сөз кестесін, бейнелеу құралдарын оның идеялық мазмұнымен ұштастыра қарастырғанда ғана айқын, толық көрінеді. Тегінде поэзия тілінің, бейнелеу тәсілінің сонылығы жеке сөздердің тыңнан қосылуы, сөз тіркестерінің өзгеше қиысуы ғана деп қарамай, ең алдымен, ой-сурет, сезім-әсер сонылығы, сол арқылы сөздің қуаттылығы артып, әр сөз, сөз орамының жаңа, терең мағына алуы деп түсіну ләзім.
Қазақ совет поэзиясының Сәкен, Ілияс, Сәбит секілді аса көрнекті өкілдері халық поэзиясында орныққан бейнелеп айту тәсілдерін шебер қолданды? Халықтық, ұлттық ойлау ерекшеліктерін түсініп, бойына сіңірген, еркін меңгерген, ұлт тілінің сөз байлығын, тілдің бояунақыштарын, өрнектерін өмірден алған әсерлерімен ұштастырған ақын қалыптасқан, бұрыннан бар сөз үлгілерін ақындық шабыттың күшімен түрлендіріп, жандандырып отыратынын көреміз.
С.Сейфуллиннің «Қамыққан көңілге» атты өлеңінде таң, қызыл күн, күн нұры революциялық күштерді тұспалдайтын символ-бейне болып келсе, қараңғы түн, түнек, қара жылан сияқты бейнелер революцияға қарсы күштерді, революцияның жауларын әшкерелеуге қызмет етеді.
«Бостандық» (1919) атты өлеңінде Сәбит Мұқанов елімізде социалистік революцияның жеңісін, ескі дүниенің талқан болуын тұспал сурет арқылы, «асқар тауды ұршықтай ғып үйірген» сұрапыл дауылды сипаттау арқылы көрсетеді. Осындағы көркем символдық мағына алған дауыл бейнесінің түп негізін іздесек, орыс классикалық поэзиясына әсіресе Лер монтов өлең-жырларына соқпай кете алмаймыз. Абай әсем қазақшалаған: «Қарашы ол, бүлік, құдайдан. Сұрайды дауыл күнітүн» деген сөз еріксіз ойға оралады. Мұндағы дауылды зарығып іздеу қоғамдық өмірде ірі өзгерісті аңсағандық. Ал енді осы бейненің кейін толысқан жаңа мазмұны Горькийден басталып бүкіл совет әдебиетінде, тіпті социалистік реализм әдісін ұстанған барлық елдегі жазушылардың шығармаларында кең тараған ұғым-түсінікпен байланысып жатыр. Сондықтан бұл көркем символды басқа қазақ ақындары да әр кез қолданып келеді. Қасым Аманжоловтың «Дауыл» атты өлеңін еске түсірелік. Бұл өлеңде көшпелі қазақ елінің өмір шындығын елестететін нақтылы сипат-белгілер аз емес: ақынның балалық шағы, жігіт кезі, Сарыарқаның желі, қазақ ауылы, киіз үйдің түндігі, шаңырағы, сырғауылы. Соққан дауыл жаратылыс-табиғаттың қыр адамына жақсы таныс бір көрініс, сонымен қатар дауылды суреттеу арқылы қоғам өміріндегі аса маңызды құбылыстар, керемет зор өзгерістер тұспалдап айтылатыны да айқын сезіледі. Бірде ышқына соққан дауыл бүкіл дүниені алып кеткен керемет күш бо лып көрінсе, енді бірде ақын өзін дауылға теңестіріп, балап сипаттайды («Көк дауылдай кеуделі жігіт болдым», «мен дауылдың ұлымын»).
«Дала» поэмасында Ілияс қазақ халқының тарихын, ғасырлар бейнесін жинақтап бірнеше сурет-көрініс арқылы елестетуге тырысады. Тарихи оқиғаларды әр дәуірдің үні естілерліктей етіп іріктеп, талғап алады. Бұл тәсіл ақынның шығармада жаңа заманның, революциялық күрес заманының бейнесін айқын, әсерлі суреттеуіне мүмкіндік береді. Заман ауысып, тарих көші ілгері жылжыған сайын өзгеріп, басқаша сарында естілетін даланың дабыр, үнін ақын әр жерде мағынасына, орайына қарай әртүрлі теңеулермен шебер сипаттап отырады. Мысалы:
Тау селіндей күңірене,
Қыр желіндей ескектей, Көшкен елдей үдере Келді дауыс алыстан.
Немесе:
Ұлы жорық жарыста
Қызыл тудай лапылдап,
Жауға тартқан марштай Әлемді алды бір сарын.
Бейнелеп айтудың ұтымдылығы аз сөзбен терең ойды аңғартудан туады. С.Мәуленовтің өлеңіндегі партизан тұлғасын суреттейтін мына сөздерді алып көрелік:
Халық кегі – құралы,
Қанды жорық – өмірі,
Қалың орман – тұрағы, Қарлы боран – серігі.
Мұндағы «құралы – халық кегі», «өмірі – қанды жорық» – көркем метафора. Өлеңде сөзді тура мағынасында сипаттау әдісі де шебер қолданылады:
Азат болған жетімдер,
Жанған вагон тізбегі, Талқандалған көпірлер – Партизандар іздері.
Өлеңнің осы екі шумағының өзі-ақ партизандар өмірін, олардың Отанымызды қорғаудағы жан қиярлық ерлігін айқын елестете алатынын мойындасақ, осының сыры өлеңдегі әр сөздің, сипаттаманың, суреттің дәлдігі, мәнділігінде екендігін де мойындауға тиіспіз.
Табиғат көріністерін суреттейтін лирикалық өлеңдерде ақындар бейнелеп-сипаттаудың алуан түрлі амал-тәсілдерін қолданады. Әдетте халық поэзиясында қыздың, жас әйелдің сұлулығын талға, гүлге ұқсату жиі кездесетіні белгілі («Көкшетау» поэмасында Сәкен өзі де тұтқын қызды «үзілген қызғалдақтай өңі солған» дейді). Ақын табиғат құбылысының көркемдігін адамның бойындағы сұлулықпен салыстырады, табиғатқа жан бітіргендей әсерлілік дарытып, шығармадан нәзік лирикалық сезімнің лебі есіп тұрады.
Ілияс «Мезгіл суреттері» атты өлеңінде сөз кестесін айрықша мәнерлеп келтірген.
Жаз Жерің анау – Жасыл жолақ кілемдей, Желің мынау – Жігіт айтқан өлеңдей, Күз Жерің анау – Шала илеген терідей: Желің мынау – Дарымшының деміндей: Қыс Жерің анау – Ақ кебенек, кебіндей, Желің мынау – Ел күңіренген өлімдей. |
Көлің анау – Той қып жатқан ауылдай: Күнің мынау – Елжіреген енеңдей. Көлің анау – Насыбайлы түкірік: Күнің мынау – Ауылнайдың мөріндей. Көлің анау – Көк пияла темірдей; Күнің мынау – Тұманды түк көрінбей. |
Тұлпар, жүйрік, жорға – ат туралы ұғым-түсініктермен байланысты алынатын нақышты сөздер мен бейнелеу тәсілдері қазақ поэзиясында да жиі кездеседі. Ондай бейнелі сөздерді тек әдебиеттен алынған үлгі-өнеге ғана деп санау қате болар еді. Поэзиядағы жүйрік ат, жорға, бәйге аты деген сияқты ұғымдар, оларға байланысты түрлі сипаттар тек дәстүрлі ұғым-түсінік, дәстүрлі көркем сөздер ғана емес, айналадағы өмір шындығынан алынған әсердің мол екені есте болу қажет. «Көкшетау» поэмасында Сәкен Сейфул лин Адақты бірде: «Жараған бәйгі кердей ықшам-сыптық», – десе, онан әрі: «Бәйге атша ширатады тұла бойын» немесе:
Бой жазып бәйгі кердей ойқастаған, Тұқырып мойнын кезек оңнан солға ап.
Орғыды бір бүгіліп, бір жазылып,
Құлашын қарыштауға жолын болжап, – деп бейнеледі.
Осындай теңеуді кейіпкердің дене бітімі мен сымбатын, қозғалысқимылын суреттегенде ғана емес, оның күй-жайын, сезімін айтқанда да қолданады: «Тұлпардай кермедегі жер тарпыған. Тықыршып ауыздығын қаршылдатып». Тұлпардың нақтылы әрекет-қимылын шебер бейнелеген ақын батырлардың жаяу жарысына түсе алмай, қаны қызып, делебесі қозып өзін-өзі күшпен тежеп тұрған жас жігіттің көңіл күйін айқын көрсетеді.
Осы күнгі поэзияда тұлпар жүйрік ат, жақсы ат деген мағынада айтыла береді, сондықтан ертегідегі, ескі жыр-қиссалардағы ерекше қасиеттері бар атты ғана тұлпар деп ұғу дұрыс емес.
Халықтық дәстүрді қолданып, ақындар жақсы аттың қасиетін адамға жанастыруды да шет көрмейді. Мысалы, тарлан деген сөздің аттың сипаты ретінде қолданылып ұнамды мағына алғаны сонша, тіпті кісіні де тарлан деп айта береміз. С.Дөнентаевтың «Үміт» атты өлеңінде «тарлан үміт» дегені де жатық болып шыққан. Ж.Молдағалиев «тарлан халық», «тарлан күй», «тарлан жүрек» сияқты сөз тіркестерін еркін қолданады: «Көңіл құрғыр жоқтайды әлденені. Алар кезде асаудың ерін енді».
Үнемі махаббат, қызық іздейтін жастық шағымен қоштасқан, тойдуманнан бой тежеп, есейген тұсын осылай етіп асаудың ерін алатын кезбен тұспалдау – қазақтың ұғым-түсінігіне үйлесімді шыққан. Ақындардың өлең-жыр, дастандарынан поэзия тілінің халық өмірінің өзгешелігіне сәйкес қалыптасқан бедер-белгілерін мол байқаймыз. Мысалы, «Күй» поэмасындағы «жүректі жебе сауған мұңды дауыс» немесе «Дала» поэмасындағы «жер желіні иіп тұр» деген секілді бақташылықты кәсіп қылған елдің тұрмысынан алынған әсерлермен тікелей байланысты туған бейнелі сөздерді атасақ та болады. І.Жансүгіров «Ресей жері» атты өлеңінде орыс даласының кейбір көріністерін қазақ тұрмысынан алынған әсерлермен қисынды ұштастырады.
Мұжықтың үйген маясы Көгендеген марқадай.
Жас жоңышқа форымы, Пішендіктің орыны Жасыл мәуіт-қамқадай.
Соқа айырған қара жер. Туырылады қартадай.
Бұл сияқты теңеулердің орыс және басқа бауырлас халықтар өміріндегі жайларды қазақ ұғымына жақындатып көрсету жағынан үлкен мәні бар.
Ә.Тәжібаев Ұлы Отан соғысының жалынды жауынгері, полк командирі болған Бауыржан Момышұлын «қазақтың ай мүйізді ақ серкесі» деп сипаттағанда бұрыннан келе жатқан халықтық үлгіге сүйенген.
Ақындардың әйел бейнесін суреттеудегі шеберлігінен де халық поэзиясының үлгі-өрнектерін жақсы меңгеріп, өзінше еркін қолдана білгендікті көреміз. «Дала» поэмасында Ілияс қызды:
Ақ сұпыдай бет біткен,
Оймақ ауыз, күлім көз, Ақ шыныдай ет біткен.
Қайың сынды, мүсінді, – деп сымбаттаған.
Жалпы халықтық тілге, сөйлеу тіліне тән бейнелілік, көркемдік қасиеттер поэзияда жаңа арнаға түсіріліп, жаңаша мағына алады. Ақындар тілдің бейнелілік, суреттілік ерекшеліктерін молынан пайдаланып, оларды дамыта, күшейте түседі.
Сұңқардың баласындай торға түскен,
Құланның құлынындай орға түскен, Тұтқын қыз жауларына жаутаңдайды Киіктің ылағындай қолға түскен.
Сәкен жау қолына түскен тұтқын қыздың аянышты халін әсерлі жеткізу үшін бірін-бірі толықтырып, күшейтіп тұрған ұқсас үш теңеуді қатарынан алған. Аяулы деп ардақтап, қастерлеген сұлу қызды ақын халықтың ұғымындағы ең асыл саналатын құс пен аңның баласына теңеген.
Ілиястың халықтық үлгіні пайдалану тұрғысынан қарағанда құнды шығармасының бірі – «Әнші» атты өлеңі. Автор оны Әсет ақынның атынан айтады. Бұл бір жағынан, Ілиястың осы тұста Әсет нұсқасын негізге алғанын байқатса, екінші жағынан, оның халықтық үлгіні қызықтап, халық поэзиясына тән суреттеу тәсілін өрістете қолдануға күш салғанын да айқын аңғартады. Ілияс халықтық поэзиядағы сөз кестесін, бейнелеу тәсілін сол қалпында алып қана қоймайды. Халық тілінің, көркем ой-сезімінің сөлін, нәрін қоспасыз, сап таза қалпында жеткізеді. Халық поэзиясындағы бейнелі сөздердің мәнін, рухын сақтай отырып, оларды жандандырып, жарқырата түседі. Алуан түрлі сипаттама сөздерді, көркем салыстыруларды қолданады. Осының бәрін әнді аспандата шырқайтын асқақ, үнді, өрен шабытты даңғыл, жүйрік әнші-ақынның тұлғасын бейнелеу мақсатына әбден үйлесімді. Әншінің адуындылығын, шабытының қуаттылығын, ол айтқан әннің қарқынын, тасқындаған екпінін әсем теңеу-салыстырулардың бейнелі мазмұндылығы арқылы да, өлең сөздің кемерінен асып төгіліп, саулап, құйылып тұруы арқылы да өте шебер елестетеді.
Ән салсаң, өзімдей сал аңыратып, Жайлантып, қоңырлатып, жамыратып.
Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,
Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып.
Боздатып саулы інгендей күңірентіп,
Нөсердей нөпір төккен жауындатып, Қазандай қарсы соққан дауылдатып, Қамыстай дауыл жыққан сауылдатып.
Соқтырып ай астынан алтын күрек,
Қақтырып, бұрқақтатып, қағылдатып,
Жүйткітіп, сонарлатып, саяттатып,
Қыранды қыр жонында шаңқылдатып;
Жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатып,
Аңқытып, аңқылдатып, ағындатып;
Қаусырып қағып, түйіп, төгіп әнді, Қайырып, қалтылдатып, қалтыратып. Ән салсаң, Әсеттей сал әсемдетіп, Қоздырып делебені дәсерлетіп.
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп,
Талдырып, талықсытып, тамылжытып, Орғытып, орағытып, баса өрлетіп…
Бұл өлең алдымен, сөз кестесі, бейнелеу тәсілдері жағынан ерекше қызықты. Ілияс қазақ ақынының әншілік шеберлігін халықтың санасында өлең-ән туралы қалыптасқан ұғым-түсінік, теңеу-салыстырулар арқылы көрсетуді мақсат еткен. Өлеңнің басында-ақ әншінің аузына бұлбұлмын, тұлпармын, жорғамын деген сөздерді салып, өлең сөзді, әншілік өнерді, ақындық шабытты суреттегенде халықтық үлгідегі бейнелеу тәсілін қолданады. Әннің айтылуын, шырқалуын, әнішінің дауысын әуелеп ұшқан аққуға, жерге қонып мамырлаған қоңыр қазға, боздаған інгеннің күңіренген үніне, нөсерлеп жауған жауынға, желмен жапырылған қамыстың шуылына, т.б. қимыл-әрекетке, дыбыс-үнге теңеуі дайын үлгіге бой ұрғандықты емес, халық поэзиясындағы сөздің суреттілігін, мағыналы мәнерлігін ұстартып, өңдеген, кемеліне келген көркемдік шеберлікті танытады. Осындағы теңеу-салыстыруларды қатар-қатар тізіп, жиыстырып келтіруі де өлеңді суырып салып шығарып, ағылтегіл нөсерлететін айрықша өнерпаздықты елестетеді. Шешендікті, тапқырлықты ерекше қастерлейтін халық ақынының әдетінше Ілияс үстемелеу, үдетіп әкету әдісін қолданып, мағынасы жағынан жақын, үндес сан алуан бейнелі, сипаттау сөздерді бірінің мағынасын бірі күшейтетін етіп, еселеп келтіреді. Өлеңнің өн бойында, өте-мөте екінші жартысында көсемше түріндегі етістік арқылы жасалған сипаттама эпитеттер тізбек-тізбегімен қолданылады (аңыратып, жайлантып, қоңырлатып, жамыратып…). Осыған орай ұйқастар да түгелдей етістік сөздерден жасалып, үнемі бірыңғай үйлесіп отырады. Отыз төрт тармақтан тұратын осы үзіндіде ұйқас бір-ақ рет ауысады. «Шырқатып, шығандатып, шалықтатып» деп басталатын тұста ақын тіпті басқа сөздерді араластырмай, ылғи етістіктен жасалып сипаттама сөздерді бірнеше тармақта қатарынан тізіп беруге дейін барған. Олардың бәрі бірдей терең мағыналы болып шықпай, кейбіреуі солғындау көрінсе, ол таңғаларлық нәрсе емес.
Ән-күйдің қоғамдық мәні, өнер адамының тағдыры жайлы мәселелерді Ілияс терең толғап, қазақ поэзиясының өзекті тақырыптарының біріне айналдырды. Ақынның «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары бұған толық дәлел екенін М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, т.б. әдебиетшілер аса жоғары бағалап, құнды пікірлер айтқан.
М.Дүйсенов «Ілияс Жансүгіров» атты кітабының «Өнер алды – қызыл тіл» дейтін тарауында Ілияс поэзиясының тіліне, бейнелеу тәсілдеріне тән бірталай өзгешеліктерді дұрыс байқаған[1].
«Күйшіде» халық поэзиясына тән сөз нақыштары, бейнелеп айту үлгілері молынан кездеседі. Мұнда ертеден қалыптасқан, талайдан белгілі болған сөз өрнектері дайын күйінде алына салмаған. Олар халықтың сөз байлығын еркін меңгеріп алған ақынның өршіл, жалынды шабытының күшімен шыңдалып, ұстартылып, түрленіп шыққан. Бұрыннан нұсқасы бар белгілі теңеу, эпитет, метафора, символдарды жаңа ақындық ой-сезіммен ұштастырып, жандандырып қолданғанда қандай керемет көркемдік шеберлік табуға болатынын Ілиястың осы поэмасынан әсіресе айқын көруге болады.
Күйді сипаттау үшін ақын әртүрлі салыстыруларды, бейнелі сөздерді өте шебер қолданады, кейбір теңеу, ұқсатуларды ақын дамытып, өрістетіп әкетеді. Мысалы:
Бұлақтай таудан тасып, тастан орғып,
Аңқылдап жатыр жосып, сайды құлдап.
Немесе:
… Соқтырып кейде боран дауылдатып; Көңілдің асқарынан тұманды айдап, Артынан нөсерлетіп, жауындатып.
Дауыл, құйын, жел, нөсер, тас бұлақтың суы, тасқын, сел – қазақ поэзиясында саулап, құйылып, төгіліп тұрған, шабытты, орамды, өткір, өктем сөздің, өлең-жырдың көркем, бейнелі баламасы-синонимі.
Күйді, күй сарынының орасан байлығын, сан құбылып отыратынын көрсету үшін, Ілияс халық поэзиясында әбден орын тепкен ақын, әнші шабытын, жыр, өлең ағынын бұлаққа, дауылға, жауынға ұқсатып бейнелеу тәсілдерін толықтырып, дамытып қолданған. Осыны біз ақынның күйді тұлпармен, басқа мал не жануарлармен салыстырып суреттеуінен де анық байқаймыз.
Құмайдай түлкі қуған құлдыраңдап,
Қырандай түлкі алатын көзі жайнап,
Бурадай кейде аузын қарш-қарш шайнап,
Ойнақтап, оқ жыландай андағайлап;
Тұлпардай жер тарпыған пысқырынып, Жорғадай майда дауыс, кейде маймақ.
Бұл жолдардан теңеудің көбінше жалаң сөзбен айтылмай, күрделі, қызықты жасалады. Мысалы, құр қырандай демей, қырандай түлкі алатын көзі жайнап деуі, тұлпардай демей, тұлпардай жер тарпыған пысқырынып деуі ақынның үйреншікті теңеулерді дайын қалпында қолдана салмай, өмірдегі маңызды бір шындық жайды елестетіндей сипат дарытып, сол арқылы теңеуді жандандырып, жаңартып отыратындығын аңғартады.
Ілиястың халық поэзиясының көркем ой-сезім байлығын емінеркіп игеріп, халықтық үлгідегі бейнелеу тәсілдерін батыл да шебер пайдаланады.
Аққу құс айдын көлде шомылғандай, Лашын құс өз бойынан қорынғандай. Үніндей домбыраның дүрілдетіп,
Көк тұйғын қуға түсіп соғылғандай.
Мұнда қыз да, жігіт те, жігіттің жай-күйі, қорқынышы, үміті тұспал бейнелер арқылы, терең символдық, тұспалды мағынасы бар суреттер арқылы көрсетілген. Ақын күйді басқа құбылыстармен, аттармен тек дыбыс-үн ұқсастығы негізінде ғана салыстырып қоймай, музыкалық шығарманың сазын, әр қилы мән-мағыналы әуенін түрлі қимыл-қозғалыс, әрекет, күй-жайлармен де жақындастырып, теңестіріп отырады.
……………………………………………………
Кейде күй қыран болып қылмаңдаған, Алдынан қызыл алтай бұлаңдаған.
……………………………………………………
Бұлбұл боп кейде қақсап, таңда зарлап, Торғай боп, аспанда ұшып, көкте шарлап. Басына аққу киіп, дуана боп,
Қасына ханышаның кеп тұр сарнап.
Осындай алуан түрлі теңеу, салыстыруларға тірек, арқау болатын нәрсе алдымен дала өмірінің шындығы: қырдағы елдің жаңа қонысқа көшуі, мал-бағу, ат жарыстыру, бүркіт салу, түлкі алу сияқты үнемі кездесіп отыратын жайлар мен қыр табиғатының көріністерінен алынған әсерлер. Өмірдегі әр қилы құбылыс, қимыл-әрекетті суреттей алатын күйді, оның үнін көркем сөзбен бейнелегенде күйдің өзін түрлітүрлі құбылыстармен салыстыру, соларға балап бейнелеу, сөз жоқ, әбден орынды.
Поэмада мұндай салыстыруларға негізделген теңеу, метафо ра ғана емес, көптеген эпитеттер де кездеседі.
Жорға күй жолда шаңы бұрқыраған,
Жалын күй көкке шапшып лыпылдаған, Кәріні бала қылып ойнатқан күй, Бұлақ күй сусағанға сыңқылдаған. Тәтті күй, құмарлық күй сылқылдаған, Ауыру асық дертпен ыңқылдаған… .
Мұндағы сипаттамалар жай анықтама – эпитеттер емес, метафора түріне ауысатын, балама бейне туғызатын әрі жасалуы күрделі сөз өрнектері. Сондықтан күй бірде бейне бір ойқастаған жорға кейіпінде көрсетілсе, бірде шапшып ойнаған жалын, тағы бір сәт сыңқылдаған бұлақ болып елес береді.
Кейіпкерлердің сезімі түрленіп, ауысқан сайын күй де алмасып, мазмұны мүлде өзгеріп отыратынын күйді мінездейтін эпитеттерден анық байқаймыз. Бұл жерде бірнеше сөздерден не сөйлемнен тұратын күрделі эпитеттер мен теңеу түрінде берілген алуан түрлі сипаттамаларды былай қойып, тек мына төмендегі бір-ақ сөзбен анықтама беретін эпитеттерді атасақ та жеткілікті: зарлы күй, ащы күй, тәтті күй, мұңды күй, құмар күй, өткір күй, адасқан күй, жорға күй, жалын күй, шерлі күй, ескек күй, бұлақ күй, жынды күй, жынданған күй, бұлдыр күй, нәзік күй, күйік күй, жылан күй, күшті күй, жосыған күй, ырғалған күй, жандырған күй, сарылған күй, ауырған күй, жылатқан күй, жұбатқан күй, кіжінген күй, сылқылдақ күй, т.б.
Ақынның көркемдік қиялы керемет қуатты, аса бай. Поэмада адамның ой-сезімі, жүрек толғанысы, жаратылыс-табиғат құбылыстары, неше түрлі жан-жануар, аң-құстардың әрекет-қимылы – барлық дүние бір түрлі ғажайып бірлестік тауып, тұтасып көрінеді. Сан алуан салыстыру, ұқсатулар, әр қилы өмір құбылыстарын жалғастырып көрсететін ой түйіндері өзінен-өзі туып жатқандай. Бұл – ақынның асқан сезімталдығының нәтижесі. Жарқ еткен бір ойдың, елес берген бір көрініс-бейненің ықпалымен ақынның сезімі үнемі тұтанып, ұшқындап отырады да, соларға сабақтас әртүрлі әсер-суреттерді поэма авторы шебер тізбектеп, көз алдымыздан өткізіп жатады.
Дуана ақтап отыр – я, аллайхақ!
Сарынын ішіндегі шерге жалғап. Ойнақтап қара дауыл соқты қырдан, Ебелек ел алдымен қашты қаңбақ. Безектеп бір өткір күй құлдырады, Күйшінің көзіне қыз бұлдырады.
Тамызда таңдай кеуіп талды күйші. Бір бұлақ мөлдіреген сылдырады.
Міне, бір сәт дуана болып ханшаның қасында келіп тұрған домбырашы жігіт те, қыздың өзі де көзімізден ғайып болады да, оларды енді тұспалдап көрсететін қашқан қаңбақ, оны қуған қа ра дауыл бейнелері елес береді. Бұл тұспал бейнелер күйші мен ханшаны сырттай мүсіндейді. Олардың көңіл күйін, күйші жігіттің елтіп ынтыққан, ханшаның салқын отырған кезін аңғартып, поэманың арқауы болып отырған психологиялық тартысарпалысты шиеленістіре түседі. Құмарлық сезіміне берілген күйшінің бейнесін сусыз шөлде тарыққан адам кейпінде сипаттаған ақын, енді оның көз алдына бұлдыраған қыз тұлғасын бір сәт ығыстырып, тасалап қояды да, көзіне мөлдіреген бұлақты әкеп елестетеді.
Кейде метафора тәсілімен берілген бірнеше сурет бір-біріне ұласып, топтасып келетінін көреміз.
Ескек күй шалғынды есті, серпе соқты, Өрт қылды қыз бойындағы аз ғана отты. Толғантып тоқсан түрлі қыз көңілін,
Жүректің жазы шығып, жаңбыр төкті.
Күйдің ескек жел боп есуі, қыздың бойындағы сезім отын үрлеп, лаулатуы, енді бір сәт жаңбыр жауып, қыз жүрегінің жалынын басқандай болуы – бұлардың бәрі де өз ара жалғас, байланысты құбылыстар.
Ақын әсірелеу әдісін қолданып, халық поэзиясындағы үлгінің ізімен қыздың нәзік тамағын «көрініп жұтқан шарап» деп сипаттайды. Күйдің адамға әсерін ол мейлінше күшті әсірелеу-гипербола негізінде суреттейді.
Поэмада Қарашаш бейнесін сипаттауда және осы тұста теңеу, салыстыру, басқа көркемдеу тәсілдерін қолдануда айрықша көзге түсетін оқшау өзгешелік бар. Қарашашты ақын көбінесе поэманың басты кейіпкері болып отырған күйші жігіттің көзімен көріп, соның ұғым- түсінігі тұрғысынан суреттейді. Сондықтан күйші бір сәт қызықтап, тамсанған тұста қыз қолым жетсе-ау! деп адам армандайтындай асқан сұлу болып сипатталады да, ал жігіт қыздың қаталдығын, жан түршігерлік жауыздыққа бейім тұрғанын сезіп, айнып жиіркенген кезде ол енді түсі суық, адам шошып, безінетіндей жан болып суреттеледі. Осыған орай Қарашашты сипаттауда қолданылатын теңеу, эпитет, метафора, бейнелі сөздер де мүлде өзгеріп отырады, оларды қатар қойса, бір-біріне қарама-қайшы сурет, бояулар боп шығады. Бірде әйелдің кескін-тұлғасын мадақтап суреттеуге, кейде оның бейнесін сынап, әшкерелеп сипаттауға мүкіндік туады.
Қара қас, қылаң қабақ, кер құба қыз, Қара шаш, алма сағақ, құралай көз. Сырықтай ортадағы сымдай бойы, Тал шыбық, қыпша белдің өзі нағыз. Түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз, Ақ қоян, бозша байтал, ақша қар қыз. Қымыздай балға ашытқан тәтті қызға, Жігіттер, бәріңіз-ақ сұқтанарсыз.
Осындай сұлу кескінді деп сипатталатын ханыша енді бірде «әзірейіл, ажал түсті», «жын патшасы секілді», «аю қыз», «кәрлі қыз». Оның ашуға булыққан қалпын ақын:
Ай құлап аспандағы соқты жерді, Отаудан дүр-дүр етіп тұрды пері.
Төсекте қыз киініп жатқанында
Айдаһар ысқырынған секілденді, – деп сипаттайды.
Ақын осы бір шумақта бірнеше бейнелеу тәсілін қатар қолданған. Алдымен айды құлап түсті деуі әсірелеу–гипербола болса (оның да адам айтқысыз сұмдық болғанын аңғартатын тұспалдық мағынасы бар), Қарашашты меңзеп, тұрды пері деуі метафора, ал соңғы қызбен айдаһарды салыстыруы теңеу түрінде берілген. Бір сәт ақын:
Бұрқырап ашық аспан кетті қайнап,
Найзағай сатыр-сұтыр нөсерді айдап,
Дауылдап, жер сілкініп, тау күрсініп, Боп кетті қап-қараңғы көзді байлап, –
деп табиғаттың бір сұрапыл, керемет көріністерін көз алдымызға алып келгендей болады. Бірақ бұл тура мағынасында беріліп отырған табиғат құбылысы емес, ханышаның кәрінен үрейленген күйші жігіттің көңіл күйін білдіру үшін жасалған символ-сурет екенін көреміз. Қыздың көңіл ауаны, күйге елтіп толқыған сәттері өмірдегі, табиғаттағы болатын әртүрлі нақтылы құбылыстармен өте орынды, шебер салыстырылады.
Ханыша осылайша ауырғандай,
Аһласа, кейде демі тауды ұрғандай,
Жатады күйді тыңдап, кейде жылап, Жастыққа жылы жаңбыр жаудырғандай.
Қояр ма жылан күйге жан жынданбай? Бей-жай боп жалғыз өзін жау қуғандай. Еріксіз домбыраны тыңдай-тыңдай, Қалады айдалада қаңғырғандай.
Қыздың демі тауды ұрғандай немесе жастыққа аққан көз жасы жылы жаңбыр жаудырғандай деген сипаттаулар көрнектілік, бейнелілік жағынан құнды болса, адамның көңіл жайын айтқанда оны әртүрлі әрекет-қимыл үстінде жүргендей қуғыннан қашқандай, иен далада қаңғырып, сенделгендей етіп көрсету, көзге елестейтін айқын суреттер арқылы таныту әсіресе бағалы.
Ілияс теңеу, метафора, символ, т.б. бейнелеу құралдарын дастанның өн бойында асқан шеберлікпен өріп келтіріп отырады. Ақын өмір шындығын жаза баспай танитын көрегендіктің, әртүрлі құбылыстардың арасындағы ұқсастықты дәл көрсетуге бейімділіктің үлгісін танытады. Сөз кестесін соншалық айшықтап, бейнелеу тәсілдерін мейлінше шоғырландырып, өлең тілінің бейнелеу құралдарын үйіп-төгіп, сарқа пайдаланғанда ешбір жасандылыққа ұрынбай, мағыналы көркемдік табу бұл тек аса үлкен суреткердің қолынан келсе керек.
«Құлагер» поэмасының бейнелеу, сөз қолданудағы ерекшеліктерін қысқаша қарастырып өтелік. Поэмада «ортасын олқы көрген» озық жанның, озбырлықтан жапа шеккен, «ішінде өрті жанып», дерті шемендеген ақынның трагедиясы баяндалады.
Ақан өмір кешкен заманды, ортаны айтқанда Ілияс:
Ысқырып жылан өмір жанын шаққан…
Жүрегін, жуықтаса, жаралаған:
Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек, –
деп, өзгеше, тың сөз тіркестерін қолданып отырады. Жазықсыз Ақанға қастық істеген қараниет Батырашты «кір көңіл, сарайының батпағы бар» деп сипаттауы да Ілиястың ойды бейнелеп айтуға жүйріктігін танытады.
Асқа жиналған жұрттың көптігін да ақын шебер бейнелейді:
Ас емес, шегірткенің жосылғаны, –
десе, тағы бірде:
Қалың топ, қара құрым, қамыс кісі,
Толықсып, желді күндей жапырылған, –
дейді.
Әйелдер бейнесін суреттегенде де ақын күнделікті тұрмыстан алынған ұтымды және қарапайым теңеулер тауып қолдана білген:
Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай…
Келіншек жас жауқазын, сарымсақтай.
Қыздар да пісіп отыр қауыншақтай,
Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр
Қыдыртқан бақалшылар сабыншақтай
Ақанның азап пен қайғы титығына жетіп, әбден қартайып, қаусаған шал болған қалпын келісті теңеулер арқылы суреттеген: Шүйке шал, ауызы ұрадай опырылған, Су мұрын, қу мұрт, ұрты шұқырайған. Боз бура бір күндегі тасқа шөгіп,
Шал отыр қу қайыңда мықырайған…
Осындағы кәрі адамды теңестіру – орасан жүйрік ақынның ғана қолынан шығатын сөз нақыштары.
Маяковский поэзияны, сөз өнерін кен қазумен, тонналаған кен тасының ішінен мысқалдап қана кездесетін радий металын табумен теңегені белгілі («Поэзия – та же добыча радия…»). Осыған ұқсас жарасымды теңеулер қазақ поэзиясында да қолданылып келеді. «Құлагер» поэмасында Ілияс:
Ақтарып асыл сөздің алтын, жезін, Салатын дүкеніме бар мінезім.
Ақтарған Арқа астын инженермін, Ал, жұртым, керегіңе тұрса сөзім, – дейді.
Ілиястың өзін жер қазынасын барлайтын инженермен салыстыруы қазақ әдебиетінде жаңалық екені рас, бірақ ол ұғымға жеңіл, мейлінше қонымды. Ақынның осы тұста айтылған: «Ежелден ескеруші ем елдің сөзін. Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін» деген сөздеріндегі халықтың сөз байлығып саралап, талғап ала білуді бұлақтың көзін аршумен салыстыруы қандай жатық, түсінікті болса, өзін кен байлығының көзін іздеген барлаушыға теңегені де соншалық түсінікті, әсерлі болып шыққан. Ақынның теңеуі өмір шындығына нық байланысты: қазақ жерінің (Арқаның) кен байлығын зерттеп жүрген инженер бейнесі барынша нақтылы, айқын бейне.
Жұбан Молдағалиев Есенин туралы өлеңінде орыс поэзиясының осы «албырт, ерке» өкіліне түрліше сипаттамалар бере келіп, «жүйріксің баптап қосар, таң асатын» деп, қазақ поэзиясын да ақын бейнесін суреттеуде дәстүрлі теңеуді қолданады. «Ұстазым өзге бірақ», Маяковскийдің қып-қызыл, отты паспортына «шәкірт боп тіркелдім» деп атап айта кетеді. «От жүрек, дауыл тұлға» Маяковскийдің жалынды жырларын, оларға тән ұрандылық, екпінділікті былай мүсіндейді:
Оның үні асқақ үн, шыңнан шығар, Революция екпіні, тың күші бар. Оның жыры – найзагер, батыр жырлар, Советтік поэзия тұңғышы олар.
Әдебиетіміздің саяси-әлеуметтік, халықтық мазмұны толысып, байыған сайын ақын тұлғасы, ақын бейнесі жайлы ұғым-түсінік те тереңдеп, толыға беретіні заңды құбылыс. Ғафу Қайырбеков совет ақынының алдындағы зор қоғамдық мақсат-нысана жайлы толғанғанда ақын жанына тән жалындылық пен оттылықты космосқа қарыштап ұшатын ракетаның қуатына ұқсатып, ақын бейнесін жаңа қырынан қисынды бейнелеп көр сете білген.
Ракеталар жүзінде көктің жоғалған,
Өз отын сарқып өшкен соң онда жоқ арман. Алайда маған оттарды жеңер от керек, «Востоктай» сонау жеріне қайтып оралған. Көремін қазір алғы бір ұрпақ сүретін, Жанатын әмән, жануды аңсап жүретін.
Қалатын әмән қалыңға түссе қайыспай.
Қаз-қатар маздап, қадірлес өмір сүретін.
(Ғ.Қайырбеков)
Өлеңде өзгемен ұқсастығы жоқ, бір түрлі ғаламат, тіпті ғажайып дүние секілді көрінетін ракетаны және ақын бейнесін қатар қойып суреттеу бірден тосын, үстірттеу айтылғандай сезілуі де ықтимал. Байыптап қарасақ, ақынның ракеталары қуатты оттың өзі өмірден, табиғаттан алынған, өмір-болмыстағы қуат-күштердің шексіздігінің бір ғана дәлелі дегендей ой түюі көңілге қонады. Өмір – «асыл, қуатты оттын дүниесі», адамның бойына біткен керемет қасиеттер де өмірдің от-жалынды күшқуатымен жалғас, тектес деп, бізге осы тұжырымды еріксіз мойындатады. Осыдан келіп ақын рухының шарықтауын, адамның, биікке, зор мақсатқа ұмтылып құлаш ұруын, адамды ракетамен салыстыра отырып, жану, маздау, қалың ayаны тіліп өту тәрізді ұғымдар арқылы жеткізу мейлінше ұтымды болып шыққан.
Қазіргі заман қаламгерлерінің ой-сезім әлемі, көркемдік дүние танымы, эстетикалық, ақындық ұғым-түсініктерінің байып-толысуы бейнелеу, суреттеу тәсілдерінің молаюына мүмкіндік туғызады. Қазақ ақындарының өлең-жырларында осы күнгі өмір, еңбек, күрес дәуірі туғызған жаңа ұғым-түсініктер, көркем бейнелер ұлттық поэзиямыздың мөлдір тұнығынан алынған сөз нақыштарымен ұштасып жатады. Орныққан, қырланған сөз үлгілерінің, жаңа мазмұн, тың ой-пікірлердің, асқан ақындық сезімнің қуатымен мағынасы кеңейіп, тереңдеуі поэзия тілін байыта түсуге үлкен себін тигізді. Орыс әдебиеті мен дүние жүзі әдебиетінде қалыптасқан көркем бейнелер мен ұғым-түсініктер де тиісті жерінде қисынымен қолданылып, поэзиямыздың сөз кестесін түрлендіріп, молықтырып келеді.
Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын!» дастаны – публицистикалық поэзияның туындыларының бірі. Шығарма белгілі сюжетке негізделмей, автордың атынан айтылған жүйелі толғау сөз түрінде құрылған. Автор «мен» деп өз атынан айтып отырса да, поэмада жинақталған халық тұлғасын бейнелеуді мақсат етілген. Ақын халық тұлғасын, оның ұлттық мінез-өзгешеліктерін суреттегенде бірнеше басты-басты тарихи кезеңдерді бөліп алып, халық санасының есіп, дамып отырғанын, советтік дәуірде мүлде өзгеріп, жаңарғанын көрсетеді. Автордың өз атынан айтылған лирикалық толғаныстары арқылы халықтың көркем бейнесін нанымды, тартымды етіп елестете алуы, осы орайда халық тағдырын қоғам өміріндегі әртүрлі аса маңызды әлеуметтік, тарихи, саяси жағдайлармен ұштастыра білгендігі поэма тілінің көркемдік сапасын арттыруға негіз болған. Ақын халық поэзиясында қалыптасқан бейнелеу-көріктеу тәсілін орнымен пайдаланумен бірге, соны бейнелер мен сөз орамдарын да келісті етіп қолдана білген.
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен күн түрілген…
(Ж.Молдағалиев)
Ақын тарихтың талай талқысына түскен азаттық сүйгіш, батыр халықтың тағдырын бірнеше бейнелі сипаттаулар арқылы айқын елестетеді. Халық тұлғасын анықтайтын «мың өліп, мың тірілген» дегеннің өзін ғана алсақ, осының терең астарлы мағына беріп айтылғанын көреміз. Бұл, бір жағынан, мыңдаған адамдардың, азаматтардың әртүрлі замандарда ел үшін, азаттық үшін күресіп, қаза тапқанын аңғартса, осы күрестің жаңа буын өскен сайын, халық қайта түлеп «тірілген» сайын жанданып отырғанын байқатады. Халық мәңгі өлмейді деген ойды мезгейді: «Сансыз басты диюдай сан тіріліп. «Мен – қазақпын!» дегенді айта тұрдым» дегенде ақын ескі аңыз-ертегілердегі бейнені қисынды қолданып, халық поэзиясына тән көркем символ арқылы да айқын көрсетіледі. «Қаза тапқан солдаттай ізгі өліммен. Қалалар да өтіпті түз белінен».
Халықтың ерлігін, қайсар, қуаттылығын ақын мына секілді теңеулер арқылы да айқындай түседі: «Жанар таудай жойқынмын жұлқынғанда. Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым». Екі теңеудің соңғысы үйреншікті, алғашқысы сондайлық болмаса да, екеуі де орынды қолданылып отырғанын мойындау керек.
«Мінезім бар таулардың қатпарындай», «Әжімім бар бейнеттің таптарындай» деген теңеулер де халықтың ұлттық мінез-өзгешеліктерін, тарихи дәуірлерде бастан кешкен ауыр халын айқын елестете алады. Поэманың жаңа замандағы қайта туған қазақ халқының тұлғасы суреттелуі тұрғысынан қарағанда да ұтымдылық жағы мол.
Мен – қазақпын, мен енді Октябрьмін!
Революция күшімін, нақ тәңірімін,
Кейіпкері Лениндік декреттің,
Мен жұлдызды халықпын, бақ тамырмын… Мен – Россия, мен – Совет Одағымын, Азаттықтың бірінші материгі.
Осындағы халықтың ұлттық бітім-тұлғасын сипаттайтын балама бейнелер мүлде жаңа, мағынасы жағынан жасалу, айтылу қалпы жағынан алғанда бұрынғы бейнелі сөздерден өзгеше болып келеді. Осының арқасында олар социалистік ұлт болып қалыптасқан қазақ халқының жаңарған сипат-тұлғасын әсерлі бейнелеп береді.
Еліміздегі орасан зор социалистік құрылысты жыр еткенде де, ақын ойды айқындап, бейнелеп жеткізетін теңеу, метафораларды ретімен қолдана білген. Соғыстан кейінгі жылдарды, космос дәуірін жыр еткенде халықтың тұлға-бейнесін тағы да толықтыра, терең суреттейді. Ақындардың өлең-жырларында жаңарған қазақ даласына көркем балама бейнелер ретінде бүгінгі өмірдің өзі туғызған құбылыстар – еңбек пен күреске байланысты нақтылы заттар алынуы, әрине, әбден орынды.
Қ.Мырзалиев «Қазіргі Қазақстан» өлеңінде қызыл ту, ірі завод, үлкен аэропорт, зор электр станциясы, космостық корабль советтік Қазақстанның тұлғасын танытатын көркем символ-бейнелер түрінде көрсетеді.
Танымайсың бүгін Дала – ноянды, Ноян – дала қызыл ту боп оянды. Оянды ол тынысы кең завод боп, Дауысы зор аэропорт боп оянды…
Көзін ашты шамы болып Ильичтің, Көзін ашты Қазақстан ГЭС болып… Дүр сілкінді енді далам старт боп,
Далам енді корабль боп жұлқынды.
Осы символдық бейнелер терең мазмұндылығымен көз тартады, сондықтан ақындар өмірдің әртүрлі құбылысын суреттегенде жиі қолданады.
Қазақ совет ақындары ұлттық поэзиямыздағы өлең сөздің өзіне тән өзгеше суреттілік, бейнелілік қасиеттерін сақтай отырып, өлең тілінің бар мүмкіншілігін социалистік әдебиеттің алдына қойылатын міндет-мақсаттарға сай мейлінше толық, жан-жақты пайдаланып келе жатқандығын танытады. Жаңа өмірдің, социалистік дәуірдің жаршысы болған әдебиеттің идея-тақырып жағынан жаңаруы, мазмұны өлшеусіз тереңдеуі ақындық өнердің шарықтап өсуіне жағдай туғызды, соның арқасында поэзия тілінің ұлттық нәрі, ажар-көркі бұрынғысынан да күшейіп, жандана түсті.
Поэзияның, әдебиеттің алдына қойылып отырған осы замандағы өмір шындығын неғұрлым жан-жақты терең суреттеу міндеті ақындардан жаңа, батыл ізденістерді талап етеді. Орыс поэзиясының, дүниежүзі әдебиетінің озық тәжрибесіне үнемі көз салып, қадағалап отыру да қажет. Халық поэзиясының тіл, сөз байлығын пайдаланудың жаңа мүмкіншіліктерін таба білу – аса маңызды іс. Кейде ақындардың шығармаларында бейнелеу амал-тәсілдерін қолдануда жаңалық нышаны бәсең сезіледі.
Поэзияда адамның келбет-кейпін, әсіресе әйел портретін суреттеуді алсақ, тіпті талантты ақындарымыз да өлең-жыр, поэмаларында көбінесе қалыпты өрнек-үлгілерге ғана қол артып, өнімді тың соқпақ таба алмай қалатыны аңғарылады. Бұл салада өлең тілінің ұлттық бояунақышын әлсіретпей, қалыптасқан әдіс-тәсілдердің ұтымды жақтарын орнымен пайдалана отырып, адамның кескін-келбетін, портретін, тілдік мінездемесін, кейіпкердің жан сырын көрсетуді, психологизмді жаңа биікке көтеру шарт.
[1] Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. – Алматы: Жазушы, 1965. 234-298-бб.
З.АХМЕТОВ