ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТІЛ
Жалпыхалықтық тіл – көркем әдеби тілге, кітаби тіл мен діни лексикаға қарама қарсы бұқара халықтың қолданысындағы тіл. Жалпыхалықтық тіл көбіне ауызекі қолданыста пайдаланылған. Жалпыхалықтық тілде нақты тілдік нормалар сақталмайды. Онда жергілікті тіл ерекшеліктері, кәсіби сөздер, жаргондар мен арго сөздер қатар қолданыла береді. Жалпыхалықтық тілдің озық үлгісі ретінде фольклорлық жанрлардың тілін айтуға болады. Әдеби тілге қарағанда жалпыхалықтық тіл құрылымы жағынан қарапайым, сөз байлығы жағынан жұтаң болып көрінуі мүмкін. Алайда, қазақ халқының фольклорлық мұраларына қарап, қазақ халықтық тілінің көркемдік құндылығы жоғары, бейнелі әрі қуатты екенін көреміз. Көркем әдеби тілде тұтастық болса, жалпыхалықтық тіл елдің әр өңірінде әркелкі дамуы мүмкін. Сондай-ақ, әлеуметтік топ өкілдерінің сөйлеу ерекшеліктері мен сөз саптау мәнері әртүрлі болып келді. Десек те, жалпыхалықтық тіл ұлттық тілдің бастауы екенін естен шығармағанымыз абзал. Академик Ә.Қайдардың «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ, бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты, т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін» — деген тұжырымынан жалпыхалықтық тілдің қадыр-қасиетін айқын аңғарамыз.