ДУБЛЕТ

ДУБЛЕТ

Дублет (франц. doublet, double — қос, егіз) – мағынасы жағынан бірдей, этимологиясы жағынан бір негізді, бірақ тілдік даму барысында семантикалық және стилдік өзгерістерге түскен лексикалық бірліктер тобы. Р.Сыздық дублеттердің лексикалық-семантикалық дәлмедәлдікті (аллолеса) білдіру үшін қолданылатындығын атап өткен болатын. Дублет сөздердің құрамы әртүрлі болады және олар мағыналық тепе-теңдiктi сақтайды. Әлеуметтік лексикаға жататын халық, жұрт, бұқара, алаш, ел сияқты қоғам мүшелерінің жалпы атауын білдіретін сөздер де дублет болып табылады. Бірақ бұлар бір-біріне  тепе-тең дублеттер емес, әрқайсысының мағыналық реңкі, стильдік қолданысы, белсенділігі әртүрлі. Дублет сөздердің қатарын диалектілік синонимдер мен сөздердің вариантты қолданысы толықтырып отырады. Мәселен, кедей/жарлы, дәке/мәрлi, қауын/дiңке, өтек/үтік деген дублет сөздердің бірі жергiлiктi ерекшелiкке жатса, енді бірі фонетикалық вариант арқылы жасалып тұр. Кей дублет сөздердің жарыспа сыңары шет тілден енген кірме сөз болуы да мүмкін. Қораз/әтеш, көйлек/жейде, апа/әпке, төре/ақсүйек сияқты дублет сөздердің мағынасы дараланып, дербес сөздерге айналып отыр. Сөздің дублетті болып келуі норма тұрғысынан қажетсіз сияқты болғанымен, тілдің дамуы тұрғысынан қарағанда оған керекті шарттың бірі болып саналады. Қазақ тіліндегі дублет сөздерге ұқыпты қарап, оларды мүмкіндігінше әдеби тілдің қажетіне жаратқан жөн.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *