«Ахаңның әдеби қисындары»

 «Ахаңның әдеби қисындары» – зерттеу мақала. Тұңғыш рет 1990 жылы шілде айында Қазақстан Жазушылар одағында өткен Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған конференцияда жасалған ресми баяндама. З.Қабдолов тәуелсіздік көзімен «Әдебиет танытқышты» арнайы ғылыми-теориялық тұрғыда талдап, зерттеу еңбектің тарихи орнын анықтап берді.

З.Қабдолов қазақ топырағындағы әдебиеттану ғылымы туралы, «Ақтаңдақтар ақиқаты», А.Байтұрсынұлы туралы былай дейді: «…біздің әдебиеттануда күні кешеге дейін кенже қалып келген сала – әдебиет теориясы. Әдебиет теориясын зерттеу ісі кенжелеу жатты дегенде біз шындыққа көз жұма қараудан аулақпыз. Ахмет Байтұрсынов 1926 жылы өзінін әйгілі «Әдебиет танытқышын» кітап қып бастырып шығарды. Бұл біздің жыл санауымыздан үш жүз жиырма алты жыл бұрын Эллада елінде жарық көрген Аристотельдің атақты «Поэтикасы» тәрізді сөз өнерінің болмысы мен бітімін жүйелі байыптайтын қазақ топырағындағы тұңғыш теориялық зерттеу еді» [1].

А.Байтұрсынұлы «тағдыр тәлкегіне» түскен тұста «Әдебиет танытқыш» та авторымен бірге жойылып кетті. Бұл еңбекті пайдалану былай тұрсын, оның атын атаудың өзі қылмыс боп есептелді. Ғалым қалыптастырған әдеби терминдерді қолданған Есмағамбет Ысмайылов пен Зейін Шашкиннің жазбалары да «Әдебиет танытқыштың» аяғын құшқаны белгілі.

ХХ ғасырдың 70-жылдардарына дейін студент-филологтар мен журналистердің қолында жүрген бірден бір құрал – Қажым Жұмалиевтің орта мектепке арналған «Әдебиет теориясы» ғана болғанын З.Қабдолов осы зерттеу-мақаласында қадап-қадап айтады.

Кейін «Ахаңның әдеби қисындары» зерттеуі ғалымның «Көзқарас: Талдаулар мен толғаулар» (1996) және «Сөз өнері» кітабына енген. Біз 2007 жылы «Санат» баспасынан жарық көрген «Сөз өнерінен» алып пайдаландық. Зерттеу-мақала өзгертілмей, түпнұсқа қалпында берілді.

[1] Қабдолов З. Көзқарас. Талдаулар мен толғаныстар. – Алматы: Рауан, 1996. 4-5-бб.

 

А.Т.Ойсылбай  филол.ғ.к.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *