АБАЙДЫҢ ТІЛ ҰСТАРТУ ӨНЕГЕСІ

АБАЙДЫҢ ТІЛ ҰСТАРТУ ӨНЕГЕСІ

Абай поэзиясы – ұлы ақын өмір сүрген замандағы қоғамдық өмірдің ең күрделі, ең жанды мәселелерін қозғаған, толғаған поэзия. Қазақ топырағында адамгершілік пен әділдікті, еңбекті, өнер мен ғылымды қастерлеген басқа да ақындар аз болған жоқ. Абай шығармаларының қазақ әдебиеті, мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өресі биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз. Абай поэзиясының ішкі рухы мен көрініс-көркі, сипаты мен сыны бұрын әдебиетте дәл мұндай дәрежеде көрінбеген жарасымды жаңалық танытады. Ақын поэзиясына осындай қуат-күш, көркемдік сәулет беріп тұрған – оның шығармасында қазақ халқының бүкіл өмірінің, әсіресе сол дәуірдегі қоғамдық өмірінің, шындығы терең, бейнеленуі және оларда әдебиеттегі ұлттық көркем ой, өмір құбылыстарын сөзбен бейнелеу, мүсіндеу шеберлігінің жарқырап көрінуі. Абай поэзиясының тілі, сөз кестесі мен өлең өрнегі қоспасы жоқ саф таза халықтығымен, келісті қарапайымдылығымен, тартымды, тыңдығымен құнды. Ұлы ақынның шығармаларында ойшылдық пен суретшілдік ажырамас бірлік тауып, аса маңызды қоғамдық, адамзаттық, халықтық мәселелерді терең толғайтын жаңа сапалы поэзияның тууына негіз болды. Қазақ әдебиеті реалистік жазба әдебиет үлгісіндегі нағыз лирикалық туындылардың жаңа түрлерімен молықты және осының өзі Абайдың ұлттық поэзиямыздағы ой-сезім жүйесін шексіз байытып, сөздің мағыналық, суреттілік қуатын арттыруына, тіл ұстартуына зор мүмкіншілік туғызып, бұл салада ақынның өнімді жаңалық табуына жол ашты.

Қазақтың өлең тілін дамытуға Абайдың қосқан үлесі айрықша бағалы екенін әдебиет зерттеушілер әр кез мойындап, жан-жақты дәлелдеп айтып келеді. Осы мәселені арнайы тексерген Қ.Жұмалиевтің пікіріне назар аударалық: «…Қазақтың өзіне дейінгі тіл байлығын, шығыс, орыстың классик поэзияларының үлгілерін меңгере отырып, қазақтың  әдеби тіліне өзіне дейінгі әдебиеттерде қолданылмаған жаңа сөз, жаңа сөйлем құрылыстарын енгізді. Әйтсе де, Абай тіл жөніндегі енгізген жаңалықтарының негізі етіп жасалынды жаңа сөздерді емес, жаңаша сөйлем құрылыстарын алды. Бұрынғы әдебиеттерде қоданылмаған, бірақ қазақтың жалпы тілінде бар сөздердің жақсыларын теріп, өлеңдеріне кіргізіп, өзінің тілдегі жаңашылдығының негізгі тірегі етті»[1].

Әрине, поэзияда, әдебиет шығармасында сөз, тіл жаңалығы деген жеке сөздерді қолданудағы жаңалық кана емес, ол алдымен белгілі бір ойпікірді, сезімді айтып жеткізудегі шеберлік, көркемдік. Зор қоғамдық мәні бар пікірді, көркемдік қуаты күшті ақындық ой-сезімді барынша жатық, тауып айтылған сөздермен жеткізу поэзияның таңдаулы туындыларында үнемі кездеседі және мұның өзі асқан шеберліктен туады.

Абайдың «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» деген өлеңін алсақ, мұндағы өкінішті өмір әр жерде-ақ айтылатын ұғым, бірақ әрдайым осы өлеңдегідей терең мағына бермейді. Ақынның өмірді не себепті өкінішті деп отырғаны, осы сөздің білдіретін мағынасы өлеңнің мазмұнынан туады. Ақын талапсыз, ойсыз өмір өкініш туғызады деп, адам өз алдына зор мақсат қоя білу керектігін аңғартады. Кірлемеген көңіл дегендегі сипаттама сөздің (кірлемеген) беретін мағынасы осы ой желісіне жалғас. Ол өкініші жоқ, үміті мол жас адамның көңіл күйін көрсетіп тұр. Үлгісіз жұрт дегенде де («Үлгісіз жұртты үйретіп қалдық кейін») ақын оны өлеңдегі негізгі ой-пікірге байланыстырып айтып отыр. Қазақ арасында үлгі, дәстүр әрине, аз емес, бірақ ақын соның бәрін былай қойып, бүгінгі күннің талабына бірден-бір қажетті нәрсе ғылым, білім деп, оған жету жолын аңсап, соған бастайтын қалыптасқан үлгі жоқ деп отыр. Осы өлеңдегі өкпе сызы, жүрек жігі, көңіл жүгі деген сияқты метафоралар да, жастық шақта шексіз бай, мол болып көрінген дүниені көлдей деп, достықты бұзған, арандатқыш адамды тікенекке толы итмұрындай деп салыстыратын теңеулері де ұтымды, өте келісті айтылған.

Арнауды Абай осындай ұтымды көркемдік тәсіл етіп пайдаланып отырған ақын бір сәт тіпті өз көңілімен, жүрегімен көлденең, сырт адамша сөйлеседі:

Сезгеніңді сездіріп,

Жете алмадың ортаққа, Тірі жаннан бездіріп,

Апарасың қай жаққа?

Немесе:

Күйесің, жүрек, күйесің, Күйгеніңнен не пайда? Дүниеде нені сүйесің,

Өмір қайда, дос қайда?

Өнер иесінің өзіндік бетін, тұлға-бейнесін танытатын сипаттаулардың нелер нәрлі, әдемілерін де Абай шығармаларынан табамыз. Олар бір жағынан мейлінше қарапайым, жатық болса, екінші жағынан аса терең мағыналы келеді, ақын рухын, даралық сипатын, заман келбетін жақсы аңғартады, сонымен бірге олардан ұлы ақынның қолтаңбасы айқын көрінеді.

Қайратым мәлім,

Келмейді әлім,

Мақсұт – алыс, өмір – шақ,

Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар, Не болады құр қожақ? Кеш деп қайтар жол емес, Жол азығым мол емес.

«Сегіз аяқтың» осы шумағындағы бейнелі сөздердің қай-қайсысын алсақ та, ұлы ақынға тән зор мағыналы, көркемдік қасиетімен көзге түседі. «Мақсұт – алыс, өмір – шақ» дегендегі алыс, шақ деген сипаттаулар қарапайым ғана сөздер екені рас, бірақ осы сөздерде үлкен мағына жатыр. Алыс деген сипаттауы арқылы ақын өзі алдына қойған мақсаттың, сөз зергері, қоғам қайраткері болғандағы негізгі міндетім деп түсінген мақсатының қаншалықты зор әлеуметтік, жалпы халықтық мәні бар екенін аңдатады. Осы мақсаттың жолына бар қалған өмірі жұмсалса да, аз екенін айтқанда да, ақын екі ұғымды (алыс мақсат пен шақ, аз өмір) шендестіру әдісімен қарама-қарсы келтіріп, негізгі ойын ширата, шыңдай түседі. Адам өмірінің ең қызықты шағы ретінде алынып отырған базар да өте мағыналы мета фора болып шыққан. Ақын өмірінің өнімді, қызықты кезі өтіп кетсе де, сол зор мақсат үшін күрестен таймайтынын айтады. «Кеш деп қайтар жол емес, Жол азығым мол емес» дегендегі жол, жол азық дегендер де күнделікті тұрмысқа қатысты жай ғана ұғымдар секілді. Ал шынында бұлардың да мағынасы, көркемдік қуаты ерекше зор, өйткені олар өзінің әдеттегі мағынасынан басқа, әлдеқайда терең, мүлде тың мазмұнға ие болып, ұтымды метафораға айналған. Біздің көз алдымызға әлдеқалай жолға шығып, кешеуілдеп, барар жеріне әлі жете алмай келе жатқан жолаушының бейнесі елестейтіні рас. Суреткер ақынның өз ойын, сезімін қазақ өміріндегі нақтылы бір шындықпен сабақтастырып, жанастыра білетін шеберлігінен туған көркем ассоциация. Абайдың осы сурет арқылы аңғартып отырған ойы және ап-анық. Жол дегенде, алыс мақсатқа жетуге ұмтылған ағартушы, күрескер-ақынның жолын, өзінің өмір жолын қатар айтып отыр. Осы метафоралық бейнені Абай басқа бір өлеңінде тағы жаңаша жандандырып, мағынасың басқаша өсіріп қолданады.

Адасып, алаңдама, жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай,

Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай, –

дейді. Мұндағы жол – көпшіліктің, қауым жұрттың жолы, қаптап келе жатқан жолаушылардың не бір көштің жолы секілді өзінің тура, заттық мағынасында емес, ауыспалы мағынада халықтың тарихтық, қоғамдық жолын білдіретін метафора. Ақын осы метафораны дамытып, тұтасқан көркем сурет жасаған.

Осы жолдағы елдің жөн таба алмай адасуы ескілік, қараңғылық шырмауынан шыға алмауы десек, Абай айтып отырған, елді оған бастап, бағыттап отырған жол – өрісті еңбектің, ғылым-білімнің жолы.

Жолдың әдебиеттегі көркем бейнесі әрине, әр қилы мағына беруі ықтимал ғой. Ақан серінің мына сөздерін еске түсірелік:

Болғанда мұндай күйде заманамыз, Жай жатып сахарада қамаламыз.

Болыс, би ет пен шайға мәз болуда,

Қайткенде тура жолды таба аламыз.

Ақын бұл жерде қоғам көшін алға бастырмайтын шегіншектік пен бай, болыстардың топастығын әшкерелеп, тура жол деп сол ескіліктен құтылу жолын айтып отыр.

Абай өлеңіндегі түзу жолдың мағынасы одан әлдеқайда терең жатыр, өйткені ол осы бір қарапайым ұғым арқылы зор мәні бар қоғамдық ойды аңғартады. Ол жолдың – ақын солай қарай бастап, бағыт сілтеген жолдың ғылым, еңбек, елді түзету жолы екені айқын сезіліп тұр.

Шығармадағы ең бір өзекті, түйінді ой – арман-мұңым, сөзім көпшілікке жетіп, жұрт оны қабыл көрсе, ұға алса деген ақын тілегі – жартас бейнесі арқылы ашылады.

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық,

Есітіп үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып, Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас.

Құр жаңғырығынан басқа үні-тілі жоқ, мелшиіп тұрған меңіреу жартас –мешеулік, надандықтың, «көздің жасы, жүректің қаныменен» «ішкі мұзын» ерітуге болмайтын топас адамдардың символдық бейнесі. Бұл көркем бейне, бір жағынан, «моласындай бақсының» жалғызбын деп күңіренген ақынның трагедиясын танытса, екінші жағынан өнер, ғылым, прогресс жолына беттей алмай, тұйыққа қамалған елдің басына түскен  трагедияны елестетеді.

Халықтың жүрегіне жол табуды, жаңа ой-пікір, соны сөзге жұрттың бетін бұруды армандау – Абай поэзиясында көркемдікпен бейнеленген және зор әлеуметтік мағына алған тақырып желісі. «Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой» деген ақын поэзиясындағы ең бір келісті жасалған метафоралық бейне де оның осы асқақ арманымен ұштасып жатыр.

Абайдың адамгершілік, ағартушылық, ақындық биік мұратмақсаттары айқын көрінген, көркемдік қуаты аса зор туындыларының бірі – «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?». Бұл – Абайдың келешек ұрпаққа («артқыға») қаратып айтқан сөзі. Өлеңнің айрықша құндылығы – ақын алға, алысқа көз жіберіп, келер заман адамдарына сыр ашқысы келеді. Осындай күнге түсіп толғана отырып, ол өзінің өмір жолы, алдына қойған мақсаты жайлы түйінді ойларын ақтарады. Өлеңдегі әр сөз, бейне шынайы терең мағыналы, шығарманың зор әлеуметтік, философиялық мәнін жеткізіп тұр.

Өлеңнің басында Абайдың өткір тіл мен ұялшақ қыз бейнесін шендестіру әдісі арқылы бір-біріне қарама-қайшы алуы өте әсерлі. Осы арқылы ол соңғы демі біткенше күресуден, зұлымдықты әшкерелеуден таймайтын ақын тұлғасын шебер танытады. Сол секілді адамның жүрегі мен мұзды қарсы қою да ақынға тән ерекше жалындылық, қызулық, албырттықты, алдына қойған арман-мақсатына шын ынта-пейілімен беріле білушілікті айқын аңғартады. Асау жүрек аяғын шалыс басқан деген мүлде тың, бұрын айтылмаған сөз тіркесі екені әркімге аян болар. Абайдың махаббат, достық жайын толғайтын басқа бір өлеңінде «асау жүрек» деген сөз тіркесі кездеседі және мұндағыдан басқарақ мағына береді:

Кейде есер көңіл құрғырың

Махаббат іздеп талпынар, Ішсем деп бейнет сусынын Асау жүрек алқынар.

Ал «асау жүрек аяғын шалыс басқан» деген әрине, одан күрделірек, келісті жасалған бейнелі сөз, бірақ оның да айтып жеткізетін мазмұны шығарманың идеясына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Осы сөздер басқа ақынның өлеңінде айтылып, «мыңмен жалғыз алысқан», қоғам көшін ілгері бастайтын, мүлде жаңа жол: іздеп шарқ ұрған ойшыл, күрескер ақынның бейнесімен жарастық тауып тұрмаса, онда ол сөздердің беретін мағынасы әлдеқайда тар болар еді. Әлденендей жай бір асаулықты, шалыс жүрушілікті білдіріп, сондайлық зор қоғамдық, әлеуметтік мәнге ие бола алмас еді.

Махамбеттің «Шамдансам жығар асаумын» дегенін білеміз, Өзін асаумен салыстыру бұл жерде от жүректі ақынның асқан ерлігін, халықты қан қақсатқан қас жауымен кескілеспей басылмауға бел байлаған табандылығын танытады. Бұл метафора да айрықша, мазмұндылығымен көз тартады. Құрылысы жағынан да оның Абай қолданған бейнелеу тәсілімен түпкі негізі бір: екеуі де халықтық үлгіні тірек етеді. Алайда Махамбет сол үлгіні тікелей пайдаланған да, Абай түрлендіріп, жаңаша келтірген.

Соқтықпалы, соқпақсыз жер – өте терең мағыналы метафоралық бейне. Қазақтың кең даласында әрине, жол да, соқпақ та жеткілікті. Ақынның айтып отырғаны ол емес, мұндағы соқпақ деп отырғаны бұрынғылардан қалған үлгі, өрнек, жол-жоба десек, тіпті осылар да ел ішінде аз ба?! Қазақ ортасында жалпақ жұртқа атағы жайылған «не дүлдүл көсем не бұлбұл шешендердің» ұстаған жолы, беттеген бағыты Абайға әбден қанық қой, бірақ Абай бар, белгілі соқпақты айпаған. Ол сол қоғамдық ортада, қазақ халқының өмірінде көпшілікті ұлы ақын өзі арман еткен әлеуметтік тілек-мақсатқа, үлкен жаңалыққа, прогрестік қоғамдық даму жолына бастайтын соқпақтың болмағанын аңғартып отыр. Ендеше жерді соқпақсыз деуде, осы бір ғана сипаттама сөзде, Абайдың өзіндік ақындық бейнесін, өмірдегі, өнердегі ұстаған жолының, мақсат-нысанасының қаншалықты жаңа екендігін танытатын терең мағына жатқаны ешбір талассыз. Сөйтіп, ақын аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық ой-пікірін жер, соқпақ сияқты үйреншікті, қарапайым сөздермен өте шебер, ұтымды айтып, көркем түрде жеткізіп отыр.

Мыңмен жалғыз да келісті, терең мағыналы шендестіру-антитеза. Мұндағы жалғыз басқадан ойы озық, батыл күрескер бейнесін көрсетсе, мың оған қарсы кертартпа топты, надан, топас қауымды жақсы елестетеді, олардың көптігін, ескішіл күштердің тамыры терең жатқанын аңғартады. Осындай кертартпа адамдардың бейнесін Абай «өзі ермей, ерік бермей» деп сипаттау арқылы да шебер көрсетті. Осылармен жалғаса келгенде «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «Қаны қара бір жанмын, жаны жара» деген сипаттамалар зор қоғамдық мағынаға ие болады. Ұлы мұрат үшін күрескен ойшыл ақынның бейнесін толықтырып, айқындай түседі.

Ұлы ақынның өзі өмір сүрген ортаны, кері тартқан ескілік шырмауынан шыға алмаған ел-жұрт бейнесін аскан көркемдік шеберлікпен суреттейтінін басқа өлең нұсқаларын мысалға ала отырып та толық дәлелдеуге болады.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың.

…Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді

Аузымен орақ орған еңкей қыртың, Өзімдікі дей алмай өз малыңды

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың…

Осындағы әр сөз, бейнелеу үлгісі мейлінше терең мағыналы, әрі ойсезімге толы. «Қалың елім, қазағым» деп сөзді арнайы қаратып айтудың өзі, «қайран жұртым» дегендегі қайран деген бір ғана эпитет халықтың мұңын мұңдап тебіренген ақынның көңіл күйін қаншалықты айқын, әсерлі жеткізіп тұр. «Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деген сипаттама ел тұрмысының жөнге келмегенін шебер бейнелеп көрсетсе, «Бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың» деп сипаттауы халық өміріндегі шиеленіскен қайшылықтарды анық елестететіндей көркем символға айналған.

Абай шебер тауып қолданатын бір ұтымды әдіс – кедейдің, жалшының аянышты халін олардың баласының жай-күйін суреттеу арқылы көрсету.  «Жалшы алдаған жас бала, Жағалайды шешесін: Ет әпер!» деп қыңқылдап.

Шешесінен тамақ сұрап жылайтын аш балалар – «шиеттей қызыл қарын, үрпек бастар» Сұлтанмахмұттың «Кедей» дастанында да арнайы айтылады. Мұның да кедейдің жанашырлық күйін ашып көрсетуде зор мәні бар.

«Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» атты өлеңінде де Абай жалшы-кедейлердің хал-жайын суреттегенде жалшы баласы туралы көбірек айтады.

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты, Ағып жүріп ойнатар көздің жасы… Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып, Бала шықса, асынан үзіп-жұлып.

Ық жағынан сол үйдін ұзап кетпес, Үйген жүктің күн жағын орын қылып… Асын жөндеп іше алмай қысылады Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.

Жалбыр – жыртылып, жалбыраған, тозған киім жоқтықтың, кедейліктің белгісі, сондықтан бұл сөз ауыспалы мағынасы бар, метонимия түрінде жасалған көркем бейне болып шыққан. Ол кедей баласының тұлғасын, оның ауыр, аянышты халін анық, дәл танытады. Абайдың тағы бір шығармасында кездесетін осыған ұқсас метонимиялық сипаттама-бейне «жағалайды әркімді жыртық киім» дегендегі жыртық киім. Мұның жыртық киім киген адам деген мағына беретінін түсіну қиын емес. Мұндағы көңіл қоярлық нәрсе – осындағы айту әдісі, киімін айту арқылы кісінің кескін-тұлғасын суреттеудің өте ұтымды шыққаны. Бұл арада жыртық киім адамның әлдеқандай жәй ғана бір сипаттамасы емес, сол адамның балама бейнесі рәуішті болып тұр. Сондықтан ол құр сүлдері жүрген панасыз, қайыршы адамның аянышты халін жақсы байқатады.

Кедейдің тұрмыс жайын суреттеудегі Абай салған із Сұлтанмахмұт поэзиясында толыса келіп, үлкен арнаға айналды. Дарынды ақын «кеудесін есік тескен» кедей бейнесін шебер мүсіндеп берді.

Шығармаларында коғамдық өмірдің түбегейлі мәселелерін қозғаған Абай қазақ поэзиясының алдында тұрған міндет-мақсаттарын, ендігі жерде оның қандай өзгеше сипатта көрінуі қажеттігін үнемі айқындап отырады. Өлеңді, сөз өнерін халық аса жоғары бағалап «өнер алды – қызыл тіл» деп санағандықтан, әдебиетте сөз, тіл деген ұғымдарға әр түрлі анықтамалар, эпитеттер қосарланып келгені заңды да.

Абайға дейінгі поэзияда, ауыз әдебиетінде жел сөз, асыл сөз, тәтті сөз, жылы сөз, ыстық сөз, жанды сөз, түгел сөз, ащы сөз, түзу сөз, суық сөз, жүйелі сөз, шебер сөз, қаһарлы сөз, сұлу сөз, қызыл тіл, өткір тіл, жүйрік тіл, жорға тіл, майда тіл, ащы тіл, қу тіл, от тілді деген сияқты сан алуан қалыптасқан тіркестерді кездестіруге болады. Бұлардың көпшілігі мағынасы жағынан да, жасалу ерекшелігі жағынан да қызғылықты. Мысалы, жел сөз, қызыл тіл дегенді алсақ, екеуі де – жүйрік, ұшқыр тіл, ойнақы, өтімді, өткір сөз деген мағына беретін байырғы өрнектер. Қызыл тіл деген тіркесті орыс тіліндегі красное словцо (әдемі, келісті сөз), красноречие (шешендік) сияқты тіркестермен салыстыруға болар еді. Әрине, бұл әр тілде арагідік кездесіп отыратын әуендестіктің бір көрінісі ғана.

Абай осындай бұрыннан белгілі тіркестерді кейде оларға жаңа мағына беріп пайдаланады. Мысалы:

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл

Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл, –

дегенде шығармада «мұң мен зарды» толғайтын, «әділет пен ақылға» жүгінген озат ой-пікір иесі, сыншыл реалист ақынның бейнесі суреттеліп отырғандықтан, ащы тіл деген сөз тіркесі соны, терең мағынаға ие болған.

Абайдың мүлде тың үлгісінің бірі – «Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап» дегендегі ақыл сөз тіркесі. Осы жаңаша айтылған ұғым арқылы Абай «терең ой, терең ғылым» іздеуге шақыратын, халықтың тілек-мүддесін жақтайтын әдебиетке тамаша анықтама беріп, дәл сондай әдебиет үшін күресу керек деген ойын шебер жеткізеді. Ал Лермонтовтың «Дұғасын» аударғанда Абай: «Есть сила благодатная. В созвучии слов живых» дегенді: «Ішінде бір қуаты барға ұқсайды. Тірі сөздің жаны – сол, айрылмайды» деп қазақшалаған. «Слов живых» дегенге мағынасы жағынан жақын белгілі жанды сөз деген тіркесті қолданбай, тірі сөз деп алған.

Осындай бір ғана сөзден тұратын эпитеттерге қоса бірнеше сөзбен еркін жасалған эпитет-сипаттамаларды да атар болсақ, Абайдың өз қолтаңбасы айқын белгі беріп тұрған «қуаты күшті нұрлы сөз», «жалын мен оттан жаралған сөз…» деген сияқты мысалдар алдымен ойға оралады. Абай ұлы ойшыл, ағартушы ақын болған соң, оның ақылды, ойды өте жоғары бағалап, зор тұтуы әбден заңды. Бұл ретте ақынның халық ұғымында қалыптасқан үлгілерге де табан тіреп отырғанын көреміз. Бұған дәлел – Абайдың ақылды қара қылды қырыққа бөлмек дейтіні. Ақын ақылды адамының белгісі ақ пен қараны, әділдік пен әділетсіздікті жаза баспай айырып, әр нәрсеге дәл, әділ баға беруінде деген ой түйеді де, осы тұжырымын дәлдігі мүлтіксіз таразымен, адаспайтын қазымен салыстыру арқылы аңғартады.

Абай адамның ең басты қасиеттерінің бірі ақыл деп caнайды: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Осы мысалдағы ақылды сипаттайтын нұрлы деген эпитет өзінің сонылығы, мәнділігімен ерекше көңіл аударарлық. Сонымен бірге Абай ақылды ар, ұяттың күзетшісі («Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі», жүректің суаты («Жүректің ақыл суаты») деп, метафоралық әдіспен өте келісті бейнелейді. Мұндағы ақыл адамның арын, ұятын таза сақтайтын күзетшісі, қорғаны деуде қандай зор мағына жатса, ақыл жүректің, сезімнің суаты, оларды суаратын, нәр беретін сарқылмас күш деуде де өте маңызды терең ой бар.

Абай өзінің насихатын, ақыл сөзін елдегі талапты, зерек, «сәулесі бар жігіттерге», «сөзді ұғарлық» жастарға арнайды («Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер»). Оларды айтқанда ақын осы келтірілгендерге қоса «көкірегінде оты бар», «көңілінің көзі ашық», «көкірегі сезімді», «жүрегі – айна, көңілі ояу» деген тәрізді сипаттауларды қолданады. Абайдың жастарға арналған өлеңдерінің бірі – «Әсемпаз болма әрнеге» талапкер жастардың бейнесіне тұжырымды, қысқа, бірақ терең мәнді метафора түрінде құрылған көркем анықтама беруімен бағалы. «Сен де бір кірпіш дүниеге. Кетігін тап та, бар қалан». Жәй қарағанда осының өзі қарапайым ғана салыстыру секілді көрінуі ықтимал, бірақ жастарға дүниенің бір кетігіне жарайтын кірпіш бол дегенді ақын аса зор әлеуметтік, қоғамдық мағына сиғызып айтып отыр. Өнерпаз, талапты жастар өмірдегі өз орнын тауып, өзінің қайрат-күші, ақыл-ойы кәдеге асатын жерді біліп, өрісті, биік мақсатқа қызмет етуі қажет деген ойды Абай шебер бейнелеп жеткізген. Бұл бейнелеу жастарды өнер-білімге, халыққа адал қызмет етуге шақыратын осы өлеңнің ой-желісіне негізгі тірек болып отыр. Сонымен бірге ол Абайдың өнер үйренуді, білім алуды уағыздағанда жас буынға қандай үлкен міндет артатынын айқын танытады.

Жас өспірім оқушыларды Абайдың көк өрім деуі баланы балдырған дейтін халық ұғымына орайлас келеді. «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» өлеңінде жас қыз бен кәрі шалды бір-біріне қарама-қарсы қойып: «Біреуі – көк балдырған, бірі – қурай. Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз» деп әдемі шендестіру жасағанда да, ақын сол халықтық үлгіні ұстанған. Тағы бір өлеңінде Абай адал, ақ көңіл, қулық-сұмдықты білмейтін, иланғыш жастар жайлы сөз өте отырып, олардың балғын жастығын айтқанда метафоралық тәсіл қолданып, көгеріп тұрған «балы тамған жас қамыс» бейнесінде көрсетеді. Адамның балғын жас шағын айтқанда Абай халықтық поэзияда орын тепкен сөз нақыштарын да қисынын тауып пайдалана білген.

Абайдың махаббат лирикасында да халықтық әдеби дәстүрге сүйену мен жаңалық іздеу араласа тоғысып, үнемі ұштасып отырады. «Қызарып, сұрланып» атты өлеңінде ғашықтық сезімі бойын билеген жастардың – қыз бен жігіттің бір-бірімен қысылып, жүрексінген күйі тамаша суреттелген: «Қызарып, сұрланып… Пішіні құбылып… Жүрекпен алысып… Лүпілдеп жүрегі… Саусағы суынып…». Міне, бұл сипаттаулар – нақтылы шындықтың бұлжытпай, дәл тауып айтылған көрініс-белгілері. Қыз бен жігіттің осы сипаттаулардан көрінетін қалпын одан да әсерлі етіп, күшейте түсу үшін, ақын табиғат суретін жанастыра қа тар алады.

Жанында жапырақ,       Елбіреп, қалтырап, Үстінде жұлдыз да,            Жігіт пен ол қыз да.

Жапырақтар да қалтырап, жұлдыздардың да сәулесі дірілдеп көрінуі айналадағы дүниені жас ғашықтардың дегбір таба алмай тұрған қалпына үндестіре алу талабынан туған.

«Қызарып, сұрланып» секілді өлеңдерінде жастардың көңіл күйін, жан сырын, сезімін өте нәзік көрсететін махаббат лирикасының жаңа үлгілерін туғызған Абай қазақ поэзиясында қалыптасқан қыздың портретін арнайы, бажайлап суреттеу тәсілінен бойын аулақ салмайды. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңінде Абай сұлу қыздың портретін суреттеудегі халықтық үлгіні шебер қолданады. Осындағы «қақтаған ақ күмістей кең маңдай», «аласы аз қара көз», «ажымсыз  ақ саусақ» деген секілді ақынның қолтаңбасы айқын көрініп тұрған сөз нақыштарының өзі-ақ шығармадағы ақын тілінің айрықша суреттілігін дәлелдеуге жеткілікті. Сөйтсе де өлеңде қыз кескіні халықтың эстетикалық ой-санасында қалыптасқан сұлулық жайлы ұғым-түсініктерге сай бейнеленіп отырғаны ешбір талас туғызбайды.

 «Білектей арқасында өрген бұрым» деген өлеңінде Абай халықтың, сұлулық, әдемілік жайлы ұғымдарының ұлттық өзгешеліктерін, терең көркемдік мәнін айрықша шеберлікпен ашып береді. Ұлы ақын бұрыннан қалыптасқан түсініктерді, сөз өрнектерін құр қайталай салмаған. Соларды пайдалана, қолдана отырып, халықтың эстетикалық ой-санасындағы  бағалы, құнды сипаттарды өзінің ақындық дүниетанымымен ұштастырып әкетеді. Өлеңдегі кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қас, қара көз, ащы ет, ашық жүз, бұраң бел, кішкене аяқ сияқтылар сұлу қыздың портретінің бұрыннан қолданылып келе жатқан үйреншікті белгілері екені рас. Осыларды пайдаланғанда Абай ерекше ақындық қуат танытады. Мысалы: «Аласы аз қара көзі айнадайын. Жүрекке ыстық тиіп салған сайын».

Абайдың өмірдегі, табиғаттағы көркемдікті өте нәзік сезініп, шебер бейнелеп айта білетінін табиғат көріністерін жырлайтын лирикалық туындысы «Жазғытұры» өлеңінде жылдың осы мезгілінің елге жайлылығын айтқанда ақын: «Анамыздай жер иіп емізгенде. Бейне әкеңдей үстіңнен аспан төнер» деп, жерді мейірімді анаға, аспанды қамқор әкеге теңейді. Жерді ана бейнесінде алып қарау қазақ халқы ғана емес, басқа елдердің ой-санасына да тән нәрсе. Ал Абайдың басқа бір шығармасында «атам-анам – қара жер» деп айтылатынын да еске түсіреді. Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмірде»: «Жер-анада жететін тамақ жоқтан. Отыр ма адам бірін-бірі шайнап» дейді. Аспанды әке бейнесінде көрсету де жайдан-жай алына салмаған. Аспанды әке деп түсінетін нанымның ерте кездегі, ежелгі замандағы адамның ойсанасында орын алғандығын байқататын деректер бар. Абай соны өзінше жаңғыртып, ескі ұғым қалпында емес, тың сипаттағы суреттеу тәсілі етіп қолданып отыр.

Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті. Күн қырындап жүргенде көп қожаңдап, Күйеу келді – ай, жұлдыз к.. .қысты.

Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп, Жан-жануар қуанар тойға елеріп. Азалы ақ көрпесін сілке тастап,

Жер күлімдер, өзіне шырай беріп…

Табиғат көріністерін осылай өте көркем, тартымды кейіптеу бейнелер жасап суреттей отырып, ақын қазақ өмірінің, сахара тіршілігінің шындық сипаттарын да айнытпай дәл түсіреді. Осындағы табиғат суретін тұтасымен алсақ та, күн – күйеу, жер – қалыңдық, күйеу келді деген сияқты метафора түріндегі бейнелі сөздерді алсақ та, қыста алыстағы қыстауларына кетісіп, жазғытұры жайлауда табысқан қазақ ауылдарының тұрмысы, сол ауылдағы күйеу, қалыңдықтың жайы, әдетәрекеті елестейді. Күннің күйеуше қырындауы, жұлдыз бен айдың күн жоқта кісімсіп, қожаңдауы, желдің тойдың хабаршысы болып жүруі және жердің қыстайғы қарының азалы ақ көрпе бейнесінде суреттелуі өлеңдегі табиғат көріністерінің қазақ даласының нақтылы тіршілікболмыс белгілерімен қаншалықты орынды қабысып жатқанын айқындай түседі.

Абайдың дүниежүзілік поэзияның ең тамаша туындыларымен тең түсетін лирикалық шығармаларының қатарында бұрынғы қазақ аулының көрініс-бейнесін суреттейтін «Желсіз түнде жарық ай» мен оған тақырыбы жағынан үндес «Жаз» атты өлеңін атауға тиіспіз. Өлеңнің көркемдік сапасын өте жоғары бағалаған І.Жансүгіров: «Абайдың жыры ырғақ, музыка құралысы жағынан төгіліп кетеді. Абайдың бұл өлеңіндегі бір ақындық өзгешелігі – ол өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай ірі, қимылды, қозғалысты көрсетуге жандылығы»[2] – деп өлеңінің көркемдік қасиетін, әсіресе тіл, ұйқасындағы өзгешелігін дәл тауып, өте орынды айтқан. Ақын әр қозғалыс, қимыләрекетті көзге елестетерліктей көрсетіп, сөзбен мүсіндеп отырған адамына немесе мал яки құсқа жан бітіріп, жансыз нәрсе болса, қолға ұстатқандай қып бейнелейді. «Жаздыкүн шілде болғанда» өлеңінің бұл ерекшеліктері шынайы өмірді оқушының көз алдына алып келетін реалист ақынның бейнелеу әдісін, теңдесі жоқ суретшілік шеберлігін жақсы танытады. «Жаз» өлеңінің Абайдағы ерекшелігі – бұнда да ақындық мәдениеті ірілеп, шеберленген көркемдікті, аңғарамыз. Барлық суреттер мен динамикалы қозғалыс-әрекеттер неше алуан бай құбылыс боп сипатталады»,82 – деп Мұхтар Әуезов тегін айтпаған.

Ақынның таңдаулы шығармаларынан халық поэзиясының өлең өрнегі мен сөз кестесіне жақындық белгілер табуға болады. Мұны жыр өлшемін, оның түйдек, ұйқасын өте ұтымды ширатып, өзінше қолдануынан бір көрсек, ұйқаста бірімен-бірі үйлес көп етістіктерді тізіп келтіруінен және байқаймыз. Етістіктерден құралатын ұйқастардың халық поэзиясында да кездесетіні мәлім. «Қыз Жібек» және «Алпамыс» жырларынан үзінділер алайық:

Солқылдады қара жер,

Көк жорға ат басса, былқылдап Ұршықтай саны бұлтылдап, Құйындай шаңы бұрқылдап. Алмас қылыш белінде, Қолында найза қылтылдап. Төрт тұяқтан шыққан от Шақпақ тастай жылтылдап. Құлақ салсаң, дауысы, Тау суындай сыңқылдап. Қолтығынан аққан тер Төгіледі шылқылдап.

                     («Қыз Жібек»)

Немесе:

Байшұбардай тұлпардың           Құлақ салсаң, дыбысы

Ойынды еті бұлтылдап,     Тау суындай сыңқылдап, Төрт тұяқтан шыққан от,                   Қолтығынан аққан тер, Шақпақ тастай жылтылдап.            Тебінгіге сылпылдап…

(«Алпамыс»)

Жырдағы бұл ұйқастар Абай ұйқастырған сөздермен әуендес, ал кейбірі (былқылдап, бұлтылдап, қылтылдап, сыңқылдап) дәлме-дәл келеді. Абай өлеңіндегі ұйқастар жырдағыдан әлдеқайда күрделі, еркін дамытылған түрде көрінеді, бірақ мәселе эпостық жыр мен Абай өлеңіндегі ұйқас, қолданудағы шеберлікті салыстыруда емес, ұйқастың осы түрінің халық поэзиясында ізі бар екенін анықтау. Етістіктен жасалған эпитеттерді Абай «Болыс болдым мінеки» деп басталатын өлеңінде өте шебер қолданған. Шығарманың композициялық құрылысындағы басты өзгешелік болыстың ау зымен айтылған сөз түрінде берілген, өлеңде болыстың кескінін, түр-түсін сипаттау жоқ. Оның есесіне өлең қимыл-әрекетке толы: үнемі тынымсыз әбігерге түсіп жүретін болыстың қимыл-қозғалысы суреттеледі. Адамның бейнесін әрекет үстінде көрсету – Абайдың осы өлеңдегі үлкен табысы. Болыстың сорақы істері, өрескел әрекет-қылықтары түгелдей оның өз сөздерімен сипатталады, өлеңде көптеп кездесетін «тістіктер арқылы жасалған эпитеттер ақынның баяндау-суреттеулерінде көрік беріп, жандандырып отырады.

Абайдың өлең тіліндегі батыл, тың ізденістерді тудыратын оның ақындық ой-өрісінің өлшеусіз кеңдігі, қоғамдық мақсат-нысанасының, көркемдік дүние тануының мүлде сонылығы талас туғызбайды. Абай шығармаларындағы сөз кестесінің, өлең тілінің табиғилығы мен қарапайымдылығы, олардағы қолданылатын бейнелі сөздердің құрылысбітімі, жасалу ерекшеліктері жағынан мейлінше ұтымды және терең мағыналы болуы – ұлы ақынның суреткерлігін, шеберлігін, эстетикалық көркемдік сезімінің өзгеше, биік сапасын танытады.

Поэзияда көркем ой-сезімнің қуаттылығын арттырып, тіл ұстартудағы Абайдың өнегесін оның жолын қуған талантты әдебиет қайраткерлері жан-жақты байытып, өрістетті. Ой сойылығы, Сөздің қарапайымдылығы мен мағыналылығы жағынан Абайға ілесе шыққан ақындардан Сұлтанмахмұт үндес сезіледі. Сұлтанмахмұт заман шындығын, сол кездегі өмірді көркем айқындаулар арқылы айрықша ұтымды етіп көрсете алған.

Дүние – алдау екен, алдасуда, Өз обалым өзіме, қалсам кейін.

Дүние – жеу, жегізу майданы екен, Жеңе алсам, жеймін демей мен не дейін. Әділдік болады деп тоса берсем, Өзімді жеп қоятын оған дейін. Байып алып, біреуді мен де жекпей, Неге өгіз боп оларға жегілейін?!

Ақын дүниені, айналасындағы өмірді біреудің біреу түбіне жетіп тынатын «жеу, жегізу майданы» деп сипаттап, дүние, заман сияқты ұғым мен сол ортада өмір кешкен жеке адам тағдырын қатар алып айтып отыр. Байып алып, басқаны жегу әркімге тиесілі үлес емес екенін ақын жақсы түсінеді және ол осыны мұрат етіп отырған да жоқ. Тек заманның, ортаның, әділетсіздік, зорлық-зомбылық бел алған қоғамның адамның ой-санасына қандай әсер ететінін аңғартып отыр. Ақын тағы бір тұста дүниені, заманды, же ке адамды қарама-қарсы қойып сипаттағанда әсіресе анық байқаймыз:

Жан иесі жегелі бірін-бірі

Өлмеу үшін ауызын ашқан заман.

Дүние – өзен, ағысын кім тоқтатар. Ағып кете баратын мен бір салам.

Қанаушылар үстемдік еткен қоғамда қарапайым адамның халы қаншалықты аянышты екенін бұдан айқын, әсерлі етіп айту қиын-ақ болар.

Мынау төрде ишандар, Аузы-басы қисаңдар. Ат, тоныңмен жұтады, Аузына егер сисаңдар.

Сұлтанмахмұт дін адамының бет-жүзіндегі қозғалыс-белгіні алып, сол арқылы есте қаларлықтай бейне жасаған. Одан арғы сипаттауы сырт қарағанда әсірелеп айту секілді. Дүниеқор ишандардың аузы атты кісі сиярлықтай көзімізге елестеп өткенімен, осы сөздердің ауыспалы мағына береді. Барыңды түгел жалмап-жұтып қоюға дайын ынсапсыз, жемқор осылайша өткір әшкереленуі сыйымды. Оқуышыны елең еткізетін бұл суреттеме мал құмар ишанның мінез-кейпін ашып көрсететін бірден-бір типтік сипат-белгі болып шыққан. Абайдың жас қыз бен оны мал беріп, зорлықпен алмақшы болған кәрі шалдың бейнесін бір-біріне қарамақарсы қойып, шендестіру тәсілімен өте әсерлі суреттегенін білеміз.

Сұлтанмахмұт «Кедей» поэмасында «жексұрын шал» мен оған малға сатылып, еріксіз қосақталған жас қызды суреттегенде шендестіру,  қарама-қарсы қойып сипаттау тәсілін үлкен шеберлікпен қолданады.

Жастық қызу шөлдеткен жас ерінге Көк мұртты кепкен ерін тұрды-ау тиіп.

Кәрі қол талдай нәзік белді қысып,

Үлбіреген жас тәнді зорлап, құшып,

Қуарған, кепкен тәнін жылытпақшы, Сәулелі қара көздің нұрын ішіп…

Сәбидің білегіндей торғын тамақ,

Тікенектей көк сақал соны қадап…

Міне, мұнда балғын жас сұлу мен шал үнемі бір-біріне қарсы қойылып, салыстыра бейнеленген. Қыздың кескін-келбетін, сымбатын танытатын сипат-белгілер – қас ерін, нәзік бел, үлбіреген жас тән, сәбидің білегіндей торғын тамақ деген секілді бо лып келсе, шалдың сиқын көк мұрт, кепкен ерін, кәрі қол, қуарған, кепкен тән, тікенектей көк сақал деген сияқты сипаттамалар арқылы байқатады.

Сұлтанмахмұт – ақындық тұлғасы мүлде басқаша, өзіне тән дарыны бар суреткер. Бұл жерде сөз әдеби дәстүр жалғастығы туралы. Сұлтанмахмұттың кейде Абайша толғaп, өмір құбылыстарын Абайша бейнелеп көрсететін кездері бар, бірақ онысы ұлы ақынның сөз үлгісін құр қайталау емес, суреттеу тәсіліндегі кейбір ұқсастықтар ғана.

[1] Жұмалиев Қ. Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі. – Алматы: Жазушы, 1948. 201-б.

[2] Жансүгірұлы Ілияс. Абайдың сөз өрнегі. «Әдебиет майданы», 1934. № 11-12. 50-б. 82 Әуезов М. Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы, 1947. 114-б.

З.АХМЕТОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *