
Өлең құрылыстары. Әр елдің өлең құрылысы, тіршіліктеріне, әртүрлі шаруашылық сатысына, тіл ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болады. Дауысты дыбыстары ұзын, қысқалы болатын тілдер бар. Бұл тілдерде дауысты дыбыстың ұзыны, жай дауысты дыбыстың екеуіне тура келеді. Мұндай тілдердегі өлең құрылыстары, созымды дыбысы бар сөздер мен созымсыз дыбысы бар сөздерді реттеп құрастыру арқасында жасалады. Мысалы, араб, парсы, латын тілдері сияқты тілдер. Мұндай өлең құрылысын метрикалық өлең құрылысы дейді.
Екінші бір тілдерде буын екпін заңымен құралады. Мысалы: орыстың өлең құрылысы. Орыс тілінде екпінді буын (екпін тұрған буын) бір сөздің басында келсе, екінші сездің ортасында, үшінші сөздің аяғында, тіпті бір сөздің өзінде де бір жерде тұрмай, әр буынға көшіп жүреді. Мұндай тілдерде екпінді буын, екпінсіз буындарды реттеп орналастыру арқасында құралады. Мұны тоникалық өлең құрылысы дейді. Орыс өлең құрылысын тоникалық немесе силлабо-тоникалық өлең құрылысы деп атайды.
Үшінші бір тілдерде екпінді буындар сөздің бәрінде де, көбінесе бірыңғай баста, не аяқта келеді. Мұны силлабикалық өлең құрылысы дейді. Мысалы: француз, чех тілдерінде де екпін аяққы буында келеді. Бұлардың өлеңдері екпінмен емес, буынмен өлшенеді. Бұлардың өлең құрылысын силлабикалық өлең құрылысы деп атайды. Қазақ тілінде екпін буыны сөздің аяғында не аяғына жалғас буында келеді. Екпін буыны аяғында келетіндігіне қарағанда қазақтың өлең құрылысы француз өлең құрылысына ұқсас.
Қазақ өлең құрылысы да силлабикалық өлең құрылысына жатады. Демек, қазақ тіліндегі өлең шығарудың негізгі шарты буын санын бірдей келтірумен орындалады. Қазақ өлең құрылысының негізі буында. Өлшеуіші – буын, бірақ бұл өзгермей бекіп қалған нәрсе емес. Өзгеруі мүмкін нәрсе. Сөйтсе де, қазіргі дәуірде әлі буын заңы күшті. Өлең құрылысы – буын заңына бағынған құрылыс. Ол талассыз.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ