
Тармақ құрылыстары. Өлеңнің бір жолын тармақ деп атадық. Өлеңнің бір тармағында бір не бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Дауыстың соқпа-соқпасының арасын сызықпен белгілеп, бір-екі мысал келтірелік:
/Майдалай/ /соқса майдың/ /қоңыр лебі,/
/Балауса/ /балбырайды/ /жер желегі
/Тау қалғып,/ /құз құлазып,/ /орман тынып,/
/Шомғандай/ /терең ойға/ /бәрі тегі/
(Асқар)
/Білімдіден/ /шыққан сөз/
/Талаптыға/ /болсын кез./
/Түрін, сырын/ /көруге/
/Көкірегінде/ /болсын көз./
(Абай)
/Бойы бұлғаң, /
/Сөзі жылмаң./
/Кімді көрсем/ /мен сонан/
/Бетті бастым./
/Қатты састым,/
/Тұра қаштым/ /жалма жан/
(Абай)
Осы келтірілген сызықтың аралары (//) бунақ болады. Біз бұлардың әрқайсысына жеке-жеке мысалдар келтірелік. Екі бунақты тармақ.
/Мүйізді қара/ /жұдырық/
/Тоқпақтай боп/ /жұмылып,/
/Бүлкілдеген/ /бұлшық ет/
/Денеде бұлт-бұлт/ /жүгіріп/ /Баттасқан болат/ /буындар,/
/Түтін шалған/ /отты көз/
/Еңбекке төніп/ /үңіліп,/
/Бір жарықты/ /көруге/
/Күні кеше/ /ынтық ед./
(Сәбит)
Қазақ әдебиетіндегі жыр, желдірме деп атап жүрген өлең шығармалардың көбі екі бунақты өлеңге жатады.
Үш бунақты тармақ.
Атадан/ /Біржан сал боп/ /тудым артық./
/Ұраным/ /Ер Қарқабат,/ /Алтай-Қарпық,/
/Аққумен/ /аспандағы/ /ән қосамын,/
/Шығарсам/ /ащы күйді/ /түптен тартып./
(Біржан сал)
Жұрттың қара өлең деп айтатын өлеңдерінің бәрі де үш бунақты өлең.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ