
Эпифора (грекше epiphora; ері – соңғы, phoros – алып жүру). Өлең шығармаларда сөйлемнің әсерлілігін күшейту үшін белгілі бір сөз, сөз тіркесі жол (тармақ) аяғында қайталанады. Қайталаудың бұл түрін эпифора дейді. Мысалы:
Мұнар да, мұнар, мұнар күн. Бұлттан шыққан шұбар күн, Буыршын мұзға тайған күн, Бура атанға шөккен күн. Бұлықсып жүрген ерлерден Бұрынғы бақыт тайған күн.
Анафора да, эпифора да көркем тілдегі жалпы қайталауға қойылатын шарттарға бағыныңқы. Жай қайталауда ақын-жазушылар сөйлемнің әр жолында қайталап айту арқылы сол сөзге, дұрысын айтқанда, сол сөздің мәніне оқушыларының көңілін аударуды мақсат етсе, анафора, эпифораларда бір сөзді сөйлемнің басында не аяғында қайталау арқылы орындалады. .
Келтірілген үзіндіде эпифора – күн деген сөз, сонымен қа тар шұбыртпалы ұйқастың да қызметін атқарып тұр. Ақынның күн деген сөзді көп қайталауы кездейсоқ емес. Бұл күн – Махамбет үшін айрықша күн, аңсаған арман, көздеген мақсат керісінше келіп, хан, сұлтанға қарсы күрес майданына шыққан қара халықтың апатқа кездесіп, айдарлысы құл, тұлымдысы тұл болған күн. Ақын оқушыларының ой-сезіміне күштірек әсер ету, сол күнге көңілін аудару үшін көркемдеп суреттеу әдістердің бірі ретінде эпифораны қолданған.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ