
Сұрай арнау. Жазушы біреуге не көпшілікке қайрыла сөйлесе және сол сұрағанына жауап күтсе, сұрай арнау дейді. Мысалы:
Желі толған сары түйе, Ағажан, кімге тапсырдың? Қора толған ақты қой, Ай көке, кімге тапсырдың? Тоғай толған мың жылқы, Күн көке, кімге тапсырдың? Тоқсанда әкең Тоқтарбай,
Алпыста шешең Аналық,
Бірге туған мен зарлық, Ай көке, кімге тапсырдың?
(Қобыланды» жыры)
Бұл сұрақтарға, Қобыландының өзі жауап қайырады. Сұрай арнаудың бір түрі – риторик сұрау (грекше – rhetöz – шешен), ойын сұрау, жауап ретінде айтушылық. Риторик сұрау жауапты керек етпейді. Сұрай арнауда да жауап беру міндетті болмаса да, оқушыға бұл сұрауды неге беріп отыр деген ой түсуі мүмкін. Ал, риторикалық сұрауда сұраудың не үшін қойылатындығы оқушыларға түсінікті, әр сұраудың жауабы оқушылардың ойында тұрады. Махамбет бір өлеңінде:
Орай да, борай қар жауса, Қалыңға боран борар ма? Қаптай соққан боранда Қаптама киген тоңар ма? Туырлығы жоқ тұл үйге Ту байласаң тұрар ма?
Ту түбіне тұлпар жығылса,
Шаппаған нәмәрт оңар ма? – дейді.
Абай бір өлеңінде:
Балалық өлді, білдің бе?
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті көрдің бе? Кәрілікке көндің бе?
Кім біледі сен кәпір
Баяндыдан сөндің бе?
Баянсызға төндің бе?
Әлде айналып, кім білер,
Боталы түйе секілді
Қорадан шықпай өлдің бе? – дейді.
Бұл екі өлеңнің екеуі де риторикалық сұраумен жазылған. Бұларда қойылған сұрақтардың жауаптарын оқушылардың өздері бере алғандай етіліп, сөйлемдер әдейі солай құрылған. «Орай да, борай қар жауса, қалыңға боран борар ма?» (Борамайды). «Қаптама киген тоңар ма?» (Тоңбайды). «Балалық өлді, білдің бе?» (Білдім). «Жігіттікке келдің бе?» (Келдім). Жауабы оқушылардың ойында тұрады. Өлең не көркем қара сөздерде кездесетін осылар тәрізді сұрай арнаудың түрлерін риторикалық сұрау дейді. Мұнда бір адамға емес, жалпыға қайрыла сөйлейді.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ