
КӨРКЕМ ТІЛДІҢ БАЙЛАНЫСТАРЫ МЕН ОНЫҢ МАЗМҰНҒА БАҒЫНАТЫНДЫҒЫ
Шығарманы жақсылап тексеру үшін, оның тілінің кейбір жақтарын (мысалы: эпитет, теңеу, т.б.) алып қарауға да болады, бірақ бұл жеткілікті емес. Оның әртүрлі өзгешеліктерін бір-бірімен байланыстыра отырып, тілін бүтіндей алып тексеру керек.
Мысал үшін бірнеше жазушылардың тілдерін алып салыстырсақ, араларында үлкен-үлкен айырмалары барлығын байқаймыз. ХVIII ғасырдағы Бұхар жырау мен XIX ғасырдың алдыңғы жарымындағы Махамбетті алсақ, поэзияларының тілдерінде де үлкен айырмалар бар. Бұлардың тіліндегі өзгешеліктер олардың дәуірлерінің өзгешеліктері ғана емес.
Бұхар – өз кезінің әрі биі, әрі ақын, жыршысы. Оның дүние танушылық көзқарасы да сол ортаның мақсат-тілегіне бағыныңқы болды. Бұхар өлеңдерінің тек мазмұны ғана емес, оның тілі де өз ортасына арналған тіл. Бұхардың образ қолданыстары жұмбақталған, айтайын деген ойды ашып айтпай, ұшығын көр сете сөйлеу негізгі бір қасиеті боп саналады.
Бұхардың:
Қарағай – судан қашып, Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан – шөлге шыдамсыз, Балықтан шыққан бір қарақ, –
деп келетіні де сондықтан. Бұхардың жеке эпитет, метафора, теңеулерін алсақ та, осы тәрізді ылғи жұмбақталған, ұшығын көрсете сөйлеген образдар боп келеді. Бұхардың ізін баса шыққан Махамбетті алсақ, оның тілі Бұхардан өзгеше. Ол өз кезіндегі үстемдік етуші тапқа қарсы шықты. Езуге шыдай алмай хан, патша, төре, сұлтан, билерге қарсы көтерілуші шаруалардың жыршысы болды. Поэзиясының тілі – халық тілі, сондықтан да оның тілі әрі өжет, өткір, көпшілікке түсінікті.
Беркініп садақ асынбай,
Біріндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жауырын оқ алмай, Атқан оғың жоғалмай…
Қасарысқан жауыңа
Қанды көбік жұтқызбай, –
деп көтерілуші еңбекші шаруалардың не істеу керектігін қолға ұстатқандай етіп сөйлейді. Оның әрбір образдары да сол күрес тілегіне бағыныңқы түрде жасалады. Тап осы тәрізді, әр таптың жазушыларының тіл өзгешеліктері болатындығын орыс әдебиетінен де анық көруге болады.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ