Диалектизм (грекше – dialektos – жергілікті сөз). Бір елдің өз ішінде жеке облыс, аудандарында ғана қолданылатын, басқа облыс, аудандарының адамдары түсінбейтін сөздер болады. Мұндай жергілікті сөздерді диалектизм немесе провинциализм деп атайды.
Соңғы жылдарда қазақта диалектизм бар ма, болса, оған қандай сөздер жатады? Диалект болу үшін тек түсініксіз болу жеткілікті ме, оның өз алдына грамматикалық, синтаксистік формасы болуы керек емес пе? деген сұрақтардың айналасында айтыстар бар. Қазақ тілінің мамандары да бұл жөнінде екі жар. Біреулері қазақта төрт диалект бар десе, екіншілері орыс, не басқалардың тіліндегідей бізде диалект жоқ, тек элементі кейбір жеке сөздер ғана бар және олардың өзі де онша көп eмec деген пікірді ұсынады.
Мысалы: Қостанай облысы «жақсы жігіт» мағынасын «әйдік жігіт»; «ірі», «мықты» деудің орнына «дөкей» дегенді қолданады. «Әйдік» деп Орал облысының қазақтары алаңғасар, тентек адамдарды айтады. Оңтүстік қазақтары күйеуі өлген әйел алыпты деудің орнына «жуан алыпты» дейді. Бұл Қазақстанның басқа облыстарында қолданылмайды, Батыс Қазақстанның «мәтөк», «орасан», «жүдәсі», Қараөткелдің «әпкіші» (иін ағаш, су ағаш), Оңтүстіктің «кемпірауызы» (шеге суыратын қысқыш), тағы басқалар.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ