АУДАРМА ТІЛІ
Аударма тілі – бір тілде даярланған құжат немесе мәтін аударылған тіл. Аударма тілі түпнұсқа тілдегі басты бөлшектерді калька тәсілімен, кірме сөздермен, неологизмдермен, семантикалық ығыстырулар немесе суреттеу арқылы береді. Аударма теориясында аударуға даярланған түпнұсқа мәтін тілін – түпнұсқа тілі дейді, ал аударма жасалып отырған тілді – аударма тілі дейді. Аударма тілі аударманың түріне сәйкес ауызша және жазбаша болуы мүмкін. Аударма тілінде аудармашының терең эстетикалық талғамы, филосо фиялық, лингвистикалық, мәдениеттанымдық, тарихи танымы кө рініс алады. Шебер аудармашы түпнұсқа мәтінді аударма тілінде қайта сөйлетуі керек. Аударма тілінде түпнұсқа тілмен сәйкестік мағынаның инварианттылығы арқылы жасалады. Бір тілде айтылған ойды (сезімді) екінші тілде жеткізу үшін аудармашы аударатын тілді де, аударылатын тілді де терең меңгеруі керек. Аудармашыға түпнұсқаның тілі мен аударатын тілдің морфологиясын, синтаксисін, лексикасы мен тұрақты тіркестерін жетік біліп қана қою аз, ол екі тілдің тілдік жүйесі мен заңдылықтарын да өте жақсы білуі керек. Сондай-ақ, аударма тілінің түпнұсқа тілдегі көркемдікті жеткізе алуы аудармашының шеберлігіне байланысты. Әсіресе көркем аудармада түпнұсқадағы ой шынайылықпен жеткізілгені жөн. Шығармадағы образдар мен өмір шындығы дұрыс ашылмаса, аударма тілі бейнеліліктен ада болып, мағынасыз сөздердің механикалық тізілімі болып шығады. Аударма тілінің ауыр болуы, сөйлемдегі сөздердің эмоционалды-экспрессивті реңкінің сақталмауы, ойдың нақты емес, көмескі шығуы аудармашының екі тілдің заңдылықтарына салыс тырмалы-салғастырмалы талдау жасай алмауына байланысты туындайтын, қателіктерге жатады. Аударма тілі түпнұсқа авторының тіл мәдениетін терең жеткізе алмаса, шығарманың идеялық-көркемдік құндылығы әлсіреп, оқырманның қабылдауына кері әсерін тигізеді. Аударма тілінің жатық болмауының негізгі себептеріне аудармашының қос тілдің тілдік заңдылықтарын терең білмеуі, түп нұсқа тілден сөзбе сөз аудару сияқты тілдік факторлармен бірге зейіннің шашырауы, ұқыпсыздық сияқты психологиялық факторлар да әсер етеді. Тіл — халықтың рухы десек, бір халықтың ұлттық рухы, рухани құндылықтары екінші халыққа аударма тілі арқылы жетеді. Аударма тілі екі халықтың қарым-қатынас құралы ғана емес, мәдениеттерді тоғыстыратын құрал. Аударма тілі арқылы бір ел екінші елдің өркениетімен танысып, бір-біріне жақындаса түседі.