
Аллегория (грекше – allegoria – пернелеу, меңзеу) – троптың бір түрі. Аллегорияда пікір астарлы келеді, бірақ астарлы сөйлеудің әр түрі бар. Кейде астарлау жұмбаққа айналып кетеді. Ондай жағдайда астарлы мағынаны әркім әртүрлі ұғынуы, әр басқа түсінуі мүмкін. Ал, аллегория сол астарлап, пернелеп сөйлегенде дерексіз ұғымдарды деректі, тұжырымды образға айналдырады. Мысалы: Қулық, сұмдық, айла, әділдік, жауыздық, қастық, достық – бәрі де, жеке алғанда, дерексіз жалпы ұғымдар. (Әрине, өмірде олардың тұжырымды ұғымға айналатын кездері де болады). Адамдардың араларында болатын қарымқатыс, күрес-тартыстар белгілі бір жағдайда оларды деректі заттай-ақ сезіндіреді.
Әдебиетте осы айтылған тәрізді дерексіз ұғымдарды деректі ұғымға айналдырып, әрқайсысы бір нәрсені не айуандарды меңзейтін сөз образын аллегория дейді.
Әдебиетте түлкі – қулық, айлакерлікті қасқыр – қара жүректік, ұрылықты; арыстан – зорлықшылдықты; аққу – достықты, махаббатты; ақ көгершін – бейбітшілікті; үзілген шынжыр – бостандықты меңзейді.
Аллегория көбіне мысал өлеңдерде кездеседі. Адамдардың жасайтын әр алуан істерін, айла-амалдарын, мінез-құлықтарын айуандардың араларында болған нәрсе етіп суреттейтін, эпостық жанрдың бір түрі саналатын сюжетті, қысқа өлеңдерді мы сал өлең (басня) десек, соның образ жасау үшін қолданатын сөздерінің көпшілігі аллегория болады. Басня деген ұғым бас- аяғы біткен, бір бүтін шығарма туралы айтылса, аллегория соның тілі, сөз образы туралы айтылады.
Троптың басқа түрлерімен салыстырғанда, аллегория символға жақын. Әдебиет теоретиктерінің бірқатары бұл екеуінің айырмасы аз, сондықтан бір-бірінен бөлектеп қараудың қажеті шамалы деген пікірді де ұсынып жүр. Бұл екеуінің бір-біріне ұқсастық, жақындықтары көп. Кейде оқушыларға айыру қиын, әйтсе де олардың әрқайсысына тән бірнеше ерекшеліктерді көрсетуге болады. Негізгі ерекшелік символдық мағынасының дерексіз, жұмбақтылық жағының басымдылығы.
Қонады бір күн жас бұлыт,
Жартастың төсін құшақтап.
Жөнелді ертең, қалды үміт, Көк жүзінде ойнақтап, –
деген үзіндіні алсақ, мұны тек жалғыздықтың символы деп қана емес, табиғат құбылысының бір алуан суреті – пейзаждық өлең деп те ұғынуға болады. Аллегорияда екі ұшты түсінуге жол жоқ. Мысалы:
Тұрды патша (арыстан) қайғырып, уайым жеп, –
«Ала қойды болады қайткенім еп?» Аю, түлкі қасында – уәзірлері, Кеңеседі оларға «Қайтемін?» – деп.
Қолбаң етіп, қорс етіп, сөйледі аю:
Батыр патшам, не керек көп ойлану.
Қойды жан деп есіркеп кім аяйды? Ақылы ала қойдың – қырып салу…
Аңдардың арасында бұл тәрізді кеңестің болмайтыны жұрттың бәріне мәлім, сондықтан арыстан да, аю да, қасқыр, түлкілер де адамдардың араларында болатын қулар мен қара жүректерді, ала қойлар – момындарды меңзейді. Айтайын дегені зұлымдық, қулық, олардың момындарға жасайтын зорлық-зомбылықтарын астарлап айтса да, тұжырымды образ арқылы түсінікті анағұрлым жеңілдетеді. Аллегориялық ұғымды әркім әртүрлі талқылауға жол қалдырмайды.
Аллегориямен жазылған шығармалар қазақтың ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде де бар. Қазақ фольклорындағы өтірік өлеңдер аллегория тілімен жазылған. Жазба әдебиетте Абайдың «Қарға мен түлкі» аудармасы, Сұлтанмахмұттың «Екі тышқаны», Сәби Дөнентаевтың «Екі текесі» – мысал өлеңдер, аллегориямен жазылған шығармалар. Жалпы алғанда, мысал жазушылардың қайсысы болсын аллегория тілін қолданады. Революцияның алғашқы дәуірінде аллегория тілін қолдана отырып, мысал жазушылар совет әдебиетінде де бар (Асқар Тоқмағамбетов, т.б.).
Қ.ЖҰМАЛИЕВ