ЖАЗУШЫ — ДРАМАТУРГ САФУАН ШАЙМЕРДЕНОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЗЕРТХАНАСЫ
ЖАЗУШЫ — ДРАМАТУРГ САФУАН ШАЙМЕРДЕНОВТЫҢ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЗЕРТХАНАСЫ
ИБРАЕВА А.Д.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филол.ғ.к
ШИНАЛИЕВ Н.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 4-курс студенті
Сафуан Шаймерденов – тереңге бойлатар туындыларымен танылған классик жазушы. Алғашқы көркем шығармасы «Болашаққа жол», кейіннен «Мінез», «Мезгіл», «Жыл құсы», «Мәжнүн тал» , «Ағалардың алақаны» атты әңгіме-повестер жинақтарымен оқырман қауымның жүрегіне шуақты нұр мен терең талғамды тебіреніс орнатқан әдебиет жүйріктерінің бірі.
Суреткердің көркем туындысына негіз болатын жазу идеясы туғаннан бастап, нүктесі қойылған уақыт аралықтарын қамтитын кезең шығармашылық зертхана болып табылады. Бұл ұзақ процесті жазушы қалай жүргізді? Өмірге көркем туынды әкелген таланттың туындысы жөнінде қандай қыр-сыры, ашылмаған жайттары бар? деген секілді сауалдарға Сафуан ағамыздың творчествосынан іздегенді жөн көрдік. Айтылған процес тақырып таңдау, материал жинау, жиналған деректі салыстырып, қорыту, өмір шындығы мен көркем шындық, көркем бейне, жазу машығы мен өңдеп толықтыру секілді құбылыстарды қамтиды.
«Жазушының өмірі қиын, шытырман болған сайын, өмірбаяны бай болады» демекші, көз көріп, құлақ естіген, түйсікпен сезінген дүниені жазу әлдеқайда ұтымды. Өмір құбылыстарын саралағанда, өмір шындығын зерттегенде тақырып таңдау ерекшелігі жазушылық үрдістің қиын белесі болып табылады. Тақырыпқа З.Қабдолов: «Жазушының шындық болмыстан таңдап, талғап алып, өзінің көркем шығармасына негіз, арқау еткен өмір құбылыстарының тобын тақырып деп атар едік» [1/75] деген анықтамасын назарда ұстай отырып, жазушы С.Шаймерденов өзінің өмірдегі бастан кешкен дүниесін, әсер еткен тұстарын саралап, тақырып етіп таңдайтындығын мынадай сөздерінен танимыз. «Осы күнге дейін жазып келгендерімнің бәрі де не өзі мені іздеп тапқан, немесе ел аралап жүріп, ойда жоқта өзім кездестірген тақырыптар» [2/9].
Әр жазушының материал жинау құбылысы әртүрлі. Біреу талмай ізденгеннің нәтижесінде қалталы қоржынына дерек жинаса, енді біреу ойда – жоқта кез келген, көз көрген жағдаяттарды материал етіп алады. Кейінгі аталған жағдайға жазушы С.Шаймерденовтың мына сөздері дәлел бола алады. «Жыл құсы» атты повесімнің тақырыбымен мен ойда жоқта кездестім. Бұл шығарманың басты қаһарманы Битабар Елбаев өмірде болған адам. Ол 1885 жылы қазіргі Жезқазған облысының Жаңа-Арқа ауданында дүниеге келіп, сол жерде – Иманақ тауының бауырында 1964 жылы жетпіс тоғыз жасында қайтыс болған. Ол, шынында да, түйе көтерген, құдыққа түсіп кеткен сиырды суырып алған ерен адам. Мен онымен 1950 жылы наурыз айының алтысы күні «Лениншіл жас» газетінің тапсырмасы бойынша ел аралап жүріп, Иманақ тауының бауырындағы шарқы шағын Бірлік атты колхозда кездестім. Биекең сөзге сараң, біртоға адам болса керек, көпке дейін сұрақтарыма бар-жоқ деп, тоқ етерін айтып үнсіз қалып отырды. Кейін ақсақал көңілінің кілті ашыла қалған кезде қағаз – қарындаш алсам, қытығына тиіп, қисайтып алып жүрмес пе екем деп әңгімесін тек отырып тыңдадым» — деп, [2/7] повеске керекті матералды, прототиптің өз аузынан естіген дүниесі көркем туындының арқауы болғанын айтады.
Творчество адамына кездескен өмірдегі жайттар, жүздескен жүздер, айтылған әңгімелер әсерлендіріп, көңілін толқытқан жағдаяттарды материал етіп алады. Ондай айтылған әңгімені естігеннің бірі неге жазбайды? Осы тұста адамның ой қырағылығы керекті материалды дөп басады. «Бірде жолым түсіп Алматы облысының Кеген ауданына бардым. Кездескен адамдардың бәрі мынадай қызық бір оқиғаны айтып бергені: күзде қой отарлары таудан қыстауға қарай көшкенде бір шопанның иті жоғалып кетіпті. Әрі іздеп, бері іздеп шақыра – шақыра таппаған соң, қасқыр жедіге жорыпты да ол байғұс көшіп кете берген. Қыс өтеді. Келер көктемде әлгі шопан бұрынғы үйреншікті ізімен таудағы жайлауға келе жатса, былтырғы қой жусатып, дем алған бір жерінен иті шыға келіпті. Өкпелегені сондайлық, шақырса келмейді. Жақындаса, үреді де шегіне береді. Бұған не болған деп бақса, шопан иті көшкен жұртта ұмыт қалған ескі тонды күзетіп қысты өткізіпті. Жазылар повестің кілті осы оқиғадан кейін табылды» — деп, [2/9] қарапайым әңгімеден көркем туынды жасауда өз өмір жолында жолыққан құбылыстарды материал етіп алғандығын көрсетеді.
Жазушының жұбайы Бағдат апамыз Сафуан ағамыздың өмірі, шығармашылығы туралы сұхбатында: «Сафуанның романындағы Инеш пен Мәулен арасындағы махабат хикаялары басымыздан өткен дүниелер, өмір шындығы. Романның өмірге келуіне өзіміз бастан кешкен көп жайттар әсер еткені жасырын емес» — деп С.Шаймерденовтың көркем туындыға қажетті дүниені, өмір шындығын материал етіп қолданатынын нақтылай түседі.
А.Фадеев әдебеттік (жазушылық) процесті 3- кезеңге бөліп қарастырады.
1.Жазушының материал жинау кезеңі.
2.Жинаған материалды қорыту – ойлану.
3.Қорытылған материалды жазу кезеңі.
Жазу машығы осы аталған кезеңдердің соңғысын қамтиды. Біреулер: күнде жазу столына отырып еңбектенсең, туындыңды жақындатып, «жазып бітіресің» деген күнделікті отырып жазу машығын мақсат тұтады. Ал қайсыбір жазушылар көңіл құсының, шабыт құсының шарықтап, құйқылжи келіп қона қалатын кездерінде ғана қолына қалам ұстайды. Ұзақ ойланып, көкіректегі ойын көркем бір лепті қуат қысқанда қағаз бетіне қалам жүгіртетін жазушылардың бірі – С.Шаймерденов.
«Шабыттың құсы басқа жақта шалықтап жүрген кезінде өзімді өзім зорламаймын. Жазу столына келіп отырамын, ештеңенің ыңғайы келмесе, тұрып жүре беремін. Өзімді-өзім күштеу деген менде жоқ мінез» — деп шабытсыз жазу процесін ары қарай жылжыту мүмкін еместігін айтады [2/20].
«Жас кезімде түнде отырып жазушы едім. Өйткені, түнде істеген жұмыс өнікті келеді. Қазір өйте алмаймын. Жыл мезгілінен, әсіресе, көктем айлары ұғымды. Шабыттың құсы жыл құсы емес, шынтуайтқа келгенде маусым талғамайды» — деп шабыт, құштарлықтың мезгіл таңдамайтынын атап көрсетеді.
С.Шаймерденов көркем туындысын жазуға кеткен уақыт аралықтарын нақты көрсеткішпен көрсетеді. Ой өзегінде қорытылып, салыстырудан өтіп, көңілде жүріп тербелген дүние тез жазылатындықтан, жазушы: «Менің ойлануым, толғатуым ұзақ. Ал пісіп жеткен дүниелерді тіпті де тез жазамын. Айталық, он тоғыз жыл толғатқан Битабар хикаясын мен бір жарым айдың ішінде жазып тастадым. «Инеш» романының бірінші жартысы екі жыл жазылса, қалған жартысы екі жарым айда тәмамдалды. «Мәжнүн тал» он төрт күнде, «Қыр гүлі» атты пьесам үш күнде дүниеге келген. Ал отыз бес жыл ойдан шықпаған «Дөкей келе жатыр» комедиясының «Сары Ағаш» санаториінде ем-дом қабылдап жүргенімде бас- аяғы жиырма күнде соңғы нүктесі қойылған» [2/20] деп жазуға құрылған материал тізбектерінің санада, ой өзегінде пісіп жетілдіріп жазатындығын айқындай түседі.
Ой өзегінде материалдың (көп туындының) бір-бірімен қатпарласа, жарыса пісіп жетілетіндіктен, қайсысы жарық дүниенің есігін бірінші ашатынын уақыт-төрешінің еншісінде қалдырады: «Шынымды айтсам қазір басымда көп жылдан бері мазамды кетіріп жүрген, бірақ илеуі қанбаған жиырма шақты әңгіменің, он шақты повестің тақырыбы бар. Олардың қайсысы қай уақытта жарық дүниеге келеді? Оны келешек көрсетеді» [2/20]
Көркем әдебиеттің қоғамдағы маңызы: оқырманын, оқушысын эстетикалық талаптарға тәрбиелеп, өмір құбылыстарын танытумен қатар жұмбақ жатқан шындықты ашып береді. Өмір шындығынан бет алып дамитын көркем шындық жазушы санасында біте қайнасып жатады. Олай дейтін себебім, көркемдік еркіндікте жасалатын шындық жазушының фантазиясы мен ұшқыр логикасының нәтижесінде көрініс табады. Авторымыздың жазушылық процесіндегі шындық-өмір дерек, өмір деректіңқиялға өрбуін ғалым Қ.Ергөбек «Арыстар мен ағыстар» атты еңбегінде: «Сафуан Шаймерденов шығармасының бір ерекшелігі, өмірлік дерек бар. Жазылуына себепші болған жағдайлар – жазушының өзі көрген, бастан кешкен оқиғалар болып шығады» — деп, шындық деректің орнын көрсетсе, «жазушы шығармасы әу баста өмірлік бір дерек, болған жайға табан тірейді де келе-келе көркемдік арнасына бет бұрады»[3/34] дегенін дерек арқылы қиялдың көркемдікке ие болуы деп түсінеміз.
Осы орайда С. Шаймерденов: «Өмір шындығы әдеби шындыққа тәуелді емес. Ал әдеби шындық өмір шындығына тікелей тәуелді. Өмір шындығына сүйенбеген, содан нәрленбеген шындықтың бәрі жалған»- дей келе, «Жыл құсы» атты повесінің басты кейіпкері Битабарды көркем шындыққа былайша негіздейді: «Бұл повестегі басты қаһарман Битабар Балуан Шолақпен күрескен, ит жығысқа түскен балуан. Бұл 1903 жылы Иманақ тауының бауырында өткен оқиға. Битабар онда он сегіз жаста, ал Балуан Шолақ болса отыз сегізге қараған шағы. Мен мұны Битабардың аузынан естідім. Жалған деп күдіктене алмаймын. Өйткені, мен білетін Битабар мақтануды білмейтін адам. Екіншіден, сол Биекең әңгімесін сол кездесуде бірге болған, әлгі 1903 жылғы оқиғаның куәгері сексен жастағы Жұмаділда қарт растаған-ды. Бұл өмір шындығы. Өмір шындығы осылай екен деп, Битабарды Балуан Шолақпен күрестіріп, ит жығысқа түсіруім керек пе? Иен күштің иесі, әнші- сері Балуан Шолақпен белдесіп, тең түскен Битабардың оқырман алдында беделі өсер ме? » — деп жазу процесінде сұрақ қоя отырып, көркем шындықты былай суреттейді: «Балуан Шолақтың киелі жағасына қол апарғызбай Битабардың кісілігін таныттым (кітапта Балуан Шолақ Битабарға түйе көтергені үшін бата береді). Соған орай теке жәуміт арғымақты сыйлаттырып Балуан Шолақтың да ұлылығын паш еттім. Дән риза болған Битабар бұл жерде сыпайылық білдіріп, жорға тізгінінің қолы тиген ғана жерін сүйіп алып, алғысын айтады » [1/19].
Автор көркем туындысын жазуда, яғни жазу процесі белгілі өлшемге келмейтін, үнемі динамикалық үдерісте болатындықтан қалам тартқан шығармасы өзгеріске ұшырап отырады. Мұндай құбылыс мынадай жағдайларда көрініс табуы мүмкін: а) материал жинақталып, толығып, молайған жағдайда, б) бір жазушы (адам) ақыл- кеңес бергенде в) бір автордың көркем туындысын оқи отырып, әсерленген жағдайда.
Жазушы С. Шаймерденов «Инеш» атты романын аяқтауға жақын қалғанда оқылған көркем туындының әсерінен болған өзгерісті былай көрсетеді: «Творчестволық жолымның бастауында маған қатты әсер қалдырып, еліктіріп әкеткен бір жазушы болған. Ол – Юрий Трифонов. Мен «Инеш» романын аяқтап қалған кезде осы жазушының «Студенттер» деген повесі жарық көрді. Лиризмге тұнып тұрған, шуақты көктем күнінің бояуындай жұмсақ та тартымды туындыны оқығаннан кейін кейбір концепциямды өзгертуге, кейбір кейіпкерлерімді қайта мүсіндеуге мәжбүр болдым» [2/17]. Және де проза жанрында драматургия саласында елеулі еңбек еткен С. Шаймерденов туынды үшін драматургияның, сахнаның жоғары талап – тілегі болуынан мынадай өзгерісті мысалға келтіреді. ««Ит ашуының» бас кезінде қырғыз Сәршеннің қаншығымен Марғаудың ылығысып қалатын жері бар. Мен басында мұны жай күлкі үшін, Айғанның еркектер туралы айтар әзілпікіріне тиек болсын деп ғана алған едім. Осы тұста драматургияның – сахнаға мылтық ілінсе атылуға тиіс, шеге қағылса, ең болмаса біреу асылып қалуға тиіс, — деген қағидасы түсті. Кейінгі бір эпизодқа Сәршеннің Қырғыны Марғаудың баласы болып орынымен суреттелуі, соның арқасында бұл көріністің ойнап кетуі драматургияның әсері» — деп, [2/ 15] повесттің сахнаға лайықты болуын көздеп, туындысының өзгерген тұстарын байқатады.
Айта кетейік, С.Шаймерденов шығармашылығында романның аты өзгерген тұсы бар. Алғаш романын «Болашаққа жол» деп атап, кейіннен романдағы кейіпкердің есімімен яғни, «Инеш» деп атаған болатын. Не себепті? Романның аты оның басқа да тұстарына кері септігін тигізеді ме? Бұл сұраққа жазушы былай жауап береді: «Қазақтың С. М. Киров атындағы мемлекеттік университетінде оқыған жылдар бейнесін «Инештен» табуға болады. Осы романның әуелгі аты «Болашаққа жол» болатын. Оған пікір айтқандар «тым жалпылама, өте айқайлап тұр» деп ақыл-кеңестерін ортаға салды. Несі бар, кеңесіп пішкен тон келте болатын ба еді?! Роман «Инеш» деген атпен жарияланып жүр» [4/356] дегенін өзі өмір сүрген дәуірде қазақ классиктерінің (элиталарының) айтқан ақыл –кеңесін мақұл көруі деп білеміз.
«Адамды идея емес, идеяны адам ашады» деп теоретик-ғалым З.Қабдолов айтпақшы, көркем туындының ой салар идеясын жазушы шығарманың кейіпкері арқылы беріп отырады. Прототип-кейіпкердің өмірдегі бейнесі. Образды ашқан кейіпкердің шын болмыстағы прототипі жазушы үшін аса маңызды және жете таныс. Көркем бейнеге ұласып, жинақталған типтік тұлғаны танытуда автор көркемдік қиялмен орайластырады. С.Шаймерденовтың «Жыл құсы» атты туындысындағы Битабар өмірде болғанын, автордың ол кісімен сұхбаттасқанын жоғарыда айттық.
Ал «Инеш» романындағы Инештің протатипі – Сафуан ағамыздың жары Бағдат Шаймерденкеліні. Бұған ағамыздың жары берген сұхбатындағы мына сөздер дәлел бола алады: ««Инеш»-сенің протатипің. Саған арнаймын дейтінді»[5/52].
С.Шаймерденов қазақ классиктерін, қазақ халқы биіктен көрер тұлғаларын ұстаз тұтқан. «Менің қазақ әдебиетіндегі ұстаздарым – Бейімбет Майлин мен Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов. Бейімбеттің реализмі, Мұхтардың қазақ сахарасындай кең құлашы мен тереңдігі, Сәбиттің халықтығы, Ғабиттің астарлап сөйлейтіндігі, юморы ұнайды. Ал Сәкеннің нақтылығына басымды исем де болады. Бірақ, бір қызығы, өзіме ұстаз тұтқан осы жазушылардың біріне де мен еліктеген емеспін»[2/16].
Сафуан Шаймерденов — қазақ әдебиетінде елеулі еңбектерімен өз орнын, өз бағасын алған биік талғамды жазушы. Дәуір көрінісін, уақыт бедерін, жүріп өткен жолын, бастан кешкен қилы шытырман оқиғаларын материал етіп, қоғамдағы проблемалық жағдайды өз туындыларында көрсетіп, жастана оқитын шығармаларын өмірге әкелген әдебиет майданының жауынгері. Жазушының шығармашылық (лабораториялық) зертханасы тереңін бойлап, асылын тере түсетін ізденіс — еңбекті қажет ететін, қыр- сыры ашылмаған қатпарлы тұстары да оқырман қауымға белгілі [6/ ]. Мол ізденісті керек ететін Сафуан Шаймерденовтың шығармашылық зертханасы өскелең жас ғалымдардың назарына ілігіп, тың ғылыми дүниелерді жарыққа шығарарына әбден сенімдіміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- З.Қабдолов, «Жебе», Алматы, Жазушы, 1977ж.
- С.Шаймерденов, Шығармалар жинағы, 2 том, Алматы, Жазушы, 1997ж.
3.Қ.Ергөбек, «Арыстар мен ағыстар», Астана, Таным, 2003ж.
4.С.Шаймерденов, Шығармалар жинағы, 3 том, Алматы, Жазушы, 1999ж.
5.Б.Шаймерденкеліні, «Жақсы жар бола білу — өнер», «Ерке-Нұр» журналы, №2, 2008ж.
- Ибраева А.Д. Жазушының шығармашылық шеберханасының ерекшеліктері // ҚазҰПУ Хабаршысы «Филология ғылымдары» сериясы 2014 № 2