«ҚҰЛАГЕР» ПОЭМАСЫНЫҢ ОРЫС ТІЛІНЕ АУДАРЫЛҒАН НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТӘРЖІМЕЛЕНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
ҚАСЕНОВ Е.С. —
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқытушысы, ф.ғ.к., Алматы қаласы.
Kasenov_erlan@mail.ru
Аннотация
Мақалада «Құлагер» поэмасының тәржімелену ерекшеліктері қарастырылған. «Құлагер» поэмасының орыс тіліне аударылған нұсқаларының тілдік ерекшелігі мен көркемдігі жан-жақты көрсетілген. Аудармашылардың тілді қолданылу шеберлігі сөз болған. Түпнұсқа мәтін мен аударма мәтіннің стилистикалық және экспрессивті ерекшеліктері айтылған.
Кілт сөздер: тікелей аударма, мағыналық аударма, көркем аударма, аударма үлгісі, аудармашы мақсаты, поэтикалық аударма.
Белгілі бір ұлттың рухани қазынасы болып табылатын көркем туындылар – сол ұлттың, сол этностың ғана емес, әлемдегі барша халықтың игілігі, жалпы адамзаттың рухани байлығы. Көркем туындылар – бip халықты екінші бip халыққа кеңінен таныстырып, өзара табыстыратын рухани мұра. Демек, белгілі бір ортада қалыптасып адамзат баласының ортақ игілігіне айналған туындылардың көтерер жүгі орасан.
Ұлт әдебиеті мұраларының адамзатқа ортақ әдеби қазынаға айналуының бастауы көркем аудармада жатыр. Қай кезеңде болмасын аударма арқылы әлемдік әдеби шығармалардың бір-біріне әсері, өзара тығыз байланысы, озық идеялардың қайта жаңғыруы, дамуы орын алады. Белгілі бір ұлт әдебиетінің құндылығы оның эстетикалық, көркемдік деңгейімен өлшенеді десек, орта ғасырлардағы Шығыс қиссаларының, әлем әдебиетінің озық үлгілерінің ұлт әдебиетінен түбегейлі орын алуы – аудармалардың көркемдігінде. Бұл ретте біз өзге ұлттың рухани мұрасын екінші бір ұлт тілінде сөйлетуші аудармашылардың еңбегінің ерекше атап өткеніміз жөн. Себебі, «аудармашының мақсаты – түпнұсқаның стилистикалық және экспрессивті ерекшеліктерін сақтай отырып, басқа тілдің көмегімен оның мазмұнын біртұтас және нақты жеткізу» болғандықтан оларды бір ұлттың ұлттық болмысын, дүниетанымын тұтас күйінде жеткізуші шығармашылық иелері болып табылады [1, 7 б.].
Көркем аудармада әдеби шығарманың құрылым жүйесі, образдылығы, мазмұны, стилі, тілі секілді поэтикалық құбылыстармен бірге оның эстетикалық, лингво-мәдени, сондай-ақ психологиялық және семиотикалық, табиғатын түзетін көркемдік құбылыстар да пайымдалып, таразыланады. Сондай-ақ аудармада автор мен аудармашының шығармашылық шеберлігі, суреткерлік даралығы бір арнада тоғысып көрініс табады.
Көркем туынды авторы мен аудармашылардың суреткерлік даралығын анықтауда біз ақын Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын алып, ондағы әрбір шығармашылық иесінің аудармасын салыстыра қарастыруды жөн санадық. Мұндағы мақсат – Ілияс Жансүгіровтің ақындық ерекшелігі мен тілдік кестелерін, сөз өрнектерін аудармашылардың жете түсіну, жеткізе білу қабілетін, болмыс-бітімін, табиғатын түпнұсқамен салыстыра отырып бағалау және ұлттық ойлау, бейнелеу даралығының аудармада берілу жолдары мен ерекшеліктерін анықтау.
«Жыр Құлагері» Ілияс Жансүгіров шығармаларының қазақ сахарасын еркін шарлап кеткеніне 80 жылға жуық уақыт өтті. Ілияс Жансүгіров туындыларындағы ұлттық болмысты өзге халыққа таныстырып, тарту жұмысының басында орыс аудармашысы Михаил Луконин тұр. Ақын Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын алғаш рет М.Луконин 1957 жылы аударды. Ақын поэмасының алғашқы «Толғану» бөлімі мынадай жолдардан басталады:
Тасқында, тау суындай, көңіл жыры, Қазақтың сусындасын ойы – қыры. Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа, Бастырмай шөпке – шарға тоқтап құры.
Далаңның той болғанда бүгін күні,
Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;
Орай шап алдын, артын жиын жұрттың, Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.
Шарықта шартарапқа қиял құсы, Көңілдің кеп тұрғанда күнді алғысы. Халқыңның қуанышын қанат қып қақ, Қашан да қала берер ұяң кісі.
Шабытқа толы «Құлагер» поэмасының осынау жолдары орыс ақыны М.Луконин төмендегіше береді:
Вступление
Поэзия моей души потоками бурли!
Взгорий и степей жажду утоли!
Пусть реки степью распаленной мчатся, клокоча, Не застаиваясь там, где стада прошли!
Наше время для степей – праздничные дни. Как игреневый скакун, по степям гони, Обгоняя весь народ, мчись, опережай!
О сегодняшнем и прошлом в песне прозвени! Воображенью, птице светлых дней, сердце посвяти, Пусть робкие плестись будут позади (М.Луконин).
Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын М.Луконин орыс тіліне тыңғылықты аудара отырып, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерді. Поэманың ішкі иірімдерін толық көрсетуде аудармашы орыс тілінің сөздік қорын барынша еркін қолданылып, мазмұн мен пішін арасындағы келісім мен бірлікті сақтаған. Аздаған кемшіліктеріне қарамастан аудармашы өлеңге Ілияс Жансүгіров мәнерін, сөз саптауын өз қалпында беруге ұмтылған. Бірақ, түпнұсқаның ішкі иірімдері әлсіздеу екені аңғарылады.
Мұны біз орыс ақыны М.Лукониннің Ілияс Жансүгіров шығармашылығымен алғаш танысуы әрі алғашқы болып аударуында деп түсіндіреміз. Біздің бұл пікірімізді Саят Ілиясұлының: «вины М.Луконина в том, что его перевод «Кулагера» не самый лучший, нет. Во-первых, с творчеством Жансугурова поэт столкнулся впервые. Стихотворные строки приходилось складывать с подстрочника, подготовленного другим переводчиком (А.Сулеевым). Во-вторых, стихи писались Луконином в большой спешке, что не могло сказаться на их качестве. К тому же поэтический перевод с другого языка – процесс очень и очень сложный» – деген пікірі қуаттайды [2, 20 б.].
Қалай айтсақ та, орыс ақыны М.Лукониннің бұл аудармасы «Құлагер» поэмасын аударудағы алғашқы қадам. Сол себепті аудармада кемшіліктердің болуы да заңды. «Переводы – даже самые удачные – имеют обыкновение устаревать. Меняются времена, меняются вкусы, пристрастия, меняются отношения к тому, что некогда казалось прекрасным и безупречным. Именно этим обьясняется множество переводов Шекспира, Гете, Гейне, Пушкина, Абая» – деген Г.Бельгер пікірін ескерсек, шын мәнінде де уақыт пен кеңістікке тәуелді аударма жасы (Е.Қ.) болатыны аңғарылады [3, 17 б.]. Дегенмен, қандай аударма болмасын ол жеке дара шығармашылық сипат алады. Себебі, онда көркем туындыдағы сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы, көркемдік қуаты барынша толыққанды түрде ұлттық болмыс ерекшелігімен жеткізілуі мақсат етіледі. Көркем туындыда көтерілген қоғамдық мәселелер, идеялық мазмұн қашан да көркемдік пішінмен тығыз байланысты болғандықтан аудармашы ең алдымен сол ұлттың тілдік ерекшеліктерін жете меңгеруі тиіс. Осы орайда туындыдағы кейбір жекелеген тілдік элементтер ғана ескерілуі шығарманың молынан ашылуына кері әсерін тигізері хақ. Мұны В.Г.Белинскийдің: «көркем пішінді бере алуға қабілеттілік, ол, әрине шығарманың рухына бойлау, сұлулықты сезіну сияқты қасиеттерден мақұрым қалмауға тиіс» — деген пікірімен айтуға болады.
«Құлагер» поэмасының негізгі ой-толғамдары мен сезім иірімдерін, көркемдік өзгешеліктерін жаңғыртып, жарқыратқан аударманың бірі белгілі аудармашы Берік Джилкибаевтың 2006 жылғы аудармасын атауға болады. Поэманың жарияланғанына 70 жыл толуына орай аударылған бұл аударма өзіндік көркемдігімен ерекшеленеді. Мысалы, ақын поэмасының алғашқы жолдары аудармада былайша өрілген:
Раздумья
Бурлит потоком горным сегодня песнь моя,
Неся прохладу в ближние и дальние края, Вся родина охвачена солвами песни той,
Пьет влагу травка каждая, пригорочек любой.
Пришел наш день – праздника в ликующей степи, Вперед, скакун мой – Песня! Людей поторопи! Не оставляй спокойными, тревожь умы, сердца, Чтоб прошлое и новое познали до конца.
Уходит в поднебесье крылатая мечта,
Купаясь в ласках солнца с улыбкой на устах,
Пари в просторе синем, не бойся высоты,
Народ не любит робких, так будь отважной ты! (ауд. Б.Джилкибаев)
Қандай жағдайда болмасын түпнұсқа мен аударма тілінің тілдік ерекшеліктері сәйкес келе бермейді. Сондықтан түпнұсқа мәтін мен аударма мәтіннің оның функционалдық стилі аудармашыға ерекше талап етуді қажет етеді. Бірақ, аудармадағы басты мақсат – қос тілдегі тілдік бірліктердің бірбірімен байланысуы мен мағыналарын дәл келтіру. Осы орайда, аудармашы Б.Джилкибаев түпнұсқаның мағынасын, әуезін әсте кемітпей жеткізеді. Оның аудармасы түпнұсқа орыс тілінде туғандай әсер береді. Аудармада өлең ырғағы, екпіні дәл берілумен қатар, ішкі формасы да толыққанды сақталған.
Поэзиялық туындыларда мәтіннің тілдік ерекшеліктерге тәуелділігі шығарманың тек мазмұнына ғана емес, сыртқы пішініне де әсер етеді. Сондықтан да Қалжан Нұрмаханов «Түпнұсқа және аударма» деген мақаласында өлеңнің аудармаларында ұлттық және тарихи колоритті сақтай отыра аударудың үлкен жетістік екендігін айтады [4]. Көркем туынды мәтінін аударуда көбіне калька, транслитарация, ауызекі, аналогия, дәлмедәл, барабар, мағыналы аудару тәсілдері қолданылады. Жалпы әдеби жанрлардың аудармасында еркін аударма тәсілін қолданылу көркем туындының екінші бір тілде еркін көсілуіне септігін тигізері белгілі. Себебі көркем туындының аудармасы оқырман қауымына түсінікті жеткізілуі тиіс. Міне, мұндай аударма қатарында Саят Ілиясұлының аудармасын ерекше атап көрсетуге болады.
Пролог
Потоком бурным низвергаясь с гор,
Мой стих родных просторов жажду утоли, И тот родник, источник чистых вод,
Пусть каждый куст и травку оросит.
Пирует, празднует вся степь сегодня Ликующих людей несчастье обойди!
И в той толпе всем дышится свободно,
Ведь счастье здесь тепер, а горечь позади.
Так песнь моя, как гимн, вознесись
Крылатою мечтою моего народа,
Идущего вперед, став на ноги свои, Ступая гордо по земле свободной.
(У дел же слабых быть в хвосте событий.) (ауд. С.Джансугуров)
Жоғарыда келтірілген Б.Джилкибаев пен С.Джансугуров аудармалары шығарманың мәтіні мен мәнмәтінін мейлінше терең түсінгендікті және соны қазақ ұғымына жат етпей, мейлінше жатық етіп бере білушілікті танытады. Мәселен, поэманың «Тасқында, тау суындай, көңіл жыры, Қазақтың сусындасын ойы – қыры» деген жолдарын М.Луконин «Поэзия моей души потоками бурли! Взгорий и степей жажду утоли!» деп тәржімелесе, Б.Джилкибаев «Бурлит потоком горным сегодня песнь моя, Неся прохладу в ближние и дальние края» деп аударып, аудармашылық жұмысына аса ұқыпты қарағаны байқалады. Осы жолдарды Саят Ілиясұлы «Потоком бурным низвергаясь с гор, Мой стих родных просторов жажду утоли» деп аударып, түпнұсқаға біршама жақын келген. Тіпті дәлме-дәл көшірмесі іспетті. Қалай айтсақ та, осы үш аударма да өз орнында көркем-ақ. Бірақ, түпнұсқаға соның қайсысы жуық деп сұрасақ, сөз жоқ, Б.Джилкибаев пен С.Джансугуровтың варианттары жуығырақ жатыр. Себебі, бұл аудармашылар аударма жұмысын мейлінше терең меңгеріп, оған сапалы түрде адал қарағандықтан ақынның ішкі творчестволық дүниесіне терең ене алған.
Сонымен, түйіндей келгенде жоғарыдағы аудармалар «Құлагер» поэмасында суреттелетін негізгі оқиға желісінен ауытқымағандығы әрі І.Жансүгіров көксеген ойды аудармашылар терең ұққандығы айқын сезіледі. Аударма өнеріндегі осындай озық тәжірибелер бүгінгі аудармаларға үлгі болумен қатар, оны байытып отыр. Сондықтан «Құлагер» поэмасының аудармасы бір ақынның ғана меншігі емес, әлем халқының рухани дүниесіне айналды. «Құлагер» аудармасы арқылы ақын І.Жансүгіров жырлаған ұлт тілі байлығы, мәдениеті өзгеге танылды. Ал аудармашылардың аударма мәдениетінің жоғарылығы «Құлагер» поэмасына әлем әдебиетінде өзіндік орны бар өшпес ғұмыр сыйлады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Рецкер Я.И. Теория перевода и переводческая практика. – М.: Международные отношения, 1974. – 214 с.
- Особенности перевода поэмы И.Джансугурова «Кулагер». Қазақ және әлем әдебиеті журналы, № 6. 2010. – 32 б.
- Бельгер Г. Этюды о переводах И.Джансугурова. Алматы: Ғалым, 2001. С – 258.
- Ұлттық әдебиеттану ғылымының көкейкестi мәселелерi: Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2001. – 245 б.
Аннотация
В данной статье рассматриваются особенности перевода поэмы «Кулагер» И.Жансугурова. Языковая особенность и всесторонняя художественность в вариантах переводов поэмы «Кулагер» на русский язык. Оценивается мастерство использования языка переводчиками. А также рассматриваются стилистические и экспрессивные особенности языка в оригинале и в текстах перевода. В данной статье рассматривается особенности перевода поэмы «Кулагер» И.Жансугурова.
Ключевые слова: безупречный перевод, методы перевода,образность, цель переводщика, поэтический перевод.
Annotation
This article discusses the features of a translation of the poem «Kulager» I.Zhansugurov. Language features and comprehensive artistry in translation for the poem «Kulager» into Russian. Ranked skill of using language translators. And also discusses stylistic and expressive features of the language in the original and in translation of texts. In given article is considered translation particularities in I.Zhansugurov s poem «Kulager».
Keywords: perfect translation, translation techniques, imagery, goal interpreter, poetic translation.
ӘОЖ 811. 76