МЕКТЕП ОҚУЛЫҚТАРЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЖАЙЫ
Бағыбаева Назгүл Меделханқызы —
Абай атындағы қазақ Ұлттық университеті Магистратура және PhD докторантура институты (Қазақстан Республикасы Алматы қаласы) bagybaeva78@mail. ru
Кез келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол ғылым саласында қолданылатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым ретінде А. Байтұрсынұлы осы ғылым саласындағы негізгі ғылыми ұғымдардың атауларын да алғаш жасаған.
Ғылыми ұғымдарға ат қою өте күрделі жұмыс. Ол үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді қажет ететін шығармашылық процесс. Онымен қоса арнаулы ұғымдарға ат қою кезінде ұғымдар жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Атаудың ықшам болуы, бірмағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуы сияқты талаптар тағы бар. Осындай талаптарды мүлтіксіз орындаудың қиындығы терминдерді ана тілінде жасаудан гөрі көп жағдайда оны ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған өзге тілдерден дайын қалпында ала салуға яғни жасауға емес, қабылдауға мәжбүр ететін себептердің бірі. Бұл тұрғыдан келгенде А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің термин шығармашылығында терминдерді пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткен ғалым [1, 34].
Кезінде А.Байтұрсынұлы пуристік бағыт ұстанды деп ол жасаған терминдердің біразы қолданыстан шеттетілгені белгілі. Соған қарамастан терминдердің елеулі бөлігі өзінің өміршеңдігін танытып келеді. А.Байтұрсынұлының лингвистикалық терминдерін оқытуға арналған көмекші құрал жазған Ш. Жалмаханов «Тіл-құрал» еңбегінде 310 терминнің қолданылғанын, солардың ішінде 118-і қазіргі тіл білімінде қолданылып жүрсе, 192-сі қолданылмайды деп көрсетеді [2.35].
А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің ғана емес, әдебиеттану ғылымының да негізін салушы ғұламалардың бірі. 1923 жылы ғалымның мерейтойына арналған мақаласында М. Әуезов «Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды» деген болса, әдебиетші ғалым Р. Нұрғалиев оның «Әдебиет танытқышы» туралы айта келіп: «… қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, бастыбасты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» деп әділ көрсетеді. Сонымен, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған.
«Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адамы табылуы қиын… Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді» — деп тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз [3.46].
Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін жүздеген әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым олардың ғылыми терминге тән дефинициясын да (ғылыми анықтама) берген. Ол дегеніміз — ғылыми ұғымның өзіне ғана тән белгілерін айқын көрсетумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген сөз. Мысалы, 7-сынып оқушыларына арналған әдебиет оқулығында кездесетін өлең, тармақ, бунақ, буын, ырғақ, шумақ деп аталатын өлең жолдарына қатысты атаулар А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында»: Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз — өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз — өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады деп көрсетеді. Бұл мысалдан байқайтынымыз, ғалым біріншіден, өлеңнің құрылым-құрылысын (түр-тұрпатын — А.Б.) анықтаған, екіншіден, әрбір ұғымның өзіндік ерекшелігін, басты белгісін, іргелес өзге ұғымдардан айырмасын көрсететін анықтама берген. Яғни әрбір ұғымның мазмұны мен көлемін анықтаған, үшіншіден, әр ұғымның ғылыми атауын ( айшық, шумақ, тармақ, бунақ, буын) жасаған, төртіншіден, терминдердің жүйелілік ерекшелігін ескере отырып, жалпы қолданыстағы бір үлгімен жасалған (модель) сөздерді термин ретінде пайдаланған, бесіншіден, ғылыми ұғымдардың арасындағы жүйелілік құрылымдық байланысты көрсеткен. Дәлірек айтқанда, айшықтың шумақтан, шумақтың тармақтан, тармақтың бунақтан, бунақтың буыннан құралатындығын сатылай көрсету арқылы ұғымның табиғатын танытқан. «Айшық» деген атаудың да «Өлең кестесі айшық деп аталады» деп берілуі әдебиет оқулығында (қазақ әдебиеті 9-сынып) «Айшықтау дегеніміз — сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру» деуінің өзі түп негізі А.Байтұрсынов еңбегінен алынғанын көрсетеді. 9-сынып оқулығындағы «Айшықтаудың бір түрі — арнау. Арнаудың жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау деген түрлері бар. Жарлай арнау — ақынның жеке адамға емес, жалпы жұртқа жария кеңесуі» деп жарлай арнауға мысалды Абай өлеңінен береді:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың…
Ал, А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде «Әсерлеу деп сөздің әсерін күшейтіп сөйлеуді айтамыз. Әсерлеу көңіл күйінен шығып, көңілге күй түсіреді. Көңіл қалыпты тыныш күйінде тұрғандығы адамның аузынан шыққан сөзбен көңіл көтеріңкі я бәсең уақытта адам аузынан шыққан сөздің екеуі бірдей болмайды. Әсерлеудің асылы осыдан шығады. Әсерлеудің көбінесе айтылатын түрлері мынау:1.Арнау.2.Қайталақтау. 3.Шендестіру. 4.Дамыту. 5.Түйдектеу. 6.Бүкпелеу. 7.Кекесіндеу. Арнаудың өзі үш түрлі болады: Сұрай арнау, Зарлай арнау, Жарлай арнау» — деп келіп осылардың әрқайсысына мысалдар келтіре отырып мазмұнын ашады. Жарлай арнауға жоғарыда оқулықтағы Абай өлеңінен мысалды келтірсек, Ахмет оқулығынан «Маса» өлеңін көруге болады:
Бұл сөзге құлағың сал ақын, інім, Ой, пікір, рухымыз жақын, інім. Ағалық правосын қолыма алып,
Келемін айтайын деп ақыл, інім!
Бұл салыстырулардан көретініміз, мектеп оқулығында кездесетін терминдердің (арнау: сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау) түп негізі, беретін мағынасы, келтірінді мысалы А.Байтұрсынов салып кеткен терминдер екені, тек бұл ғана емес бұдан басқа қанша терминдердің негізін қалағанын аңғаруға болады.
Әдебиет оқулығындағы терминдерді құрамына қарай алып қарасақ, дара терминдер, күрделі терминдер деп екіге бөлуге болады. Оған мысалды келтірілген терминдерден алып қарайық. Дара терминдерге әдебиет, би, шешен, идея, прототип, ирония, сатира, шендестіру, айшықтау, риторика, сюжет, образ, кейіпкер, т.б. жатқызсақ, күрделі терминдерге сәулет өнері (архитектура), мүсін өнері (скульптура), сурет өнері (живопись), сөз өнері (музыка және әдебиет), қайталаудың түрлері: жай қайталау, еспе қайталау, арнаудың түрлері: жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау, шешендік сөздер, оның түрлері: шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау, т.б. жатқызуға болады. Шешендік сөздің түрлері кеңесу, билік — дара терминдер, салтанатты сөз — күрделі термин.
Терминнің негізгі бір ерекшелігі — ол белгілі ғылым саласындағы қалыптасқан нақтылы ұғымды өзінің шегінен ары-бері асырмай, дәл танытады. Әдетте сөз әр орайда әрқилы мағына берер болса, терминде тұрақты бір мағыналық басым болады. Мұның өзі айтылған ойды дәлдеп жеткізу үшін және оны бұлтартпай сол қалпында түсіну үшін аса қажет. Әдебиет оқулығындағы терминдер мағыналық ауқымы, сыйымдылығы жағынан әр алуан. Әдеби ұғым-термин бірде әдебиетте бейнеленетін өмірге байланысты өте ірі, күрделі құбылыстарды танытады. Мысалы, көркем өнер, жазба әдебиет, көркемдік әдіс (романтизм, реализм), әдебиеттің идеялылығы, халықтығы, әдеби жанр (эпос, лирика, драма), әдеби процесс сияқты күрделі, әрқайсысы сан салалы, әр қырлы, мыңдаған нақтылы әдеби фактілерге қатысы бар ұғымдар. Бұлар — әдебиет теориясы тұрғысынан қарағанда, категориялық мәні бар ұғымдар. Мазмұн мен түр, көркемдік шындық, көркем бейне (образ) секілді бірталай ұғымдар әдебиетке де, көркем өнердің басқа салаларына да ортақ. Мұндай терминдерді жеке ұғым ретінде алып отырмыз, ал бірақ олардың мағынасын ашу үшін ондаған, жүздеген әдеби шығармаларды талдап көрсету қажет болар еді. Бұдан біз терминге қысқаша анықтама бергенде осындай күрделі ұғымдардың басты өзгешелігін айқындау міндеті ғана қойылатынын аңғарамыз. Сонымен қатар, өлең өлшемі, шумақ, тармақ, ұйқас немесе мақал, мәтел, жұмбақ, теңеу, кейіптеу, әсірелеу сияқты терминдерді алсақ, бұлардың мағыналық сыйымдылығы басқаша екенін көреміз. Бұл ұғымдарда нақтылық басым. Қандай термин болсын, белгілі бір құбылысты, ерекшелікті танытатын атау түрінде алып қарағанда нақтылық сипат алады да, ал әдебиеттегі сол құбылыс-өзгешеліктерді тереңдеп зерттегенде күрделілік қасиеттері ашыла береді.
Мағыналық жағынан бірін-бірі толықтыратын, бір-бірімен тығыз байланысты екі ұғымды білдіретін жұптас терминдерді бөліп қарауға болады. Мысалы, мазмұн мен түр, дәстүр мен жаңашылдық, тақырып пен идея, архаизмдер мен историзмдер, аллегория мен кейіптеу, ирония мен сатира, аллитерация мен ассонанс, сезім мен ұғым, сюжет пен композиция т.б. Бұл топтағы терминдер сырт қарағанда біріне-бірі қарама-қайшы ұғымды танытады, бірақ олардың ажырамас диалектикалық бірлігі, біртұтастығы да ешбір даусыз.
Бір нәрсенің бірнеше саласы, бұтақтары, жеке түрлері секілді ұғымдарды білдіретін салалас терминдерді де ажырата білу орынды. Мысалы, мектеп оқулығындағы жыр, жыршы, жырау, толғау, терме сияқты халық поэзиясындағы жанрлық түрлер немесе романтизм, реализм секілді көркемдік әдістер не болмаса теңеу метафора (ауыстыру), эпитет, кейіптеу, тұспалдау, әсірелеу, гипербола (ұлғайту), мінездеме (тура мінездеу, жанама мінездеу), айшықтау,қайталау, шендестіру сияқты бейнелеу тәсілдері. Кейде бүтіннің бөлшектерін көрсететін бір топ ұялы терминдер де кездеседі. Пролог, сюжет, экспозиция (бастама), сюжеттік байланыс, шығарманың шарықтау шегі, шешім, эпилог (үстемелеу) — бұлардың бәрі сюжеттің, уақиға желісінің кезеңдерін айқындап көрсететін терминдер. Бұл айтылған жайлардан белгілі болған нәрсе — терминдер біркелкі емес, алуан түрлі. Олардың ғылымның терминдік жүйесіндегі алатын орны әр түрлі. Тұтастай алып қарағанда, барлық терминдер қалайда әр түрлі жолдармен бір-бірімен жанасып, жалғасып, сабақтасып, байланысып жатады.
З. Ахметов, Т. Шаңбаевтың «Әдебиеттану» терминдер сөздігінде ғылыми ұғымдарды толық жүйелеуге терминдердің жетімсіз болатынын көрсетеді. Айталық, эпос, лирика, драманы жанр деп атайтыны және эпосқа жататын роман, повесть, әңгіме де жанр, сондай-ақ лириканың түрлері — толғау, терме,жырды немесе саяси лирика, табиғат лирикасы, көңіл-күй лирикасы, философилық лирика міне, бұларды да жанр деу кездеседі дегенді алға тартады. Сол сияқты романның түрлері — тарихи роман, публицистикалық роман, өмірбаяндық роман бұлар да жанр деп атала береді. Орыс тіліндегі род, вид деген ұғымның (қазақша тегі, түрі) алғашқысы ең үлкен сала да, екіншісі оның тарауы, бұтағы ретінде айтылады. Осындай ерекшелігін ескермей жанр деген ұғымның бәріне бірдей қолданыла беруі орынсыз екені, кейбір терминнің жеке тұрғандағы мағынасы мен нақтылы қолданыстағы мағынасы әр қилы бола беретінін ескеру тиістігі атап көрсетіледі [ 5,12]. Бұл ғалымдардың көрсетуінде романның тарихи роман, публицистикалық роман, өмірбаяндық роман секілді үш түрі ғана атап көрсетіледі. Ал, 8-сыныпқа арналған әдебиет оқулығында ( Арман-ПВ, 2011) романның авантюралық роман, ғажайып оқиғалы роман, детективті роман, психологиялық роман, тұрмыстық роман, педагогикалық роман деген түрлері таныстырылады.
Қазіргі әдебиеттану ғылымында қанша термин қолдану қажеттігін анықтауды мақсат еткенде біз ғылымның бүгінгі таңдағы міндетінен туындайтын мұқтаждықты, әдебиет сүйер қауымның талап-тілегін алдымен ескереміз. Әдеби терминдердің бастау көзі, негізгі қоры — жалпыхалықтық сөйлеу тіліміз. Соның ішінде қазақ әдеби тілінің сөздік байлығы, жаңа сөздер тудырудағы, жасаудағы мол мүмкіншілігі. Халық тілінде бұрыннан қалыптасқан өлең, жыр, толғау, терме, тақпақ, жырау, жыршы, өлеңші, ақын, қара сөз, қара өлең, айтыс, жоқтау, жұмбақ, өтірік өлең, ертегі, аңыз, жар-жар, беташар, сыңсу, тойбастар, қоштасу,бесік жыры, жаңылтпаш, мақал, мәтел секілді ұғымдар, атау сөздер қазақ әдебиеттану ғылымының ұғымдық, терминдік жүйесіне негізгі тірек болады.
«Әдебиеттану» терминінде кездесетін біраз сөздердің мектеп оқушыларына арналған мектеп оқулықтарында кездеспейтіні анықталды. Олар: интернационалдық сипат, социалистік реализм, желдірме,той тарқар, классицизм, автология (сөздің тура мағынасында айтылуы), т.б.
Бұған қоса араб-парсы тілдерінен келіп, қазақтың өзіндік төл сөзіне айналған әдебиет, дастан, қисса, хикая, әпсана, бәйіт, хафиз, шайыр, қаламгер, мазмұн, мағына, шежіре, әріп, кітап, тәржіма, хат, алқа (коллегия), мақал, мақала, рубаи, ғылым, пән, т.б. сөздерді кездестіруге болатыны белгілі.
Арабтың «әдебиет» сөзі (әдебиет-иәт) туынды сөз. Әдеби сөзі әдепті, сыпайы, тәрізді деген ұғымды білдіреді. Әдеби сөзінен туындағанда «әдебиет» деген ұғым ғылыми, саяси, көпшілікке арналған жазба шығармалардың атауы.
7-сынып әдебиет оқулығында Қ.Бекхожиннің «Ақсақ Темір мен ақын» балладасы берілген. Баллада — лиро-эпостық сипаттағы шағын сюжетті өлең. Осы өлеңде шайыр, хафиз, ақын, сюжет, баллада, фантастикалық сияқты терминдер көптеп кездеседі. Хафиз деп ақынды жазса (Ал, Хафиз, тарт Ширазға, сайра тағы…), енді бір үзіндіде ақынды шайыр деп береді.
Мысалы,
Долы сөз көмейіне тақалды да,
Өр басып, шайыр келді тақ алдына…
Ендігі бір үзіндіде шайырды жыршы деп алады: Жыршының сөзімен жұрт шырайланды, Шайырға мадақ айтып, шулай қалды…
Ақын, шайыр сөздері шамамен, XV ғасырда парсылар арқылы түркі тілдерінде сөйлейтін Орта Азия халықтарына, көрші отырған қазақтарға тараған. Арабтың шайыр (шагер) сөзі де, парсының ақын (ахун) атауы да ертеде еніп, екеуі жарыса қолданылып келе жатқан терминдер қатарына жатады. «Ақын» мен «шайыр» екеуі де суырып салма, өлең шығарушы, халыққа танылған өнер иесі. Қазақ тілінде жазылған сөздіктер мен әдебиеттерде шайыр сөзіне қарағанда ақын сөзі жиі қолданылады.
«Ақын» термині — поэзиялық туындыларды, өлең, жыр-дастан, поэмаларды ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, сөз шебері. Орыс әдебиетіндегі «импровизатор», «певец», «поэт» терминдерінің баламасы.
Белгілі ғалым Ө.Айтбайұлы араб, парсы сөздеріне былайша баға береді: «Терминдік лексиканың құрамын толықтырған ең бай арнаның бірі ретінде араб-парсы сөздеріне иек артамыз. Қазақ тілінің сөздік құрамын байыта түскен бұларды біз ең көне қабат есебінде қарастырамыз. Қарап отырсақ, рухани өміріміздің қай саласында қажетімізді өтеп қатар тұра қалатын арабизмдердің мүлде кіріккені сонша, қазір оларды өзге тілдік элемент деп ойланып жатпаймыз. Бұлар қазақ тілінің заңдылығын түгел бойына сіңіріп, өзіміздің төл сөздер қатарына атам заманнан айналған байлығымыз» деп, олардың қазақ терминологиясын қалыптастырудағы айрықша көз болғанын баса айтады [6.240].
30 жылдардан бастап қазақ әдебиеттану ғылымына көптеген интернационалдық терминдер орыс тілінен сол тілдегі айту қалпын сақтап енгізілді. Осылар және орысша терминдердің қазақша баламасы ретінде кірген терминдер және бір үлкен бірнеше салалы арна болып қалыптасты. Бұлардың бірінші тобына поэзия , тип, характер, идея, сюжет, композиция, драма, трагедия, комедия, классицизм, романтизм, реализм, жанр, стиль, роман, повесть, лирика, публицистика, символ секілді терминдер кіреді десек, екінші тобына әдеби ағым, бағыт, көркемдік шындық, кейіпкер, көркемдік түр (форма), лирикалық қаһарман, лирикалық шегініс, кейіпкер
(персонаж), кейіптеу (олицетворение), қақтығыс (коллизия), талдау
(анализ), т.б. жатады.
Әдебиет оқулығында сонымен қоса , грек, латын, француз тілдерінен енген терминдер көптеп кездеседі. Оған мысал: автор (лат.),аллитерация (лат.), анафора (гр.), антоним (гр.), аңдату (пролог гр.), ассонанс (лат.), фольклор (фр.),әсірелеу (гр.), баллада (фр.), бүркеншік ат (псевдоним гр.), градация (лат.), диалог (гр.), дидактикалық әдебиет (гр.) ,дилогия (гр.), драма (гр.),ескертпе (ремарка фр.), идиома (гр.), комедия (гр.), архаизм (гр.),публицистика (лат.), метафора (гр.), мемуар (еске алу фр.),новелла (итал.), параллелизм (гр.), пейзаж (фр.), портрет (фр.), поэма (гр.), прототип (гр.), реализм (лат.), риторика (гр.), роман (фр.), сценарий (итал.), сюжет (фр.),экспозиция (лат.), эпизод (грек.), эпопея (грек.), т.б сөздер.
Осы тұста академик З.Қабдоловтың А.Байтұрсыновқа, терминдерге қатысты мынадай пікірін келтіруді жөн санадық: «Сіресіп, тіресіп тұрған терминдер Ахаң аузынан шыққанда жібектей есіліп жүре береді. Әдебиетшілер метафора, метонимия, антитеза, синекдоха, гротеск, градация дегендерді түсіну не түсіндіру үшін шет сөздер сөздігін ақтарып, тілдері күрмеле тұтығып жүргенде Ахаң оларды өзінің «Әдебиет танытқышында» айқындау, теңеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, пернелеу, әсірелеу, меңзеу, шендестіру деп сайратып та жіберді» [7.247]. Қазақ тіліндегі терминдер жүйесі қазақ әдебиеті оқулығындағы қалыптасқан ғылыми ұғымдармен қатар, орыс әдебиетін, басқа халықтардың әдебиетін, дүние жүзі әдебиетін танып білуге қажетті негізгі ұғымдарды да қамтуға тиіс екенін дәлелдеп жату артық болар еді. Олай болмаған күнде біз қазақ әдебиетін томаға-тұйық қалпында қарап, түсінген болар едік. Қазақ әдебиетімен қатар басқа да әдебиеттерге тән ортақ құбылыстарды, заңдылықтарды , ұлтаралық әдеби байланысқа қатысты жайларды назарымыздан тыс қалдырған болар едік. Мұның өзі қазақ әдебиетінің де ауқымын тарылтып, оның басқа халықтардың әдебиетімен жалғастық, ұқсастық жақтарын көре білуге кедергі жасап, оның өзіндік ұлттық өзгешеліктерін тереңдеп түсінуге де нұқсан келтірген болар еді. Өзге тілдерден сөз қабылдамай, сөз алмасу, термин алмасу процесіне мүлде тосқауыл қойып тастау мүмкін де, қажет те емес. Тілдер арасындағы өзара сөз алмасу қашанда болған, бола да береді. Шет тілдері терминқор қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде орнымен пайдаланылса дұрыс, ал ұлт тіліндегі термин шығармашылығын шектеп, өзге тілдерден термин қабылдауға жаппай жол беріп қарап отыру — шарасыздық. Тілдің бағын байлайтын, мүмкіндігін шектейтін ондай әрекетсіздіктің жалғаса беруіне немқұрайды қарауға болмайды [8.152].
Қазақ әдебиетінің, поэзиясының табиғатынан, өзгешелігінен туындайтын терминдік атауларды қалыптастыру немесе басқа тілдерде бар терминдердің қазақша баламасын орнықтыру (мысалы, аңдату — пролог), алмастыру (метонимия) — бұлардың аса маңызды міндет екені даусыз нәрсе. Әдебиет оқулығында орыс тілі арқылы келіп кірген терминдермен қатар (мысалы, поэзия, поэма, роман, повесть, трагедия, комедия, драма, реализм, стиль, тағы сондайлар) қазақша жасалған терминдерді кеңінен пайдаланудың үлкен мәні бар. Бұлардың өзі негізінен екі түрлі, бір тобы — басқа тілдерде де қолданылып жүрген терминдерге толық мағыналы балама (эквивалент) секілді болса, ал тағы бір тобы — қазақ тіліндегі терминдердің үлкен арнасын құрайтын тобы — қазақ поэзиясына, сөз өнеріне, әдеби процеске тән ұлттық сипат өзгешеліктерді танытатын төл терминдер болып шығады. Бірінші топқа қазақша көптен қалыптасқан немесе жаңадан қалыптасып келе жатқан теңеу, кейіптеу, әсірелеу, тұспалдау, көркем өнер, көркем бейне, көркемдік қиял, көркем туынды, көркемдік әлем, күрескер ақын, күй әуені, қаламгер, қуатты ой, шумақ, тармақ, ұйқас, сөз өнері, дәстүр және жаңашылдық, дастан, хисса, хикая сияқты терминдерді жатқызсақ, ал екінші топқа, мысалы — жыр, жырау, жыршы, толғау, арнау,жарлай арнау, сұрай арнау, зарлай арнау, терме, айтыс, түре айтыс, сүре айтыс, қайым айтыс, салт айтыстары, жануарлар мен адамдар айтысы, төкпе ақын, сабағат (кеңес), сазгерлік өнер, жар-жар, беташар, сыңсу, тойбастар, тұсаукесер, бесік жыры, беташар, наурыз жыры, қоштасу, жоқтау, көңіл айту, естірту, бата, өлең, қара сөз, қара өлең, 7-8 буынды өлшем, 11 буынды өлшем, шешендік сөз, шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау, кеңесу, билік, салтанатты сөз, мысал өлең, арнау, айшықтау, айтыскер ақын, зар заман ақындары, ұйқас, кезектес ұйқас, шалыс ұйқас, осы күнгі ерікті ұйқас, ділмар сөз, ділмарлық, дәйектеу, батырлар жыры, бұқарашыл ақын, шежіре, шығарманың халықтығы, шығарманың тұтастығы, асқақ үн, асыл сөз, аталы сөз, ақын суреткерлігі, оқиғалы өлең, ұлттық сипат, ұлттық сана,тұтасу (кірігу), ерлік сарыны секілді терминдерді жатқызуға болады.
Бір терминді, ұғымды анық, айқын түсіну үшін оны қарама-қарсы мағынасы бар, екінші сыңары деп санауға лайық терминмен, ұғыммен салыстыра алу да қажеттігін байқадық. Оған мысал, диалог-монолог, прологэпилог, т.б. сөздер. Оқулықта (5-сынып) әдебиетті екіге бөліп, ауыз әдебиеті, жазба әдебиет деп қарау орын алған. Осылай жіктеудің кемшілігі ауыз әдебиеті деген ұғым көбінесе фольклор, яғни нақты шығарушысы, авторы белгісіз, ауыздан ауызға ауызша тарап, өзгеріске түскен халық мұрасы есебінде қолданылады. Ал мұндай туындыларда жеке шығарушының анық қолтаңбасы, ойлау-сөйлеу мәнері, стилі көрінбейді. Халық ауыз әдебиеті түрлерінде халықтық ортақ сипат мол, жекелік, даралық қасиеті аз деген қорытындыға келеміз. Дегенмен, осы салаға жатқызуға болатын терминдерді 5-сыныпқа арналған әдебиет оқулығынан көптеп кездестіреміз. Олар: жыр, жыршы, жырау, ауыз әдебиеті, тұрмыстық жырлар, ертегі,аңыз, әпсана , миф, эпостық жыр, тарихи жыр, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаш, айтыс, шешендік сөз, тағы басқа атаулар.
Кейбір қазақша қолданылып жүрген терминдердің бірнеше мағынасын ажыратып, айқындай түсейік. Мысалы, арнау деген ұғымды бөлек алып, оны көлемді шығарманың басында автордың біреуге ізет-құрмет сезімін білдіріп, кейде шығармасын соған тарту етіп отырғанын айтатын сөзі деген мағынада алып, ал «арнау өлең» деген терминді белгілі бір адамның бейнесін, мінезсипатын суреттеу мақсатымен жазылған дербес поэзиялық туындының атауы ретінде қолданған. Сонымен қатар «арнау сөз» деген ұғымды әдебиеттегі қаратпа сөз түрінде келетін шешендік тәсіл, риторикалық айшық мағынасында қабылдаған. Қазақ әдебиетінде шешендік өнерге қатысты айтылып жүрген жарлай арнау, зарлай арнау, сұрай арнау дегендер осы арнаудың түрлері.
Поэтика, өлең құрылысына, өлең тіліне қатысты терминдердің тұрақты келетіні байқалады. Өйткені әдеби үрдістің өзін алсақ та тілге қатысты, өлең құрылысына, басқа да жанрларға әсіресе тарихи әдебиеттің поэтикасына қатысты бірталай заңдылықтарды түсінуде бір ізге түскен, қалыптасқан ұғымдар баршылық. Алайда, ғылым өркендеген сайын терминдер жүйесін қайта қарап, жаңаша бағалау заңды құбылыс. Әсіресе, қазіргі дәуір әдебиетінің өзгешеліктерін танытатын көптеген терминдер туралы осыны айтуға болады.
Қоғамдық өміріміздің барлық салаларында, мәдениет пен ғылымда, әсіресе қоғамдық ғылымдарда терминдердің қолдану аясының қазіргіден әлдеқайда кеңеюі аса маңызды міндеттердің бірі. Өткен кезеңдерде интернационалдық терминдерді орыс тілінен дайын күйінде алуға бейімділік басым болып келді. Терминнің қазақша баламасын іздеп табуға, орнықтыруға көп жағдайда тиісті дәрежеде мән берілмей келді. Қазақшалап алған күнде де ол балама термин мейлінше жатық, ұтымды, жалпыға түсінікті болмай, көпшілік қабылдамағандықтан, тілімізде берік тұрақтай алмай, сирек қолданылып жүрді.
«Халықаралық» деп жүрген терминдерді мүмкіндігінше қазақша баламасын тауып қолданғанымыз дұрыс. Қазақша жаңа терминдердің дүниеге келуі — қалыптасқан ғылым тілін бұзу емес, керісінше, қазақ терминологиясын қалпына келтіруге деген ізгі қадам.
Шет тілінің сөздеріне мүмкіндігінше ана тілімізден және туыстас түркі тілдерінен балама тауып, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда оларды тіліміздің ішкі заңдылығына бағындыра қабылдасақ, терминдеріміз дұрыс қалыптасқан болар еді. Ал «халықаралық» терминдердің бәрін өзгертпей қабылдау — ана тілдің мүмкіндігін шектеу деген сөз. Академик Ә.Қайдаров «Тіл -тілдердің арасында ортақ интернационализмдер болмаса немесе аз болса ғылым дамымайды, ғылыми қарым-қатынас үзіледі деп байбалам салудың бәрі бекер. Жер жүзіндегі термин ұғымдарының бәрін шет тілі сөздері арқылы емес, өз тілінің негізінде меңгеріп, ғылым мен техниканы дамытып отырған қытай, жапон, т. б. халықтарды біз жақсы білеміз», — десе[9.43], профессор Б.Қалиұлы бұл жөнінде: «Термин жасауда тілдің ішкі мүмкіндігін мейлінше пайдалануымыз керек» деген қағиданы сөз жүзінде ғана қайталағанымыз болмаса, іс жүзінде «советизмдер мен интернационализмдерді қазақшаға аударуға болмайды» деген теориясымақты немесе «қазақ тілі – кедей тіл, ол орысша терминдердің мағынасын бере алмайды» деген өмір тәжірибесінен аулақ, көз алдындағыдан басқаны көре алмайтын, жасанды да жаңсақ тұжырымды бетперде етіп, мүмкіндігінше қазақша термин жасамауға, жасатпауға тырысу», — деп жазады [10.125].
Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары термин шығармашылығында ең алдымен, өзге тілдің атауларына өз тілімізден балама табу, екіншіден, лайықты қазақ сөзі табыла қоймаған жағдайда түркі тілдерінен сөз алу, ондай да мүмкіндік бола қоймаған жағдайда еуропа тілдерінің сөздерін қазақ тілінің заңдылықтарына бағындырып қабылдау қағидаттарын басшылыққа алғаны белгілі.
Сол себепті мектеп оқулықтарындағы терминдердің қолданыс аясын жүйелеу ісін қолға алу келер күннің еншісінде. Әдебиет оқулықтарына жаңа терминдер енгізу үшін айрықша тапқырлық, талғампаздық, ғылыми ұғымдардың жүйесін, мағынасын терең түсіне білу, сонымен қатар кәсіби білім мен ізденістер керек.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Ш.Құрманбайұлы . Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми кағидаттары. Алматы. Сөздік-словарь 2004 ж., 205- б.
- Ш.Құрманбайұлы . Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми кағидаттары. Алматы Сөздік-словарь 2004 ж., 205- б.
- А. Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш. Атамұра , 2003ж., 206- б.
- Әдебиет оқулығы 7- сынып. Арман-ПВ, 2011 ж.
- Әдебиеттану терминдер сөздігі. Алматы, Ана тілі 1998 ж., 383- б.
- Ө. Айтбайұлы. Қазақ сөзі. Алматы: Рауан, 1997 ж., 240- б.
- З.Қабдолов. Ахаң — ана тілін тірілтуші. Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы. А.Байтұрсыновтың 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция. Астана, 1998 ж., 247-б
- Б. Қалиұлы. Шет тілі терминдерін қалай қабылдап жүрміз? Қазақ тілінің көкейкесті мәселелері. Алматы, Дайк- Прес, 1997 ж., 121-б
- Қайдаров. Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. Алматы, Рауан, 1993 ж., 43-б
- Б. Қалиұлы. Шет тілі терминдерін қалай қабылдап жүрміз? Қазақ тілінің көкейкесті мәселелері. Алматы, Дайк-Прес, 1997 ж., 125-б 11. Әдебиет оқулығы 7-сынып. Арман-ПВ 2011 ж.
- Әдебиет оқулығы 5-сынып. Атамұра, 2010 ж.
Әдебиет оқулығы 9-сынып. Арман-ПВ, 2013 ж.