ҰЛТЫМЫЗДЫҢ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫ ЖӘНЕ БЕКЕТ АТА
ТАҒЫЛЫМЫ
Тайжанов Алтай Тайжанұлы философия ғылымдарының докторы, профессор,
М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті (Ақтөбе)
Кешегі Кеңес заманында жаңалықты деген дүниелер ұлттардың ғасырлар бойы тарихи тұрғыдан қалыптасқан наным-сенімдерін, дәстүрлерін мансұқтаумен ғылыми айналымға кіретін және жалпы әлеумет пен жас ұрпақ санасына сіңірілетін, сөйтіп, ұлттың тарихи тәжірибелері мен дәстүрлеріне теріс көзқарас қалыптасатын. Қазақстанның Тәуелсіз дамуы барысында «заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерін табысты жаңғыртудың маңызды екенін түсіне бастадық. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, оның адасуға бастайтынына да көз жеткіздік» [1]. Ендеше, ұлттық рухымызды құрайтын, оны мән-мазмұн тұрғысынан қуаттап тұратын нәрселердің бәрі бойымызда қалуға тиіс. Солардың бірі және бірегейі – сенімге құрылған таным, немесе діни таным мен ұстанымдар.
Осы тұрғыдан алғанда, қасиетті қазақ топырағы дін ілімінің үлкен қайраткерлерін дүниеге әкеліп, әлемде Ислам дінінің кең қанат жайып дамуына өлшеусіз үлес қосты. Біздер Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын мұсылмандармыз. Түркі халықтары хақ дінді өзгенің өктем әрекетімен емес, керісінше, өзінің жүрек қалауымен саналы түрде қабылдады. Дала халқының байырғы дағдылары мен салт-дәстүрлері шариғатпен үндесіп, әлемдік өркениетке қадам басты. М.Әуезовтің сөзімен айтсақ, «түркі халықтары мұсылмандықты қабылдаған соң бір қырдан асып кеткендей болды» [2]. Сондықтан діннің астарлы әрі тармақты мәселелерін ұлтымыздың діни танымтүсінігіне сай лайықтап жеткізу, осы саладағы ұлағатты тұлғаларды жастарға үлгілеу – бүгінгі дін қайраткерлері мен барша ұлт зиялыларының алдында тұрған үлкен міндет және парыз деп санағанымыз жөн.
Пір Бекет Ата болмысын зерделеу, келер ұрпаққа оның танымға жетелейтін тылсымға толы өмірін үлгілеу – елдігіміздің көрінісі, халқымыздың болмыс биіктігі, ұлттық санамыздың деңгейін көрсететін өлшемдердің бірі. Бұл бүгінгі ұрпақтың бабаларына тағзымы, олардың елдікке бастайтын игі істерін, танымын тереңдетер тағылымдарын үлгілеу ғана емес, кейінгі ұрпақтарының бабаларына тағзымы. Ендеше, Ә.Кекілбаев айтқандай, «әлсізге – медет, күштіге – айбар, зарыққанға – жебеу, тарыққанға – демеу, асқанға – тосқан, сасқанға – сая, ұрпаққа – ұстаз, ұлысқа – ұран, ел иесі, жер киесі» [3] Бекет әулиені, аңыз адам Бекет Атаны тану, онымен рухтану деңгейіміз қандай? Ұстаздың тәлімдік, тағылымдық жақтарын білу дәрежеміз, жас ұрпаққа оны этно-мәдениеттік құндылық, қазына ретінде жеткізу бағдарымыз бен ниетіміз қандай?! Міне, осы сұрақтарды ел азаматтары өзімізге қоятын уақыт жетті.
Қазақ қашан да тақуа, имани-инабатты, бойында қабылет-қасиеті бар, өз тұстастарынан ой оздырған жандарды құрметтеген, ардақтаған, олардың игілікті ісін бағалап, пәтуалы сөзіне тоқтап, өсиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Елдің, бір аймақтың, өнірдің рухани ұстыны болған кемел кісілерді өз тұстастары құрметтеп сыйлап, бақилық болғаннан кейін әулие тұтып, оларды «АТА», «БАБА» деп ұлықтаған. Әрине, халықтың кез келген адамды, тіпті белгілі, танымал тұлғалардың өзін ұлыстың Бабасы мен Атасына баламасы белгілі.
Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында «БАБА» ұғымы туралы түсінік түркі халықтарында бар туыстық атау деп, алайда қазақ халқының кейде туыс болмаса да ақыл-парасатымен сый-құрметке бөленіп, кейінгі ұрпаққа жақсы аты калған тұлғаларды да БАБА деп атайтыны көрсетілген (қараңыз: ҚҰЭ. Алматы, 1999, Том-2, 28-б.). Сондайақ осы энциклопедияда «АТА» ұғымының алты мағынасын берген екен. Соның бірі – «ежелгі», «байырғы» дегенді білдірсе, тағы бірі – «Қадірлі қарт (адам), Кіші ұрпақ, Келер ұрпақ үшін ол әрдайым АТА дәрежесінде болады», – делініпті (қараңыз: ҚҰЭ., Алматы, 1998, Том-1, 503б.).
Тәуелсіз ел болу, өзіңнің әлемдік кеңістікте алатын орныңды белгілеу тек саяси – экономикалық өсумен, дамумен өлшенбесе керек. Біздің басқа мемлекеттермен тең түсуіміз үшін алдымен сол мемлекеттердің таным мен мәдениет баспалдақтарын, өркениетке өрлеу жолының күнгейі мен көлеңкесін бажайлағанымыз абзал. Сонда біз бұрынғыны бүгінгімен шендестіре отырып, әр нәрсенің өткенін, бүгінгісін және болашағын таразылай аламыз. Осы методологияны басшылыққа алып, тарихқа үңілсек, «тарихты жасаушы халық» деп қанша айтсақ та «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасу керек» екенін білсек те, халық пен көптің күші туралы айтылған сан алуан ұлағатты сөздерге қанық болсақ та, қорыққанда, тарығып-торыққанда, тұйыққа тіреліп қысылғанда дана Абайдың:
«Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел…» –
деген ескертпелі есті сөзі, орамды ойы алдымыздан шығады да тұрады. Өйткені нелер ұлы реформалардың, іргелі өзгерістердің, халық басына түскен нәубеттің де, ұлт шырайын шығарған шуақты күндердің де бастауында жеке тұлғалар мен дара дарындар, аты аңызға айналған көпке ықпал ете алған киелі жандар тұрған. Олардың тұлғаларын танып, тағылымдарын орындау, жүзеге асыру, дәріптеу мақсатында тұстастары мен келер ұрпақ өз заманында мүмкіндіктеріне қарай іс-әрекет еткен. Олардың көпшілігінен қалған рухани қазыналар өзіндік тәлім-тәрбиелік, танымдық мән-мазмұндарының арқасында бірнеше ұрпаққа рухани азық болып, ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, халқымыздың ғақлиятты ой кешу үрдісін құрап бізге жеткен. Соның бірі – Пір Бекет Ата тағылымы.
Алайда осы аты аңызға айналған тағылымы мол тұлға, өз тұстастары мен кейінгі ұрпақтың ұранына айналған киелі жан, кешегі Кеңес заманында, бәріміз жаппай атеист болған тұста ұмытылмағанмен (ұмытылуы мүмкін де емес еді – А.Т.) рухани әсер ету өрісі біраз тарылып, ресми идеологияға қарсы келеді деп есептегендіктен кейінгі ұрпақ санасынан заманы өткен рухтай ғана орын алды. Ресми орындар оның үлгі-өнегесін жастар жадында қалдыруға құлықты болмады.
Осының бір айғағы – Қазақстанда шыққан сөздіктер мен энциклопедияларда Бекет Ата туралы күні кешеге дейін еш дерек болмағаны. Бұл көп томдық «Қазақ Совет энциклопедиясына» да қатысты. Онда патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы күрескен деп берілген Бекет Серкебайұлына арналған «Бекет батыр» жыры бар да Пір Бекет жоқ. Ал кеңес заманында барлық дінге, ескі сенім-нанымға қатысты адамдардың ешбірі айтылмаған екен десең, «Советский энциклопедический словарьда» сандаған архиепископтар мен епископтар, апостолдар, архиерейлер, дьякондар тағы басқалары тарихи тұлғалардай таңбаланыпты. Солардың ішінде біздің көзімізге бір Бекет шалынды, бірақ ол Пір Бекет емес, Кентерберийлік архиепископ Томас Бекет болып шықты. (қараңыз: СЭС., М., 1985. С. 120.)
Әділін айту керек, басқа елдер халық қастерлеген тұлғаларын танытуда көп таршылық жасамайды. Мәселен, Еуропа елдерінің тарихи жылнамалары мен энциклопедияларында «великомучиник» (ұлы қасірет шегуші), «апостол» (пайғамбар), «блаженный» (дәруіш) т.б. туралы кеңінен жазылған. Біз басымыздан өткерген атеистік ғасырымызда да олардың ұмытылмауы кейінгі ұрпақтарымен осылайша хатталып қалуында. Ал біздің көне қазақ руханияты тарихына келсек, жеке адамдар мен олардың қабілет-қасиеттері, тындырған істері туралы мол деректер бізге ауыз әдебиеті арқылы жеткен. Жеке тұлғалар бізден алыстаған сайын олар туралы аңыз-әңгімелер көбейе түсетіні де рас. Алайда аңыздың бәрі тарих емес, бірақ түп негізінде тарих, шындық жатуы әбден мүмкін.
Өкінішке орай, кезінде де, қазіргі уақытта да ешқандай ғылым-білімнің күші келмейтін, жаратылыстың құдіретімен бойында өзгеше табиғи қасиеті бар кісілердің «құпиясын» зерттеу елімізде әлі қолға алынған жоқ. Алайда ондай зерттеулерге деген ұмтылыс әлемдік практикада бар. Бұл мәселе оларда, бірде жалпы тіршілік иелерінің мәңгілік өмір сыры туралы болса, бірде өмір мен өлім диалектикасы, өлім даналығы – танатасофия бағытында қарастырылуда. Мәселен, әйгілі Американдық фантаст Артур Клари 2090 жылы адамзат қартаю процесін тоқтататынына сенімді. Ал Пір Бекет Ата сынды күрделі тұлғаларды тану үшін біздің бұрынғы руханиятты идеализм мен материализм тұрғысынан таныған философиялық жүйеміз де, таным процесіндегі әдістеріміз де таршылық етері сөзсіз. Ендеше, бұл мәселеде де жаңа бағытқа, жаңаша таным-түсінікке ойысуымыз керек.
Заман өзгереді, адам өзгереді, наным, сенім, түсінік, білім, билік түрі мен дәрежесі де өзгереді. Соның арқасында біз тарихымызға қайта үңілуге, қайта оқуға, жаңаша тануға мүмкіндік аламыз. Міне, осындай мүмкіндік ел егемендігімен бірге келді. Дәл осы тұстан бастап Бекет Ата да ұрпағының рухани күші, абырой-айбары ретінде ортамызға оралды. Ол туралы еркін айтылып, жазылып, алғашқы еңбектер шыға бастады. Солардың ішінде Ә.Кекілбаевтың алғы сөзімен Алматыдағы «Арыс» қоры баспасы шығарған «Бекет Ата» (1994) кітабының орны ерекше. Бұл үрдіс жалғасын тауып 1999 жылы Ақтауда (авторы И.Мырзабекұлы) Бекет Атаның имандылық тағылымдарының бірінші кітабы жарық көрді. Осы автордың ыждағатты еңбегінің арқасында 2000 жылы оның Бекет Ата имандылық тағылымына арналған екінші кітабын Алматыда «Дәуір» баспасы, ал «Жыр арқауы – Пір Бекет» деп аталған имандылық-тағылымды үшінші кітабын «Өлке» баспасы жарыққа шығарып, олар қалың оқырман игілігіне айналды. Бұдан кейінгі жылдарда да мерзімді баспасөздерде Бекет Ата туралы мақалалар жарияланып, конференциялар өтілді, кітаптар жарық көрді. Солардың ішінде төрт рет толықтырылып басылған, көлемді, энциклопедиялық мазмұндағы – имандылық тағылым кітабы «Бекет Ата» еңбегінің орны ерекше (құрастырған – Ислам қажы Мырзабекұлы). Бұл үрдіс әлі де жалғасуда.
1997 жылы Алматыда жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясы «Пір, Әулие Бекет Атаның биік рухына арналыпты». Мұнда «Бекет Ата Мырзағұлұлы», «Бекет Ата ескерткіш-ғимараттары», Бекет Атаға байланысты шыққан кітаптар т.б. туралы толық мәліметтер берілген. (қараңыз: «Маңғыстау» энциклопедиясы., 1997., 230-232-беттер). Энциклопедиядағы «Оғыланды маңы», «Бекет Атаға барар жолда», «Бекет Ата ғимараты маңында» сияқты түрлі-түсті суреттер де берілген. Бұл шаралар Бекет Атаның рухын, киелі қасиетін, иман-инабатын, өнегелерін жас ұрпаққа үлгі етудің басы әрі бастапқы ғылыми-танымдық бетбұрыс болды.
Жалпы біздің ғылыми әдебиеттерде ұзақ уақыт бойы көңіл бөлінбей келген тұс, ол – адамдардың ата-тегі. «ТЕКТІ», «ТЕКСІЗ» ұғымдары халық санасынан бекер орын алмаған. Аңызда Бекеттің арғы атасы Мұңалдың «үйіне құт қонып, береке дариды». Мұңалдан тарайтын тұқымдардың ішінде, әсіресе, Қосқұлақ ауылынан ұлыс ұранына айналған пір, ғұлама-қажылар, ахұн-ишандар, сұпы-молдалар, бақсы-балгерлер, қысқасы, Ислам дінін халық арасында уағыздаушы аузы дуалы, зайырлы кісілер көптеп шыққан. Бекет Атаның әкесі Мырзағұл болжампаз, көріпкел кісі болған. Ол кісі жөніндегі ел аузында, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап біздің заманымызға жеткен әңгімелерге қарағанда, Мырзағұл атаның барлық ықылас-ниеті баласы Бекетке ауған екен.
Қазақта «Жігітті танымасаң, нағашысын сұра» деген нақыл бар. Бекет Атаның кәрі нағашысы Тама Есет батыр, туған нағашысы қасиетті Назар Қожа. Шешесі Жәния намаз, оразасын қаза қылмаған, балиғат жасына жеткен соң, ауыл молдасынан сауат ашып, «Құран кәрім», «Сұпы Аллияр», «Пікәйдан», «Мұхтасар» секілді Ислам дінінің қаймағы саналатын шариғат кітаптарынан дәріс алған. Бұдан шығатын қорытынды, Бекет жастайынан күшті рухани ортаның әсерімен тәрбиеленген және ел ауызымен айтылатын:
«Таудан аққан тас бұлақ Тасыса құяр теңізге.
Жақсыдан туған жас құрақ
Тартпай қоймас негізге», – деген халық даналығы Бекет Атаға да тікелей қатысты.
Бұл күндері Әулие Ата тұлғасын ол туралы ел аузындағы жаттанды таным тұрғысынан толық түсіну де, түсіндіру де мүмкін емес. Олар бұл шеңберге сыймайтын күрделі әлеуметтік құбылыстар. Өйткені Бекет Ата есімі ауызға алынса, онымен қоса Пір, Әулие ұғымдары қатар жүреді. Бұлардан басқа Бекет Атаның адасқанға, жаңылғанға жол көрсетер киелі киігі, ұшып жүретін аққулары, қасиетті аса таяқтары өзінің таң намазының сүннетін үйінде, ал парызын көзді ашып-жұмғанша Хиуаға ұшып барып имам-ұстазына ұйып жамағатпен оқып қайтатыны туралы аңыздармен біз сияқты атеистік бағытта тәрбиеленген елді сендіре қою қиын. Сондықтан аға ұрпақ өкілдерін көре қалған біздер қазіргі жас ұрпаққа, осы мәселелердің тарихи-гносеологиялық (таным-тағылымдық) жағын бүгінгі тарихпен, өркениетпен тұтастыра алып түсіндіруіміз керек.
Адамзат тарихы әлемді дүниетанымдық тұрғыдан түсіндіруде бар-жоғы үлкен үш таным сатысынан өтті. Олар: ӘПСАНАЛЫҚ, ДІНИ, ФИЛОСОФИЯЛЫҚ. Қай уақытта да материалдық игіліктен гөрі рухани игілік – қазыналардың ғұмыры ұзақ болатыны, олардың әр кезеңге сай бірде жетіліп, бірде кетіліп отыратыны, тіпті өте көне түрлерінің бізге жетіп, жаңа ғұмырларының басталатыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген аксиома. Олай болса, бүгінгі жаңа заман адамдарының санасы мен танымы да жоғарыдағы әпсапалық, діни және диалектикалық ой өлшемдері мен қорытуларының, сенім-нанымдарының, түсінік-пайымдарының болуы да, олардың жаңаша түсінілуі де заңдылық. Ендеше, кезінде «еліне шуақ шашар Нұр болған үш жүзге аты шыққан Пір болған» Бекет Ата туралы ақиқат пен аңызды, шындық пен қиялды да танымдық парасат биігінен парақтай, ой- елегінен өткізе саралай оқыған жөн.
Ежелгі грек мәдениетін зерттеуші ғалым Н.А. Кун «құдайлар, құбыжықтар, қаһармандар, әулиелер туралы ежелгі мифтер мен аңыздарды ғылыми-көпшілік мазмұндауға болатыны» туралы пікір білдірген. Рухани синкреттілік ұғымын басшылыққа алар болсақ бұл тұжырым қазақ халқының аңызнамалары мен дүниетанымдық пайымына ғақлиятты ой кешу үрдісіне де тән болмақ. Енді осы пікірімізді нысана етіп Бекет Атаға қатысты «РУХ», «ӘРУАҚ», «ПІР», «КИЕ» ұғымдарының мән-мазмұндарына көңіл аударалық.
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде РУХ, РУХТАНУ – адамның ой-санасы, ішкі дүниесі, қайраттану, жігерлену, шабыттану, рухани күш-қуат, батылдық, жігерлілік, әруақтану (ҚТТС., Алматы, 1999, 8 том. 78-79-беттер) делінген. Рух – адам санасының дерексізденуі, яғни заттың бейнесі сол зат болмағанда да санада шындық ретінде сақтауға мүмкін болған кезде қалыптасқан. Рух туралы біліміміз күні бүгінге дейін толық емес. Біз рухты көбіне санаға қатысты қарастырамыз. Сана тек адамға ғана тән болса, рух – сананың объективті мәнге ие болған көріну формасы. Адамның дүние туралы түсінігінің басы өзін табиғаттан бөліп алу процесіне және өзінің рухани қасиеттерін тануға талпыныс жасаумен байланысты.
Бекет Атаға қатысты ел аузындағы аңызнамалардың шығуына және таралуына көпшілік санадағы таным себеп. Сондықтан Мұхаммед пайғамбардан бастап кешегі Кеңес дәуіріне дейінгі әлеуметтік аралықтағы тарихи жеке тұлғалар туралы аңыздар, әңгімелер жылдар өткен сайын көбейіп, толығып отырды. Алайда аңыз деген ертегі емес, шындық, нақтылап айтсақ, рух шындығы, идея шындығы екеніне соңғы жылдарда көзіміз жетіп, көңілімізге сенім ұялай бастады. Көбіне аңыздағы идея шындығының өмір туралы натуралистік түсініктен жоғары болатыны да рух болмысына қатысты болса керек.
«ӘРУАҚ» ұғымына жоғарыда аталған сөздікте «қасиетті, киелі, ардақты деп танылған рух, күш қуат» (ҚТТС, 1 том, 350-бет) деген анықтама берсе, энциклопедияда: ол – «тірісінде ел ағасы, ру басы, би, батыр, көреген болған қадірлі адамдарды қасиет тұтып, киелі санап, соның әруағына (рухына) сыйыну салты» (ҚСЭ., 1 том., 438-бет). Біз Бекет Атамызды «әруақты» дегенде, оның саналы өміріндегі осынау зиялы қасиеттердің бойында болғанына қарай айтамыз. Ел арасындағы: «әруағыңнан айналайын»; «әруақ жар болсын»; «әруаққа шет болма» (жолдан тайма, біреудің обалына қалма); «әруағын аяққа басты» (қорлады, менсінбеді); «әруақ атсын»; «әруаққа сыйынды»; «әруақ шақырды»; «әруақтанып кетті» (шабыттанып кетті) деген ұғым-түсініктеріміздің болуын, «әруақ» деген сөзден басымызды ала қашпай, абстрактілі ой-танымымыз бен тілдік жүйеміздің тұтасуы деп қабылдағанымыз санаға сыйымды.
Бұларға қоса, қазақ халқы арасында ренжігенде «әулие болса» (соншалықты мықты болса); «кімнен әулие еді» (қай жері артық, қадірлі еді); ал қадірлегенде «әулиелік» (алдын ала болжаушылық); «әулие-әмбие» (қасиетті, киелі жандар); «әулие тұтты» (аса қадірлеп қастарледі, бас иді) деген ұғым-түсініктер бар. Біздің ойымызша, тірісінде өз төңірегінен ой оздырып, иісі қазаққа танылған зиялы, білімдар жан Бекет Ата атына бұл таным түсініктердің бәрі де сияды.
Сөздікте: «Әулие» – наным-сенім бойынша адамдардың тағдырына ықпал ете алатын, «қасиетті», «киелі жан», энциклопедияда: «Әулие» – қалыптасқан наным-сенім бойынша тірілердің тағдырына ықпал ете алатын қасиетті, киелі адамдар». Әулие Ата дүниеден өткеннен кейін оның осы жағына ұрпақтары көп көңіл бөліп, әруағына сыйынып, өз тағдырларының тәлкекті тұстары мен сын сағаттарында, ноқайлар мен «баспақ-тана жиылып, пәни болған заманда», қайсы-біреулер «жаптым жала, жақтым күйемен» істерін тындырып, ел сыйлаған азаматтардың етегіне жармасып жүрген, «балақтағы бит басқа шыққан» заманда, үлкен мен кіші сыйластығының үндестігі үзіліп, «інісі бардың тынысы», «ағасы бардың жағасы» болмай тұрған заманда, «хан азса халқын сатады, халық азса хандыққа таласадының» кері келе ме деп, көпшілік сананы қорқыныш, үрей билеп тұрған заманда Бекет Ата әруағына сыйынып рухтанудың, жігерленудің, қайраттанудың, пессимистік санадан оптимистік санаға көшуге құлшыныстың жеке адамға да, ұлт-ұлысқа да зияны бола қоймас. Бұл жалпы таным процесіне де қайшы келмейді.
Бұларға қоса Бекет Ата – Кие иесі әрі Пір. Ауызекі айтылу арқылы да, бізге жеткен түсінік бойынша да, жоғарыдағы ғылыми түсіндірме сөздік пен энциклопедияларда да КИЕ – қазақ нанымында кейбір тіршілік иелері мен жан-жануарларда болады. Бұған байланысты, ертеде көп ырым-жорамал болған. Мәселен, аққуды атпау, боз биеге тимеу (бірақ ерекше жағдайда оны құрбандыққа шалу), желі кеспеу; бақанды аттамау; дәм-тұз киесіне ұшырамау; киелі адам зиратына түнеу… Сонымен, «КИЕ – бірдеңенің пірі, иесі, қасиеті. Әруақ не бірдеңенің кесапаты тиеді деген түсінік» (ҚТТС., Алматы, 1999. 312бет). Бірақ киелінің бәрі Пір емес. «ПІР – әулие атанған, аскеттік өмір сүрген адам. Ол ақыл парасатты, зерек ойлы, қолдап-қорғаушы рух, әруақ, демеуші, қорғаушы, сүйеніш» (ҚТТС., Алматы, 1999. 534-бет). Ал тарихи аңыздар мен бізге жеткен желілі деректерге қарағанда, Бекет Ата көзі тірісінде айналасына жоғарыдағыдай қасиеттерімен мәшһүр болған жан. Оның атақ-даңқы жылдар, ғасырлар өтіп, Әзиз Ата бізден алыстаған сайын зорайып, әртүрлі аңызнамалық әңгімелермен, танымдық фольклорлық деректермен толығып отырған. Сондықтан оған әр заман ұрпақтарының бірі бар болмысымен, екіншілері интуитивті болса да бас иген, қастерлеген. Ал «ПІР ТҰТУ – әулиедей көріп бас июді, құрмет тұтуды, қастерлеуді білдіреді» (ҚТТС., Алматы, 1999. 8 том., 32-бет). Бұл ұғым біздің сөздік қорымызда бар, халқымыздың ой-санасына кіріккен, өзара қатыста қолданылып жүрген сөздер, оларды жатсынудың қажеті жоқ.
Бізге жеткен аңыздарға қарағанда, Бекет Атаның пірленуі де өте нанымды, танымдық тұрғыдан дәйекті. Бекет Ата алдымен Тама Есет Батыр сияқты қастерлі, қасиетті адамдардан бата алады, ел ішінде сауатын ашады. Алғаш атасынан оқып хат таныған, кейін ауыл молдасынан сауат ашып, ой-өрісін, сана-сезімін кеңейткен, бала Бекет дәріске өте ынталы болып, зеректік көрсетеді. Ұстаздардың берген тапсырмаларын уақытында орындап, тәртібі жағынан болсын, тіпті адамгершілік-имандық қасиеттері жағынан болсын өз қатарлы балалардан көш ілгері, жоғары болады. Ауыл молдасынан тәлім-тәрбие алған 3-4 жылдың ішінде-ақ бала Бекеттің білім дәрежесі, түйсігі ұстазынан бір де кейін болмайды. Бала Бекет 8-14 жастар аралығында ата-бабаларынан келе жатқан әлем, жаратылыс, т.б. туралы діни кітаптар мен пайғамбар хадистерін оқып білімін тереңдете түседі. Енді ол шариғат үкімдерін жатқа айтып, Алланың ақ жолын елге насихаттай алатын дәрежеге жетеді. Сөйтіп, болашақтағы Пірдің зайырлық қасиеті бала жастан, дәлірек айтқанда сегіз жасынан біліне бастайды. Ал Хиуа медресесін бітіріп елге оралған соң өзі білім алған, өмір сырларын үйренген, қияға қанат қомдатқан алтын ордасы, онда дәріс берген атышулы ғұлама ұстаздары туралы жастарға әсерлі әңгіме айтатын болған. Өзі болған Мекке, Түркістан, Мәдина туралы, олардың танымдықтағылымдарына қатысты әңгімелерді де өз шәкірттеріне көптеп берген. Елде көптеген мешіттер ашып біржола тақуалық жолға түскен.
Бізге жеткен Бекет Атаның Көк Асасы туралы мифтік-танымдық, тағылымдық әңгіме желісінің де жас ұрпаққа берері мол. Көк Аса – қасиетті мұра, ол ұстаздан ұрпаққа мирасқа қалдырылады, кейін ол бір әулеттің атадан-балаға жалғасып отыратын қасиетті, киелі құндылығына айналады. Бұл бүгінгіше айтсақ, ұрпақ жалғастылығын білдіреді.
Кез келген киелі заттың ішкі мазмұны да, сыртқы формасы (түрі) да көпшілікті қызықтыруы заңдылық. Бұл Бекет Атаның Көк Асасына да қатысты. Оны тауып алу, иелік ету тағы басқаларын былай қойғанда, Пір Бекет Атамен байланысты Асалардың формаларының «Домалақ» (жұмыр), немесе, «Төрт қырлы» (квадрат), «Жыланбас» (Жыланбас Көк Аса) – деп аталуында да зор танымдық, наным-сенімдік, тылсымдық ұғымдар мен мазмұндар бар.
Пір Бекет Атаның өмір деректері мен оған қатысты ел ауызындағы әңгімелерді танымдық тұрғыдан талдаған зерттеулерге қарағанда, «Жыланбас» аталуы, бізге жеткен діни аңыздардың барлығында да «жылан аса маңызды орындарға ие болып, біресе жағымды, біресе жағымсыз бола тұрса да үлкен символдық мәнге ие», [4] тіршілік иесі, ол қазіргі медицинаның да символы (эмблемасы). Ол: «Құпия танымның, даналықтың, жасампаздықтың, мәңгі тірлік пен жасарудың да символы. Сондықтан түркілердің жалпы рухани мұраларынан, оның ішінде наным-сенімдерінен де терең орын алады (Үйге кірген жыланды өлтірмеу, басына ақ құйып үйден шығарып жіберу, анасы жылан етіне жерік болып туған баланың қасиетті, қабілетті, ержүрек, батыр болуы, т.б. – А.Т.).
Баршаға белгілі Жүрек – сұпылық тарихат тәрбиесінің қайнар бұлақ көзін көрсетеді. Бұл көне түркілер ұғымынан бастау алып Абай мен Шәкәрім арқылы бізге жеткен тағылымдық таным көзі. Сондықтан Абай: «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі…
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі…» [5] – дейді.
Сұпылық тарихат тәрбиесінің қайнар бұлағынан сусындаған Бекет Ата өз тұсында терең білім алуымен қатар, зайырлы қасиеттер қонған, елге танылып билікке араласқан, өнегелі-ойлы сөздер қалдырған адам. 63 жыл өмір сүрген саналы ғұмырында: «Бейнетіне сабырлық қылсын, ал рахатына шүкірлік қылсын», «Жақсыны өзің үшін, ал жаманды мен үшін сыйла», «Ниетің жолдасың болсын» деген нақылдарды жиі қайталаған, өмірлік кредосы еткен.
Ұстазы Бақыржан қажы қартайған шағында Бекет Ата оған сәлемдесуге барады. Білімін үнемі тереңдетіп жүрген, дін жолын мықты ұстанған, инабаттылықтың үлгісіндей болған шәкіртіне көңілі ауып, ол Бекетке Пірлену жөнінде ұсыныс тілек білдіреді. Бұл кез жігіт ағасы Бекеттің қырық жастан асқан кезі болатын. Өмір бойы ұстазының алдынан кесе-көлденең өтпеген шәкірт ұстазының ұсынысына қарсы болмайды.
Ұстаз шәкіртіне пірлену жолдарын, пірленудің талап-міндеттерін айтып, келесі жылы қасеитті Рамазан айынан соң келіп, пірленіп кетуді тапсырады. Елге үлкен де жауапкершілікті міндет алып қайтқан шәкірт ұстазының тапсырмаларын тиісті талап дәрежесінде толық орындайды. Келесі жылы айтқан уақытында барып өңкей ғұлама, ишан-ахұндар мен пірлер жиналған жамағат алқасының алдында ұстазы Бақыржан қажының ақ батасын алып, пірленіп, туған топырағына Бекет Пір атанып оралады. Сонан кейін-ақ, ел арасында «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» сөзіне «Маңғыстауда – Пір Бекет» тіркесі қосылып айтыла бастайды.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетелік, әр заманның өз сый-құрметі, ардақтау дәстүрі, атақ-дәреже беру жолдары мен жөндері болған. Бұл қазіргі заманда да бар. Олар: соғыс пен еңбекте көрсеткен ерліктері мен істері үшін батыр атағын беру; әртүрлі дәрежедегі шендер мен атақтар: әскери, ғылыми, өнер мен әдебиет салаларында. Бұларға қоса қаланың, облыстың «Құрметті азаматтары» атағы, басқа да белгілер мен марапаттаулар және бар. Ал осыларға да жоғарыдағы ұстаз Бақыржан қажының шәкірті Бекетке Пірлену үшін қойған талаптарына ұқсас талаптар қойылады. Бірақ адамнан да,
Құдайдан да қорықпайтын, ел пікірімен есептеспейтін заманда сол талаптар орындалып жатыр ма, орынды адамдарын тауып, солар сол сый-құрметке бөленіп жатыр ма немесе біз атақ-дәрежемізге сай болу үшін шәкірт Бекеттей қызметтендік пе? Бұл – үлкен сұрақ. Егер солай етсек, адамнан да Құдайдан да қорықпай, «пірленіп» жүрген бүгінгі күнгі «көлгір көсемдер», «ноқай басшылар», ғалым санатындағы «ғалымсымақтар» азайып, саннан сапаға көшер ме едік, кім білсін?!
Жалпы ертеден келе жатқан барлық халықтардың дүниетаным жүйесі бойынша тәңірлік, көрегендік, батырлық, құдырет-күшті дәріптеу, ата-бабаны, көсемдерін құрметтеу – адамдардың рухани болмысының бір діңгегі. Сондықтан ұлыларын ұлықтап, салт-дәстүрлерін сақтап, әртүрлі әндер мен гимндер шығару қоғамдық қатынастардың даму дәрежесін де көрсетіп, синкреттік тұрғыда бір-біріне ұқсас, сай келіп отырған. Мәселен, ежелгі грек халқындағы әскерлердің жауынгерлік гимндері – ПЭАНДЕР, үйлену той гимндері – ГИМЕНЕЙЛЕР, өлікті арулау кезіндегі жылап-сықтау – ОРЕНДЕР. Олай болса, әулие, Пір Бекет Атаның бір рулы елдің ұранына айналуы, үйлену тойы алдында Қасиетті Атаға барып тәуеп етіп, одан кейін тойда жар-жар айтылуы, Ата әруағына сыйынып жаңа істер бастау қазақ халқының әдет-салты мен наным-сенімдерінің бүкіл әлемдік рухани үрдіспен үндесіп жатқанын көрсетеді.
Бекет Ата туралы алда талай айтылар да, жазылар да, жеке еңбектер де шығар. Бұл бүгінгі тірілердің парызы. Осы парызды өтеудің, біздің ойымызша, ең бастысы – Бекет Атаның тағылымдық-тәлімдік қасиеттеріне көп көңіл бөлуде болмақ. Бүгінгі аға ұрпақ өздерінің ұлттық рухани уызына жарымай, оны мейірлене жұта алмай қалған ұрпақ. Сондықтан біздің этно-мәдениеттік дәстүрлерімізде үзіктік бар, ұмытылып қалған, өткір бұрыштарды айналып өткен тұстарымыз бар. Ол жас ұрпақ санасына әсер етпей қалған жоқ. Соның бір белгісі, Абайша айтқанда: «түзу сөзге сенер ме, түзелмесін білген ездердің», «өзі шошқалардың, өзгелерді ит деп ойлайтындардың» арамызда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап кетуі, керісінше, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бостығының» ұмытылуы.
Бекет Ата сияқты қасиетті жандар арқылы өткенімізбен табысу және танысу кез келген оқырманның дүниетанымын кеңейтеді. Оларды білу тарих, тіл мен әдебиет, философия, өнертану мамандары мен осы сала бойынша маманданып жатқан жастар үшін ғана емес, барша сауатты адамдарға қажет, біздің ойымыз бен ішкі сарайымызды түзеуге қажет.
Жаңаша ойлау, рухани жаңғыру – бүкіл адамзатты нәсіліне, дініне, шыққан тегіне қарамай ортақ түсінікке, мәмілеге шақыру. Негізгі мәселе – бүкіл адамзаттың қазынабайлықтарын сақтау, оның ішінде сан ғасырлық тарихы бар рухани қазынаны игілікті игерудің орны ерекше. Алайда біздің ойлау жүйемізді әлі күнге дейін еркін көсілуге жібермейтін бір тосқауыл бар. Оның аты – санамыздағы идеологиялық сірі түсінік (стереотип). Бұл бағыт әуел бастан «ақ» пен «қараға» құрылған. Сондықтан кезінде жас өскіндеріміз: «Мен айтайын тақпақ, Ленинді мақтап, Байдың жолы қап-қара, Ленин жолы аппақ» деп тақылдады. Кейін есейген соң олар «біз» және «жауымыз» деген позияцияны ұстанды. Бүгін де осы жолмен, өңімізді өзгертіп «хамелеондық» қасиетпен келе жатырмыз. Бұрынғы қоғам құлағанмен, осы сірі түсінік санада қалып отыр. Олай болса, біз сияқты «лашықта» тұратындар мен «ақ сарайда» тұратындардың пікірлері ешқашан бір жерден шықпаса керек. Өкінішке орай, біздің қоғамдық сананың қауіпті дерті, ерекшелігі сол: «лашықта» тұратындар «сарайда» тұратындардың сөзін сөйлеуде, құлдық психологиясымен, тобырлық түсінік-санамен соңына еруде. «Лашықтағылардың» сөзін оппозиция өкілдері бірде тауып, бірде қауып сөйлеп жүр. Бұл өзі ұзақ және өз алдына бөлек әңгіме.
Ал дүниетанымдық тұрғыдан келсек иман, инабат, адамгершілік, ізеттілік, ізгілік іздері, қайнар көзі көне таным – діни танымда, дінде жатыр. Шын мәніндегі Дін – адамның күнәдан тазару жолы, адамды адамшылыққа бастау, тәрбиелеу жолы.
Сондықтан адам баласына оның сенімін алдамайтын, шын мәніндегі пайғамбарлық, хакімдік, әулиелік қасиеттер мен дәрежелерге адал қылығымен, ізгілікті істерімен жеткен, халық құрметіне бөленген, халқы қастерлеп көтеріп, аңызға айналдырған адамдар керек. Олар – жол бастаушылар, рухы күшті, қасиетті, қадірлі адамдар. Олардың өмірлері үлгі-өнегелі, тәлім-тағылымды. Сондай қастерлі тұлғалардың бірі дара ақыл, дара парасат, дара рух, дара шапағат, дара шарапат иесі Пір Бекет тағылымдарының жас ұрпақты тәрбиелеуге де, бүгінгі қауымның рухани жаңғыруына да берері мол.
Дүниеде қаншама өзін құдай санаған перғауындар мен әлемді уысында ұстамақ болған сұсты императорлар, патшалар, ел басшылары өтті. Ондай дәрежедегі адамдар бүгін де бар. Алайда олардың көпшілігінің аттары ұмыт болған, болашақта бүгінгілері де ұмытылады. Есесіне, халқына көзі тірісінде руханият рухын дарытқан, бақилық болғаннан соң рухани аспанымызда мәңгілікке орын тепкен Әзірет Сұлтан, Арыстан баб, Пір Бекет Ата тағы басқа қасиетті бабаларымыз, Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Абай тағы басқалар сияқты Хакім тұлғалар бейнесі мен болмыстары күн өткен сайын жаңара түсуде. Кейінгі ұрпақтары оларды өзінше түсініп танитын болады. Бізден алыстап, соларға жақындап бара жатқан қасиетті де, қастерлі тұлғалардың бірі, барша қазақ жұртына танымал тұлға Пір Бекет Ата. Ол кейінгі ұрпақтарының қандай құрметіне де лайық. Ендеше, қасиеттілер мен қабылеттілерді қадірлей білгеніміз жөн.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Назарбаев Н.Ә., «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру». Астана., 2017.
2. Ауэзов М.О., Мысли разных лет., Алматы, 1961., стр. 63.
3. Кекілбаев Ә., «Ел Иесі Жер Киесі». «Бекет Ата». Алматы, 1994. 6-бет.
4. «Адай Ата». 2-кітап., Алматы, 2009. 294-бет. 5. Абай. Шығармаларының екі томдық жинағы. 1-том., 126-127 беттер.