ЭЗОТЕРИЯЛЫҚ ТАНЫМ ЖӘНЕ БЕКЕТ АТА
Нұрдәулетова Бибайша Ильясқызы филология ғылымдарының докторы, профессор,
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің
«Қазақ филологиясы» кафедрасы (Ақтау)
Адамзаттың жаратылысы туралы дарвиндік теорияның тоқырауға ұшырауы өткен ғасырдың басында-ақ батыс ойшылдарының саналарын сансыратқан «түп бастауды іздеу» дертіне ұшыратты. Жаратылыстың тылсым сырларын бір ғана «эволюция» идеясымен түсіндірудің мүмкін емесін аңдаған ғалымдар материяға эксперимент жүргізе беруді тоқтатып, идеялық деректерге ден қойды. Халық жадындағы мифтік, діни сюжеттерде, кейінгі тұрмыста жұрнақтары сақталып қалған сал-дәстүрлерде, тілдік реликтілерде қандай да бір жаратылыс заңдылықтарына меңзейтін білім ұштығы барын сезінген зерттеушілер: «Біздің дәуіріміздегі өркениет үшін жабайы деп есептелетін халықтарда ерлікке толы алтын ғасыр туралы ертегілер мен аңыздар сақталған. Шын мәнісінде бұл ертегілер – олардың өткен өмірі, өткен кезеңдегі өркениетті тұрмысының белгісі… Ежелгі өркениет түрлері жер бетінен ізім-қайым жоғалып отырды, бірақ олардың жекеленген жетістіктері бойынша игерілген білім ғасырдан ғасырға, бір өркениеттен екінші өркениет түріне жаңғырып жетті. Бұндай білімді сақтап келген арнайы құпия мектептер болды. Өркениетті бұзушы тобырлардан қорғау үшін құпияланған білім көзі сыннан өткен ұстаздар арқылы шәкірттерге беріліп отырған»[1, 558], — деп жазды. Құпия білім, яғни табиғаттың адамнан жасырын сырын білдіретін ілім «эзотериялық» немесе «оккультистік» ілім деген атпен ғылымда орын алды.
Сөздіктерде эзотеризм терминіне: «Ежелгі грек философиясында кездесетін ұғым. Ұстаздан таңдаулы шәкіртіне ғана берілетін құпия, жасырын ілімді білдіреді. Жаратылыстың сырлары адам баласына ашық көрінбейді, белгілі бір символдар арқылы меңзеледі, ол сырды осы ілімді меңгерген адам ғана түсініп, қабылдауы мүмкін» деген мазмұнда түсінік берілген.
Эзотеризм идеясының басты мәні: «күнделікті тіршілік пен мәдениетті сыни көзбен бағалау; басқа, эзотериялық ақиқаттың бар екендігіне сену, адамның өзін-өзі рухани жаңартуы; адамның ішкі дүниесін өзгерте отырып, сыртқы қалпына ықпал етуі»; Эзотеризм дегеніміз – адам өмірінің терең-мистикалық мәні туралы ерекше көзқарас. Бұл салаға концепциялар, ілімдер, доктриналар, сондай-ақ, өзін-өзі танудың жолдары мен практикалары кіреді. Эзотериялық психопрактикалар мистикалық ағымдардың (бұндай ағымдағы адамдарды «адептер» деп атайды) белгілі бір топтарында тұрақты түрде қолданылған. Зерттеушілер осындай практикалар дәстүрлі діндердің ішіндегі түрлі ағымдарда кездеседі дей келіп, олардың қатарына ислам дініндегі суфизмді де жатқызады.
Эзотеризмнің басты мақсаты – сананың жоғары халіне (повышенные состояния сознания) қол жеткізу арқылы жеке тұлғаны өзгерту. Ол үшін арнайы әдіс-тәсілдер ұсынылады. Эзотеризм идеясы дүниені танудың діни ғана емес, ғылыми да сипаты деуге болады. Себебі бұл идея ежелгі грек философиясында қолданылған. Пифагор теоремасы осындай эзотериялық таным нәтижесінде дүниеге келіп, құпия мектептер арқылы жаңапифагоршыларға жеткен деген пікір де бар [1].
Батыс зерттеушілері эзотериялық танымды «белгілі бір ұстаздан таңдаулы шәкіртіне ғана берілетін құпия ілім», мистериялар деп таниды. Бұндай танымды «эзоағымдар» деп бағалау да кездеседі. Эзотериялық танымды ұстанушы мектептер немесе ағымдар бір жүйеде емес, түрлі елдерде, түрлі бағытта, түрлі мазмұнда қалыптасып, уақыт ағымында ізін қалдырып, жойылып кетіп, бір дәуірлерде қайта пайда болып отырған. Мәселен, европада эзотериялық идея XVII ғасырда розенкрейцерлер ордені арқылы жаңғырып, кейін кейбір ағымдардың танымында бой көрсеткен. Ал XX ғасырда эзотериялық танымға негізделген жаңа ағымдар пайда болды, солардың бірі Г.И.Гурджиев пен П.Д.Успенский негіздеген «төртінші жол» деп аталатын таным жүйесі еді [3].
Эзотериялық идея бойынша адамзат ішкі және сыртқы шеңберден тұрады. Біздің адамзат, оның тарихы туралы біліміміз сыртқы шеңбер, сондай-ақ, адам баласы өзі де анық білмейтін, буалдыр санамен ғана бар екенін сезінетін ішкі шеңбер де бар. Және ішкі шеңбер көзге көрінбей-ақ, сыртқы шеңберге ықпал етіп отырады. Ішкі шеңбер немесе эзотериялық шеңбер адамның өлмейтін жаны десе болады, адамзаттың ғасырлар бойы жасаған мәдениеті, жетістіктері осы шеңберде сақталады. Ішкі шеңбердің құпиясы «құпия білім» («скрытое знание») арқылы ғана ашылмақ. «Құпия білім» ерекше тұлғаларға ғана беріледі. Оны эзотериялық ілім өкілі деп атаймыз. Эзотериялық ілім өкілі уақыттың белгілі бір кезеңдерінде ұстаз, рухани көсем ретінде адамдар арасында пайда болады (туылады). Олар сол ортада адамды ішкі шеңберге жақындатуға жол сілтейтін жаңа діни бағыт, философиялық мектеп немесе жаңаша ойлау жүйесін ашады. Бірақ бұл ойлау жүйесіне бойлау арнайы білімді қажет етеді, оған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Бұл білімге бой ұсынғысы келетін адам өте терең сынақтардан өтуі тиіс. Сынақтан тек жеке тұлғалар ғана өтуі мүмкін. Жасампаздық жалпының (көптің) емес, жекелердің ақыл-ойымен жүзеге асады. Жалпы жекенің сілтеуімен ғана қызмет ете алады. Жекеге бағынбаған жағдайда жалпы мылқау күшке айналып, өркениетті бұзып, қиратумен ғана айналысады.
Эзотериялық идеяның ежелгі іздері діни мифтерде көрініс береді. Жаһандық топан су туралы мифте өркениеттің құлауы туралы меңзелген. Дүниенің барлығы топан судың астында қалуы тиіс болғанда, тіршілікке ең қажетті деген жаратылыс иелері жоғарғы құдіреттің жебеуімен құтқарылады. Құтқарушы кеменің жасалуы – адамзатты бір өркениеттен екінші өркениетке өтуге дайындайтын «мектептің», жасампаздық идеяның символы. Ал Нұх пайғамбардың кемесі – рухани апаттан құтқаратын адамның ішкі болмысы, «құпия ілім». Бұл ілімсіз адамзатты, оның рухани құлдыраған өркениетін құтқару мүмкін емес.
Эзотериялық идеяны іздеушілер материалдық танымға негізделген білімнің құдіреті жетпейтін «ішкі жасырын білімнің» бар екенін және ол білімнің шығыста (батыста емес) екенін сезгенмен, оның нақты не, қайдан, қалай берілетінін таба алмай шарқ ұрды. «Мой путь лежит на Восток. Предыдущие путешествия убедили меня в том, что на Востоке до сих пор остаётся много такого, чего в Европе давно не существует. Вместе с тем, у меня вовсе не было уверенности, что я найду именно то, что хочу найти. Более того, я не мог уверенностью сказать, что именно мне нужно искать… Я не сомневался, что эти школы существует, но не мог сказать, насколько небходимо их физическое существование на земле. Иногда мне казалось, что подлинные школы могут существовать только на другом плане, что мы способны приблизиться к ним только в особых состояниях сознания, не меняя при этом места и условий нашего существования… Однако мне казалось, что на Востоке могли сохраниться традиоционные методы приближения к эзотеризму.
…В другое же время мне казалось, что возможна только «мистическая» преемственность, линия которой на земле обрывается и исчезает из нашего зрения. Остаются лишь её следы…» [1, 159]. Осылайша абсолютті ақиқатты іздеп шарқ ұрған батыс ойшылдарының назары шығысқа бұрылды. Бірақ өздері «құпия білім» деп ат қойған ілімге апарар жолды дәл таба алмады. «Эзотериялық идеяны» ұстанушылардың қатарына «сопылық мектептерді» жатқызу арқылы олар кейде шындыққа жақын келеді. «Я понимаю, что небходим какой-то метод. Все чаще и чаще я думаю, что такой метод могут дать мне восточные школы йогинов и суфиев, о которых я читал и слышал, если такие школы вообще существует, если туда можно проникнуть…» [1,159].
Адамзатты жоғары парасатқа жеткізетін «ішкі жасырын күшті» тап баса алмай хаосқа ұрынған батыс ойшылдары Ницше, Шопенгауер, Спиноза, Шелли т.б. мистикалық дертке ұшырап, өмірлері трагедиямен аяқталды. Шопенгауер адамзатты ұлы қасіреттен алып шығатын күштің көзі түпсіз үрей мен қайғы-қасірет деп түсінді, ол: «Ерік ұлы қайғы-қасіреттің үстінде ғана сынады» деген. Оның шәкірті Нишце дүниені жасампаздыққа жеткізетін адамның бойында жасырынып жатқан зұлым күштер екендігіне сенді. «Егер адам шабыттанып рухы көтерілсе, оны шаттандырып тұрған жүрек үні емес, кек. Егер адам неғұрлым қырағы, зерек бола түссе… оны істетіп тұрған ақыл емес, күншілдік» [4,61] деп жазды.
Қаншама саналы ғұмырды ақыл-ойды шарықтау шегінен шығарып, алжасуға жеткізген ізденістер мен зерттеулердің, ғылыми теориялардың авторлары өздерін сансыратқан осынау жұмбақтың шешуі түркі жұртының перзенті Қожа Ахмет Иасауи негіздеген сопылық ілімде екенін, ал оның рухани мұрагері қазақтан шыққан Бекет ата Мырзағұлұлының өздерімен қатар жер басып, бір ауаны жұтып жүргенін сезінбестен мәңгіліктің тұтқынында кете барды.
Европалық зерттеушілердің эзотериялық мектептер деп отырғаны сопылық мектептер болса, онда олардың «адамның ішкі болмысына жетудің жолын үйрететін құпия білім» деп меңзеп отырғандары шынайы адамдыққа қол жеткізетін «хал ілімі» екені даусыз.
Мифтер мен ертегілерді «балаң психиканың ізденістері» ретінде ғана танудан енді арыла бастаған санамызға Бекет атаның тылсым табиғаты туралы жеткен деректер әлі де ауыр тиетіні сөзсіз. Біз әлі де дүниеге матери көзбен қарауды тоқтатқан жоқпыз, себебі біздің «ішкі көзіміз» бітеулі. Европалық ойшылдардың «жаратылыстың ішкі шеңбері» туралы ойлары орта ғасырлардағы түркі ойшылдары А.Иүгінеки, С.Бақырғани, Қ.Иасауи, Ж.Баласұғни, М.Руми, Фзули, Шамси, Науаи т.б. поэзиясында «кемел адамдыққа» жетудің бірден-бір жолы, Аллаға ғашықтық, жүректі тек ғашықтық дертімен толтыру идеясымен өріледі. Яғни құпия білімнің кілті қасаң қағида, жалаң ережелер түрінде емес, ой мен ырғақтың үйлесімділігіне құрылған өлең өрімінде беріледі, оның сыры осы ілімге дене көзімен емес, көңіл көзімен ден қойған адамға ғана ашылмақ. Батыстың әйгілі психиатры К.Юнг «Архетип и символ» деген еңбегінде: «Біз техникалық құралдарымызбен Шығыстың материалдық дүниесін астын-үстіне келтіріп жатсақ, Шығыс өзінің жоғары дамыған жан жүйе дағдыларымен біздің рухани дүниемізді абыржытып келеді» [5], – деп, батыстың рухани жұтаңдығын меңзейді. Зерттеуші Қ.Жаманбаева «көне дүниеден басталатын сопылар ілімі – символдар қағидасына, болмыс бірлігі қағидасына негізделгенін» айтады. Зерттеушінің пікірінше, «символдар шетсіз-шексіз алып денеге форма береді, адамның ақылы, пайымы жетпейтін әлемге аяқ басуға құрал болады» [4,112]. К.Юнг: «орта ғасырдағы шығыстық ілімдер адамзаттың жандүниесін символдар арқылы тәртіпке салып, шегелеп тастаған» [5], – деп мойындайды.
Пақыржан Пірден Бекет Атаға берілген аса таяқ – ұстаздан шәкіртке берілген құпия ілімнің символы.
Материалистік танымның басты теориясынан саналатын дүниенің жаратылуы туралы дарвиндік ілім бойынша кез келген жаратылыс эволюция заңымен дамып, бір түрден екінші түрге өтіп отырады. Бұл заңға бағынбайтын құбылыстар «жаратылыстан тыс ерекшелік» ретінде назардан тыс қалдырылады. «Идея эволюция прежде всего исключает понятие некого «плана» и руководящего разума. Эволюция – это независимый и механический процесс. Далее эволюция исключает «случайность», т.е. вмешательство в механические процессы новых факторов, которые непрерывно меняет этих процессов». Мәселен, арғы тарихымызды айтпағанда, бұдан екі жарым ғасыр бұрын өмір сүрген Бекет Мырзағұлұлы, бір ғасырға жетер-жетпес уақыт бұрын бақилық болған Мәшһүр Жүсіп Көпеев тәрізді әулиелердің денелерінің шірімеуі (бір түрден екінші түрге өтпеуі) ғылымнан тыс құбылыс немесе миф ретінде қаралды.
Сопы – адам баласының рухани қалыптасуының терең ілімін меңгерген, сол ілімді үйретіп, кейінгі ұрпаққа жеткізетін өзіндік методологиясы, ғылыми ұстанымы, қалыптасқан жолы бар білім иесі, ғұлама ғалым. Бекет ата – осы сопылық мектептің басты өкілі. Европалық ойшылдардың «жаратылыстың тылсым құбылыстарын түсіндіре алатын қандай да бір методология, сол методологияны үйрете алатын мектеп болу керек. Ондай мектептер аз ғана уақытта жер бетінде болып, өзінің қандай да бір ізін қалдырып, жоғалып отырған. Бірақ қай жерлерде екені жұмбақ…» – деп іздеу салып жүргендері – осы мектептер. Бұл мектептің (ілімнің) негізгі мақсаты – рухтың жеңісі. Тазарған рух өзінің материалдық болмысын жеңгенде оған жаратылыстың барлық сырлары алақандағыдай анықталмақ. Бекет атаның өзінен тоғыз ғасыр (шамамен алғанда) бұрын өмірден өткен Шопан атадан ілім алуы, Атаның құстай ұшуы, болашақты болжап, әрекет етуі, қазіргі көзімен көріп, қолымен ұстамаса ештеңеге иланбайтын, жартылай құдайсыз, материализмнің шырқау шегіне шыққан кезеңнің адамдарына өзінің құдіретін еріксіз мойындатып, санасуға мәжбүр етуі – уақыт, кеңістік, өлшем, түр (форма) сияқты қалыптармен шектелмейтін рухтың мәңгілігін меңгерген «хал ілімінің» нәтижесі.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Петр Успенский. Новая модель в селенной. М.: изд. Чернышева /wwwbookean.ru/
2. Современный философский словарь. Москва-Бишкек-Екатеринбург, 1996. – 602.
3. Эзотеризм. /www.Bikipedia.ork
4. Жаманбаева Қ. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері. Алматы, Ғылым,
1998. – 140 б. 5. Юнг К. Архетип и символ. М., 1991. – 304 с.