БЕКЕТ АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗДАРДЫҢ МИФОПОЭТИКАЛЫҚ
СУБСТРУКТУРАСЫ

БЕКЕТ АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗДАРДЫҢ МИФОПОЭТИКАЛЫҚ
СУБСТРУКТУРАСЫ

Аймұхамбетова Жанат Әскербекқызы филология ғылымдарының докторы,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, «Қазақ әдебиеті» кафедрасы, профессор (Нұр-Сұлтан)

Қазақ фольклорының ең бай да құнарлы салаларының бірі – әулиелер хақындағы аңыздар шоғыры. Солардың ішінде үш жүз алпыс екі әулиенің мәңгі мекеніне айналған Маңғыстау даласының бір қиырындағы Оғыланды жерінде, өзі тау ішінен қашап салған мешітте дамыл тапқан Пір Бекет туралы аңыздар күллі алашқа кеңінен тараған. «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген қанатты сөз Бекет Атаның әулиелік даңқының айғағы. Көрнекті қаламгер Ә.Кекілбайұлы: «Дара Парасат, Дара Рух, дара Шарапат, Дара Шапағат иесі» ретінде бағалап, «Оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ. Өйткені, Ол – тірісінде елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген Азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қазы. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар»[1;4], — дейді. Сұпы атаның қаламгер санамалап көрсеткен осы қасиеттері ол туралы айтылатын аңыздардан анық көрінеді. «Біз ұзақ уақыт ауызша ақпарат алысқан халықпыз. Біздің аңыздарымыз қиялдан емес, шындықтан өрбіген. Олар – нақты оқиғаларды нақышты бояумен адам жадында жатталып қалатындай қылып мұқият қашаған халықтық ұлы мұра. Бабадан балаға қалған еншінің ең бір өміршеңі», — деп жазады Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев [2; 3]. Біз осы өміршең енші туралы сөз қозасақ дейміз.
Аңыздарда, ең әуелі шындық, сол шындыққа негізделген қиял әрекет етеді. Қиялдың өзінің астарында қисынға негізделген астарлы ой, ишаралы мән бар. Осы тұрғыдан келгенде Бекет ата туралы аңыздарды әдеби таным тұрғысынан бірнеше қабаттардан тұратын мұра ретінде қабылдаймыз. Сол көп қабаттың бірі – мифтік таным. Мифтік таным арқылы санаға сіңісіп, ойлау жүйесімен тұтасқан, содан көркемдік шындықпен үйлескен мифопоэтикалық қабат. Ата туралы айтылған әңгімелердің барлығы дерлік мифопоэтикалық құрылымымен дараланады. Жалпы, аңыз атаулының бір сипаты осы десек, қателеспейміз.
Миф дегеніміз қалыптасқан түсініктегідей ертегі, қиял жемісі емес, тылсым сырлы, қалың астарлы, кереметке толы біздің түйсігіміз толық танымаған ақиқат. Сол құпиялы ақиқатты тануда түрлі ишара-белгі, қилы бейнелер жүйесі түзілген. Олардың қатарында, зерттеушілік тілмен айтқанда, көркемдік деталь, символ қызметін атқаратын киелілік сипат иеленген аңдар мен құстар қатары да жетерлік. Аңыздардағы персонаждар ретінде тұрақты түрде оқиғаға қатысатын аң-құстар қатарында арқар, аққу, сары үйек жыланды атауға болады.
Бекет ата және аққу. Ата туралы аңыздардың ішінде ол кісінің небір кереметті істерді көрсетуі сол аң-құстармен қатыстырыла айтылады. Солардың бірі – Бекет ата мен түрікпен ғұламасы туралы аңыз. Бұл аңызда Бекет атаның сойылып, қонақасыға берілген арқардың сүйегінен оны қайта тірілтуі және түрікпен ғұламасының аққу болып ұшуы баяндалады. Аққу болып ұшқан түрікпен ғұламасының соңынан Бекет ата да ұшады. Алайда, теңізден қара дүлей дауыл тұрып, қанаты қағуға жарамай қалған ғұламаны Бекет ата «кәпірлерге жол саласың, кері қайт» деп қайтарады. Халықтық ұғымда киелі құс саналатын аққу ата туралы аңыздардың бірнешеуінде оқиғаға араласады. Бекет ата мен Барақ батыр аңызында жетті аққудың ұшуы бар. Барақ батыр: «Қасиетің аспанда жеті аққу болып ұшты, әруағың биік тұр, жеті ұрпағыңа дариды екен», — дейді Бекет атаға. Сөйтіп, бірінші болып сәлем беріп, оның әруағының басымдығын мойындайды. Атаның қасиетін аққумен байланыстыра тұспалдау Өмір батыр, Барақ батыр үшеуіне қарата ауылдағы абыздың атынан айтылады. Ол аңызда абыз Бекет атаға «келе жатқаныңда алдыңнан жеті аққу ұшты, қасиетің жеті атаңа жетер», — десе, Барақ батырға «алдыңнан үш аққу ұшты, зайырлығың үш атаңнан аспас», — дейді. Ал, Өмір батырға «сенің алдыңнан жалғыз аққу ұшты. Қасиетің өзіңмен бірге кетер» дейді. Аруақты батырлар мен әулиенің қасиетін алдарынан ұшқан аққумен тұспалдаудың өзіндік мәні бар. Халық ұғымындағы киелі құс – аққуды ата аруағы деп тану, бұл құспен әулиелердің қасиеттерін байланыстыру – қиялдың жемісі ғана емес, тылсым сырлы табиғаттың сырын терең танымаққа талпынған ынтызарлық пен құрметтің көрінісі. Мифология туралы жанжақты зерттеу жүргізген Серікбол Қондыбай: «Қазақтың тектік танымында аққудың орны айрықша… Мифологияда аққу – үш кеңістікте, яғни, суда, жерде, аспанда қозғала алады, сондықтан да үш кеңістікті жалғастыру қабілетіне ие аққуды мифтік медиаторлар қатарына жатқызады» [3; 238], – дейді.
Қасиет, кие туралы ұғымдар ұлттық мифологиядағы көнеден орныққан бейнелермен көрсетіледі. Солардың бірі – аққу. Түркілік мифологияда бұл құстың қасиеті мен киелілігі жайлы айтылатын әңгімелер көп. Аққу – халық сенімінде атуға тыйым салынған аң-құстардың қатарында. Ел аузындағы аңыздарда айрықша жаратылған керемет иелерінің, әулиелердің аққу болып ұшуы туралы желілер осы таным-түсінікпен сабақтасқан.
Аққу мифі – ұлттық ұғымда ғана емес, әлемдік танымда да кеңінен орын ала отырып, өзінің бойына көпбейнелі мәдени қабаттарды жинақтаған. Ежелгі грек мифтерінде өзінің қаза болған досы Фаэтонды жоқтап, шерленген бозбала Кикнаны Аполлон құдай әдемі аққуға айналдырады. Әдебиеттанушы Дж. Макльсон мынадай түсініктеме береді: «Ақынның, әншінің, сондай-ақ асқақ поэзияның символы. Бұл символиканың негізі жанның( рухтың) аққу бейнесінде аспанды кезуі, қайта жаңғыру, кіршіксіз тазалық, кемелдік, тәкаппар жалғыздық, ерлік пен поэзияның әулилелік бастаусипаты туралы таным-түсінікпен байланысты» [4; 105]. Тағы бір зерттеуші Г.Козубовская орыстың көрнекті ақыны Анна Ахматова поэзиясындағы аққу мифологемі туралы сөз қозғағанда аққу-ақындар туралы «Царьское село мифін» (бұл А.Пушкин, А.Ахматованың, т.б. орыстың үлкен ақындарының мекені) тілге тиек етеді. «Царьское село мифінің» негізінде лицеистердің бірінші буынында-ақ көп айтылатын аққу – Царьское селоның қорғаушысы деген аңыз жатыр. «Аққу жүзген тоған» – Царьское село пейзажының міндетті де тұрақты атрибуты, әдеби Парнас кеңістігінің «нышанды» деталі» [5; 275].
Сөйтіп, ақындардың тұтастай бір тобының поэтикалық мифологеміне айналған аққу ұлттық дүниетанымда да қасиет пен киенің, тылсым күштің құс бейнесінде кейіптелуін қамтамасыз етті. Асан қайғының «Аққу – құстың төресі, ен жайлап көлді жүр еді» деп толғануының философиялық-поэткалық астары осыған саяды. Рухтың азаттығы мен ғажап сырларын аққу, қаз, қыран, т.б. құстар арқылы ишаралау жалпы әлемдік танымдағы тұрақты желі.
Ата туралы тағы бір аңызда «Бекет ата Хиуадағы өзі оқыған Шерғазы медресесінде әр жұмада таң намазын оқу үшін аттанғанда үнемі ақ сары бас аққу болып ұшады екен… Бекет ата қайтыс болған соң қырық жылға дейін аптаның жұма күндері екі аққудың қосарланып, қаңқылдап, Оғыланды тауларын әлденеше айналып ұшып жүргенін көргендер болыпты. Бұрынғылардың айтуы бойынша ол екі аққу Бекет ата мен оның ұстазы Бақыржан қожа аруақтары екен» делінеді. Бекет атаның алыс жерге аққу болып ұшып баратыны, жанында жеті балапан жүретіні ел аузына кең тараған. Жеті балапанын ертіп, ұшып бара жатқан аққуды бір тентек атып, бір балапанын жаралайды. Нәтижесінде мылтық қақ айрылып, әлгі тентектің бетін от шарпып, екі көзі бірдей соқыр болып қалады. Аққудың Бекет ата аруағы екенін білген жігіт кешірім өтініп, тәубасына келеді.
Бекет атаның ұлысқа ұран болуы да аққу оқиғасымен байланысты айтылады. Жаудың бес жүз сарбазына елу кісімен қарсы тұрсақ болар деген ата сөзіне ел ақсақалдары сенер-сенбесін білмейді. Ақыры бес жүз сарбазға қарсы елу адам тұрады. Сонда, Бекет атаның алдын-ала айтуы бойынша, жауға қарай бір аққу қаңқылдап ұшады. Сол сәтте күшті жел соғып, шаң көтеріледі. Жау әскері үрейленіп, кері қашады. Осыдан бастап Бекет ата есімі ұранға айналған екен деседі.
Ата аруағының аққу түрінде көрінуінің астарында қасиет-киенің тылсыммен, жай пенде танымаған, тек түйсінген жаратылыс құпиясымен байланысын ұғындыру жатыр. Қаңқылдап ұшқан аққу – Бекет ата мәңгі тұрақ тапқан кеңістіктің нышанды белгісі.
Бекет ата және сары үйек жылан. Атаға қатысты әңгімелердің біразында ол кісінің аруағының сары үйек жылан болып көрінуі де айтылады. Адайдың ішінде Шоңай руынан шыққан Бекбаулы әулиені сынау үшін Бекет ата әуелі оның алдынан сары үйек жылан болып шығады. Сосын өзінің жайнамазын «ұмытып кетіп», оны Бекбаулы әулие әкелмек болып барғанда, алдынан қос сарыүйек жыланды шығарады. Сөйтіп, замандасының қасиетін салмақтайды. Киелі аруақтың сары үйек жылан болып көрінуі аңыздарда көп айтылады. Ата-бабаларымыз сары үйек жыланға тимей, оны қасиет, кие деп ұққандығына мысалдар көп. Жыланды кие тұтқан танымның астарында жаратылыс тылсымына ден қою, сол арқылы салт-ғұрыпты құрметтеу жататыны белгілі. Маңғыстаулық көрнекті ақын Есенғали Раушановтың мына бір өлеңі осы аңыздар желісімен сабақтасады:
Ұмытпайды.
Біледі ел,
Білмесін бе?
Әулие атам –
Халықтың бұл да есінде.
…Аруағы оның сары үйек жылан екен, Оратылып жатыпты іргесінде.

Соны айтады әлі күн өңір-аймақ, Желден ұшқыр сары үйек, пері қайрат.
Алқа топта сөз алса атам менің,
Иығында тұрыпты шегіп айбат…

…Мен оянам ұйқымнан мүлги беріп, Кілт тоқтаған секілді сырғи келіп.
Жылан – мені тарихым! Түсімде де қылғындырып орайды ылғи келіп [6, 167].
Бекет атаның арқары. Атаның Оғыланыдағы жайында арқарлар мекен етеді. Оларға тиісуге болмайды, атаның аруғаы назаланады делінетін әңгімелер де Пір-атаға қатысты аңыздардың мифтік «қабатын» қалыңдата түседі. Арқарды атпақ болғандардың өздері жараланып, не мертігіп қалады. Оғыландыға зиярат етіп ағылған жұрт, егер арқарды көріп қалса, тілегіміз қабыл болады деп қуанысады.
Бекет ата туралы аңыздардағы мифопоэтикалық құрылымды түзетін оқиғалар – атаның кереметтігімен ұшуы, атаның аса таяқты иеленуі және атаға теңіздің өзінің қақ айрылып, жол беруі. Шопан атаға түнеп, түсінде одан бата алғандығы, пырақтың атаны Хиуаға алып ұшуы да аңыздардың мифопоэтикалық субструктурасын айқындай түседі. Әулие, пір атанған атаның айбарын асқақтатып, қасиетін әйгілей түсетін мұндай қалыпты ұғымнан тыс ғажайып оқиғалардың астарында ата аруағына бас иіп, құрмет тұту жатыр.
Ата есіміне қатысты айтылатын әулие, пір, рух туралы ұғымдардың мифтік таныммен сабақтастығы бар екені белгілі. Қасиетті рухтың нышандары түріндегі аққу, сары үйек жылан, арқар секілді тіршілік иелері тылсым сырлы табиғаттың бір бөлшегі. «Аңыз дегеніміз шындық, нақтылап айтсақ, рух шындығы, идея шындығы» дей отырып, философ ғалым Алтай Тайжанұлы аталған ұғымдардың құпиялы да киелі сырларына қалыптасқан ұғымдарға сүйене отырып талдау жасайды: Аруақ – киелі деп танылған рух, әулие – наным-сенім бойынша, адамдардың тағдырына ықпал жасай алатын қасиетті адамдар, пір – әулие атанып, ерекше ғұмыр кешкен адам [7; 90-91]. Көзі тірісінде айрықша қасиетке ие болып, құрметке бөленген, пір атанған Бекет атаға қатысты әңгімелердің мифопоэтикалық пішінмен өрнектелуі заңды құбылыс. Миф – қасиетті, киелі әңгімелер, рух ғажаптығын паш ететін таным-түсінік. Былайша айтқанда ақиқатты танытудың ерекше бір тәсілі. Ол таным-түсінік бейнелеулермен үйлесіп, өз алдына бір жүйе түзеді. Әулие адамдардың ғұмыры туралы айтылатын әңгімелердің мифопоэтикалық пішінде жүйеленуінің негізі осыған саяды.
Бекет ата туралы аңыздардың мифопоэтикалық субструктурасының күрделілігі қасиет пен киені, айрықша жаратылысты ардақ тұтқан таныммен байланысты.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қосқұлақтегі Ислам Мырзабекұлы. Бекет ата. Ақтау, 1999. – 484 бет.
2. Пір Бекет. Баспаға әзірлеген Нәренбайұлы Жауғашты қажы. Алматы: Жазушы, 2008. – 176 бет.
3. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. 4-кітап. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. – 516 бет.
4. Макльсон Дж. Жанр «лебединой песни» в русской лирике // Символизм и русская литература ХІХ века. – СПб., 2001. – 356 с.
5. Козубовская Г.П. Русская литература: миф и мифопоэтика. – Барнаул: БГПУ, 2006. – 324 с.
6. Раушанов Е. Бозаңға біткен боз жусан. Алматы: Раритет, 2006. – 384 бет. 7. Бекет Ата (имандылық-тағлым кітабы). Ақтөбе: Насихат, 2008. – 740 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *