БЕКЕТ АТА – БОЛЖАМПАЗДЫҚ ДӘСТҮРДІ ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

БЕКЕТ АТА – БОЛЖАМПАЗДЫҚ ДӘСТҮРДІ ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

Исина Жаннұр Аманкелдіқызы
филология ғылымдарының кандидаты, Баишев университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (Ақтөбе)

Ұлттық рухымыз бейнеленген мұра еліміздің барлық аймақтарынан кездеседі. Солардың бірі Арал-Каспий аймағында қазіргі уақытқа дейін сақталып келген аңызәпсаналар ұлттың тектілігін, ұлылығын, көрегендігін, ілгері кезеңінің өзінде-ақ өркендегенін танытады. Оның ішінде батысында – Каспий, шығысында – Арал, терістігі – Жем, ал солтүстігінде – Қарабұлақ жатқан аты аңызға айналған қасиетті жер, сандаған ғасырлардың куәсі мен шежіресі болған, қазақтың қилы-қилы тарихынан алуан-алуан сыр шерткен, елі мен жұртын 360 әулие аялаған, мол байлығы мен қазынасы халық ырысы мен берекесіне, ризығына айналған – Маңғыстау жері. Осындай киелі Маңғыстау жерін XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында мекен еткен, екі ғасыр бойы Алты Алашқа Пір болған қасиетті Бекет Ата Мырзағұлұлы есіміне қатысты ел аузында ғажайып аңыздар мен керемет әпсаналар бар.
Алты Алаштың Піріне айналған Әулие Бекет Ата жайындағы халық прозасының түрлері ол кісі өмірде болған заманнан бастап, бүгінгі күнге дейін желісі үзілмей айтылып келеді. Бұл аңыздарда Бекет Ата рухани ілімді терең меңгергені, халықты иманға ұйыту үшін көптеген кереметтер көрсеткені айтылады. Олардағы ғажайып оқиғаларды кейіннен қосылған халық қиялының жемісі деп қарауға болмайды.
Халық бұл таң қаларлық оқиғаларды әулиенің өзінің көзі тірісінде көрсеткен кереметтері деп санаған және соған қалтқысыз сенген. Шындығында да, бұл аңыздардағы кереметтік элементтердің сол замандардан келе жатқаны аңғарылады. Аңыздарда, ең әуелі шындық, сол шындыққа негізделген қиял әрекет етеді.
Пір Бекет Ата туралы қазақ аңыз-әпсаналарында тарихи шындық белгілері көбірек. Оған дәлел, Алланың ақ жолын ұстанған даналарымыз жайында кездесетін аңыздармен сюжеттік туыстығы мен мазмұндық жақындығынан көрінсе, екіншіден, бұларда дәуір шындығын танытатын ерекшеліктердің мол болуынан және солармен байланысты заттық айғақтардың да біршама сақталып қалуынан байқалады. Сондай-ақ олардың өзара мазмұндық сабақтастығы да кездейсоқтық емес.

Діни әпсаналар мазмұнына тән ерекшеліктерді құрайтын әңгімелердің тағы да бір парасы – киелі әулие абыздардың ілгеріде болатын құбылысты көруі, болашақты болжауы. Халық елден шыққан ерендерінің, киелі әулие-әмбиелерінің нақты іс-әрекетін, ерлігін, көріпкел қасиеттерін есінен шығармады. Олар адамның тағдыры мен келешегін, төнгелі тұрған жамандық пен қуантқалы тұрған жақсылықты мезгілінен бұрын болжай білген тұлғаларды айрықша қадір тұтқан. Сондай қадір тұтқан тұлғаларының бірі – Әулие Бекет Ата. Атаның әулиелігі оның көріпкелдік қасиеттерімен ерекшеленген.
Әдебиет тарихынан елеулі орын алып, артына өшпес мұра қалдырған көрнекті жыраулардың бірі – Бұқар жырау, Қорқыт ата, Асан қайғы сияқты ұлыс ордасында отырып, халыққа ақыл-кеңес, толғау айтқан данышпан. Оның ғұмыры Абылай ханның қасында сәуегей биі, ақылшы-кеңесшісі ретінде өткені мәлім.
Сәуегейлік, болжампаздық – жыр бетінде адам жаратылғалы бірге жасап келе жатырған, астары терең, күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Болжаушылық қасиетке шешен, батыр, әулие, диуана, жалпы терең ойлы жан ғана қол жеткізе алады.
Ұлыстың ұранына айналған әулие Пір Бекет Ата Мырзағұлұлы да болашақты кең шолып болжай білген көрегендік қасиетімен дараланады. Қабиболла Сыдиықұлы айтқандай: «Бекет Ата … алдағыны болжап, айтқаны келген көреген абыз, тарыққанқысылғанды жебеген, табиғат сирек жаратқан жан». Оның көрегендік қасиетін ел арасында айтылып жүрген аңыз-әпсаналар растайды.
Атаның болжау сөздері жыраулардың толғауларындай жырланбаса да, олардың көздеген мақсаттары бір болды. Олар ел мүддесін, халықтың саяси, мәдени, шаруашылық жағдайын, ел бірлігін, тұтастығын, заманның халін, келешек заманның жағдайын, халықты тәрбиелеу мәселелерін көздеді. Бұдан дәстүр сабақтастығы жалғасатынын анық байқаймыз.
Пір Бекеттің болашақты, соның ішінде Маңғыстаудай маңғаз жатқан елдің болашағы қандай болмақ деген сауалға төмендегі әпсана дәлел.
ХІХ ғасырдың басында Маңғыстауда екі жыл қатарынан қыс қатты болып, мал қырылып, отын мен азық жетіспей халық зор қиыншылық көреді. Осыны бұрын сезген Бекет Ата алдын-ала молынан отын жинап алуды, болмаса Жайық, Жем, Әму, Сыр жақтарын уақытша паналай тұруды ескертеді. Ауылдастары Бекет Атаны пір тұтқанымен бұл ақыл-кеңесін тым ұшқары санап тыңдамайды. Ел арасында негізгі мазмұны өзінің алдымен көшпегені, ойы жерді түрікпендерге бермекші болдыға сайған өсек-аяң тарайды. Уақыт өте келе Бекет Атаның айтқаны келіп, жаз бойы жаңбыр жаумай, бұрын-соңды болып көрмеген аптап шөпті қуратып, қуаңшылық басталады. Кенеттен түскен салқындықтың соңы қарлы боранға айналады.
Аласапыран басталысымен ел Сыр, Жем, Жайық бойларына көше бастайды. Онда да қыс қытымырлық танытқанымен өзен жағалағанның өзегі талмайтындықтан малға шөп, адамға ас жеткілікті болады. Мал да, жан да шығынға ұшырай қоймайды. Ал елде қалғандардың малы түгел дерлік қырылады. Аштық жүрген жерде түрлі ауру жайлайтыны белгілі, Маңғыстау елі де қалтарыста қалмай адам шығыны да болады. Ауыртпалықтан құтылудың жолын сұрауға ауыл ақсақалдары жиылып көріпкел Бекетке барыпты.
– Бекет, Сенен бірнеше сұраққа жауап алуға келдік, – дейді ақсақалдар.
– Сұраңыздар, – дейді Ата.
– Біріншісі, осы алапатты алдын-ала білген соң өзің неге көшіп кетпедің?
Ата сәл ойланып, ақсақалдарға барлай қарап:
– Уақытша ауыртпалыққа шыдамай көшіп кетер болсам ауылдастарым өре қозғалып, жаппай қоныс аударады да, жер бос қалады. Бос қалған жерге иелік етуге айналадағы ел құштар. Ал көшіп кеткендердің көбі барған жерге үйренеді де, қайта оралмайды, – дейді. Бұл жауапқа қанағат еткен қарттар:
– Болашақта Маңғыстау Адайларға құтты қоныс бола ма? – деген сауал қояды. Бұл сұраққа сәл кідіреді де:
– Келешекте Маңғыстау Адайлардың ғана емес барша қазақ баласының құтты мекені болады, сен оны айтасың, бұл топырақтан өзге ұлт пен ұлыстарға да нәпақа табылады, – деп жауап береді [2, 245].
Елдегі бүгінгі өзгеріс Әулие Атаның болжау сөзін растайды.
Сонымен қатар, көріпкел қасиетке ие тұлғалардың, Е. Тұрсыновтың айтуы бойынша, жау жағынан төнген қауіпті алдын-ала біліп, сол қауіптен құтылу амалдарын айтатын нұсқаушы, кеңесші міндетін атқарып отырған.
Мәселен, көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Бекет Атаның ең алғаш ұлысқа ұран тастауы жайында айтылған әпсанада, Ата дұшпандар жағынан төнген қауіпті алдын-ала біліп, қауіптен шығу жолын айтқан:
«…Бірде бейсенбінің түні, яғни қасиетті жұма күні таңда аян алып оянған жігіт
Бекет таң намазынан кейін ауылдас ел ағаларының басын қосып, оларға таңда алған аянын айтады: «Ал, ағалар, түнде ғажап түс көрдім. Түсімде аян берілді. Оны айтпасам, екі дүниеде де күнаһар боламын. Сіздерге тыңдау ауыр болса да айтуға мәжбүрмін. Себебі бейбіт отырған қалың ел – ауылдастарым тектен-текке қырылғалы тұр. Анығырақ айтар болсам, енді екі күннен соң сәскеде 500 аттылы жасақпен осы тұста отырған қалың елге ойран салмақ ниетпен түркмендер қарулы жасақ құрып жатыр. Дұшпанға қарсы соғысқа қазірден бастап дайындалып, сақадай сай тұралық. Түркмендерді Жем бойындағы ауылдардың тұсына келтірмей, алдарынан шығып, осы арадан он шақты шақырым жерден қарсы алуымыз керек. Түркменнің 500 кісісіне 50 кісімен қарсы тұрсақ жарап қалар. Иншалла, жаудың құтын қашырып, оларды соғыссыз, қантөгіссіз кері қайтарамыз», – дейді. Бекеттің жігер-сенімге толы мына сөзін ұйып тыңдап тұрған ақсақалдар алғашында сенер-сенбесін білмей абдырап қалады. Сенейін десе, жас жігіт Бекеттен бұрын-соңды мұндай сөз естімеген, әлі ел арасына атақ-даңқы енді шығып жүрген кезі еді. Сенбейін десе, жастайынан тәрбиеcімен, білімімен қатар-құрбыларынан озық ойлығымен, орасан зеректігімен ерекшеленіп тұратын. Ел ағаларының қысқа ойтұжырымдарынан кейін таразы басын сенім жағы басып кетеді. Сондықтан ел ақсақалs: «Уәжіңе құлдық, Бекетжан. Ендеше, жауға қарсы аттанатын қолды өзің басқарарсың», – дейді. Сонда Бекет: «Мен қол бастап бармаймын, бірақ сіздерден де қалмаймын. Жау келер тұстағы үлкен сайлардың біріне күні бұрын барып жайланыңқырап тұрыңыздар. Жау жақындағанда алдарыңыздан аққу болып жауға қарай саңқылдап ұшармын. Сол сәтте сіздер де қиқулап, жауға қарай атой сала шауып, төбе басына шыға келіңіздер де, ат басын тежеңіздер, оқ атпаңыздар. Осы кезде күшті жел соғып, тозаң тұрар, аспанға алдын көрсетпес шаң көтерілер. Нәтижесінде сіздердің 50 атты жасақтарыңыз дұшпанға жердің шаңын аспанға көтерген жер қайысқан қол болып көрінер. Олардың ойлануға да мұршасы келмей, құты қашып, қаша жөнелер. Қашқан жауды қумас болар. Тағы қайталап айтамын, өзі бас сауғалап қашқан жауға оқ атып, Құдай алдында күнәһар болмаңыздар», – деп мұқият тапсырады. Ел ағасы ақсақал батырлардың бірін басшы етіп, Бекет айтқандай, 50 кісілік жасақ құрып, жау келер күні таңертең үлкен сайға барып, жаудың келуін тосып тұрады. Сонымен көп ұзамай бұлар тағатсыздана күткен жау қарасы да көрінеді. Жау жақындап, аттарының дүбірі естілген кезде Бекет әруағы аққу болып ұшып, жауға қарай бағыт алады. Осыны күткен қазақ жігіттері «Бекет! Бекет!» деп атой сала қыр басына шауып шыға келеді. Дәл осы сәтте күшті жел соғып, тозаң көтеріліп, жердің шаңын аспанға көтереді де, бұлардың шағын жасағы жауға жер қайысқан қол болып көрінеді. Жау жасақтары беталды тым-тырақай қаша жөнеледі. Сөйтіп Бекет болғалы тұрған қантөгістің алдын алып, түркмендердің қазақ ауылдарын шауып, мал-дүниесін, құл-күңдікке қыз-жігіттерін алып кету үшін келе жатқан арам ойпиғылдарын болдырмай тастайды. Осы оқиғадан кейін Бекет елге толық танылып, ұлысқа ұран атала бастаған екен [3, 33]. Бұл әпсанадан байыпталатыны, Атаның болашақты болжауы адамның тіршілігіне де, жалпы қауымның тұрмысына да қатысты айтылады. Зиядан қажы Қожалымов өзінің зерттеу еңбегінде: «Тарихта аттары белгілі Пір Бекет, Мөңке би, Өтеген батыр тағы басқа шешен-билер болжамы біртіндеп шындыққа қарай табан тіресе, Абыз Әлмерек батагөй әрі түс жорудың шебері болғаны аңызға айналғалы бірнеше ғасырды артқа қалдырды. Қазақ халқының дарынды ұрпақтарының өте ерте заманнан-ақ, болжапмаздық өнерін аспан жұлдыздарына, жанжануарлардың әрекетіне, өсімдіктің реңіне қарап неше түрлі жасаған болжамдары, тіршіліктегі құпиялардың белгісінен хабар береді» [4, 410] – дейді.
Ел ішінде айтылып жүрген аңыздарда да Пір Ата қазақтың қос тарланы – Исатай мен Махамбетпен кездесіп, бата берген деседі. Атаның берген батасынан алдағыны болжағаны анық көрінеді. Мәселен, Исатай Тайманұлына берген батасында: Исатай, алдағы екі мүшеліңнен аман өтерсің, Өкіметке содан кейін бөтенсің.
Болыс әлде би боларсың,
Ханға бірде жақын, бірде алыс қонарсың. Қыста оңарсың, жазда тоңарсың, Балуан емес, батыр боларсың.
Отызыңда отбасына толарсың, Сұлтанның иті қауып, Жарлыға барып қонарсың.
Қырық бес пен алтыда өзіңе абай болғайсың, Сол жасқа дейін сен солмайсың!..
Ал енді берген атаныңды
Екі-үш жыл ғана бағармын, Содан кейін келіп жетер Менің де бір хабарым…
Атаның айтқаны қалт кетпей Исатай бастап, Махамбет қостаған Бөкей Ордасындағы халық көтерілісінде 25 пен 37 мүшелдерден аман өтіп, 49 жасқа жете алмай, батыр оққа ұшады.
Махамбет Өтемісұлына берген батасында: Екінші мүшеліңде Хан Ордасына еркін кіресің, Бір бөлек елді басқарасың. Әділетсіздікке төзбейсің,
Ол маңдайыңа жазылған.
Басыңа пәле Ханнан емес,
Туыстарың мен маңындағылардан болады. Ханның тоқалынан сақ болғайсың, Одан арандап қалма.
Арқалы ақындық қонғалы тұр,
Халық әр сөзіңді жатқа айтатын болады. Отыздан асқаныңда Ордадан кетерсің, Ханнан аулақ қонып, шабысқа да барарсың. Даудың басы жер мен әділетсіздіктен басталады, Көп қан төгіледі.
Ең жақын жолдасың – сен үшін басын оққа байлайды,
Одан айрылғаннан кейін бәрін дереу доғарғайсың, Одан әрі Ханмен де, оның айналасымен де тартысқа Барғаның – жөн болмайды.
Еліңе сыйлы боласың, атағың тек жеті аталық емес,
Жер бетіне жайылады,
Кейінгі ұрпақ өзіңді мақтан тұтады [5,582].
Міне, көнеден жеткен аңызда осылай екі құдіретті адамның кездесуі айтылады. Бекет Ата өзінің көріпкелдігі арқылы бала Махамбеттің арқалы ақын, батыр қолбасшы, есімі ел есінде қалатын біртуар жан екендігін осылай танып, батасын берген екен.
Қорыта айтқанда, көріпкел абыздар мен жыраулардың қоғамдық деңгейі өте жоғары болды. Өйткені олардың көздегені ел мүддесі, халықтың саяси, мәдени, шаруашылық жағдайы, ел бірлігі, тұтастығы, заманның халі, келешек заманның жағдайы, халықты тәрбиелеу мәселелері болды. Жыраулар өз толғауларымен жырласа, көріпкел абыздар жаратушының берген ерекше көрегендік қасиетімен дәлелдейді. Ел татулығын көксеп өткен Қара қылды қақ жарған, мың жылдығын болжаған дала кемеңгерлері исі қазаққа қажет философиялық ойлар түйіп, данышпандық тұжырымдар жасаған. Болжау сөздері келер заманның кейпін кемел көрегендікпен сиппаттауымен ерекшеленеді. Белгілі қазақ философы Аманжол Қасабектің сөзімен айтқанда, дана бабаларымыз болжау сөздерімен өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әртүрлі деңгейде, бірақ жалпы алған жартылай даму тенденциясы шеңберінде қазақ халқының қоғамдық, саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады.
Алты Алашқа Пір болған әулие Бекет Мырзағұлұлы да қазақ ауыз әдебиетіндегі болжампаздық дәстүрді жалғастырушы екендігін көріпкелдік қасиетімен қатар ел ішінде айтылып келетін аңыз-әпсаналары дәлелдейді. Атаның болжағаны бұлжымай келетін көріпкелдігімен қиянат пен кесапаттың жолын кесіп, әділет пен адалдықтың жолын ашып, шарапатын аямады. Қоғам алдында ертең «не тұратынын» іздеу арқылы қазақтың ұлттық идеясын жаңғыртып отырған.
Егеменді еліміздің тәуелсіздігі өткен тарихымызды терең зерделеп, барымызды бағамдауға, жоғымызды түгендеуге жол ашты. Еркін ойлауға мүмкіндік берді. Осыған байланысты қилы кезең тұсында өмір сүрген ата-бабаларымыздан сақталған мол фольклорлық мұраның әртүрлі қырларын бүгінгі күн талабына сай қайта қарап зерделеу, оларға жаңа көзқарас, дербес ойлау тұрғысынан баға беру фольклортану ғылымы алдында тұрған кезек күттірмейтін мәселелерге жататыны даусыз. Осындай маңызды істердің бірі Алты Алашқа Пір болып келген Бекет әулиеге байланысты аңыздарды, әпсаналарды зерттеу болып табылады.
Бекет Ата туралы аңыздар мен әпсаналарды қарастырғанда біз алдымен аңыз бен әпсананың зерттелуін, түрлерін, ара қатынасын анықтап, олардың ортақ негіздерін табуды мақсат еттік. Ел ішінде кең жайылған Бекет әулие туралы әр түрлі сипаттағы деректерді жинақтап, жанрлық тұрғыдан сараладық.
Қазақ фольклорының аңыздық жанры әрбір халықтың тарихи санасының, дүниетанымының, басынан өткерген қилы тарихи тағдырының іздерін жинақтап берген жанр. Әпсана да фольклордың жанры түрінде қалыптасқан, ғылыми ортаға танылған ұғым. Тарихи аңыздар секілді бұл фольклорлық жанрдың да ел өмірінен алатын орны едәуір елеулі. Халықтың тарихи тағдырын өткен өміріндегі болмысын айқындауға көмектесетін тарихи аңыздардың өзектілігі Бекет Ата төңірегінде айтылған аңыздарда талданды. Сондықтан да Ата жөнінде айтылатын аңыздардың тарихи негізі бар, халықтың таным түсінігіне, санасына берік ұялаған шығармалар.
Бекет бабамыздың өнегелі істерін, батырлығын, кемеңгерлігін, абыздығын, көріпкелдігін танытатын, дәріптейтін тарихи аңыздары – ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастықты бітімдестіріп тұрған бағалы мұра.
Бекет Мырзағұлұлы жөнінде айтылатын фольклорлық жанрлардың (аңыз, әпсана) мүмкіндігі осымен шектелді деуге болмайды, оның ұлттық фольклорымыздың басқа да жанрларында көрініс беретін ерекшелігі дербес зерттеуді қажет етеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Сыдиықұлы Қ. Бекет-Ата. – Алматы: Арыс, 1994– 130 б.
2. Мырзабекұлы И. Бекет ата. Имандылық-тағылым кітабы. – Ақтөбе: Насихат, 2009.– 870 б.
3. Қосбармақ Р. Бекет-Ата: Тарихи-танымдық зерттеулер, аңыз-әңгімелер. – Алматы: Информ-А, 2015. 133б.
4. Нәренбайұлы Ж. Пір Бекет. – Алматы: Жазушы, 2008.–320 б. 5. Қожалымов З. «Киелі шаңырақ». –Алматы: Шалкөде, 2006. – 410 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *