АҢЫЗДАН АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

АҢЫЗДАН АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

Мырзабеков Ислам Мырзабекұлы
педагог, Бекет Ата туралы кітаптардың авторы,
Ақмешіттегі Бекет Ата мешітінің шырақшысы (Атырау)

Қай дәуірде болмасын, халқының сеніміне берік орныққан, табиғи қасиеті, таланты, имандылық, адамгершілік ұлағаты, кісілік келбетімен айрықшаланып, дараланған, тарыққанда жәрдем, зарыққанда демеу тұтқан адамдары болғаны талайталай тар жол тайғақ кешулерді басынан өткізген халқымыздың тарихынан белгілі. Солардың бірі және бірегейі – Пір Бекет Ата Мырзағұлұлы. Байтақ еліміздің батыс өңірі, соның ішінде Маңғыстау жұрты Бекет Ата есімін аса қадір тұтады. Елі мен жерін қорғаған батырлары «Жар бола гөр, Бекет Ата!» – деп ұран салып, жауына қарсы шапқан. Қуанғанда да, қорыққанда да тіліне «Иә, Бекет!» деген сөз оралған. Ел санасына өшпестей боп орныққан Бекет Ата өмірде болған адам. Атаның қасиетіне, әруағына, табиғи дарынына, ерлігіне қатысты ел ішінде аңыз боп өрілген әңгімелердің негізі – ақиқат. Сондықтан Пір Бекет Атаның шыққан тегі белгілі, қасиетінің танылуы айқын, кереметтер көрсетуі туралы оқиғалар рас. Оның бәрі ұрпақтың рухын жаңғыртуға, дәстүрлі діни сенім-нанымын нығайтып, имандылыққа баулуға ауқымды жол аша алады.
Шығысты зерттеуші В. Радлов, Б. Григорьев, К. Иностранцевтер, ХІХ ғасырда Маңғыстау өлкесін зерттеген Э. Эверсман, А. Дюгамель, П. Алексеев экспедицияларында хатқа түскен жазбалар және жергілікті халық санасында жатталып, бүгінгі күнге жеткен аңыз әңгімелер Бекет Атамыздың өнегелі өмірі мен атқарған қызметін толық дәлелдейді.
«Жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау – өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік» деп жазушы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, тоталитарлық жүйеге құрылған кеңес үкіметі кезінде Бекет Атамыз тек діни қайраткер ретінде бір жақты аталып, оның басқа қасиеттері ашып айтылмады. Яғни Қожа Ахмет Ясауидің: «Адамды жалғыз сатыда қарап зерттеу обал, оның басқа қасиеттерін аша түсу үшін әр деңгейде, әр мазмұнда жан-жақты зерделеп қарастыру қажет» деген философиялық ойға құралған тұжырымы қаперге алынбады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Атамыз әр қырынан зерделеніп, тарихтан тиісті орын алды.
Атап айтар болсақ, ол – ағартушы ұстаз, сәулетті шебер, батыр, әулие-астролог, мәмілегер би, абыз-ғұлама, Пір т.с.с.
Ә.Кекілбайұлы «Иә, Пір Бекеттің біздің рухани дүниемізге қайта оралуы бәрімізді ізгілік пен жақсылыққа, тазалық пен парасаттылыққа, бірлік пен ынтымаққа бастайды. Бекет Атаның екінші өмірі, яғни Бекеттану енді басталды» десе, академик Хисмет Табылдиев былай деп талдаған болатын: «Бекет Ата туралы ауыздан-ауызға таралған аңыздардың өзі имандылыққа баулудың бастау бұлағы тәрізді. Осы қайнардан қанып ішкен ұрпақ ғана санасы сауығып, салауатты ғұмыр кешудің жолына түспек».
«Рисолаи хилфати суфихо» кітабының 11-бетінде: «Бекет хазірет өз заманының ұлы сопысы деп ұлықталады, яғни бұл атақ Пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы. Мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі. Алла Тағаланың алдында құрметтісі, өз дәуірінің ұлы сопысы деп атанған адам» деп түсіндіріледі.
Ал «Тазкирий Мухаммед Бакийр» қолжазбасының 168-бетінде Бекет Ата өмірінде қиындықтарды көп көрген, адам таңқаларлық кереметтер жасай алатын үлкен қасиет иесі, сопылықтағы ең жоғарғы мәртебе «Машайық» дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбектер арасында атағы кең жайылған белгілі ғұлама еді. Ел оны «Ахмад» деп дәріптейтін деп көрсетілген. «Ахмад» – «Мақтаулы» деген сөз. Демек, Атаның ұстанған жолы – сопылық, жеткен деңгейі – Машайық, дәрежесі – Пір деп мойындалған. Бұл қазақ даласында өте сирек кездесетін құбылыс еді. Мұндай жағдайда Бекет Атаның бұл шарықтауы «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» десе дегендей еді. Ата Алланың қалауымен түрлі ғажайып кереметтер жасай алған. Мысалдар келтірейік:
– Әп-сәтте құсқа айналып ұшу.
– Азды көп, жансызды жанды етіп жіберу.
– Елді шабуға келе жатқан жауды, келетін жұқпалы ауруларды, табиғи апаттарды күн ілгері болжау.
– Аз ғана сарбаздарын жауға көп қылып көрсетіп, жаудың үрейін ұшырып, кері қайтару.
– Даланың тағы аңдарын өз малындай ұстап, киіктерді сауып ішіп, қарапайым жағдайда күнелту, оңашада құлшылықпен ғұмыр сүру т.с.с.
Ендеше, бойына таңғажайып қасиеттер дарыған Бекет Ата жайлы аңыз бен ақиқат қатар өрілген әңгімелерге, өлең-жырларға кезек берудің жөні келіп тұрған сияқты.
Халық аузында Бекет Ата әруағы аққу, арқар, жылан, т.б. болып көрінетіні жиі айтылады. Атаға қатысты Бабық Сабытай Нұрұлы ел аузынан естігендерін былай әңгімелейді екен: «Бекет Ата халықтың көзінше үш рет ұшқан көрінеді. Оның ұстазы әрі пірі Бақыржан қажы өмірден озарда шәкірттеріне:
– Менің жаназама Маңғыстаудағы шәкіртім Бекет келіп жеткенше кідіртіп күтіңдер, – деп өсиет қалдырыпты. Ғұлама-пірдің жаназасы қашан, қайда болатыны Атаға аян арқылы жеткен. Оның үлгеріп келетініне күмәндәнған жамағат өздерін кідірткеніне және жаназаның кешіккеніне тағатсыздана бастайды. Осы кезде көз ұшында бір алып құс ұшып келеді. Қаралы қауымға жақындағанда әлгі құс адамға айналып, жаяулап асығыс адымдап келе жатады. Бұл Бекет Ата еді. Сөйтіп ұстазының жаназасына қатысады.
Екінші мысал. Бекет Ата құн дауы кезінде Адайлардан теперіш көрген көрші Әлім ауылына барғанда, олар сөзге келместен Бекетті өлтіреміз деп даурығады. Сонда Бекет:
– Маған далаға шығып намаз оқып алуыма мүмкіндік беріңдер. Сосын қалауларыңды жасаңдар, – депті. Ауыл басшысы рұқсат береді. Бекет Ата намазын оқып болған соң, олардың көз алдында алақанат аққу болып ұшып кетеді.
Үшінші мысал. Бір жиында рулар арасында әруақтарын сынау мақсатында бәсеке болады. Барақ батыр құс болып көкке көтерілгенде артынан үш аққу балапаны, ал Бекет Ата қалықтағанда жеті аққу балапаны ере ұшыпты. Бұл көріністі бақылап тұрған абызсыншы Бараққа:
– Сенің қасиетің үш атаға, ал Бекеттің әруағы жеті атасына дейін жалғасады депті.
Абыз-сыншы айтқан болжам дәл келіпті.
Ел ішінде мына өлең жолдары бар:
Қазақта әруақты ер бар Бекет деген, Алласы берген бағын екі етпеген. Қақ жарып қара тасты – Оғыландыны, Зайыры жеті ұрпағына жетеді деген…
Тағы бір әңгімеде былай делінеді: Жаудың бес жүз қолы қазақ ауылдарын шабуға келе жатқанын Бекет Ата қасиетімен сезіп, оған қарсы елу шақты адамнан жасақталған қолды араларын қырық-елу қадам қашық ұстатып, сайда күттіріп қояды. Оларға жау жақындағанда өзі аққу болып, қаңқылдап жауға қарай ұшады. Артынан жорықтастары айғайлап алға ұмтылады. Бірақ жауды атқызбайды. Сонда кереметімен елу әскерді жауға жер қайысқан қалың қол қылып көрсетіп, дауыл тұрғызып олардың құтын қашырып, еліне қарай бас сауғалап қашуларына мәжбүр етіпті.
Осы жолы қазақ сарбаздары ұрандап алға ұмтылғанда ауыздарына алғаш рет «Иә, Бекет!» сөзі түсіпті. Содан былай қарай күні бүгінге дейін осы сөз халықтың ұранына айналып келеді (бұл деректер «Жас алаш» газетінің 21.09.2010 күнгі санында жарық көрген Жетібай Жылқышыұлының «Бекет Ата туралы аңыз-әңгімелер» зерттеу еңбегі мен осы жолдар авторының 1999 жылы Ақтаудан шыққан «Бекет Ата» кітабындағы «Бекет Атаның елге алғаш рет ұран болуы» мақалаларынан алынды).
Атаның Оғыландыдағы мешітін тәу ете барған зияратшылар қасиетті мешіт маңында жайылып жүрген аңдарды, яғни арқарларды жиі көреді. Оларды атуға, ұстауға болмайтыны белгілі. Егер біреу дала аңдарына зұлымдық жасаса мертігіп әлде қиын жағдайға ұшырайтын көрінеді. Зияраттап келгендерге арқарлар көрінсе, жақсылық нышаны деп қабылдайтын түсінік қалыптасқан.
Бір жолы Қ. есімді аңшы аң-құс атып жүріп, Ата арқарларына көз тігіпті. Ата ол кісінің түсіне еніп: «Менің айналамдағы аң-құстарды атпа, шырағым. Алыстағы аймақтағы аң-құстар саған жетеді», – деп ескерткен екен. Бірақ әлгі кісі атаның аянына құлақ аспай: «Айдаладағы аң-құстарда не шаруасы бар екен, тыныш жата бермей, деп Ата әруағына тіл тигізіпті. Онысымен қоймай, арқарлардың бірін атып, қанжығасына байлапты. Таңертең ұйқыдан оянған аңшы екі көзінің соқыр болып қалғанын байқайды.
Маңғыстауға және одан тыс өңірлерге есімі белгілі емші Тасқара Қаратайұлы ақсақалмен кездесулердің бірінде былай дегені бар: «Ертеректе Тобықтыдағы Бекет Ата мешітіне жақын жерде мал бағып отырған Б. есімді жақынымның үйіне (қыдырыстап) шаруа жайымен барып отырғанымда, сол маңда сыбай отырған бір таныс кісі садақа жасайтынын айтып, мені де қоса шақырып кетті. «Садақа – көптің асы» болғандықтан ініме еріп мен де бардым. Шай ішілді. Садақа еті асылған қазан бұрқылдап қайнап жатыр. Бір кезде садақа жасап жатқан кісінің қырағы көзі қазан жаққа түскен екен, бір сарыүйек жыланның қазан жанында басын жоғары көтеріп, бас шайқағандай болып тұрғанын көреді. Бұл көрініс әлі кісінің мақсат-тілегінің орындалмайтынын меңзеп тұрғандай еді. Ол кісі осы оқиғадан кейін көп ұзамай пәниден бақиға аттанып кетті.
Әлдеқалай жолдан адасқан жолаушылар Ата есімін ұлықтап, көмек сұраса, сәлден кейін Ата әруағы арқарға айналып, жолаушының бағыт алып баратын жеріне жеткенше алдына түсіп жортып отыратын көрінеді. Мұндай оқиғалар осы жолдар авторының басынан да әлденеше рет өткенін назарларыңызға беремін.
Ақмешітте 1997 жылдың көктемінен жазға ауысар жайма-шуақ күндердің бірінде мешіт құрылысы басталып, кіреберістегі бөлме мен төргі бөлмедегі артық топырақ сыртқа шығарылып жатқан болатын. Осы мезет төргі бөлменің қақ ортасынан көгілдір реңкте сипаттауға тіл жетпейтін өте әдемі жылан пайда болды. Бәріміз жұмысты тоқтатып әліптің артын бақтық. Жерден басын біршама биікке көтеріп, жан-жағына бір минуттай қарап тұрды да, басын жерге түсіріп оңтүстік батыс жақты бетке алып кетіп бара жатып көзден ғайып болды. Дәл осы көрініс сәлден кейін кіреберістегі бөлмеде де қайталанды. Бірақ бұл бөлмедегі жыланның түсі бізге сарғылт-қызғыш болып көрінді. Бұл жыландарды көпшілік ата-аналарының әруағы болар деп топшылады. Тағы бірде Ата жайлы ел ішінен материалдар жинап жүргенімде аузы дуалы бір ақсақал кісі былай деді: «Бекет Ата қайтыс болғаннан кейін қырық жыл бойы Оғыланды тауын қос аққу жиі айналып ұшып жүргенін халық көреді екен. Мұндағы қос аққу болып ұшып жүрген Бекет Ата мен оның ұстазы Бақыржан қажының әруағы болар деп топшылаған көрінеді. Бекет Ата қажылық сапарға аттанарда құс болып ұшып кетеді екен деген де әңгіме бар.
Кеңес үкіметінің «шаш ал десе бас алған» солақай саясатының кесірінен Маңғыстаудағы «балапан басына, тұрымтай тұсына» кезеңде күнелтісін ойлап жанжаққа бытырап кеткен елді кейін қайтару мақсатында уез шешімімен Есен Еламан деген беделді кісіні Жем, Сағыз бойына өкілдікке жеберді. Елекең қонуға Ақмешітке келсе, он бір кісі одан бұрын қонуға келіп отыр екен. Олар ұры-қарыдан қауіптеніп, аттарын шідерлеп қояды. Ал Елекең әуелі Алла, содан соң Атасынан медет күтіп, Құдай жолына бір боз қасқа қой садақа айтып, атын шідерлемей ұйқыға жатады. Таңертең қонақтар ұйқыдан оянғанда әлгі он бір аттың шідерін шешіп алып ұрылар айдап кеткенін бір-ақ біледі. Ал Еламанның аты аман екен. Сол Еламан 1943 жылы Маңғыстаудың Ұланақ колхозының егіс бригадирі болып жүргенде қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылынан жиырма бес түйеге жүктеп тары алып қайтады. Жолда түйелердің бірі батпақты өткелден өте алмай жатып қалады. Тары алып келе жатқандар 9 кісі екен, олар өзара ақылдасып, әлгі түйе таңертеңге дейін тұрмаса, сойып алуға келісіп сол маңға қос тігіп жатып қалады. «Үмітсіз – шайтан» деген Елекең атасына сыйынып жеті шелпек садақа айтып жатады. Таңертен түйені сою үшін өткел жағасына барса, түйе жатқан орнында жоқ болып шығады. Із кесіп, көп түйенің арасында жайылып жүргенін көреді. Жолаушылар ата рухына тағызым етіп ризашылықтарын білдіреді және сапарын жалғастырып, аман-есен елге жетеді.
Бекет Ата ұрпағы Мұрын деген кісі қайтыс боларында балалары мен тумаластарына: «Мен пәниден бақиға көшкенде мүрдемді түйеге артып, Оғыландыны бетке алып жүріңдер. Түйе шөккен жерде қабірім қазулы тұрар, мүрдемді сол қабірге жерлеңдер деп өсиет қалдырған екен. Қасиет иесінің айтқаны айдай келіпті (Бейнеу аудандық «Рауан» газеті, 21.11.1991).
Оғыландыдағы мешіт құрылысы жүріп жатқан кез екен. Қосжан есімді жігіт мешітке жақын жердегі жолмен жиырма шақты қой айдап келе жатады. Дәл осы кезде бесін намазын оқу үшін дәрет алуға далаға шыққан Бекет Атаға Қосжан келіп сәлем береді. Амандық-есендік сұрасқаннан кейін Бекет Ата Қосжанға: «Мешіт құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылардың азық-түлігі таусылуға жақын қалып еді, қойларыңның барлығын маған беріп кет, есесін қайтарармын, шырағым», – дейді. Бірақ Қосжан әлдебір сылтаулар айтып қойын бермейді мешіт тұсынан ұзаңқырап шыққаннан кейін қойларына қасқыр шауып, бірін қалдырмай қырып кетеді. Ал Қосжанның өзі адасып, әрең дегенде шаршап-шалдығып, жаурап үйіне құр сүлдері жеткен екен.
Маңғыстаудағы ағайын-жекжаттарына қыдырыстап барып, Түркіменстандағы ауылына қайтып келе жатқан екі жолаушы жолай Ата мешітіне соғып, түнейді. Таңертен жол жүрер алдында түнде ұйықтап жатқандардыңа түсіне Ата еніп, оларға мешіттен ештеңе алып кетпеуін ескертсе де, олардың пиғылдары бұзылып, Ата басындағы азықтүлік, дүние-мүліктерден керегінше алып жүріп кетеді. Жолда адасады. Шаршайды. Аттарын бір бұтаның түбіне байлап, қапшықтардағы азықтардан алып жеп отырғанда, кенет қатты жел тұрады. Аттар үркіп, бұтаны суырады да қашып кетеді. Олар бірнеше күн жол жүрген соң әлдері құрып жатып қалады. Олжасы кедейленгеннен кейін кездесіп қалған бұрғылау экспедициясының адамдары ғана ажал аузынан алып қалады.

Ақмешітте туған әңгімелер

1995 жылы туған Ж. есімді немерем үш жастарында талма ауруымен ауырды. Ж.ны Оғыландыдағы Ата мешітіне апарып, қонақ үйінде түнедік. Үшінші күні түнегенімізде түн ортасынан ауа бала талықсып, қайта-қайта есінен талып қала берді. Дем салып Құранның жүрегі саналатын «Иасийн» сүресін оқыдым. Бір кезде Ж.: «Ішімнен қара мысық шығып қашып бара жатыр», – деді. Мен бала нұсқаған жаққа көз жүгірткенімде, көзден ғайып болған мысықтың құйрығын көріп қалдым. Бала сауығып кетті. Аллаға шүкір, содан бері немеремді ауру мазалаған жоқ.
Бұдан он шақты жыл бұрын орыс тілді қандастарымыз бен орыс тілді ағайындардың сұраныс-өтініштерімен «Бекет Ата» кітабы орыс тіліне аударылып, халыққа тарады. Кітапты оқыған Л. есімді әйел азамат Атаның қадір-қасиеттеріне шүбә келтіріпті. Сол түннің таң алдында Бекет Ата әлгі әйелдің түсіне еніпті. Л.-дан сұрағанымызда Ата көзіме көрінген жоқ, бірақ қасымда тұрып сөйлескендей болды. Даусы анық естіліп тұрды», – деді. «Ата не деді?» – дегенімде, Л. Былай деп жазба қалдырды: «Книга написана по воле Аллаха! Я прочитала книгу «Бекет Ата» однажды во сне слушаю его голос, он говорит, что все сведения, которые собирал автор написаны по воле Аллаха. Все это правда и факты.
Ляйля. Астраханская область. Красноярский район. Пос. Красный яр».
Еліміз егемендік алғалы бүгінге дейін Бекет Ата жайлы жиырмаға жуық кітап, он бес шақты журнал, күнтізбе-күнпарақ шығып, жүздеген газеттер Ата жайлы тұщымды материалдар жариялады.
Солардың ішінен «Бекеттану» тарихындағы тұңғыш кітап осы жолдар авторының шығаруымен 1993 жылы Өзбекстанның Гагарин баспасынан 1000 дана таралыммен жарық көрді. Одан кейін де Атаға арнап төрт кітап шығардым. 1990 жылдардың басы өліара шақ, қиын кез болды. Әсіресе, қаржы тапшылығынан қатты қиналдым. Бұл қиындықтан Бекет Атам құтқарғанын айтқым келеді. Өзбекстан Республикасының Самарқанд облысының Каттақорған ауданында тұратын сол өңірдегі Есенқұл есімді белгілі кісіге тағдыр ісі болды. Мен сол кісінің жаназасына қатысуға шақырту алдым. Қонақасында болдым. Түнде Ата түсіме еніп, осы кісінің жаназасын өзің оқисың. Берген малын ақшаға айналдырсаң, екі ай көлемінде кітабың шығады деп көзден ғайып болды. Атаның түстегі аяны дәл келді. 500 кітабын Маңғыстауға, 500 кітабын Гагарин қаласындағы мақта зауытының жұмысшы, қызметкерлеріне тегін тараттым. Осы арада айтайын дегенім, әр адам кітапты бір данадан алсын деген нұсқауды елемей, бір жігіт екі кітап алды. Әлгі кісіні қайта-қайта оятып, артық алған кітабыңды кері қайтар, басқалар да оқысын деп түнімен ұйықтатпапты. Әлгі кісі таңертең артық кітабын кері қайтарған екен.
1999 жылдың шіліңгір шілдесінде Ата жайлы көрші елдерден материал жинау үшін Түркменстанның бұрынғы Красноводск, қазіргі Түркменбашы қаласына сапарлап шықтым. Мұнда келгендегі тағы бір шаруам – Үсен есімді кісі Ата тұрпатын жасап, тұрпат сыртын қоршап, аула ішіне ағаш отырғызып, Атаға қызмет етіп жүргендін естіген болатынмын. Бірақ мен ол кісінің мекен-жайын ол кезде білмейтін едім. Үсеннің үйін әрең тауып бардым. Түнде түсімде Ата аян беріп: «Балам Үсенге айт, менің бас жағымда төрт үйімшін бар. Солардың екеуі менің тұрпатымды ластап жатыр. Солардан тазарта алса, тазартсын», – деді. Таңертең қала іргесіндегі «Алаш» қорымына, ондағы Ата тұрпатына тағзым еттім. Атаның түсімде айтқан 4 үйімшін дегені 4 машина қоқыс екен. Ата айтқандай, сондағы екі машина қоқыс Ата тұрпатын бүлдіруде екен. Үсен көрді де, бульдозер алып келіп тазартатынын айтып, менімен қоштасты.
Оғыландыдағы Ата мешітіне зиярат ете барған бір сапарымда зияратшы бір өзбек ұлтының өкілімен танысып, әңгімеге тарттым. Атаның қадір-қасиеті жайлы білетіндерін сұрағанымда жаңа танысым Ережепбай әкә былай деді: «Үш машина болып Өзбекстанның Хорезм облысы Үргенш шаһарынан Маңғыстауға жалданып, көкеніс таситынбыз. Бір жолы Үстіртке шыққан соң менің машинам бұзылып жүре алмай қалдым. Үстіндегі жүгімді қасымдағы екі машинаға бөліп жүктеп, тұрған жерімізді белгіледік. «Маңғыстау, қайдасың?» – деп жүріп кеттік. Қайтарда машинамды таба алмай біраз сенделдік. Лажсыз Бекет Ата рухынан медет тілеп көмек сұрадым. Екі сағат жүргеннен кейін Оғыландыдағы Ата мешітіне келіп, шай ішпек болып іркілдік. Бізден басқа 40 шақты машина сап түзеп тұрған екен. Сол машиналардың ортасына жақындай бергенде: «Оң жағыңа қара, машинаң машинаның үстінде қосалқы бөлшек болып тұр ғой», – деген Ата дауысы естілді. Барып қарасам, менің машинамның моторы, қосалқы бөлшектері екен. Техникалық паспортпен мотордағы номер сәйкес келіп тұр. Міне, осылайша Бекет Атаның қолдауымен көлігімді қайтардым.
2014 жылы 14 қыркүйек күні Атыраудан Ақмешітке зиярат жасай Есентемір Мұрат Елеуұлы келді. Хабарын айтты, бес жасар қызы бір күн бұрын диванның үстіне шығып ойнап жүріп құлап, иығын шығарып алады да шырқырап жылайды. Қорқып кеткен әкесі: «Әуелі Алла, содан соң Бекет әулие, жар бола гөр қызыма!» – деп боз қасқа қой садақаға айтады. Түнде ұйықтап жатқанда Бекет Ата Мұраттың түсіне еніп: «Қызыңның иығы шығып кетіп еді, салдым. Оғыландыдағы мешітім алыс қой, атаған малыңды жақын жердегі әке-шешем жатқан Ақмешітке алып барып, сойып садақа қыл!» – деп көзден ғайып болады. Түстегі аянға сенер-сенбесін білмеген Мұрат таңертең қызының иығын рентгенге түсіреді. Рентгенолог тексеріп болады да маған несіне әкелдіңдер. Маған дейін бір сыңықшыға алып барыпсындар. Қызыңыздың иығын 100% салыпты. Қызынызды алып кете беріңіздер», – депті. Содан Атаның қадір-қасиетіне, құдыретіне тәнті болып, садақа жасайын деп келіп отырмыз», – деп сөзін аяқтады Мұрат Елеуұлы.
Биыл Ақмешітке зияраттап келе жатқан үш жігіттің екеуі жолшыбай арақ ішіп, кәдімгідей қызып қалады. Ата мешітіне 20 шақырымдай қалғанда көліктері аударылып, арақ ішкен екі жігіт ауыр жарақат алады да, арақ ішпеген жігіт аман қалады. Атаның құдірет-қасиетін сонда ұққан олар Ата рухынан кешірім сұрап ауылдарына кері қайтыпты.
Кейбіреулерге аңыз кейіпкеріндей көрінетін Пір Бекет Атамыз туралы әр замандағы осындай мысалдар мен оның сайрап жатқан іздері ақиқатында тарихи тұлға, керемет қасиеттер иесі екенінің анық айғағы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *