Әдеби-талдау эссе

Әдеби-талдау эссе
Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі автордың батыр мінезін танытуын талдап жазыңыз.
Батыр – ерен күш иесі, еш нәрседен қорықпайтын, жауға тік келетін айбарлы адам. Адамның батырлығы, батырға тән мінезі жағдаят үстінде танылады. «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі кейіпкер – Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы. Әзілхан Нұршайықов туындыда аты аңызға айналған батырды оқырманына барынша жеткізуге тырысқан. Оны қан майдандағы батыр ретінде ғана емес, адам құндылықтары тұрғысынан да таныта білген. Роман-диалогте Бауыржан Момышұлы қара батырға тән мінезімен көрінеді. Оны автор Серебряковтың Жоғарғы Президиумға жазған хатындағы: «…ұрыс үстінде Момышұлы жаралы болды. «Енді шегінерлік жер жоқ, полкта адам аз қалды, не көрсем де полкпен бірге көремін», — деп, ол ұрыс даласын тастап кетуден бас тартты», — деген жолдар арқылы жеткізді. Бауыржан Момышұлының бойында жігерін қайрай білетін, бірбеткейлік батырға тән мінез бар. Ол ауыр жараланса да, ұрыс даласынан кетпеді. Мұндай батырларды қазақ халқында қара батыр деп атайды. Батырға тән қасиет алып қара күш иесі және қорықпайтын жаужүрек болумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге, адам бойындағы жақсы қасиеттердің бәрі батырға да тән. Сондай қасиеттердің бірі ретінде автор туындыда Бауыржан Момышұлын кемеңгерлігімен танытады. Автордың «…не бары жаудың екі-ақ танкін жойдым» деген сөзіне: «Сен сияқты солдаттың әрқайсысы екі танктен қирата берсе, ол осал іс пе екен!? … сегіз фашисті өлтіріпсің, … Ал екі мың отандасыңды ажалдан аман алып қалыпсың. Бұл, біле білген кісіге, аз еңбек емес, қарағым!» — деген сөзі арқылы жазушы батырдың ақылдылығын, кішіпейілдігін, кеңпейілдігін көрсетті. Батыр Бауыржан: «Сенің мұның менің батырлығымның қасында түк емес» — деген сияқты менмендік танытпай, өзі сияқты соғыс жауынгерінің бағасын арттырып, құрметтей білді. Автор, тіпті, «Апырай, а! …күні бүгінге дейін еліме мұндай еңбек сіңірдім деп ойламаушы едім» — деп қанаттанып қалды. Мұндай даналық батырлықпен пара-пар.
Қорытындылай келе, роман-диалогтегі автор жеткізген батырдың әр сөзі, әрекеті – оқырманына үлгі. Үлгі болып қана қоймай, отан, туған жер, абырой, парыз туралы ойлануына түрткі болады. Бұл роман-диалогті қазақ қана оқып қоймай, әлемнің әрбір тіліне аударылып, жалпыадамзаттық құндылыққа тәрбиелеудің көркем құралы ретінде таратылуы керек.




Әдеби-талдау эссеге құрылымдық талдау
КІРІСПЕ
Тақырыпты түсіну сөйлемі:
Батыр — ерен күш иесі, еш нәрседен қорықпайтын, жауға тік келетін айбарлы адам. Адамның батырлығы, батырға тән мінезі жағдаят үстінде танылады.
Бұл сөйлемде эссе жазушы эссенің тақырыбына орай, эсседе талданатын мәселе туралы түсінік беріп тұр. Тақырып батыр, батырға тән мінезді талдауды сұрап тұр.
Тақырыптың өзектілігі:
«Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі кейіпкер Ұлы Отан соғысының батыры – Бауыржан Момышұлы. Әзілхан Нұршайықов туындыда аты аңызға айналған батырды оқырманына барынша жеткізуге тырысқан.

Тақырыптың өзектілігі эссе жазуға себеп болған жайдан хабардар етеді. Өзекті мәселе – автордың батыр мінезін таныта білуі.
Тезис:
Оны қан майдандағы батыр ретінде ғана емес, адам құндылықтары тұрғысынан да таныта білген.

Эссе тақырыбынан тезис қойылады. Тақырып батыр мінезін автордың жеткізуін сұрап тұр. Сондықтан тезис те автордың Бауыржан Момышұлының батырға тән мінезін ашуын талдауға байланысты қойылған. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 – абзац
Тезисті қолдаушы пікір
Роман-диалогте Бауыржан Момышұлы қара батырға тән мінезімен көрінеді.
Тезис Бауыржан Момышұлының батырға тән мінезін ашуын талдауға байланысты қойылды. Соған қатысты тезистегі негізгі ойды қолдайтын пікір білдірілді. Пікір «қара батырға тән мінезімен көрінеді».
Аргументке дейінгі баяндау (уақыт, мекен, жағдай, қатысушылар т.б.)
Оны автор Серебряковтың Жоғарғы Президиумға жазған хатындағы:
Әдеби эссенің ерекшелігіне қарай аргумент келтіргенге дейін сол сөздің болған уақыты, мекені, жағдай, кімдердің бұл сөзге қатысы бар екендігі туралы қысқаша баяндайды.
Аргумент
«…ұрыс үстінде Момышұлы жаралы болды. «Енді шегінерлік жер жоқ, полкта адам аз қалды, не көрсем де полкпен бірге көремін»,- деп ол ұрыс даласын тастап кетуден бас тартты»

Бауыржан Момышұлының батырға тән мінезін танытатын хаттағы сөйлем аргумент ретінде алынған. Талдау(анализ)
— деген жолдар арқылы жеткізді. Бауыржан Момышұлының бойында жігерін қайрай білетін, бірбеткейлік батырға тән мінез бар. Ол ауыр жараланса да, ұрыс даласынан кетпеді.

Аргументтен кейін автордың оқырманға танытып тұрған батыр мінезіне талдау жасайды.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем
Мұндай батырларды қазақ халқында қара батыр деп атайды.

Абзацта айтылған пікір, аргумент, анализдерден кейін абзацты қорытындылап, жинақтап, бекітетін сөйлем.
Негізгі бөлімнің бір абзацынан екінші абзацқа өтуші сөйлем
(қажет болғанда)
Батырға тән қасиет алып қара күш иесі және қорықпайтын жаужүрек болумен ғана шектелмейді.
Бұл сөйлем эсседегі ой бірізділігін сақтау қажет болған жағдайда ғана жазылады. Осы сөйлем келесі абзацтың не туралы болатынына сілтеме беріп тұр.
2 – абзац
Тезисті қолдаушы пікір
Сонымен бірге, (сөз оралымы) адам бойындағы жақсы қасиеттердің бәрі батырға да тән. Сондай қасиеттердің бірі ретінде автор туындыда Бауыржан Момышұлын кемеңгерлігімен танытады.
Аргумент
Автордың «…не бары жаудың екі-ақ танкін жойдым» деген сөзіне: «Сен сияқты солдаттың әрқайсысы екі танктен қирата берсе, ол осал іс пе екен!? … сегіз фашисті өлтіріпсің, … Ал екі мың отандасыңды ажалдан аман алып қалыпсың. Бұл, біле білген кісіге, аз еңбек емес, қарағым!»
Талдау(анализ)
— деген сөзі арқылы жазушы батырдың ақылдылығын, кішіпейілдігін, кеңпейілдігін көрсетті. Батыр Бауыржан: «Сенің мұның менің батырлығымның қасында түк емес» — деген сияқты менмендік танытпай, өзі сияқты соғыс жауынгерінің бағасын арттырып, құрметтей білді. Автор, тіпті, «Апырай, а! …күні бүгінге дейін еліме мұндай еңбек сіңірдім деп ойламаушы едім» — деп қанаттанып қалды.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем
Мұндай даналық батырлықпен пара-пар.
ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ
Қорытындылай келе, роман-диалогтегі автор жеткізген батырдың әр сөзі, әрекеті – оқырманына үлгі. Үлгі болып қана қоймай, Отан, туған жер, абырой, парыз туралы ойлануына түрткі болады. Бұл роман-диалогті қазақ қана оқып қоймай, әлемнің әрбір тіліне аударылып, жалпыадамзаттық құндылыққа тәрбиелеудің көркем құралы ретінде таратылуы керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *