Қазақша оқу жайынан

Қазақша оқу жайынан

Ы.Алтынсарин

Қазақ ішінде әр жерде бала оқытатын адамдардан бала оқытуға програмы көрсетілсе екен деген өтініштер келеді. Бұл күнде қазақ арасындағы оқу жосықсыз һәм жосық жасауға болмайды да. Өйткені қазақтың бастауыш мектебінде оқитын кітаптар белгіленбек түгіл, әлі шыққан да жоқ. Жаңа ғана әліппе шыға бастады. Оның да қайсысы оқылары белгіленген жоқ. Дін жайынан оқытатын, есеп оқытатын, жағрафия һәм тарихтан қысқалап хабар беретін кітаптар әлі жоқ. Сондықтан программ деген сөз әзір ертерек. Әуелі бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеу дұрыс.
Бұл сөзді қоя тұрып, мұнан бұрынырақ ескеретін бір жұмыс бар. Ол мынау: бір нәрсені істегенде сол істі істей білетін адам істесе шапшаң да, жақсы да істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай. Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халынан хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасындағы…. керек. Бұл күнгі ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы бала оқыту ғылымын оқып шыққан адамдардың қолында. Сол ақылға да дұрыс. Содия содиялық ғылымды оқығаннан болғанда, доқтыр доқтырлық ғылым оқығаннан болғанда, мұғалім мұғалімдік ғылымын оқып шыққан адамдардан болуы тиісті.
Біз болысымыз, басқа жұрттың болысындай, елді баға алмайтын мінін айтып жатырмыз, билерімізде содиялық әділдік жоқ, мінін айтып жатырмыз, дәрігерлеріміз, бақсыларымыз доқтырдай ауруды емдей алмайтын мінін айтып жатырмыз, халқымыздың басқа жұрттай білімді емес, надандық мінін де айтып жатырмыз. Бұлардың мінін айтқанда бала оқытуымызда қандай мін барын да айтып, әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та – оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай отыр. Олар өтіп, кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайырылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.
Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде школда: қазақ балаларының бір парасы ескі молдалардан оқып жүр, бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи бастады. Орысша оқығандарды оқыту һәм тәрбиелеу ғылымы оқыған адамдардың қолында. Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет. Ескі жолдың оқуын сөз қылып, қозғамаймын. Бүгін бар, ертең жоқ болатын нәрсе. Дүния тегеріші кейін айналмайды. Ескі мен жаңаның оқытуға шыдамдылығы бірдей емес. Ескі әлі-ақ тозып, жыртылып, пара-пара болып тұтынудан шығады.
Жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа. Ниеті – жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тапқан-таянғанын жұртынан аяп қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебіндегі жұмысын қолдарына алуға лайық адамдар. Әр жайдан хабардар, дүнияда не істеліп, не қалыпта тұрғанынан бұлардың мағлұматы мол. Қысқасы, қазақ арасында білім нұрын жаюға нағыз қолайлы адамдар.
Балаларды қинамай оңай оқытуға керек… Қиналмай оқыса, оқуға балалар қызықпақшы, балалары тез хат білсе, ата-аналары балаларын оқытуға ықыластанса, оның оқуына керек расходын шығынданбас еді. Сүйтіп, мұғалім жақсы оқыта білгені қазақ ішіндегі оқушыларды көбейтіп, оқу ісінің шапшаңырақ ілгері басуына күш берер еді. («Қазақ» газеті. 1913, 16 мамыр. №14).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *