Мектеп керектері

Мектеп керектері

А. Байтұрсынов

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді һәм құрал қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Істің толық жақсы болуына, құралдар сайлы һәм жақсы болуы шарт. Үшінші, мектепке керегі белгіленген программа. Әр іс көңілдегідей болып шығу үшін оның үлгісі я мерзімді өлшеуі боларға керек. Үлгісіз я мерзімді өлшеусіз істелген іс олпы-солпы, я артық, я кем шықпақшы. Керексіз нәрселерді үйретіп, балалардың өмірін босқа өткізбес үшін, үйретерге тиісті білімді кем үйретпес үшін, балалардың күші жетпейтін өте алысқа сүйреп кетпес үшін, бастауыш мектепке үйрететін нәрселердің кесімі-пішімі болуға тиіс. Сол пішім программа деп аталады.
Мұғалім сайлы болу үшін, мұғалімге керек білімді үйрететін орыннан оқып шығарға тиіс. Ондай орын қазақ түгіл, қазақтан бұрынырақ қимылдап жатқан ноғай бауырларымызда да жоқ. Қолдан келмейтіндерін қоя тұрып, қолдан келерлігін дұрыстау тиіс. Орыс мұғалімдік школаларынан шығып, учитель болып жүрген қазақ жастары бар, мұсылман медреселерінен оқып, мұғалім боп жүрген қазақ жастары бар. Осылардың екеуі де толық мұғалімдікке жарайды, егер де бұлардың біреулері мұсылманша хат білу жағынан, екіншілері педагогика, методика жағынан кем соқпаса.
Осы күнгі орысша оқығандардың көбі мұсылманша хат білмейді, мұсылманша оқығандардың көбі педагогика, методикадан хабардар емес. Қазақтан тәуірірек школ һәм медресе бітіргендер аз. Ол аздың үстіне орысша оқып, мұсылманша да білетіндері аз. Мұсылманша оқып, педагогика білетіндері аз. Жұртқа тәртіпті мектеп керек. Мектепке сайлы мұғалімдер керек. Мектептерге мұғалім боларлығымыз жоғарыда айтылған екі түрлі жастарымыз. Олардың сайлы мұғалім болуына жетіспей тұрған жерін бітеп жетістіру ғана қажет. Орысша оқығандардың мұсылманша хат білуіне бір-екі-ақ ай үйрену қажет, мұсылманша оқығандар педагогиканы дұрыстап үйренбегенменен де методиканы біліп, жаңа усулдармен танысуына оған да бір-екі ай үйрену керек. Бұл бір-екі ай үйрену қайсысына да болса, қолдан келмейтін іс емес.
Мұғалімнен соңғы сайлы болуға тиісті нәрсе оқу құралдары. Оқуға керек қалам, қағаз, қара сия, сауыт, отыруға керек нәрселер пұлға табылатын заттар. Қазірінде пұлға дабылмайтын: қазақ мектебінде қазақ тілінде оқытуға керек кітаптар. Өткен нөмірде қазақ бастауыш мектебінде үйретілетін білімдер мынау дедік: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шару-кәсіп, жағрафия, жаратылыс жайы. Осыларды үйретуге керек кітаптар қазақ тілінде жоқ. Міне, қазір іздесек ақшаға табылмайтын құралдар осы. Осыларды дүнияға шығару керек. Біз бұларды уақыт жетуінше қолға алып жатырмыз. Бірақ, бір жағынан, басқа жұмыспен байлаулы болғандықтан, тез үлгеріп бола алмай жатыр. Шыға бастағандарына өкпесі бар кейбіреулер сын таққан болып жатыр. Сынағанда біреулері тіпті қолына алып қарамай, екіншілері қараса да танымай сынап жатқан көрінеді. Әркім сынау керек өзінің жақсы білетін нәрсесін. Білмейтін нәрсені сынаймын деп, құр өзінің білмегендігін көрсетеді. Біреудің бір нәрсенің білетін, білмейтіндігі істегенде ісінен көрінеді. «Айқап» журналында «Оқу құралы» есімді қазақ әліппесінен сын тағып отырғандар жаңа усулдарды білмейтін адамдар. Оқу кітаптары жазылады оқыта білетін, усулдармен таныс мұғалімдер үшін. Машина һәм басқа құралдар жасалады сол машина құралдарының тетігін біліп пайдаланатын адамдар үшін. Жұмсауын білмей кінә қою көзілдірікке кінә қойған маймыл сияқты болады я аузы қисық бола тұрып айнаға өкпелеген сияқты болады. Біз оқу құралдарының портретін алып істеп жатқан жоқпыз. Біздікі жаман болса, жақсысын шығарыңдар. Жақсы шықса, жаман қалатын.
Бұл оқыту жайының таласы ақыретте не болады деп таласу емес, қазақ жерді олай я бұлай ласа, түбінде пәлен болады деп таласу емес. Олар алдағы нәрселер. Оқыту жайын кім жақсы, кім жаман білетіндігін көзге көрсетугеболатын нәрсе – педагогика, методикаларды кәміл білетін адамдардың алдында әліппе шығарушы һәм сын тағушы, екі жағы сынға түсін, тұтынған усулы бойынша балаларға сабақ беріп көрсін. Таласпайтын орында талассын, аузын ауыртпай соны істеу керек. Әйтпесе, біліп сын таққанымды, білмей сын таққанымды жұрт қайдан білсін деп міндеу – жұрттың бәрі жақсы мен жаманды айырмайтын ақымақ деп ойлауға болады ғой.
Ана тілімен оқытамыз деген пікір – кіли орыстан тегі басқа, тілі басқа жұрттың бәрі қуаттайтын пікір. Ана тілімен оқу бізге керек екендігінде еш талас болмасқа керек. Назаров кеңесінде қазақта ана тілімен оқуға оқу кітаптары жоқ деп, бірден орысша оқытуды қуаттаушы чиновниктер болған. Сондай сөздер болмас үшін ана тілінде оқытатын кітаптарымыз бар деп айтуға жаралық болуымыз тиіс. («Қазақ» газеті. 1914 ж. 17 мамыр, №62)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *