Анама
Баласын қашанда Ана мәпелеген,
Асқар тау — баласы үшін Әке деген.
Сыйлаған маған өмір сіздер үшін,
Өмірге жыр сәбиді әкелем мен.
Анама жыр арнаймын мен әуелі,
Алманың ағашындай ол- мәуелі.
Анадан өсіп, өніп, өрбідік қой,
Сондықтан Ана жолы ең әуелі.
Анашым — мақтанышым өзің менің,
Болмасын еш уақытта көзіңде мұң.
Сен төзген біздер үшін қиындыққа,
Мен де енді Ана болып төзудемін.
Төрт бөліп түн ұйқыңды біздер үшін,
Білмеймін қанша таңдар көз ілмедің.
Білгенім: ардақтым да, аяулым да,
Анашым — асылымсың өзің менің!!!
Анаға арнау
Асылым ең, аяулым ең, жан Анам,
Бәріміздің бағымызға жаралған.
Сынығымыз өзіңдей біз асылдың,
Мәуелі ағаш тамырынан таралған.
Жігер беріп отырушы ең қамшылап,
Ыстық жасым отыр көзден тамшылап.
Өзіңменен бірге кетіп қалғандай,
Нұр бейнеңнен тарайтұғын бар шуақ.
Еске түсіп әрбір жүріс-тұрысың,
Тарылғандай болад(-ы) кейде тынысым.
Бар өмірін біздер үшін сарп еткен,
Теңдесі жоқ жансың, Ана, біз үшін!
Қалғандаймын қанатымнан қайырылып,
Аяқ асты Анам сенен айырылып.
Үш ұйықтасам ойламаппын бір күні ,
Анам жайлы жыр жазам деп қайғырып.
Суық ойлар торлап кетті санамды,
Жоғалтқан сәт мен өмірден Анамды.
Он бес түрлі мейірімге бөлеуші ең,
Еркелетіп, Ана -ау, он бес балаңды.
Біздер үшін тарттың өмір бейнетін,
Мойымадың, күйзелсең де кейде тым.
Жүрегімнің түкпірінде тығылып,
Жүреді енді тәтті елес боп келбетің.
Кімге айтамын енді мұң мен сырымды,
Жазып әлде жүрем бе мұңлы қып жырымды.
Сен өмірден озған күні жүрегім,
Қарс айырылып, жырым-жырым тілінді .
Кешірші, Ана, қателіктер жібердім,
Кешсең болды мен қатемді түзермін.
Аллаға аян, одан басқа күні ертең,
Не боларын аяқ асты білер кім.
Бір-ақ күнде қала бердік көз жасымыз төгіліп,
Асқар тауым — Әкем қалды нардай болып шөгіліп.
Жер ортасы жеткенінде жасына,
Жүреді-ау енді іштен тынып, егіліп.
Бататыны жаныма да сол менің,
Анашым-ау, мейіріміңе шөлдедім.
Алдағы өмір қалаймын мен Әкемнің,
Қиындыққа қайыспай тек төзгенін.
Ана алдында қара да, хан да бас иет,
Бұл — тәңірден жіберілген ерекше бір қасиет.
Анаң өліп артында Әкең қалмасын,
Бұл — Әкеге ауыр соққы, орасан зор қасірет.
Тәңір ісі, ажал оғы тұрмайды жанды күттіріп,
Қызмет қылды бәрі өзіңе аяғынан тік тұрып.
Оқыс келген өз ажалың арқылы мына біздерге,
Кеткендейсің дүние жалған, бәрі алдамшы екендігін ұқтырып.
Ұзап кеттің бізден алыс бір-ақ сәтте қас-қағым,
Торлағандай бір қара бұлт көңілімнің аспанын.
Қара жердің суығына тоңдырмай өн бойыңды,
Жылытып жатсын менің жазған өлеңім, жыр-дастаным.
5.02.2015
Ананы аңсау…
Сағынғаннан жүректен алып ұшқан,
Өлең деген туады сағыныштан.
Жалғайтұғын арасын өлең дер ем,
Сезімдерін жандардың сағынысқан.
Сағынамын, өзіңді, сағынамын,
Өмір заңы болған соң бағынамын.
Құлазыған сәтінде көңілімнің,
Өлеңіме мұң айтып шағынамын.
Келмейді кейде заңына өмір бағынғым,
Сағындым сені, Анашым, қатты сағындым.
Айырылып қалып қапыда асыл Анамнан,
Жүрмін енді іздеп ішінен «өмір-сағымның.»
Жүрсем де алмай жайларды кейбір түсіне,
Шарам жоқ қылар Алланың салған ісіне.
Ол жақта әлі алаңдап бізге жүрсің бе,
Жиі еніп жүрсің, Анашым, менің түсіме.
Анашым, жан едің сен-дара тұлғаң,
Өзіңе тартпай қалай жаратылғам?!
Өзіңсіз күй кешіп жүрмін мына өмірде,
Құстай болып қайырылған қанатынан.
Сезіндім ет-жүрегім езілгенін,
Қайысып қабырғамның сөгілгенін.
Жаныма қазаң қатты батты-ау, Ана,
Шарам жоқ мен амалсыз төзудемін.
Қайтейін тағдыр ісі амалым жоқ,
Қалмады бұрынғыдай жанарымда от.
Жүресің жүрегімнің түбінде енді,
Пір тұтар менің асыл адамым боп!
18.01.2016
Тағдыр — сынақ
Өмірдің әзер жүрмін мен шыдап заңына,
Шарқ ұрып жаным, Анамды қайта сағына.
Анаммен бірге келмеске кетіп қалғандай,
Сәттерім сол кез бақытқа жүрген малына.
Сағындым, қайтейін, жоқ бірақ ешбір амалым,
Сырымды айтып, мұңлы қып өлең жазамын.
Өмірде болса, жанымда анам дәл қазір,
Қолдар ед(-і) білем, баланың таудай талабын.
Көрмеппін бірақ тағдырға қатал сын айтып,
«Бағымды» алып қойса да мені мұңайтып.
Өмірдің өзі — сүрініп барып тік тұру,
Екенін осы сынақпен ғана ұқтыру.
Өкіндім талай, егіліп іштей жыладым,
Көтере жүріп тағдырдың салған сынағын.
Шығарсын шерін өлеңмен деумен тағдырым,
Сый қылып тартқан өнердің кәусар бұлағын.
2018
Тұлпар көңіл
Мұрша бермей ойымды сараптауға,
Шабыт маған келеді таң атқанда.
Таңнан нәсіп алсын деп Алла мені,
Таң алдында әдейі жаратқан ба?
Өмірдің атқан әрбір құба таңы,
Жабырқаған жанымды жұбатады.
Мендегі жырға ғашық тұлпар — көңіл,
Жыр жазуды таң алды ұнатады.
Ел ұйқыда мен болсам жатырм(-ын) жылап,
Санамды сансыратып сан мың сұрақ.
Шешімі табылмастай көрінгенмен,
Білетін сияқтымын өзім бірақ.
Түсімде Анам тілсіз үн қатады,
Сағыныш жүрегімді сыздатады.
Бәрі жақсы дегенмен ақын қыздың,
Көңілінде зіл-батпан мұң жатады.
Өмір заңы қайтейін сағынамын,
Қара өлеңге сыр айтып шағынамын.
«Құлыным»- деп бауырына басатұғын,
Мейірімін Анамның сағынамын.
Мазалаған ойларды жиып теріп,
Ақ параққа барынша түртіп жүрмін.
Анамның жаулығының ұшыменен,
Көз жасымды көрсетпей сүртіп жүрмін.
Бұзатындай өмірдің тас қамалын,
Ақ жаулығын Анамның жастанамын.
Медет қылып жаныма иіскеп жатам,
Қалмаған соң қылатын басқа амалым…
11.04.2020
* * *
Мақтауға сені тілімнің жетпес байлығы,
Жан едің, Ана-ау өмірде биік шоқтығың!
Кептеліп тұрар кеудемде кейде бір өксік,
Сезіліп қалған кездерде сенің жоқтығың…
Ақын туралы өмірдерек:
Темірханова Салтанат Құдайбергенқызы,
Қарағанды облысы, Шет ауданы, Киікті ауылында 1972 жылдың 21 қаңтарында дүниеге келген. Көптеген лирикалық жырлардың авторы.