ҰЗАҚБАЙ БАҚСЫНЫҢ САРЫНЫ
—Жақсының басы—бісмілла, Құранның басы—бісмілла, Алхамның басы—бісмілла. Бісмілла деп тәу етсек,
Сіз—Мұқамбет, біз—үмбет, Үмбетіңе жәрдем ет!
Қарағай қобыз мен алдым, Оңды-солды мың шалдым. Бес саусақты қыл кескен, Көкіректі жын кескен.
Өкпе менен жүректен,
Бүлкілдеген бүйректен Ат жібердім шабарға, Шарымтай мен қабырға.
Мінгені Көрекенің маржан жал-ды, Көрекен Балқияға хабар салды.
Қой көзді әсіре жайсаң
Қыз Балқия талықсып, Ертемен хабар салды.
Маңдайында сексен шоқ,
Табаным бар да, өкшем жоқ.
Көтім бар да, бөксем жоқ. Алпыс қойдың терісі Ау шықпаған Көроба. Жетпіс қойдың терісі Жең шықпаған Көроба. Жоғары жақта бар дейді Ер Тотай әулие. Төменгі жақта бар дейді Зілғара деген әулие.
Ал сыйындым сендерге, Жәрдем бергей біздерге?! Әлгі менің Пишугам, Анда менің Пишугам.
Ақылымды алмай кел,
Ауруыңды шалмай кел, Сыпайдың үйінде
Ойран ботқа салмай кел!
Айда біздің сары орыс,
Сүймендерін сүйреткен,
… түйреткен, Көзі шегір сары орыс. Жын атасы—Жирентай, Жын келеді апалай…
Үйдегі мен қырдағы,
Құбан менен Сырдағы
Арқаны сары жүндіге Нағашылы-жиенді,
Келіп бізге хабар сал! Ат жібердім шабарға
Ителгі мұндар, бермен кел!
Шақырайын жындарды,
Топалаң келген мұндарды. Ташкен кеткен Жалғабай, Бұхар кеткен Жалбағай. «Жалбағай» деп шақырсам, Жынның бәрі қалмағай.
Қатар да қатар қара нар, Шын жібектен бұйдам бар.
Желкілдеген шудаң бар, Ақыл білмес адам бар, Шайнайтұғын адам бар. Әлгі менің шұбарым, Әшекейлі тұмар бар. Шұбарым менің келгенде, Тарқамайды құмарым. Жер жүзінде әулие,
Күн көзінде әулие,
Машайықта әулие,
Мағрыптағы әулие,
Ал сыйындым сендерге, Жәрдем бергей біздерге?!
Жәдігөйім, жарғышым, Жарып бір ауруды алғышым.
Айда бермен, Ағалмас, Ағалмастан дем қалмас. Ағалмастан қалған жын Қараса да мал болмас. Дүйсенбі бақсы атанған, Үлкен бақсы бата алған. Аузы қисық демесең, Үлкен де бақсы атанған. Көндірмеске көндірген, Қу ағашқа төндірген.
Айда біздің қара жын!
Ел шетінде жау бар ма, Сүйреңдеген тіл бар ма?
Қазулы тұрған көр бар ма? Бес жасымнан қағынған, Он бесінде табылған.
Ұзын жолдың үстінде Тапа бір түсте жабысқан.