Ә. Сүлейменова
ҚАЗАҚ, ҚЫТАЙ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕТІСТІКТІҢ КЕЙБІР
АНАЛИТИКАЛЫҚ ФОРМАЛАРЫ
Қазақ, қытай тілдері әр түрлі тілдер тобына жатады, алайда екі тілдің морфологиялық құрылымдарында ұқсастықтар бар. Ұсынып отырған мақаламызда қазақ және қытай тілдеріндегі кейбір күрделі етістіктердің морфологиялық құрылымдарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарын анықтауды көздеп отырмыз.
Қазақ тілінде грамматикалық категориялардың мағынасының әрі синтетикалық, әрі аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы кең орны алады. Мысалы, барғайсың, барсаң екен сияқты мысалды алсақ, екеуі де бір лексикалық мағына береді, яғни екеуінде де субъектінің қимылды жасауын сөйлеуші қалайтынын білдіреді. Сол мағына барғайсың дегенде синтетикалық формамен (-ғай жұрнағы арқылы); барсаң екен дегенде аналитикалық форма арқылы берілген.
Қытай тілі аналитикалық тілдер қатарына жатқандықтан (Сепирдің класификациясы бойынша), қытай тілінің күрделі етістіктері аналитикалық тәсілмен жасалуы күмән туғызбайды. Алайда қазақ тілінде күрделі етістіктер лексикалық, грамматикалық сипатына қарай екі түрге бөлінеді: күрделі етістіктер және аналитикалық формалы етістіктер.
Күрделі етістік — қазақ тілінде өте көп қолданылатын етістік формаларының бірі. Күрделі етістік деген ұғым күрделі зат есім, күрделі сын есім, күрделі сан есім, күрделі үстеу т. б. сияқты ұғымдардан грамматикалық сипаты жағынан мүлде бөлек, я кез — келген екі я одан да көп түбірден (сөзден) құрылған етістіктің бәрі бірдей күрделі етістік бола бермейді, тек негізгі етістік пен көмекші етістіктің белгілі тәсіл арқылы тіркесіп барып, бір сөздің (етістіктің) мәнінде жұмсалып, етістіктің белгілі грамматикалық категориясын жасайтын түрі ғана күрделі етістік бола алады /1, 185/.
Күрделі етістіктер мен аналитикалық формалы етістіктерді ажыратуда қиындық тудыратын төмендегідей ұқсастықтар бар
/2, 54/:
1.Екеуі де ең кемі екі сыңардан тұрады: келіп кетті, күйіп кетті
2.Екеуінің де құрамындағы сыңарларының дыбыстық құрамы дербес сөз қалпында: кіріп шық, оқып шық
3.Екеуінің де сыңарлары бірімен бірі көсемше арқылы байланысады: алып келеді, келіп кетеді
4.Екеуінің де сыңарлары бөлек жазылады 5.Екеуі де сөйлемнің бір мүшесі бола алады
6.Екеуінің де сөйлемдегі басқа сөздермен сөз тіркесін жасауында айырма жоқ
Берілген етістіктің екі түрін ажырату үшін олардың сыңарларының семантикалық мағыналарына көңіл бөлу керек. Біріншіден, күрделі етістіктердің сыңарларының бәрі толық мағыналы сөздер, сондықтан күрделі етістіктің құрамындағы жеке сыңарлары күрделі қимылдың белгілі бөлімін білдіреді.
Екіншіден, күрделі етістік пен аналитикалық формалы етістіктің сыңарлары түрлі қызмет атқарады. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлар сол сөздің лексикалық мағынасын жасайды. Ал аналитикалық формалы етістіктің бірінші
Вестник КазНУ. Серия Востоковедения. №4 (49). 2009 95
сыңары лексикалық мағына береді, екінші сыңары оған грамматикалық мағына қосады.
Үшіншіден, аналитикалық формалы етістік өзінің екінші сыңарының абстракты мағынасы арқылы ұқсас күрделі етістіктен ажыратылады.
Төртіншіден, күрделі етістік тілде сөз жасау тәсіліне жатады, аналитикалық формант сөз түрлендірүші морфемалардың қатарында тілдегі түрлі грамматикалық категориялардың көрсеткіші болып табылады. Мысалы, алып кел, алып бар, алып шық сияқты күрделі етістіктер – тілдегі лексикалық бірліктер, олар ешбір грамматикалық категорияның формасы емес. Ал, келсе игі еді, келсе екен, келгім келеді сияқты аналитикалық формалы етістіктер қалау рай мен модальдылық категориялардың аналитикалық формасында тұр.
Сонымен қатар күрделі етістік басқа түбірлер сияқты грамматикалық мағына беретін көрсеткіштерді өзінің соңғы сыңарынан соң қабылдайды: алып кел-се, алып кел-гісі келеді, алып кел-іп еді, алып кел-е сал т.б. Ал аналитикалық формасын жасайтын аналитикалық формант сөз түрлендірүші басқа қосымша сөзден қандай орын алса, ол да сондай орын алады. Күрделі етістіктің соңғы сыңарынан соң жалғанатын етіс жұрнақтары аналитикалық форманттың алдынан, түбірден соң тіркеседі: айтқыза салу, оқыта бері, жуына қой. Сол сияқты барлық сөз тудырушы жұрнақтар аналитикалық форманттан бұрын орналасады: жас-ар-а қой, өзге-р-е сал.
Қазақ тілінде етістіктің аналитикалық формасы деп негізгі етістікке қосымша мен көмекші сөздің тіркесуімен жасалған форманы айтамыз. Сөздің аналитикалық формасын жасаушы аналитикалық форманттар – етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіші. Олар арқылы жасалған аналитикалық формалы етістіктер де сол категорияның пардигмасына енеді. Сондықтан аналитикалық формалы сөздер морфологияның объектісі болып табылады. Етістіктің аналитикалық форманты деп қосымша мен көмекші етістіктің бірлігінен тұратын, категория мағынасын білдіретін күрделі морфологиялық көрсеткішті атаймыз. Қазақ тілінде жетпістен аса аналитикалық формант бар
/2, 30/.
Н. Оралбаеваның «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» атты құнды еңбегінде етістіктің аналитикалық форманттар төмендегідей түрлермен беріледі:
1. Қимылдың өту сипаты категориясының аналитикалық форманты –қимылдың қалай жасалғанын, қимылдың басталуынан аяқталуына дейін өту процесін суреттеп береді. Мысалы: келіп қалды, келе қойды, келіп қойды, келе берді…
2. Қимыл- тәсілін білдіретін аналитикалық форманттар.
1. Қимылдың жасандылығын білдіретін аналитикалық форманттар ( -ған бол, -ген бол): көрмеген бол, қалжыңдаған болды.
2. Жетімсіз қимылды (прерванность действия) білдіретін аналитикалық форманттар (-а жазда): құлай жаздады, ұра жаздады.
3. Қимылдың бағыт-мақсатын (целеустремленность действия) білдіретін аналитикалық форманттар (-п бер, -п ал): бітіріп бер, оқып ал.
4. Қимылдың ерекше ынтамен жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-п бақ): Дегенмен Нүркен шыдап бақты. 5. Қимылдың немқұрайды жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-а отыр, -е жүр, -а сал): сөйлей отыр, айта отыр, оқи отыр.
6. Қимылдың күтпеген жерден жасалуын
білдіретін аналитикалық форманттар (-а қой, -а кет, -а қал): елеңдей қалды, қадала қалды, жабыса кетті, отыра кетті.
7. Қимылдың қысқа, батыл жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-п таста, -п жібер, -п түс, -п қал): қағып тастау, итеріп жібер.
8. Қимылдың ерекше қарқынмен (күшпен) жасалуын білдіретін
аналитикалық форманттар (-п кеп жібер, п кеп қал): лақтырып кеп жіберді, періп кеп қалдым.
9. Қимылдың созылуын, қайталануын білдіретін аналитикалық форманттар (-е бер, -е түс): жәйнай түс, отыра түссе екен, ала түскейсің.
10. Қимылдың жасалуына шек қоюды білдіретін аналитикалық форманттар (-а тұр, -п тұр, -а отыр, -а жүр): Жүре тұр, күте тұр, бара тұрыңыз, жата тұрар.
11. Қимылдың жасалуының ассығыздығын білдіретін аналитикалық форманттар (-а жатар): сұрай жатар, көре жатар. 12. Қимылдың жасауға бейімдігін білдіретін аналитикалық форманттар (ғалы отыр, -ғалы жат, -ғалы жүр, -ғалы тұр): кеткелі жатыр,өскелі тұр, жүргелі отыр.
13. Қимылдың динамикалық қалыптан статикалық қалыпқа көшуін білдіретін аналитикалық форманттар (-п қал): отырып қалды, ойланып қалды.
14. Бір қимылдың соңынан ілесе екінші қимылдың жасалуын білдіретін аналитикалық форманттар (-е сала, -а сала, -а салып, -а сал): келе салып, сені іздеді.
3. Қимылдың даму фазасына қарай:
Бірінші сатысын білдіретін аналитикалық форманттар: (-а баста, -а жөнел, -п сала бер) шыға бастады, жаза баста, түсі суып сала берді.
Екінші сатысын білдіретін аналитикалық форманттар: (-п келе жат, п бара жат, –а жат, -п бар, -п кел, -п жат, -е жат, -п жүр) ажарланып келе жатыр, қайтып келе жатыр, еңсесі басып барады, жылу тарап келеді.
Үшінші сатысын білдіретін аналитикалық форманттар: (-п бол, -п қой,
-п шық, -п кет, -п болып қал, -п қал, -п біт) айтып шықты, танысып шықты, жазып болды, зекіп бітеді, бәсеңдеп қалды.
4. Модаль мағыналы аналитикалық форманттар: (-ғы кел, -а ал, -а алма, -а біл, -ғы кел) оқи алады, артист бола алмады, сыйлай білмейді, жасағысы келеді, айтқысы келсе.
5. Ашық райдың аналитикалық форманттары:( -п отыр, — п тұр –п жатыр, -п бара жатыр, -п келе жатыр,-ып еді, ған еді, атын еді) билеп отыр, баяндап тұр, сұлуланып бара жатыр, айтып қойған еді, барар едім.
6. Бұйрық райдың аналитикалық форманттары: (-а көр, -а көрме, -ушы болма) айта көрмеңіз, айтушы болмаңдар.
7. Қалау райдың аналитикалық форманттары: (-са екен, -са игі еді, -са еді, -ғай еді) құтылсам еді, бастаса игі еді, қорқақ болмагай едің.
8. Шартты райдың аналитикалық форманттары: (-ған болса, –ген бол, -р болса, ар еді, -ған болар еді) өзің білген болсаң, батамды берейін, бір айналып келер болса, өнерімді салар едім. 9. Етістіктің болымсыздық категориясының аналитикалық форманттары: ( ø+емес, ø+жоқ ) сезген жоқ, айтқан емеспін.
Берілген аналитикалық формантарының кейбіреулерін қытай тіліндегі күрделі етістіктермен салыстырып, сәйкестігін анықтап көрейік.
Қытай тілінде күрделі етістік деп негізгі етістік пен толықтырғыш мүшеден тұратын тіркесті атаймыз. Толықтырғыш мүше қытай тілінде buyu, орыс тілінде дополнительный элемент, комплемент деген терминдермен аталып келген /3, 21/. Толықтырғыш мүше етістік пен сын есімнен жасалып, іс-әрекеттің жасалу дәрежесін, мүмкіндігін, мерзімін, бір сөзбен айтқанда нәтижесін білдіреді. Толықтырғыш мүше қытай тілінде алтыншы сөйлем мүшесі болып саналады. Қытай тілінде күрделі етістіктерді тану үшін оның құрамындағы сыңарларының лексикалық мағына жасауға бірдей қатысуын тірек етіп алу керек. Келесі мысалдарды талдап көрейік:
1. Бала өзінің ойыншығын көріп қойды.
Haizi kan-jian le ta de wanju.
Бұл сөйлемдегі kan (көру) — jian(сезу) күрделі етістік қазақ тіліндегі қимылдың өту сипаты категориясының аналитикалық формантына сәйкес келіп тұр. Қимылдың өту сипаты категориясының аналитикалық форманты — қимылдың қалай жасалғанын, қимылдың басталуынан аяқталуына дейін өту процесін суреттеп береді. Мысалы: келіп қалды, келе қойды, келіп қойды, келе берді…
2. Ол тау басына жүгіріп шықты.
Ta pao-dao le shanding.
Бұл сөйлемді екіге бөліп қарастырайық: ta pao le – ол жүгірді, ta dao le shanding — ол тау басына шықты. Демек, pao(жүгіру)-dao (жету) деген күрделі етістік қазақ тіліндегі жүгіріп шықты деген мағынаны беріп, екі тілде де сыңарлары бірдей дәрежеде болып басқа сөз таптарымен бірдей қатынасқа түсе алатынын көрдік. Демек, бұл тіркес күрделі етістіктің қызметін атқарады.
3. Мысық қашып кетті.
Xiaomao pao-kai le.
Бұл мысалда да pao (жүгіру)-kai (бөліну) қазақ тіліндегі қашып кету деген күрделі етістікке сәйкес болып тұр.
Қытай тілінде іс-әрекеттің жасалу мүмкіндігін білдіретін толықтырғыш мүше (keneng buyu) бар. Олар негізгі етістік пен нәтижені білдіретін толықтырғыш мүше және бағытты білдіретін толықтырғыш мүшенің ортасына de (болымды түр), bu (болымсыз түр) деген инфикстердің қосылуымен жасалады. Мысалы:
Shui bu hao – ұйықтай алмады
Na bu xialai – көтере алмады
Shuo bu shang – айта алмады
Kan de jian –көре алды
Pao de shangqu- жүгіріп шыға алды
Көрсетілген толықтырғыш мүшелердің аудармасы қазақ тіліндегі модаль мағыналы аналитикалық форманттармен сәйкес екені көрініп тұр. Бірнеше сөйлемдерді аударып көрелік. Ол бұл кітапты оқи алмайды. – Ta kan bu liao zhe ben shu.
Әкем бұл жұмысты бітіре алады. –
Wo fuqin ba zhe ge gongzuo neng zuo de wan.
Бүгін жауын жауады, жүгіре алмайтын болдық.
Jintian xia da yu, pao bu pao bu cheng le.
Аталған үш сөйлемде kan- оқу, bu liao- іс-әрекеттің болымсыздық мағынасын білдіріп тұр, zuo – істеу, de wan- бітіре алу деген мумкіндікті білдіретін толықтырғыш мүше, pao- жүгіру, bu cheng- іс-әрекеттің жақсы нәтижеге жетпегенін білдіретін толықтырғыш мүше. Bu liao, de wan, bu cheng толықтырғыш мүшелері жеке дара ешқандай лексикалық мағына бермей, тек негізгі етістікке тіркесуі арқылы толық лексикалық мағына бере алады. Демек, қазақ тіліндегі модаль мағыналы аналитикалық форманттар мен қытай тіліндегі мүмкіндікті білдіретін толықтырғыш мүше семантикалық және грамматикалық жағынан да бір-біріне сәйкес болып тұр.
Сонымен қатар қазақ тіліндегі қимылдың даму фазасына қарай бөлінген анатилитикалық форманттар қытай тіліндегі іс-әрекеттің бағытын білдіретін толықтырғыш мүшелерімен сәйкестіктігі бар. Мысалы: Ол айқайлай бастады.
Ta kaishi hangqilai.
Бұл сөйлемдегі hang- айқайлау, qilai – сол іс-әрекеттің басталуын, өрістелу бағытын білдіретін толықтырғыш мүше. Ол Алматыдан қайтып келе жатыр. Ta cong Alamutu zouhuilai. Бұл сөйлемдегі zou — жүру, huilai – қайтып оралу, іс-әрекеттің бағытын білдіретін толықтырғыш мүше.
Қазақ және қытай тілдерінде етістіктің аналитикалық формасының жасалу жолдарын төмендегі схемамен көрсетейік.
Қазақ тілінде:
Негізгі етістік +қосымша+ көмекші
сөз
Айт+а алады.
Қытай тілінде:
Негізгі етістік + толықтырғыш мүше немесе
Негізгі етістік + (de/bu)+ толықтырғыш мүше
Shuo de shang.
Көрсетілген мысалдардан біз қазақ тіліндегі модаль мағыналы аналитикалық форманттар, өту сипатын категориясының аналитикалық форманттар және қимылдың даму фазасына қарай бөлінген анатилитикалық форманттар қытай тіліндегі мүмкіндікті, нәтижені және бағытты білдіретін толықтырғыш мүшелермен семантикалық және құрылымы жағынан ұқсас екенін көреміз.
Демек, қортындылай келе, аналитикалық формалы сөздің сөйлемде бір ғана лексикалық мағынаны білдіруі, бір сөздің грамматикалық формасы қызметінде қолданылуы оның сыңарларының лексикалық салмағына тікелей байланысты.
Аналитикалық формалы сөздің құрамында бір ғана дербес сөз болады, сөйлемді құрастырушы сөз ретінде дербес сөз алынады да, оған тіркескен көмекші сөз оның лексикалық мағынасын өзгерту қызметін емес, оған грамматикалық, лексикограмматикалық мағына беру қызметін атқарады. Аналитикалық формалы сөздің құрамындағы көмекші сөз өзінің ішкі лексикалық мазмұнынан айырылып, тек дыбыстық құрамын ғана сақтап (бірсыпырасы оны да сақтамай), тілде грамматикалық қызметке ауысқан /4. 451/. Көрсетілген мысалдардан біз қытай тіліндегі толықтырғыш мүшелер қазақ тіліндегі кейбір аналитикалық формадағы етістіктермен және күрделі етістіктермен де сәйкестігінің бар екенін анықтадық. Алынған ауқымды тақырып жан-жақты зерттеу мен ізденуді қажет ететіндіктен, бұл тақырып біздің келешектегі зерттеу жұмысымыздың нысанасы болып табылады.
***
1. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., «Рауан», 1998 2. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. А., 1975 3. Антонян К. В. Морфология результативных конструкций в китайском языке. М., «Муравей», 2003
4. Ярцева В.Н. Предложение и словосочетание. Вопросы грамматического строя. М., 1955
***
В статье рассматриваются некоторые аналитические формы глагола в казахском и китайском языках.