[СӨЗДІҢ БАСЫ ПІСМІЛЛА…]

. [СӨЗДІҢ БАСЫ ПІСМІЛЛА…]
—Сөздің басы пісмілла, Пісмілласыз іс қылма!
Пісмілла деген Құдай бір, Жын, бір шайтан көрінсе, Бір табан әрі қуады.
Жер жүзіндегі әулие,
Күн көзіндегі әулие,
Шам, Құдыстағы әулие,
Мысырдағы әулие,
Мекедегі әулие,
Мәдинедегі әулие,
Әулие болғаның қолдай гөр, Мүдүар болсаң жебей гөр!
Жер жүзіндегі аруақ,
Күн көзіндегі аруақ,
Бұқарадағы аруақ,
Аруақ, аруақ болсаң, қолдай гөр, Бар болсаң, жебей гөр! Үлкен-кіші өткендер, Өз жолыңа бастай гөр! Жасаған жан Ие,
Өзің қолда, әулие!
Самарқанда бар дейді Саюм бір деген әулие.
Бабаларым барып,
Бір өзің қол берген.
Үлкен атам ер аруақ Талай жерден жол көрген. Әулиелер дем берген, Айтар сөзге ем берген.
Жеті әулиеге жан берген, Жеті періге қол берген Ашүре баб, қолдай гөр!
Жын атасы—Бөрілібай, Шақырғанда келдің бе-ей? Жын атасы—ер Қойқап
Шақырғанда келмей ғап, Қойқап тауын өрлеген, Қаптың тауын жерлеген.
Айдаһардай айды Орақ, Айбалтаңыз қанды Орақ, Қайдан келдің жауды орап? Жауланбай-ақ келіңіз, Мына бір сырқат көріңіз. Етер бұған дем бар ма, Салар бұған дем бар ма? Айтатұғын мал бар ма, Шығатұғын жан бар ма? Төңіректі болжаңыз, Ақылменен толғаңыз.
Әуелі, Құдай, елді оңда,
Елді оңдасаң, ерді оңда! Мұқаметтей пайғамбар, Айналайын, сен, оңда! Кәлам шәріп мойныңда, Дұғаларың қойныңда.
Төңірекке көзің сал,
Жұрт жиылып отыр оңға.
Санама жұлдыз батырған,
Сарғайып таңды атырған,
Мың кісіге парапар,
Ақсақалды бабамыз,
Біздер сіздің балаңыз.
Сәукеле қара сақалды,
Батшайы шапан жамылған,
Қырға түссем, «қызым» деп,
Өрге шықсам, «белім» деп,
Құралай көзі қызарған,
Қудай боп шашы ағарған, Ақсақалды бабамыз,
Біздер сіздің балаңыз.
Алпыс отау қара жын, Қайда барсаң, мұнда кел! Атты келме, жаяу кел, Қатты келме, баяу кел!..
Сөйлемесең, байғұс-ай, Сізге болар ұят-ты.
Ақ тұйғын менің бөпем-ай, Томағаң күмістен, Аяқ бауың күмістен…
Қызыл шұбар айдаһар,
Қара шұбар жолбарыс,
Маңдайыңның қалы бар,
Арқасының жалы бар,
Бір мүйізің көк тіреп,
Бір мүйізің жер тіреп,
Айналайын, қарт бура,
Келші бермен жақындап!
Айқожа мен Күнқожа, Сыйынған пірім сен қожа. Сана бір қожа пірлер-ай, Тентек қара ерлері.
Буыны жоқ былқылдақ, Қайдан келдің сылқылдап? Сары майдай толықсып,
Суытқан аттай бұлықсып,
Сол, сол, сол жатыр, Сол жағында қол жатыр. Сонша қолдың ішінде Шойынқұлақ деген алып жатыр.
Аспандағы көк пері, Көк перінің ішінде Аты жақсы дәу пері.
Су ішінде су пері, Сұмырайға ұқсаған қу пері, Жындаспай-ақ жүр, пері!
Ай астында ақ пері, Күн астында көп пері, Айда бермен, дәу пері! Жеті пері келер ме, Толықсып туған айдай боп. Жеті ләскер жатыр ма, Өз алдына дардай боп.
Құдай досты Мұқамбет, Шадияр оның досы екен…
Айдаһар мен диюжан, Шақырып келген жан.
Бес айнадан білгіздім Үш ғадет аралығын…
Енді сөйле, тортайлым, Әр нәрсеге оңтайлым.
Жан апама жан жолдас…
Табаны жалпақ піл ме екен Судан шыққан су перім,
Суырылып озған жүйрігім…
Сексен сегіз қосарлым, Тоқсан тоғыз тұмарлым. Сол иығымда сәукелем Оң иығыңда сенің үкілім.
Қызыл жирен ат мінген,
Жал құйрығын шарт түйген,
Екі найза түйіскен, Айғайласып жауға тиіскен. Екі бірдей тор атым,
Құйысқан жетпес құла атым,
Аспандағы төрт атым, Қанжығадағы қара перім, Сен сөйле!
Сен сөйлесең, мен сөйлейін, Кәріп жанды қамшылатып, Сілекейін тамшылатып. Атым шулы көк пері. Қара жазған қасқырым, Таси берші тасқыным. Енді сөйле, елші қыз, Елге хабар берші, қыз.
Ақ боз атқа мінші, қыз, Енді сөйле, сары қыз, Айтқан сөзің дәрі, қыз!
Үкілі балақ сексен шоқ, Бармағың бар, өкшең жоқ. Енді сөйле, сұртайлым, Әр нәрсеге оңтайлым!
Базар кеткен бар таяқ, Бұқар кеткен мың саяқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *