ДҮЙСЕНБІ БАҚСЫНЫҢ САРЫНЫ

ДҮЙСЕНБІ БАҚСЫНЫҢ САРЫНЫ
—Әуелі құдай, Әзірет, Ал сыйындым құдірет. Бір дегенде жар болғай, Бабай өмір Ер Қорқыт.
Түркістанда Қожахмет,
Мединеде Мұхамбет,
Сіз—Мұхамбет, біз—үмбет, Үмбетіңе дәрмен ет!
Екі қолға ерік салмай, Қу ағашқа салсам зар, Аруақтар қаптап өт.
Әуелі Алла—бісмілла,
Құранның басы—бісмілла.
Бісмілласыз іс бар ма? Ал қызыл тілім сөйлеп қал, Таба қылмай дұшпанға. Бір Аллаға жад етіп,
Мен сыйынып көрейін Әбубәкір Сыдық пен Омар менен Оспанға. Тарттым қобыз «Алла» деп, «Алла, ісін оңда» деп.
Қу ағашты мен тартып, Ертеңді кеш зарлаймын. «Бұрынғы өткен әулие— Бәрі бірден қолда» деп. Ал шақырдым жындарды, Топалаң тигір мұндарды. Үйдегі мен қырдағы
Құбан менен Сырдағы,
Арқасы сары жүн дағы, Ал шақырдым жын тағы. Жынды қылған Құдайым, Кел бермен, жын мұндар!
Сенімен кеңес құрайын, Кеңесіп ондан айтпаса, Атаңның аузын ұрайын!
Шақырайын көк Қабан,
Басқан жері он табан, Көлденеңі күл табан.
Ал шақырдым Шойтабан,
Бармағым бар, өкшем жоқ, Шақырайын сексен шоқ.
Алтын айдар …………….
Қудың аты сықылдым,
Қара қасқа ат мінген, Жал-құйрығын шарт түйген.
Ал шақырдым, Темірқан, Болжа деймін сендерге, Ақ сөйлесең, керек де. Қара басты қабақтым, Лақа шортан тамақтым.
Ал шақырдым, Қараман, Бұл ауруға ем қылғын. Дүйсенбі отыр сағынған, Абайлай кір дерттері.
Қатар-қатар қара нар, Қайырылып келіп хабар сал! Екі бірдей алпамыш—
Әже қурай, Дауылбай. Темірден кісен тағынған, Даусын да сағынған.
Ішіндегі бүйрек деп,
Кеудедегі жүрек деп,
Өкпе менен бауырдан Қай жерінен ауырған, Қарашы аңдап, Тәңір ұрған. Он екі түрлі: Балқия,
Шақырайын Наркүміс.
Алма мойын Ақшұбар Әлгі менің атбегім.
Тінтуші қара Жіпбике, Болжа бір деймін сендерге. Ақ сөйлесең, керек де, Ана тұрған біздерге.
Шақырайын Көбенім, Ілме қара именім.
Көзіңді сал, Көбен-ау, Мына бір тұрған ауруға.
Бөтен емес, өз інім, Дәуғара екі бірдей.
Айда деймін, қан ішер,
Келмей, Көбен, байла деймін, Шұбар көл әсіре жайсаң. Ақ Балқия былықсып, Астыменен ойна деймін! Арқада айдын сары, Айдан астым. Көлденең көк Жайықты Жайлағаным миясын.
Құмырсқа бел Наркүміс,
Ақшұбарым былықсып,
Екі бірдей ойнағаны Қатарда қан ішердей, Қаным деймін қатарлап. Және келді Нарым деймін, Қолға алып ақ сүңгіні.
Сегіз аршын Көбенім, Астыменен ойын сал.
Ал шақырдым Байғашты, Салайық дертке қиғашты. Сегіз аршын Көбенім, Мұнда келіп хабар бер!
Дүйсенбі пенде бал ашты.
Шақырайын Құбарлан, Дертке қарай жұмарлан. Дерт мұңдарға көзің сал, Алдында ауру бұларға. Шақырғаным Көбелек, Мойны ұзын, көзі көк.
Мұрындығы күмістен, Бұйдасы бар шын жібек. Асқар-асқар көрінген
Қатар-қатар қара нар.
Нар алдына қарасам, Найзадай қара жарты екен.
Алдындағы қара нар
Шудасына жабысқан Топырақ па екен, Қар ма екен?
Көзің салшы ауруға, Дауасы мұның бар ма екен?
Өңі жүнді сары ала,
Алпыс екі тамырдан
Жүз жиырма буулым Өрен бойда жолықтым. Бірін де қоймай арала, Тас төбеден қыр ойна!
Көк жолынан тұр ойна, Май табаннан шын ойна! Жын атасын айтайын,
Былықсып астыменен, Қамбармен ойна деймін! Көбенім сегіз аршын, өзі жалғыз Және келші шұбырта.
Алма мойын хабар берші, Дерт келді енді біздің алдымызда.
Былықсып-ақ, Балқия, Және келші екі елі.
Ердің жасы белде деймін,
Қарашаш Қамбарменен Келді деймін. Тартып тұр атының басын, Көбенім-ай, қарашы! Алпыс үйлі арабым, Тоқсан үйлі торабым.
Есепсіз жүрген сан араб,
Санаусыз жүрген нән тораб, Сан аруақ саппен кел!
Сан арабтың басы едім,
Мойны жуан қара сарт,
Сан аруақ санай берсең, Саным көп саппен кел!
Он арабтың ішінде
Сексен үйлі тобырым, Берсе қата тоймаған. Дерт қарасын көргенде, Ерік алдына қоймаған. Жалмауыз қара Обырым— Аузындағы бұлбұлым.
Желкедегі жеті адам— Жетеуі бірдей дүлдүлім.
Омырауы төскейдей,
Ал шақырып көрейін,
Кілең қабылан манатым, Тастан қайтпас бұлағым.
Кереге бойлы Кержылан,
Алты басты Абжылан, Айдаһар түсті Саржылан,
Айдаһарым, тарт, жылан!
Буын-буын аралап,
Дерт бар болса, қуалап, Ат жібердім шабарға, Ер Шойлан хабарға.
Әлгі менің Ер Шойлан, Шақырғанда кел, Шойлан!
Асқардан асқар қол шықты, Қол ішіне қарсам, Шұбар ала ту шықты. Ту түбіне қарасам,
Қазандай қара бөрік бар, Әлгі менің Ер Шойлан, Шойланым батыр сол шықты. Айда бермен, Шойланым, Тас төбеден қыр ойна!
Дерт иесін қуалап,
Мықтап байлап алғайсың, Құла атқа салғайсың.
Қайынды, күйеулі,
Нағашылы, жиенді Қашып кетіп жүрмесін.
Мен кеткен соң дерттері Қайтып келіп тұрмасын. Алпыс екі ала аттың,
Тоқсан тоғыз торы аттың,
Өңкей қара көк аттың, Кекілі кер аттың
Мен шақырып көрейін.
Дерт көретін Мешкей де, Босаға бойлы Бозжылан.
Шақырайын ал, пері, Ал көзіңді сал, пері!
Сексен қожа ішінде Сексен бесте бір қожа.
Қаралық мұндар жын бике, Даусың бір жетсе, айғайла, Көзің жетсе, қол бұлға.
Шақырамын сендерді, Мына дертті сен болжа. Өзен бір суды жағалап,
Боз жорға атын тапалап, Сенің бір інің мен деймін.
Шақырамын сендерді, Жақынырақ кел деймін. Жазылмаса не дейін, Серуен сексен көзді.
Ақ, Балқия, алдымнан Шұбалаңдап бір өтсейші! Келгенде әсем Бөшиім,
Көсеу салған Дүйсембі, Сен өзің қу ағашты Еңіретсейші…
Жын да болса сырласым-ай,
Өзімнің сырлас болған мұңдасым-ай, Келдің бе аман-есен, Толықсып құрдасым-ай!
Азулығы екі елі, Қашқан қоян шекелі. Шұбарым келсе дүрсілдеп, Әулиедей көрсем деп.
Әлгі менің Шұбарым— Мойындағы тұмарым.
Мен шақырсам Шұбарды, Қасқыр деген жау бар де, Жеп қоймасын бұларды. Алдына сал қарауыл, Артына сал шыңдауыл. Алдына-артына қарай бар, Дерт баққаным осы ауыл. Қой, қош-аман болыңыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *