БАҚСЫНЫҢ ЖЫРЛАРЫ
—Сөздің басы бісіміллә, Бісмілләсіз іс қылма.
Бісміллә десең, Құдай бар,
Жын, бір шайтан көрінсе,
Сыртымнан әрі қуа-ай бер.
Жер жүзіндегі әулие,
Күн көзіндегі әулие,
Мәшроптегі әулие,
Мағріптегі әулие,
Мекедегі әулие,
Мединедегі әулие, Әулие біткен қолдай көр, Мұдуар болсаң, жебей көр!
Жер жүзіндегі аруақ,
Күн көзіндегі аруақ,
Бұқардағы аруақ,
Аруақ болсаң, қолдай көр,
Модуар болсаң, жебей көр! Ұлықпан әкім, оңдай көр, Оң жолына бастай көр! Жасаған сен жан Ие, Өзің қолда, әулие. Самарқанда бар дейді Сайыбір деген әулие. Бабаларым дәм берген, Өздеріңе қол берген. Үлкен ата, ер аруақ Талай жерден жол көрген.
Әулиеге дем берген,
Айтар сөзге ем берген,
Жеті өлікке жан берген, Жеті пірге қол берген.
Ақшора бабам, қолдай көр!
Жын атасы—Барлыбай,
Шақырғанға келдің бе-ей?
Жын атасы—ер Қойқап,
Шақырғанда, кел, сойқап! Қойқап тауын өрлеген
Қаптың тауын жерлеген,
Арқадан шайтан айдаған, Жын-шайтанды байлаған, Енді артыңа қарама!
Енді артыңа қарасаң, Қаптаған қара бұлттай,
Қайнап біткен бұлақтай,
Сайдан шыққан құла аттай,
Жеңсіз берен киінген,
Лашын құстай түйілген,
Қас қабағы бүрілген,
Жараған бүкір, мықынды,
Қара бұлттай кекілді,
Айдаһардай айды Орақ, Айбалтасы қанды Орақ, Қайдан келдің жауды орап?!
Жауланбай-ақ келіңіз, Мына ауруды көріңіз, Етер бұған ем бар ма?
Салар бұған дем бар ма?
Айтатұғын мал бар ма?
Шығатұғын жан бар ма? Төңіректі болжаңыз, Ақылменен толғаңыз.
Әуелі, Құдай, елді оңда, Елді оңдасаң, ерді оңда. Мұхамбеттей пайғамбар, Айналайын, сен де оңда!
Кәләм шәриф мойныңда,
Дұғаларың қойныңда,
Төңірекке көзің сал,
Әлеумет отыр үйінде, Санап жұлдыз батырған, Сарғайтып таңды атырған.
Мың кісіге барабар
Ақ сақалды бабаңыз,
Біздер сіздің балаңыз.
Сәукеле қара сақалдым,
Патсайы шапан жамылған,
Қырға шықсам «қызым» деп,
Өрге шықсам «ұлым» деп, Құралай көзі қызарған,
Қудай боп шашы ағарған.
Ақсақалды бабамыз,
Біздер сіздің балаңыз.
Алпыс отау қара жын, Қайда кеттің, мұнда кел. Атты келме, жаяу кел, Қатты келме, баяу кел! Енді сөйле, бәлгер, Анықтап сөйле, дәрігер.
Үлкен жүзді білгішім,
Кіші жүзді жарғышым, Болжай отыр, байғұсым!
Қайдан келдің сабылып, Мінгендей атың шабылып. Батырым, алып келіпсіз Жетпіс те батпан темірді. Жалғыз өзің жамылып,
Балалы қаздай ыңыранып, Бәйтеректей бұралып, Батыр терек, сен сөйле! Түлкілі қара серігім, Осындайға керегім.
Жасы кіші ауды алған, Өжет кісі жауды алған.
Сөйлеші, енді, құлдық бас! Сөйлемесең, байғұсым, Болады саған жаман іс.
Ақ тұйғыным, бопам-ай, Томағаң сенің күмістен, Аяқ бауың жібектен.
Екі де бірдей баршын құс,
Бауырың шұбар аршын құс,
Құйту-құйту сары құс,
Жеген жемің бәрін құс, Темір қанат қара құс!
Сексен сегіз құмарлым, Тоқсан тоғыз тұмарлым. Сол иығың сәукелем, Оң иығың үкілім.
Қызыл да жирен ат мінген, Жал құйрығын шарт түйген.
Екі найза түйіскен, Айқайлап жауға тиіскен. Қызыл қалпақ киісіп, Құйын жауға тиіскен.
Екі бірдей торы атым,
Құйысқанды құла атым,
Қызыл шұбар айдаһар,
Қара шұбар жолбарыс,
Маңдайыңның қалы бар,
Арқаңыздың жалы бар,
Өзі бір ерке болмаса, Бой бермейтін жануар. Бір мүйізің жер тіреп, Бір мүйізің көк тіреп, Соғу жерге барабар.
Балақ шудаң балқылдап,
Желке шудаң желкілдеп,
Азу бір тісін сақылдап,
Арқа басын тақылдап, Айналайын, қарт бура, Келші бермен жақындап!
Ай қожа мен күн қожа, Сыйынған пірім, сен қожа.
Сыйынған қожа пірлері-ай,
Тентек қара ерлер-ай,
Буыны жоқ былқылдап, Қайдан келдің сылқылдап? Сары майдай толықсып,
Суытқан аттай бұлықсып,
Сол-сол, сол-сол-сол жатыр, Жағасында соның қол жатыр. Сонша қолдың ішінде Шойын құлақ деген алып жатыр.
Аспандағы көп пері, Көп перінің ішінде
Аты жақсы дәу пері.
Су ішінде су пері, Сұмырайға ұқсаған қу пері. Жын ішінде жын пері, Жынданбай-ақ жүр, пері. Ай астында ақ пері, Жеті пері келер ме, Толықсып туған айдай боп? Жеті ләскер жатыр ма Өз алдына дардай боп?
Құдай досты Мұхамбет Шаһариардың досы екен.
Шайтан менен әзірейіл Бәндеңізге қас екен, Қастығы мұның осы екен.
Бісміллә десе дуа бар,
Жын-шайтанды қуа бар.
Аспандағы төрт атты,
Төрт аттының ішінде Қайраты артық бөрте атты. Енді, сөйле, тор тайлым, Әр нәрсеге оңтайлым.
Жан ағама жан жолдас, Жан жолдасым жан қимас.
Қабырғаға қан қатса, Қайрылар күнің қайда бар?! Тұмсығыңа мұз қатса, Бұрылар күнің қайда бар?! Жан-жағына қараған,
Құлаштап шашын тараған,
Жауған қардай боратып,
Пердемен дүзін қараған, Өркеші жоқ нар ма екен.
Судан шыққан сүйрік пе, Суырылып озған жүйрік пе? Топтан шыққан тұлпарым, Аздан шыққан сұңқарым, Жануарым, сөйлеші!
Кәріп жанды қамшылап,
Сілекейің тамшылап, Аспандағы көп пері, Көп перінің ішінде Аты шулы көк пері. Қаражал жазған қасқырым, Таси берші, тасқыным! Енді сөйле, елші қыз, Елге хабар берші, қыз.
Ақбоз атқа мінші, қыз,
Үкілі балақ, сексен шоқ, Бармағың бар, өкшең шоқ. Енді сөйле, сұр тайлым, Әр нәрсеге оңтайлым.
Базар кеткен бар таяқ, Бұқар кеткен жексаяқ. Отыз тісің тізіліп,
Аш белің сенің үзіліп,
Қайдан келдің жазған-ай, Сен сөйлеші азғана-ай!
Кереге бойы кер жылан, Керілмей-ақ кел, жылан. Үй айнала сұр жылан, Сумаңдамай жүр, жылан! Алты жылан ат етіп,
Екі жылан қамшы етіп, Алты құлаш ақ жылан, Белдемеден соқ жылан! Белдемеден сен соқсаң, Сені алар жау жоқ жылан.
Екі құлаш үш жылан,
От орнындай ордалым,
Қырық мың саны найзалым, Осындайға пайдалым, Арбаң-арбаң жүр екен. Адам жерді қуырған, Адамыңнан қуылды, Табаныңнан суырылды.
Шылатпай тұман ашылмас,
Жығылмай жүйрік басылмас.