БАЛА БАҚСЫНЫҢ САРЫНЫ
—Уай, уай, айналайын, Құдайым, Бір өзіңе жылайын. Алды-артымды байқасам, Қараңғы тұман уайым.
Қанатымнан қайырылтып,
Табанымнан тайрылтып,
Жасыған жездей майрылтып,
Туысқан, туған бауырдан
Тірідей мені айрылтып,
Көнбес бір іске көндіріп, Қу ағашқа төндіріп, Жаратқан Ие, неңді алдым?!
Уай, уай!
Болат, Бөкес аруағы,
Шәуетей тәуіп аруағы,
Қорқыттың күйі қобыздан Күй шығарған бармағы.
Жасынан өткен іс еді, Келгендей көріп кісі еді.
Ишан абыз бақсының Бәрінен өткен салмағы. Кейбіреумен егескен, Кейбіреумен теңескен. Бала бақсы атанып, Талай түскен қармағы.
Уай, уай!