Ш.К. АКЧАБАЕВ
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ИНСТИТУТЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ
Мақала Сот орындаушылар институтының негізгі функциясы – атқарушылық өндіріс ережелеріне негізделген. Жеке сот орындаушылар атқарушылық құжатты уақыты әрі толық орындауға әр кезде мүдделі екендігі көрсетілген. Адамның өз құқықтарын сот арқылы қорғау секілді құқықтық саламен тікелей байланысы бойынша атқару құжаттарын рәсімдеу жолдары көрсетілген.
Түйін сөздер: сот шешімі, орындау, құжат, сот орындаушы.
Мемлекетіміздің сот орындаушылар институты – мемлекет тарапынан қорғалатын мүдделерді қорғауға, бұзылған немесе дауланған субъективтік материалдық құқықтарды қалпына келтіруге бағытталған және арнайы құзырет берілген, құқық қорғау органдарының шығарған актілерін атқарушылық өндіріс заңнамасы шеңберінде мәжбүрлеп орындатуға міндетті құқықтық саланың ерекше түрлерінің бірі болып табылады.
Адамзат қоғамының даму тарихында аталған институттың негізгі міндеті болып табылатын «не- сие беруші мен борышкер арасындағы қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу процесі» түрлі кезеңдерден өтті. Ертеректе несие берушінің өз қарызын қайтарып алу тәсілдері негізінен несие берушінің өз күшімен және әдістерімен жүзеге асырылды. Мұндай әрекеттер ең алдымен несие беруші жағынан алдын ала талқылаусыз, несие берушінің борышкерге қойып отырған талабының дұрыс-бұрыс еместігіне көңіл аударылмай жүзеге асырылатындығымен ерекшеленді. Ал кейінірек, алдын ала талқылап алу секілді процесс пайда болғанымен, сот басым жағдайларда несие берушінің құқығын жақтап, борышкердің құқығын шектеп, несие берушіге өз құқығын кез келген тәртіппен жүзеге асыруға құқық беріп отырған. Көп жағдайларда несие беруші өз құқықтарын жүзеге асыруы кезінде аса қатыгез тәсілдер мен шараларды қолданып отырған. Мысал ретінде, ежелгі Рим құқығының қайнар көздерінің бірі болып келетін «12 таблицалы Заңында» несие берушіге өз құқықтарын қалпына келтіруге келесі құқықтар берілген: борышкерді құлдыққа сату, мәжбүрлеп жұмыс істетіп өндіру, қандайда болсын мемлекеттік органның қатысуынсыз борышкердің мүлкін тартып алу, зындандарға қамау және борышкерді өлтіріп, одан қалған мүлкіне иелік ету. Мәжбүрлеп өндіріп алу функциясының түпкілікті мемлекет құзыретіне өту процесінің алғышарты негізінен, несие беруші мен борышкер арасындағы ұзақ әрі үлкен күрес пен жанжалдардың нәтижесінде жүзеге асты.
Ал, қазақ елінің мыңдаған жылдардан бері ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билігіндегі несие беруші мен борышкер арасындағы шаруашылық мәселелерді шешуде билер сотының алған орны ерекше. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эволюциясында тек әділдіктің айқын көрінісі ретінде мызғымай келгендігі ақиқат. Қазақ ұлтымының өзіне тән осындай құқықтық мәдениеті, оның халық алдындағы беделі мен рөлінің жоғары болуына билер сіңірген өлшеусіз еңбек болғандығы да күмән туғызбайды. Қазақ билерінің дауды шешу үшін ұсынған шешімдері басым жағдайларда әр тараптың өз еркімен орын- дауы үшін міндет болған. Өйткені билердің шешімдерінің туралығы еш күмән туғызбаған. Акаде- мик С. Зиманов өзінің «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынан сүрінбеуге тиіс болған» дейді. Би — деп бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шы- найы, әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын
тұлға боп танылған. Ол сот әрекеттерін жүргізу барысында өзі қадағалайтын талаптарды қатаң сақтай отырып, істің ауырлығы мен екі тараптардың мүдделеріне де баса назар аударған. Сонымен қатар, іске қатысатын тараптардың өкілдері мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялықты қатаң сақтайтын әділ төреші болғандығы белгілі. Би өз кезегінде соттың дәлелдеу қорытындысында екі тараптың бірі жеңіп, бірі жеңіліп емес екі жаққа да шындықты мойындата білген. Халық арасында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырса ғана әділ ісімен даңқы артып отырған. Мұндай билердің атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымдардан дау- шылар іздеп келіп, жүгініп дауды шешуге өтініш жасап отырған. Сондықтан, Қазақ елінің билер соты барша жұрт алдында кәсіби жағынан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді.
Қазақстандағы сот орындаушылар тарихына тоқталар болсақ, бұл тарих сонау Ресей ипериясының кезеңінен бастау алады. 18 ғасырда сот шешімдерін мәжбүрлі түрде орындаумен айналысатын
«жалпы полиция» қызметкерлері болатын. Алайда, сот шешімдерін орындаудағы қиындықтар мен әртүрлі ерекшеліктері, оларды орындайтын жаңа қызметкерлердің пайда болуына жағдай жа- сады. Олар «сот органы полициясы» деп аталды. Олардың негізгі міндеттері: сот шешімдері мен ұйғарымдарын орындау, шақыру қағаздарын тараптарға жеткізу және соттың басқа да тапсырмала- рын орындау жүктелді.
1917 жылдан бастап сот шешімдерін орындау, соттардың жанындағы сот орындаушыларға жүктелді. 20-шы жылдардағы жаңа экономикалық саясаттың жүргізілуіне және азаматтық зат айналымының кең өркен жаюына байланысты, сот орындаушылардың қызметі белсенді жұмыс істей бастады.
1964 жылдағы КСРО-ның сот шешімдерін орындау мәселесі туралы ереже, 1973 жылы сот шешімдерін орындау тәртібі туралы КСРО-ның Әділет министрлігінің нұсқаулығы және 1985 жылы атқарушылық іс жүргізу туралы бірнеше заң актілері қабылданды. 90-шы жылдардың аяғына дейін осы уақыт аралығында қабылданған Ресей империясы мен Кеңес үкіметі кезеңдеріндегі заң актілерінің ерекшеліктері мен тәртіптері іс жүзінде қолданылып келді.
80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында біздің мемлекетіміз СССР құрамынан бөлініп, экономикалық дамудың жаңа кезеңіне көшті. 1985 жылдан бастап Кеңестер Одағында демократиялық саяси үлкен бетбұрыс кезеңі жаңаша сипатқа ие болды. Саяси режим және басқару жүйесінің ауысуымен қатар, мемлекетте меншікті жекешелендіру процесі басталып, экономиканың барлық салаларында меншіктің түрлі нысандары пайда бола бастады. Оның ішінде жеке меншік, экономикалық еркіндік, кәсіпкерлік, нарық және бәсекелелестік секілді жаңа экономикалық- құқықтық жаңартуларды талап ететін азаматтық құқытың объектілері пайда болды.
Сонымен қатар, сот орындаушылар институты, сот төрелігі жүйесі және құқықшығармашылық, құқық қолданушылық салалары да айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының қоғамдық сипатын, мемлекеттік жүйесін түпкілікті өзгерткен 1990 жылғы 24 сәуірдегі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Председателі Н.Назарбаевтың «Қазақ ССР Президенті қызметін тағайындау және Казақ ССР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 24 сәуірдегі
«Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Президенті туралы» қаулысының Казақстан халқы үшін маңызы зор болды.
Ал, 1990 жылдың 25 қазаны күні жарияланған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларациясы қазақ халқы ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздікке қол жеткізудің алғышартын жасап берді. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні Казақстан Республикасы — тәуелсіз мемлекет екендігін дүние жүзіне жариялаған Президент Н.Назарбаевтың
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы жариялан- ды. Сот жүйесін реформалау туралы мәселелер жан-жақты қаралды. Әсіресе, сот әділдігін өміршең етуде соттардың кәсіби деңгейін көтеру, сот актілерін орындау жүйесін нығайту, іс қарауда соттардың ешкімге тәуелді болмауын тиімділікпен арттырудың жаңа жобасы жасалды. Сондай-ақ, сот әділдігін жүзеге асыруда және сот қаулыларын орындауда аппарат ішкі ұйымдастыру жұмыстарына мейлінше көмек-жәрдем беру туралы мәселелерге көңіл аударылды. Осыған қарамастан, Қазақстанда сот шешімдерін орындау жүйесінің жағдайы нашарлай берді. Ал мұндай жағдай, яғни мәжбүрлеп орындатудың тиімсіз жүйесі сот жүйесі органдарының беделін түсіретіндігі анық, себебі, жүзеге асырылмаған немесе орындалмаған сот шешімінің заңдық құндылығы мен маңыздылығы болмай- ды [1].
Сот шешімдерінің тиімсіз және заңда көрсетілген мерзімдерде орындалмауы сот жүйесінің беделін түсіріп қана қоймай, азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүддесіне
елеулі нұқсан келтіріп, олардың әділ заңға деген сенімін жоғалтады. Сондықтан, Қазақстандағы атқарушылық іс жүргізу жүйесі күрделі өзгерістер енгізуді талап етіп, оны реттейтін жаңа заңнамалық базаны қалыптастыру қажет болды. Қазақстанда алғашқы сот орындаушылар қызметін реттейтін заңнамалық базасының негізі 1998 жылы қаланды. Осыған орай, Қазақстандағы атқарушылық іс жүргізу жүйесіндегі атқарушылық әрекеттер мен сот орындаушылар мәртебесі Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы қабылданған №253 «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңымен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілерімен, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу бойынша ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің ішкі бұйрықтары мен нұсқаулықтарымен реттелді [2]. Жоғарыда аталып кеткен Заңға сәйкес, атқарушылық әрекеттер тәртібіне қысқаша тоқталар болсақ, олар келесі процестерден тұрады: жұмысты жасау барысын- да сот орындаушыларының мақсаты азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот шешімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын, мүліктік өндіру бөлімінде қылмыстық істер бойынша үкімдерін және қаулыларын, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайларда өзге органдардың шешімдерін және қаулыларын міндетті және уақытылы орындау болып табылады [2].
Дегенмен, жоғарыда аталған заңнама нормалары өз кезегінде заман талабына ілесе алмай, 2010 жылға дейін ғана қолданылып келді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктеріне сәйкес, аталған Заңның әлеуметтік-құқықтық тұрғыда ескіргені байқалып, атқарушылық өндіріс жүйесін реформалаудың алғышарты туындады [3].
Қазақстан Республикасының Конституциясының 3-бабының нормасына сәйкес, Республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері арқылы жүзеге асырылады. Осы норма негізге алынып, Қазақстан Республикасының сот орындаушылар институты қазіргі кезде сот билігі өрісінен шығарылып, атқарушы билік органдарының қарамағына берілген. Атап айтқанда, қазіргі кезде сот және басқа да уәкілетті органдардың актілерін орындауға міндетті болып табылатын сот орындаушылар институты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің жүйесінің құрамына енгізілген.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуiрдегi № 261-IV Заңының нормалары сот орындаушылар институтының қызметінің және атқарушылық өндіріс сатысының құқықтық негізін құрайды [3]. Ал, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп өндіру құзыреті тек сот орындаушыларға ғана жүктелген. Аталған Заң нормалары өзіндік жеке құқықтық мақсаттар мен міндеттерді көздейді, яғни ашып көрсетер болсақ, атқарушылық iс жүргiзу мiндеттерiне ең алдымен азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнiң, ұйғарымдары мен қаулыларының, мүлiктi өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдерi мен қаулыларының, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негiзiнде осы Заңға сәйкес берiлетiн атқарушылық құжаттарды мiндеттi түрде және уақтылы орын- дау болып табылады.
Құқықтық институтты келесі анықтама арқылы өзіндік мәнін ашуып көрсетуге болады: атқарушы билік жүйесіндегі сот орындаушылар институты – атқарушылық өндіріс сатысында процессуалдық актілер қабылдайтын құқыққа ие. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуiрдегi № 261-IV Заңының және Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу нормаларын негізгі басшылыққа алатын, соттар мен басқада органдардың атқару құжаттарын орындауға міндетті уәкілетті мемлекеттік орган бо- лып табылатын, өзіндік ерекшеліктерге ие жеке құқық саласы деп атауға болады [3].
Атқарушылық өндірісті тікелей жүзеге асыратын сот орындаушар институтын екі аспекті тұрғысында қарастыруға болады (4). Біріншіден, яғни сот орындаушылар институтын құқық ин- ституты ретінде атқарушылық өндіріс ережелері арқылы, сот және басқада органдардың актілерін орындау процесін реттейтін құқықтық нормаларды жиынтығын басшылыққа алатын құқық сала- сы тұрғысында айқындауға болады. Екіншіден, бұл институтты азаматтық процесті, әкімшілік процесті, арбитраждық процесті жүргізу нәтижесінде қабылданатын құжаттардың іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз етуге міндетті, аталмыш процестердің аяқталу сатысын қамтитын сала тұрғысында атап көрсетуге болады [4]. Сот орындаушылар институтының негізгі процессуалдық нормасы болып табылатын атқарушылық өндіріс сатысы өзіндік құқықтық реттеуші нормалар жиынтығы бола тұра, азаматтық іс жүргізу процесінің құрамдас бөлігіне кіреді [5]. Сот орында- ушылар институтының негізгі функциясы-атқарушылық өндіріс ережелеріне негізделген атқару құжаттарын орындау қызметі болғандықтан, ол өз кезегінде, адамның өз құқықтарын сот арқылы қорғау секілді құқықтық саламен тікелей байланысты екендігін де ұмытпау қажет [6].
Сот шешімі шығарылып, бірақ осы сот шешімінің талаптары толық, тиісті деңгейде орындалма-
уы адамның және басқада қоғам субъектілерінің құқығының сот арқылы қорғалуының толық кепілі емес. Сондықтан сот орындаушылардың атқарушылық өндіріс сатыларында жүргізетін іс жүргізу әрекеттері кез келген адамның және жалпы қоғамның басқада субъектілерінің өз құқықтарын сот арқылы қорғау институтымен де тікелей байланысты [7]. Ал, бұл өз кезегінде сот орындаушы- лар институтының жоғарыда аталып кеткен негізгі міндеттері мен мақсаттары орындалмаса, атап айтқанда сот шешімі тиісті түрде орындалмаған жағдайда, кез келген тұлғаның өз құқығын сот арқылы қорғау құқығы іс жүзінде қамтамасыз етілмеген болып есептеледі [8]. Демек, кез келген тұлғаның өз құқықтарын жүзеге асыру тиімділігі сот орындаушылар институтының өз функцияла- рын қаншалықты тиімді орындауына тікелей байланысты десек те қателеспейміз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Қазақстан Республикасы Конституциясы. – Алматы: Қазақстан, 1998. – 13 б.
2 Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 маусымдағы қабылданған № 253 «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы».
3 «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуiрдегi № 261-IV Заңынамасы.
4 Елбасының 2000 жылдың 1 қыркүйегiндегi – Қазақстан Республикасының сот жүйесiнiң тәуелсiздiгiн күшейту жөнiндегi шаралар туралы Жарлығы.
5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының №9 «Азаматтық процессуалдық заңдардың кейбір норма- ларын қолдану туралы» 30 маусым 2000 жылғы нормативтік қаулысы // Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бюллетені. – №7. – 2000.
6 Д.Байер Сравнительные наблюдения над упрощенным производством в гражданском процессуальном праве Казахстана и Германии:заочное производство,приказное производство и производство по письменным документам // Заңгер. – №3. – 2010.
7 Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Жалпы және Ерекше бөлімдері). – Алматы, 2010 ж.
8 Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексі. – Алматы: ЖШС «Издательство «Норма-К», 2010- 60 б.
REFERENСES
1 Kazahkstan Respublikasy Konstitusiasy. – Almaty: Kazahkstan, 1998. – 13 b.
2 Kazahkstan Respublikasynyn 1998 zhylgy 30 mausymdagy kabyldangan № 253 «Atqaruwylyk is zhurgizu zhane sot oryndaywylarynyn martebesi turalu»
3 «Atqaruwylyk is zhurgizu zhane sot oryndayshylarynyn martebesi turalu» Kazahkstan Respublikasynyn 2010 zhylgy 2 sauirdegi №261-IV Zanynamasy.
4 Elbasynyn 2000 zhyldyn 1 qyrkuiegindegi – Kazahkstan Respublikasynyn sot zhuiesinin tauelsizdigin kusheitu zhonindegi sharalar turaly Zharlygy.
5 Kazahkstan Respublikasy Zһogargy Sotynyn №9 «Azamattyq prosecualdyq zandardyn keybir normalaryn koldanu turaly» 30 mausym 2000 zhylgy normatyvtik qaulysy // Kazakstan Respublikasy ZHogargy Sotynyn byulleteni, №7, 2000
6 D.Bayer. Sravnitelnye nablyudenya nad uproshennym proyzvodstom v grazhdanskom prosecualnom prave Kazahkstana I Germani: zaochnoe proyzvodstvo, prikaznoe proyzvodstvo I proyzvodstvo po pismennym dokumentam
// Zanger №3, 2010.
7 Kazahkstan Respublikasynyn Azamattyq kodeksi (ZHalpy zhane Erekshe bolimderi) – Almaty, 2010 zh.
8 Kazahkstan Respublikasy Azamattyq is zhurgizu kodeksi – Almaty: ZHSHC «Izdatelstvo «Norma — K», 2010.
Акчабаев Шынарбек Каирбекулы, докторант PhD ЕНУ имени Л.Н. Гумилева Институт судебных исполнителей и этапы его развития в Казахстане.
В статье указаны основные функции института судебных исполнителей – правила введение исполни- тельного производство. Созданы условия привлечения квалифицированных специалистов для исполнения су- дебных актов. Выявления особенности и интересы своевременного исполнения судебных актов частными судебными исполнителями. Пути оформления исполнительного производства для защиты прав интересов лиц через суд.
Ключевые слова: решение суда, исполнение, документ, судебный исполнитель, период развития.
Akchabaev Shynarbek Kairbekuly. ENU named after L.N Gumilyev PhD doctoral student of Law Faculty.
Institutes of Law Executives in Kazakhstan and its period of development
The main functions of the institution of the officer of justice are based on the rules of enforcement proceedings. In this article we discuss how to draw a gualify expert in court acts. Exposed peculiarity and interest jubicial acts on time by private bailiffs. The paper examines the ways of organizing the documents to protect their rights through the court.
Key words: judgment, execution, document, officer of justice, development.