«КӨПБОЛҒЫР» АПА

«КӨПБОЛҒЫР» АПА

Қайынатам айтады: Ауылда «Көпболғыр апа» деп аталатын бір кісі бар еді. Жарықтықтың аузынан жаман сөз шықпаушы еді-ау!

Ашуланып кеткенде де айтатын сөзі «Көп болғыр» болатын. Бірде дүкенде, (ол кезде дүние қат еді ғой) кезекте тұрған уақытта сол апамен бір шайпау әйел сөзге кеп қалды.

Әлгі бәледен «аш бәледен қаш бәле» деп жұрттың көбі ығысып жүретін. Тілін безеп, кимелей берген соң, келіні іспетті жаңағыға Көпболғыр апа: «Әй, қарағым, ұят болады; бұйырса, бәрімізге жетеді; сәл сабыр ет», — деген-ді.

Беті ашылып кеткен бетпақ неме бірден шап ете қалды да, бар зәрін апамызға төкті. Айтпаған сөзі жоқ: аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып жатыр! «Жаман қатынның тілі ащы» деген тегі рас: айтқан былапытын тыңдап тұра алмайсың!

Байғұс апаны жерден алып, жерге салды. Ол кісі де қып-қызыл болып, сұмдық ашуланып кетті. «Әй, қанша сабырлы болса да, қазір бірдеме дейді. Не дер екен?» деген жымысқы оймен қинала жөткірінген апаның аузын аңдып тұрмыз.

Ашудан қолы дірілдеп кеткен апа сонда «Әй!» деді. Тына қалдық. «Әй, көп болғыр-ай!..» Басқа ештеңе деген жоқ! Көкдолы да мұндайды күтпесе керек, аңырып біраз тұрды да, шетке ығыса берді.

Сонда Көпболғыр апаның үні мен жүзінен алапат ашу мен шарасыздықтың, жаны ашыған мейірім мен сұрапыл сабырдың лебін сездім мен! Шынымен, не деген сабыр! Не деген тәрбие!.. Мен көрген қазақы мінезді Ананың бірі сол кісі еді! Жаны Жәннатта болғай марқұмның!..»

Алғадай Әбілғазыұлы.
Раушан Жакешбай парақшасынан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *