ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ


Т.С. ҚАЛЕНОВА
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ.

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ

Бұл мақалада 1920 жылдардағы қазақ баспасөзінің қалыптасып, дамуы қарастырылады. Мақалада өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында бұқраралық ақпарат құралдарында жарыққа шыққан баспасөз материалдары мен мұрағат құжаттары негізінде алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытовтың журналистік қызметі зерттелінеді.
Түйін сөздер: Алаш идеологиясы, ұлттық идея, 1920 жылдардағы қазақ баспасөзі, ұлт зиялылары, Жүсіпбек Аймауытов, кеңес үкіметі.

ХХ ғасыр басында қазақ баспасөзінің қалыптасып, дамуына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды Алаш қозғалысының қайраткерлері зор үлес қосты. Бұл кезде алаш зиялылары бостандық пен тәуелсіздік идеяларын насихаттау жолында үлкен жігермен еңбек етті. Осы зиялы қауым турасында Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ журналистері
— халықшылдар. Өйткені олар ұлтшылдар, өз ұлтын жан дүниесімен түсініп, өз халқының қайғысы мен қуанышын бөліскен жандар,- деп жоғары бағалай келе: — Ұлтшыл болмауға болмайды, олай болса онда ол табиғат заңына қарсы. Ұлтшыл емес адам- адам емес, шошқа. Қазан революция- сы ұлтшыл журналистерден интернационалистер тәрбиелеп шығара алмады. Ұлтшылдар өздерін интернационалистерміз деп атай алмады. Интернационалды үкімет ұлтшылдармен бірге бола ал- майды. Сондықтан қазақтың ұлтшыл журналистері онда жұмыс істей алмады»[1] – деген болатын. Ал, Жүсіпбек Аймауытов болса: «… бір халықтың ұлтшыл адамдары көбейсе, ұлты үшін жанын салып, сол ұлтты көркейтуге тырыспақ. Адамның өз басының көркеюімен ұлты көркеймейді, ұлты көркейсе, өзі көркейеді. Бір ұлт бақытты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарына да ортақ» [2],- деп шын мәніндегі ұлтшылдық сезімінің мән-мағынасын дәл ашады.

Жиырмасыншы жылдары қазақ баспасөзі беттерінде сол кездегі ұлттық интеллектуалдық элитаның белсенді қатысуымен республикадағы қоғамдық және мәдени өмір, сондай-ақ, көркем творчество турасында жалпыұлттық мүддені қорғайтын қызу пікірталастар жүргізілді. Бұл уақытта большевиктер идеологияны пролетарлық және пролетарлық емес деп қарастырды. Сондықтан да алаш зиялылары қызмет еткен баспасөз органдары негізінен «Коммунистік партияның аппараты та- рапынан жалпыұлттық идеялар мен халықтың түпкі мақсат-мүдделерін қорғағандары үшін «ұлтшыл күштердің» құралы ретінде сан рет айыпталды» [3]. Қазақстан тарихында алмағайып кезең болған 1920 жылдары ұлт бостандығы жолында қызмет еткен алаш зиялылары қазақ баспасөз беттерінде жарияланған өз мақалалары арқылы ұлттық идеяның маңызын одан сайын арттыра түсті. Сонда түпкі мазмұны ұлттық мүддені білдіруге саятын бұл мақалаларда қандай мәселелер көтерілді? Осы тұрғыда Ж. Аймауытов: «Ағаш көркі- жапырақ» дегендейін «газет көркі- ел хабары» деуге бола- ды. Ол аз. Газет қалың бұқаранікі болуы үшін, елмен қоян-қолтық айқасуы керек. Қайткенде газет елмен жақын айқасады? Әрине, елдің өзіне айнаға түсіргендей, ашық көрсеткенде,- дейді де, сол уақытта баспасөз, әсіресе, газет бетінде міндетті көтерілуге тиіс мәселелер қатарында: шаруа жайы, әкімшілік, сот, әйел теңдігі, жастар тұрмысы, оқу жайы, жұмысшылар тұрмысын айтады [4]. Бұлар тап сол кезеңдегі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмір ахуалының деңгейін айқындайтын басты мәселелер болды. Алаш интеллигенциясына ол кезде елде болып жатқан ахуалды анықтап, одан шығар жолды табу аса қажет еді. Ең алдымен, ұлт зиялыларына республикада бейбіт өмірді сақтап, ешқандай шиеленіске жол бермеу керек болды. Сондықтан олар бір кездегі Ресей патшалығы, одан соң Кеңес үкіметі сияқты империялардың отарлауында болған қазақ халқын оқу-ағарту жолымен азат етуді мақсат етіп, мұны баспасөз құралдары арқылы іске асыруды көздеді.
Республикадағы қоғамдық-саяси ахуал түбегейлі өзгерістерге ұшыраған аумалы-төкпелі өткен
ғасыр басындағы 20-жылдар алаш зиялыларының алдына тек ұлттық мүддені білдіру ғана емес, сонымен бірге, оны ойдағыдай жүзеге асыру жолын табу міндетін де қойды. Сол уақыттағы тарихи кезең олардан ұлттық-мемлекеттік мүддені шешуде бүкіл қазақ халқын белсенді жұмылдыра алу қабілетін қажет етті.
Қазан революциясынан соң Қазақстанда Кеңес үкіметінің түпкілікті орнауы нәтижесінде республиканың саяси өмірінде түбегейлі де, түбірлі өзгерістер жасалынды. Ал елдегі саяси- экономикалық орнықтылығы мен даму барысы тікелей жаңа үкімет билігіне бағынышты сол қысылтаяң уақытта қазақ зиялылары ұлттық мүддені революциялық жолмен шешуге ұмтылған жоқ. Революция жасау жолы — қарулы көтеріліс, қазақ халқы ол уақытта қарудың күшімен тәуелсіздікке жетпесін ұлт зиялылары жақсы білді. Сондықтан олар республиканың саяси-әлеуметтік өміріне қатысты түйінді мәселелерді жаңа жүйенің қазақ қоғамына әкелген күрделі өзгерістерін халық игілігіне орайластыра отырып, обьективті тұрғыда шешуге әрекеттенді.
Әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық аумалы-төкпелі, дүрбелеңді жиырмасыншы жыл- дары Жүсіпбек Аймауытов Семей өңірінде қызмет жасады. Ол губревкомдағы Қазақ бөліміне басшылық еткен. Міне, осы тұста Аймауытов қазақ халқының жаңа жағдайдағы саяси-әлеуметтік өміріне байланысты мәселелерді шешуге белсенді түрде араласты. Сондай-ақ, бұл кезде, одан кейін де (1922 ж.) Аймауытов Семейден басылып шыққан «Қазақ тілі» газетіне редакторлық жасаған [5]. Оның бұл газетте жарияланған мақалаларына алда арнайы тоқталамыз. Ал бұл арада мынадай мәселеге назар аударғымыз келеді: 1920 жылдан бастап тікелей Қазақ Орталық Атқару Комитетінің басшылық етуімен «Еңбек туы» газеті шығарылды. Бұл газет қазіргі кездегі «Егемен Қазақстан». Ж. Аймауытов қазақ елі жетпіс жылдан соң ғана қол жеткізген егемендіктің жаршысы- «Егемен Қазақстанның» алғашқы редакторы болды [6]. Алайда бүгінгі күнге жиырмасыншы жылдардың басында шыққан «Еңбек туының» бірде-бір саны жетпеген. Соған байланысты оған елеп, көңіл аудармауға да болатын еді, дегенмен, төмендегі мұрағат деректерін келтіре отырып, кейбір мән- жайға тоқталып өтелік.
Күн сайын шыққан «Еңбек туы» газеті қазақ тілінде басылып ел арасына Орталық Баспа және Қазақ Орталық Атқару Комитетінің қатысуымен кеңінен таратылып тұрған. Орталық Комитет
«Еңбек туының» сол уақытта республикада шыққан басқа да қазақ басылымдарымен қатар жари- яланып тұруына аса назар аударды [7]. Мәселен, бұл іске Комитет мүшелері: А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, С. Сәдуақасов, С. Сейфуллин, Х. Болғамбаев, А. Кенжин, Е. Омаров тағы басқалар белсенді араласты [8].
1921 жылы мамыр айының 24-інде өткен Қазақпартбюросының алқа мәжілісінде күнделікті шыққан «Еңбек туын» алда тек апта сайын басу және де мазмұны «Кедей» журналының мазмұнына жақындастыру қажеттігі, қазақ әдебиетшілері жетіспейтіндіктен, алғашқы кезде газеттің мазмұнын

орыс тілінде дайындап, артынан қазақ тіліне аудару туралы қаулы етеді. Бірақ, бұл газеттің қалай жұмыс істегені жайында мәлімет жоқ.
Біздің ойымызша, бұл газетте қазақ зиялылары негізінен республиканың әлеуметтік- экономикалық, саяси өміріне қатысты ең зәру мәселелерді көтеріп, оны ұлт мүддесі жолында шешуге тырысқан. Сондықтан, таптық қағидатты басты ұстаным еткен кеңестік дәуірде мұндай басылымның, әсіресе, кеңестік биліктің алғашқы жылдарындағы сандарының жойылып кетуі таңданыс тудырмайды.
Алаш зиялылары республика үшін маңызды мәселелерді қазақ елін тәуелсіздікке жеткізу жо- лында обьективті тұрғыдан өз дәрежесінде шешуге ұмтылды. Тап сол кезде олар әйел мәселесіне ерекше назар аударды. Өйткені ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде дүниені дүр сілкіндірген Ақпан, Қазан революциялары сияқты саяси оқиғалар қазақ қоғамына ықпалды әсер етіп, нақ сол күрделі де, қайшылықты өтпелі кезеңде оның саяси-әлеуметтік өміріне түп-тамырлы өзгерістер енгізді. Солардың бірі- әйел теңдігі еді. Негізі, бұл айтулы мәселе 1917 жылдың көктемінде республиканың бірқатар облыстарында өткен қазақ съездерінде көтеріледі.
Жиырмасыншы жылдары ұлт зиялыларының қазақ баспасөзі беттерінде осы мәселеге қатысты мақалалары көптеп жарық көрген. Ол мақалалардың негізгі мазмұны қазақ әйелін азат ету, қалың малды жою турасында болды. Мәселен, 1919 жылдың 4 желтоқсанынан бастап шыққан «Қазақ тілі» газетінің 1920 жылғы 93- санында жарияланған «Қазақ әйелін сатуға тыйым салуды кім бақылауға міндетті?» атты мақала авторы — Жүсіпбек Аймауытов Семей өңіріндегі қазақ әйелі хақында сөз қозғайды. Мұнда ол Алаш қаласының тұрғыны Жүніс Түмешевтің 14 жасар қызы — Рузияны 40-тан асқан Омар Табалғинге екінші әйел ретінде қалың малға сатқаны және де молданың айтуы бойын- ша Табалғин Рузияны тоқал етіп алғаны үшін оның ата-анасына тағы да айып ретінде 10 ат, 2 түйе мен 100 000 сом ақша бергенін айтады.
Жалпы, Аймауытов жесір дауы, қалың мал дауында әйел азаттығы жағында болды, сондықтан, өңірдеәйелдердіңазаматтық-құқықтық мәселелерінебайланыстыіс-шараларға асажауапкершілікпен қарады. Қазақ бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезінде, яғни 1920 жылдың қазан айында ол губерниялық кеңестің халық сотына осы бөлім атынан әйел мәселесіне қатысты өтініш жасайды. Бұл құжатта ол негізінен қазақ әйелінің бас бостандығы, қалың малды жою жайына, кеңестік халық сотының жұмыс істеу деңгейін көтеру қажеттігіне тоқтала келіп, алдағы уақытта қалың мал алуды тоқтату үшін сатушы мен сатып алушының мүлкін тәркілеу арқылы қатаң жаза қолдану керек деген ұсыныс жасайды [9].
Қалың малға тыйым салу туралы арнайы қаулы Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі атынан 1920 жылдың соңында шықты [7, 58]. Сол тарихи кезең контексінде алғанда Аймауытовтың жоғарыда қалың малға тыйым салу жолында ұсынған шешімі орынды. Ай- мауытов жалпы қазақ халқы үшін үлкен маңызы бар әйел теңдігі мәселесі тұтас ұлт мүддесі негізінде шешілуге тиіс деп санады. Сондықтан ол қазақ әйеліне білім алуға, қоғамдық істерге араласуға құқықты саналы азамат ретінде қарауға шақырды. Мұны ол 1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында басылған «Нағима», сондай-ақ, 1929 жылы «Әйел теңдігінің» бірнеше сандарын- да жарияланған «Қызыл отау, Қызыл бике» атты әңгімелерінде айқын көрсетеді. Алғашқысында
«Құдай-ай! Бағымыз ашылып, ел жұртқа қосылатын күн болар ма екен» [10],- деп армандаған Нағиманың Қазан революциясынан соң теңдік алуын Аймауытов әңгіменің негізі етіп алса, кейінгі әңгіме Қарабұлақ ауылына Қызыл отаудың келуімен басталады.
Кеңестік дәуірдің алғашқы кезінде қазақ ауылдарына халық арасында сауаттандыру, дәрігерлік жәрдем көрсету, тұрмыс жағдайларын жақсарту шараларын ұйымдастыру үшін Қызыл отау сияқты ұйымдар шыққаны белгілі. Аймауытовтың «Қызыл отау, Қызыл бике» әңгімесі осы ұйым тура- сында. Әңгімеде Қызыл отауда әйелдер ұйымдастырушысы қызметін атқарған Қызыл бикенің белсенді араласуымен Қарабұлақ ауылының көпшілік әйелі теңдік алғаны айтылады. Десек те, Ай- мауытов бұл әңгімесінде: «…Қызыл бике үш мелитсиенермен саусылдап үйге кіріп келді. Ауыл кісілері үрпиісіп, жиналып, қатынды ортаға алып екі баласын айтып, обал-сауапты салыстырып, олқылы-толқылы кеу-кеулеген әңгімемен жолаушыларды бірқатар кідіртіп, қашаннан орнығып қалған әйелдің жып етіп шыға қоюы оңай ма?» [11],- деп сол уақытта қазақ әйелдері арасында әйел теңдігін желеу етіп, өз отбасыларын тастаған әйелдер де кездескенін байқатады. Ал бұл кеңестік Орталықтың басшылығымен жүргізілген әйел теңдігі саясатының қазақ қоғамы үшін теріс жақты әсері де болғандығын аңғартады.
Жалпы, кеңестің әйел теңдігі саясаты қазақ халқы үшін екі жақты болды. Нақ сол аумалы- төкпелі заманда қазақ әйеліне берілген бас еркіндігі, бір жағынан оған бұрынды-соңды болмаған
сауат ашу, қоғам істеріне араласу сияқты құқықтар әперсе, екінші жағынан бұл бостандық қазақ әйеліне психологиялық та әсер етті, яғни оның табиғи қалпы, этникалық ерекшелік қасиеттерінің өзгеріске ұшырауына соқтырды.
Жүсіпбек Аймауытов Қазан революциясынан соң қазақ әдебиетінің қалыптасуына кеңінен араласты. Оның бұл мәселеде ұстанған бағыты — әдебиетте саясаттың жүргізілуіне қарсы бол- ды. Аймауытов бұл ойын қазақ баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларында ашық білдірді. Оның әдебиет мәселесіне қатысты жазған алғашқы мақалалары 1920 жылғы желтоқсан айынан бастап Ташкенттен басылып шыққан «Ақ жол» газетінде жарық көреді. Түркістан Орталық Атқару Комитетінің органы болған «Ақ жол» газеті сол кездегі барлық кеңестік мерзімді басылымдар сияқты тұрғылықты халық арасында кеңестік билік шараларын ұйымдастыру, яғни Халық Комис- сариаттарымен басқа да мемлекеттік мекемелердің қаулы еткен бұйрықтары мен ресми сипатты хабарламалармен таныстырып тұру [12] және ауылдағы қазақ кедейлері ішінде Кеңес өкіметінің негізгі идеяларын насихаттау [13] үшін шығарылған еді. Алайда, С. Қожановтың басшылық етуімен шыққан «Ақ жол» газетінде әйел, оқу, әдебиет және тағы басқа осы сияқты өзекті мәселелер тура- сында жалпыұлттық мүдде тұрғысында жазылған мақалалар авторлары, негізінен, М. Дулатов, Х. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, Б. Сүлеев, Т. Шонанов, И. Тоқтыбаев, А. Байтасов, Ж. Аймауытов сынды қазақ зиялылары болды.
Жүспібек Аймауытов «Ақ жол» газетінің тұрақты тілшісі болған, сондай-ақ, бұл газеттің жұмыс
істеу шараларын ұйымдастыру ісіне де белсенді араласты. Мәселен, қазақ Ағарту институтында өзімен қызметтес болған Байтасов, Ғалымжановтармен бірге 1925 жылдың сәуір айында өткізілген
«Ақ жолда» істейтін тілшілер конференциясына қатысып, баяндама жасаған [14].
«Әдебиет- өнер. Өнер азды көпті еркіндік тілейді» [15],- деп жазды Ж. Аймауытов «Ақ жолдың» 1925 жылы 1 сәуірінде шыққан санында жарияланған «Әдебиет мәселесі» атты мақаласында. Ол қазақ әдебиетін өркендету үшін әдебиетті таптық, не саясат тұрғысынан емес, ғылыми негізде сынау қажеттігін баса көрсетеді. Аймауытов бұл мақалада Қазан революциясына дейін қазақ әдебиетінің бағыты — ұлт теңсіздігіне, мәдениетке талпыну болса, ендігі уақытта әдебиеттің бағыты- бұрын оянған ұлт сезімін тұншықтыру емес, тегістік, теңдік жолына икемдеп, дұрыс жүйеге қалыпқа түсіру керек деп тұжырымдайды. Осы мақалада: «Төңкерістен бұрынғы қазақ әдебиетінің ішкі мазмұны- қазақтың халіне қайғыру, патша өкіметінің отаршылдық саясатына, қала берсе орыс атау- ына ереуіл жасау еді»,- деп айтылған Аймауытов ойы кейіннен кеңестік әдебиетте: «Осылайша, бұл жолдардың авторы (Аймауытов) бұрынғы қазақ әдебиетіне баға бере отырып, ұлтшылдықтың есек құлағын, яғни антиорыстық бағытын жасыра алған жоқ» [16,157],-деп қарастырылды. Сондай-ақ:
«Қазақ жазушылары, ақындары төңкеріске жолдан қосылды. Бір қанаты төңкеріс рухымен суарыл- са, екінші қанаты ұлтшылдықпен суарылып қалған… төңкеріске, коммунизм жолына көрінеу қаса қылығы жоқ болса, ұлтшыл ақындарды да пайдалануға болады» [15], деген пікірі де: «Аймауытов ойынша, ұлтшылдық- коммунизмге ерікті, еріксіз түрде көнуге тура келетін ұзақ құбылыс. Әрі Ала- шорда теоретигі осылай социалистік құрылыста коммунизм мен ұлтшылдықтың қатар өмір сүруін қалады» [16,208] -, деп көрсетілді. Кеңестік дәуірде интернационалист болу үшін ұлтшылдық сезімі қажет емес еді. Орыс ұлты сияқты үстем халықтың әдебиеті мен ұзақ уақыт бойы езгіде болған қазақ ұлтының әдебиеті, тұрмысы, шаруа түрі, дүниетануы екі басқа болуы себепті бірдей болуы мүмкін еместігін дәл айқындап, қазақ әдебиетінде өзгешілік болу қажеттігін баса айтатын Ж. Аймауытовтың бұл мақаласының аса қатаң сынға алынуы сондықтан.
1925 жылы 18 маусымда БКП(б) Орталық комитетінің «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулысы шығады. Осыдан кейін партия әдебиетті дамыту ісіне тікелей басшылық етті. Алайда, ұлт зиялылары ғасырлар бойы қалыптасқан әдеби мұрадан бас тартқан жоқ. Аса көрнекті қазақ қайраткерлерінің бірі – Смағұл Сәдуақасов: «Жаңа қазақ қоғамын құру- партия мен үкіметтің алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі. Ал жаңаны орнату үшін өткенді білу қажет. Жаңа тек ескінің негізінде құрылады. Сондықтан, әдеби мұрадан қашпауымыз керек. Ол — нәр ала- тын творчестволық орта… қазақ әдебиеті жаңа бастаушы жазушылар мен ақындар өнеге алатындай аса құнды шығармаларға өте бай» [17],- деп атап көрсетсе, Алаш қозғалысының белсенді өкілі- Жүсіпбек Аймауытов 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Әдебиет мұралары» деген мақаласында: «…Мәдениет мұрасы «керексіз қу мола» деп ешкім дауласпас. Ендеше, мұралар құламай, жоғалмай тұрып жаңғыртылуына жұрт қол қояды. Бұлай болса, бізде тағы бір мұра бар. Ол- әдебиет мұрасы… тозып бара жатқан мәдениет мұраларымен қатар тозып бара жатқан әдебиет мұраларымыз да ауызға алынатын, ауыз емес-ау, қолға алынатын уақыт жетті. Мәдениет мұрасы тарихымызға бір олжа салса, әдебиет мұрасы он олжа салады» [18],- деп зиялы қауымды қазақ

ұлтының рухани қазынасы- халық ауыз әдебиетін қайта жаңғырту ісіне қатысуға үндей отырып, жазбаға түспеген ауыз әдебиеті шығармаларын жинақтау мәселесіне қатысты төмендегідей нақты ұсыныстар жасайды:
1. Ел аузындағы ескі әдебиетті жиюға Оқу Комиссариатының білім ордасы өзі кіріссін. Өзі болмағанда губерниялық оқу бөлімдеріне ие қылсын.
2. Жалпы қартты түгендеп жүруге болмайды. Әр губерниядан 2-3 қана таңдамалы адамдардың аузынан жиылсын.
3. Бұл сөздерді жинаудың өзіне…қолынан іс келетін, ауыр аманатты адал орындарлық тиянақты кісілер жіберіліп, жазып алатын болсын.
4. Қарттардың қазақ мәдениетіне қолғабыс еткен еңбектері ақталу үшін (олардың еңбектері- ескі сөздері) бастырылып, таратылатындығына білім ордасы өзі кепілдік берсін.
Ж. Аймауытов қазақ халқы үшін зор маңызы бар бұл мәселені осылайша обьективті де жедел түрде шешуге шақырды. Ұлт тағдыры таразыға түскен нақ сол уақытта Аймауытов қазақ өміріндегі ең көкейтесті мәселелерді таптық қағидатқа қарсы қоймай, жалпыұлттық мүдде тұрғысын негізге ала отырып, сол күнгі өмір контексінде шешуге әрекеттенген. Ал әдебиет мәселесіне келгенде, ол батыл да, табанды ой-тұжырымдамаларымен, турашылдығымен ерекшеленді.
Жүсіпбек Аймауытов кеңестік билік тұсында қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысты жүргізілген реформаларға сын көзбен қарады. Ұлт тағдырына байланысты аса маңызды мәселелерді шешу үстінде ол объективтілікті басшылық етті. Ал сол кезеңдегі республикадағы ең өзекті мәселе — отырықшылық еді. Осы мәселеге қатысты өз көзқарасын Аймауытов жиыр- масыншы жылы сәуір айында «Ақ жол» газетінде басылған «Отырықшылықтың пайда, зияны» атты мақаласында жасаған ой-пайымдаулары арқылы анық байқатады. Аймауытов бұл мақалада
«Отырықшы болса-ақ қазақ тұрмысы түзеліп кетеді, тез мәдениетті болады» деген пікірдің сыңаржақ айтылғанын дәлелдеп көрсетуді мақсат еткен. Мұнда ол алдымен, кейбір ел тұрмыс жағдайына бай- ланысты, мәселен, малы азайып, көше алмай қалған, егін салуға кіріскен, жақсы жерін сақтап қалуға ұмтылғандар отырықшылыққа көшуге мәжбүр болғандығына тоқталады. Одан Аймауытов халық отырықшы болса, егіншілікпен айналысуға тура келетінін, бірақ, біріншіден, қазақ жерінде қара топырақты егіндік жерлер аздығынан, екіншіден, бұл шаруашылық бойынша халықта ешқандай іс-тәжірибе, қажетті құрал-сайман жоқтықтан және де оны тұтыну жолын білмегендіктен, қазақ елі тез арада егін салу ісіне төселе алмайтындығын атап көрсетеді.
Осылайша, негізінен, бұл мақалада Жүсіпбек Аймауытов отырықшылықтың зиянды жақтарын баса айта келіп: «Жұртқа жапа-тармағай отырықшы бол деп айту адасқандық болады. Ол мүмкін емес. Отырықшылыққа белді байлай алмай тұрмысы әзір отырмаса да, көтеретін болса, ондайларға
«отыр» деп маслихат беру де ұшқырлық… Менің ойымша, отырықшы болу жерінің жағдайына, шаруасының түріне, елінің тілегіне, мүддесіне қарай шешілгені дұрыс. Қызықтырып отырушы қылу алды-артын болжамағандық болып, пайдасынан зияны басым шығып жүрмесін» [19], — дейді.
Қазақстанда Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде қазақ қоғамында айтыс-тартысқа көп түскен бұл тақырыпқа байланысты жасаған Ж. Аймауытовтың ой-тұжырымдамасы осындай.
Жүсіпбек Аймауытов Орталықтың дәстүрлі мал шаруашылығын егіншілікке ұштастыру арқылы қазақ елін прогресс жолы отырықшылыққа кеңестік жолмен көшіру идеясын қолдаған жоқ. Осы рет- те Қазақстандағы көшпелі тұрмысты жою даладағы мал шаруашылығы мен қазақ шаруашылығын құрту ғана емес, сонымен қатар, қуаң даланы адам тұрмайтын шөлге айналдыру үшін шайқасу болатынын айтқан С. П. Швецов пікірін атап өткен жөн [20,103]. Алайда партия отырықшылық саясатын қолдамаған ұлт зиялыларын қазақ халқының «прогрессивті» дамуына қарсы деп айыпта- ды. Мәселен, партия қайраткері Мырзағалиев 1921 жылы (мамыр-маусым) өткен І Жалпықазақтық партия конференциясында «Ұлт мәселесі бойынша» жасаған баяндамасында: «Қырғыз (қазақ) кедейлерін ұйымдастыру және қырғыздарды (қазақтарды) отырықшы ету мәселесі бар. Кейбір жол- дастар қырғыздар (қазақтар) көшпелі халық болғандықтан, бұл мүмкін емес, олар өмір бойы көшіп жүрулері керек деп айтады. Жолдастар қателеседі. Біз қырғыз (қазақ) кедейлерін өз жағымызға шығармайынша, отырықшылыққа қатысты іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ. Ал егер біз оларды отырықшы етпей, Каспий теңізінен Моңғолия шекарасына дейін көшіртіп қойсақ, олар- ды кеңестік құрылысқа тарта алмаймыз» [21] — деп көрсетті.
Отырықшылықтың күштеу арқылы жүргізілуіне ашық қарсы пікір айтқан Аймауытов сынды
қазақ зиялыларының мақалалары жарияланған баспасөз орындары «партияға қарсы, теріс уклон- ды» басылымдар болып есептелінді. Мысал үшін, 1925 жылдың наурыз айында Орталық партия комитетінің Секретариаты қазақ баспасөз орындары — «Ақ жол», «Тілші» газеттері мен «Сана»

журналының саяси бағыты партияда жоқ интеллигенцияның «ұлтшылдық» ықпалында [22] деп табады.
Жалпы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Хайретдин Болғанбаев, Жүсіпбек Аймауы- тов, Смағұл Сәдуақасов сияқты зиялылар шоғыры «20-жылдардағы Қазақстанда жүзеге асырылған баспасөз, ғылым мен өнер саясатын анықтады. Осы саясатты жүзеге асыру барысында ұлттық бірлік пен тұтастыққа негізделген Алаш қозғалысының басты принциптері, бағдарламалық тұжырымдары Кеңес өкіметінің атын жамылу жолымен іске асырылды…» [3].
Қорыта айтқанда, Жүсіпбек Аймауытов мақалалары оның жаңа билік жағдайында да республикадағы аса маңызды рөлі бар өзекті мәселелерді ұлттық мүдде жолында шешуге әрекеттенгенін дәлелдейді. Ал жиырмасыншы жылдардағы қазақ баспасөзі Ж. Аймауытовтай алаш зиялыларының рухани өмірде партия идеологиясының үстемдік етуін қолдамағандарын көрсетеді.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Еңбекші қазақ.- 1922.- №297.
2 Аймауытов Ж. Көркем әдебиет туралы // Еңбекші қазақ.- 1927.- 8-9 тамыз.
3 Нұрпейісов К. Қазақ интеллигенциясының әміршіл-әкімшіл жүйеге ғылым мен мәдениет саласындағы қарсылығы (20-30 жылдар мысалында) // Столичное обозрение.- 1998.- 12-маусым. Б.10.
4 Аймауытов Ж. Ел газетке не жазады? // Еңбекші қазақ.- 1924.- 5-мамыр.
5 Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (бұдан әрі-ҚР ОММ). 5-қ.-18-т.-109-іс.-4-п. 6 ҚР ОММ. 140-қ.-1-т.-83а-іс.-57-п.
7 ҚР ОММ. 5-қ.-1-т.-10-іс.-32-37-пп.
8 ҚР ОММ. 5-қ.-1-т.-29-іс.-2-п.
9 Шығыс Қазақстан облыстық жаңа тарих құжаттар орталығы (бұдан әрі- ШҚО ЖТҚО). 226-қ.-1-т.-476- іс.-22-23-пп.
10 Аймауытов Ж. Нағима // Қызыл Қазақстан.- 1923.- №22.- 111-118-бб.
11 Аймауытов Ж. Қызыл бике, қызыл отау // Әйел теңдігі.- 1929.- №9-10.- 45-52-бб.
12 Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (бұдан әрі- ӨР ОММ). 17-қ.-1-т.-495-іс.-286-п. 13 ӨР ОММ. 17-қ.-1-т.-474-іс.-11-п.
14 ӨР ОММ. 372-қ.-1-т.-67-іс.-81-п.
15 Ақ жол.-1925.-1 сәуір.
16 Бейсембиев К. Победа марксистко-ленинской идеологии в Казахстане. -Алма-Ата: Казахстан,1970.-384
с.
17 Сәдуақасов С. Әдебиет туралы сөз // Еңбекші қазақ.- 1927.- 15-16 қаңтар. 18 Аймауытов Ж. Әдебиет мұралары // Еңбекші қазақ.- 1927.- 20 маусым.
19 Аймауытов Ж. Отырықшылықтың пайда-зияны // Ақ жол.- 1921.- 21 сәуір.
20 Швецов С. П. Природа и быт Казахстана // Казахское хозяйство в его естественно-исторических быто-
вых условиях.- Алма-Ата.- 1926.- 186 с.
21 Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты (бұдар әрі-ҚР ПМ). 139-қ.-1-т.-1а-іс.-110-п. 22 ҚР ПМ. 141-қ.-1-т.-377-іс.-3-п.

REFERENCES
1 Enbekshі kazak.- 1922.- №297.
2 Aimautov Zh. Korkem adebiet turaly // Enbekshі kazak.- 1927.- 8-9 tamyz.
3 Nurpeіsov K. Kazak intelligencijasynyn amіrshіl-akіmshіl zhүiege gylym men madeniet salasyndagy karsylygy (20-30 zhyldar mysalynda) // Stolichnoe obozrenie.- 1998.- 12-mausym. B.10.
4 Aimautov Zh. El gazetke ne zhazady? // Enbekshі kazak.- 1924.- 5-mamyr.
5 Kazakhstan Respublikasynyn Ortalyk memlekettik muragaty (budan ary- KR OMM).5-k.-18-t.-109-іs.-4-p. 6 KR OMM. 140-k.-1-t.-83a-іs.-57-p.
7 KR OMM. 5-k.-1-t.-10-іs.-32-37-pp.
8 KR OMM. 5-k.-1-t.-29-іs.-2-p.
9 Shugys Kazakhstan oblystyk Zhana tarih kuzhattar ortalygy (budan ary-ShKO ZhTKO).226-k.-1-t.-476-іs.-22- 23-pp.
10 Aimautov Zh. Nagima // Kyzyl Kazakstan.- 1923.- №22.- 111-118-bb.
11 Aimautov Zh. Kyzyl bike, kyzyl otau // Aiel tendіgі.- 1929.- №9-10.- 45-52-bb.
12 Ozbekstan Respublikasy Ortalyk memlekettіk muragaty (budan ary- OR OMM). 17-k.-1-t.-495-іs.-286-p. 13 OR OMM. 17-k.-1-t.-474-іs.-11-p.
14 OR OMM. 372-k.-1-t.-67-іs.-81-p.
15 Ak zhol.-1925.-1 sauіr.
16 Beisembiev K. Pobeda marksistko-leninskoj ideologii v Kazahstane.-Alma-Ata:Kazahstan,1970.-384 s. 17 Saduakasov S. Adebiet turaly soz // Enbekshі kazak.- 1927.- 15-16 kantar.

18 Aimautov Zh. Adebiet muralary // Enbekshі kazak.- 1927.- 20 mausym. 19 Aimautov Zh. Otyrykshylyktyn pajda-ziany // Ak zhol.- 1921.- 21 sauіr.
20 Shvecov S. P. Priroda i byt Kazahstana // Kazahskoe hozjajstvo v ego estestvenno-istoricheskih bytovyh uslovijah.- Alma-Ata.- 1926.- 186 s.
21 Kazakstan Respublikasy Prezidentіnіn muragaty (budan ary-KR PM). 139-k.-1-t.-1a-іs.-110-p. 22 KR PM. 141-k.-1-t.-377-іs.-3-p.

В данной статье рассматривается формирование и развитие казахской печати в 1920 годах. В статье на основе опубликованных материалов в средстве массовой информации в двадцатых годах прошлого столе- тия и архивных документов раскрывается журналистская деятельность представителя алашской интел- лигенции Жусипбека Аймауытова.
Ключевые слова: Алашская идеология, национальная идея, казахская печать в 1920 годах, национальная интеллигенция, Жусипбек Аймауытов, советское правительство.
In this article formation and development of the Kazakh press in 1920 is considered. In article on the basis of the published materials in mass media in the twenties of last century and archival documents journalistic activity of the representative of the alashsky intellectuals Zhusipbek Aymauytov reveals.
Key words: Alashsky ideology, national idea, the Kazakh press in 1920, the national intellectuals, Zhusipbek Aymauytov, the Soviet government.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *