БӘДІК
Бәдік самар, ендеше, бәдік самар, Жақсы бие арғымақ құлын табар.
Тойдан қызық аулыңда бәдігің бар, Хабарласып тұрмасаң, Құдай табар.
Бәдік кетіп барады таудан асып, Таудан асқан бұлтпенен араласып.
Ей, жігіт, бәдігімді ұстап берсең,
Шын құмардан шығар ем сабаласып.
Бұқпа бәдік, ендеше, бұқпа бәдік, Жүрген жерің сенің де жұқпа бәдік. Жаман бала ішіне кіріп алып, «Ойбай өлдім» дегенше шықпа, бәдік.
Бәдік кетіп барады Сусамырға, Жолда жатыр қайқайып қу қабырға. Жатса жатсын қайқайып қу қабырға, Алып барып тастайық бір адырға.
Сарттар сейіліп келеді үйегіне, Үйім бар деп келеді түйегіне. Тілімді алып жөніңе жүрсең, бәдік, Бар да жабыс сұлу қыз білегіне.
Темір бәдік, ендеше, темір бәдік,
Балалардың шекесін кемір, бәдік.
Кемір-кемір дегенге көп кемірме, Бүйрек майын жегін де семір, бәдік.
Бәдік құрғыр тау-тауда тырқырайды, Тауда жүріп түтіні бұрқырайды.
Бұрқыраған жеріне жетіп барсаң, Жіліншігі сынғандай сырқырайды.
Бұрша бәдік, ендеше, бұрша бәдік, Босағада бұралып тұрма, бәдік. Босағада бұралып тұрсаң, бәдік, Егесінің көңіліне келер, бәдік.
Есігінің алдында бір топ қамыс, Арғы атасы бәдіктің бізбен таныс. Егер менің тілімді алсаң, бәдік, Бәдік айтқан жеңгеме бар да жабыс.
Есігіңнің алдында бір топ қоға, Арғы атасы бәдіктің бізбен құда.
Тілімді алып бізбен жүрсең, бәдік, Айтқан бәдік жеңгеме бар да құла.
Бәдік десе, біз келдік нарттай болып, Жаз жайнаған қаракөк аттай болып. Бес-алтауымыз қосылып бәдік айтсақ, Өзі-ақ кетер жаураған сарттай болып.
Бәдік, бәдік дегенде бастай келдік, Барша шапан астына жастай келдік.
Осы ауылда бір бәдік бар дегенге, Етін алып, сүйегін тастай келдік.
Бір бәдігім бар еді, айда да жүр, Ісін істеп орыстың пайдада жүр. Сөйтіп менің тілімді алсаң, жігіт, Алдыңа сап бәдікті айда да жүр.
Бәдік басын, ендеше, бәдік басын,
Бозша торғай басады жұмыртқасын.
Сүлейменнің үйіне кіріп кетіп,
Шоқпар қылып алып шық омыртқасын.
Бәдік кетіп барады айға таман, Жүген ала жүгірдім тайға таман. Сізде айтыңыз бәдікті, біз де айтайық, Итерейік кәпірді сайға таман.
Бәдік кетіп барады Мекесіне, Ешкі арығын білдірмес текесіне. Сіздер айтқан бәдікті мен де айтып, Қондырайын жездемнің шекесіне.
Енді көшсең, ай, бәдік, айыңа көш, Қысыр емген биенің тайына көш.
Егер менің тілімді алсаң, бәдік, Мен сүйген жігіттің жайына көш.
Енді көшсең, ай, бәдік, айнаңа көш, Маған десең айладан айнала көш.
Сөйтіп менің жөніме жүрсең, бәдік, Бұл жездемнің мойнына байлана көш.
Ешкі сырын айтпайды лағына, Қойлар түсіп су ішер бұлағына.
Бәдік айтып отырған тап мына мен Қондырармын жездемнің құлағына.
Енді көшсең, ей, бәдік, тауларға көш, Тау үстінде қызарған бауларға көш. Сөйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Ата-ана тілін алмаған жауларға көш.
Енді көшсең, әй, бәдік, раңға көш, Жер бауырлап сусыған жыланға көш.
Енді менің тілімді алсаң, бәдік, Шәйі көйлек киетін бұраңға көш.
Бәдік кетіп баратыр жер жазыққа, Жеті бидай алайын жол азыққа.
Жеті бидай біреуі жерге түссе, Басын байлап кетейін қу қазыққа.
Көшер болсаң, әй, бәдік, осы ауыл қартына көш, Шүлдірмеген Жизақтың сартына көш.