БӘДІК

 

БӘДІК
Бұл бәдік деген сөз—бұрынғы қазақ болғаннан бері қарай келе жатқан бір әдет. Біреу көш бәдік деп аузына не түссе, соны айта салады. Сол адамды «көш бәдік» дейді. Бұрынғы атам заманда біреудің бір малы құтырса, яки аты делбе болса, яки бір малына жылан, қара-құрт тисе, бәдік айтады екен. Ол бәдік айтқан реті мынадай болады, мәселен, әлгідей малы құтырған ауыл маңайындағы ауылдарға хабар айтады: «біздің ауылға келіңдер, кішкене той қыламыз» деп. Кешке қыз, келін, жігіт, бала жиылып келеді. Екі жігіт бір отырып, екі қыз, яки келін бір отырып өлең айтады. Кемпір-шал болса да жиылған адамның бәрі аузына түскенін айта береді. Сондағы айтатындары:
—Айт дегеннен айтамын-ау бәдікті, Қара мақпал тоным барша әдіпті. От оттамай, су ішпей жата берсе, Бәдік емей немене бір кәдікті. Ай, көш!
Бәдік кетіп барады шатқа таман, Жүген ала жүгірдім атқа таман. Құдай оңдап бәдікті қолға берсе, Итере сал кәпірді отқа таман.
Ай, көш!
Бәдік бәдік деседі, Бәдік желдей еседі.
Асқар-асқар тауларға, Ағыны қатты суларға,
Айнала соққан құйынға, Ай, көш десе көшеді. Ай, көш!
Көшер болсаң, ай, бәдік, Мекеге көш, Кемпір миын мүжіген шекеге көш. Көш айласын білмесең, мен айтайын, Қойдан қойға жүгірген текеге көш. Ай, көш!
Көшер болсаң, ай, бәдік, Арқаға көш, Қарағайды қақ жарған жаңқаға көш.
Көш айласын білмесең, мен айтайын, Қойдан-қойға жүгірген марқаға көш. Ай көш!
Көшер болсаң, ай, бәдік, жыланға көш, Құйрығы жоқ, жалы жоқ құланға көш. Көш айласын білмесең, мен айтайын, Жердің жүзін қаптаған тұманға көш. Ай, көш!
Жұрқаға көш! Ай, бәдік, жұрқаға көш, Құлан, киік жайылған қырқаға көш. Көш айласын білмесең, мен айтайын, Күресіннен күл шашқан бұқаға көш. Ай, көш!
Осындай қылып әлде неше рет айтып болған соң қайтарында етек-жеңдерін сілкіп, «біз де көштік, сен де көш» деп етекте рімен ұшықтап қайта береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *