АБАЙ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҚ ҚЫРЛАРЫ

 


Г.А. АДАЕВА
филос.ғ.к., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, Астана қаласы

АБАЙ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҚ ҚЫРЛАРЫ

Мақалада абайтану саласына соны қадам жасалған. Ұлы ойшылдан қалған мол мұраның ішіндегі ғылымның құндылықтық қырлары мен ғалым тұлғасының рөлі туралы ой-толғаулары зерделенген. Абайдың ХІХ ғасырдың өзінде қазіргі ғылым социологиясының өзекті мәселелерін қозғап, осы бағытта тұжырымдамалар жасағаны айқындалған. Осы арқылы санқырлы ойшылдың ағартушылық, ғалымдық сияқты қырлары хакімдігінің жеке көріністері екені туралы қорытынды жасалған.
Түйін сөздер: хакім, ғалым, ағартушы, ғылым этосы, ақыл.

Ұлы ойшыл, хакім Абайдың туғанына биыл 170 жыл толып отыр. Осыған орай, санқырлы, жұмбақ Абайдың молмұрасын тағы бір зерделеп, абайтану ғылымына тамшыдай болса да үлес қосуды жөн көріп отырмыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиын- да сөйлеген сөзінде: «Абайдың адам көрмеген жанқиярлығы мен ерен құбылыс саналатындай ерекшелігі – отаршыл кемсітушілік бар жерде болмай қоймайтын тайсалудың орнына тайталасты, жиренудің орнына үйренуді, жарамсақтықтың орнына жарастықты, мансап қуған баққұмарлықтың орнына білім қуған бәсекені сіңістіріп, ұлтымыздың рухани қайсарлығын атымен жаңа қасиеттерімен байытқандығы.
Өйткені халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге бастайтын жол сілтейді», – деген болатын [1,9 б].
Хакім Абай ХІХ ғасырда қазақ даласында ғылымның тұтастай білім ретінде жоқтығына қарамастан, ғылымның аксиологиялық белгілері мен ғалымның құндылықтық мақсатын аса көрегендікпен айқындаған. Ғылым барлық заттар мен құбылыстардың алғашқы себебін іздейді, адамзат мақсаты үшін ақиқатқа жетеді, адамдарға керекті, пайдалы жаңалықтарды үздіксіз іздеу үстінде болады. Ғылымның маңыздылығы тек адамзат болмысы мен дүниенің көрінетін, көрінбейтін құпияларын ашуда ғана емес, ол сонымен қатар, адам ақыл-парасатын жетілдіреді. Ғылымды мадақтауда Абай, оны рухани бағушы, игілікті зұлымдықтан ажыратуға көмектесетін адамгершілік өлшемі деп таниды.Абай 38 қара сөзінде ғылымның құндылықтығы туралы былай дейді:
«Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам бо- лады.
…Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр.
…Аның үшін алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдырет, Басар, Сәміг, Ирада, Кәлам, Тәкин.
Бұл сегізінен алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазаматбірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты» [2, 80-83]. Жоғарыда аталған ұғымдардың мағынасы: Хаят (тірі болу), Құдырет (Күш), Басар (көру, көруші), Сәміг (есту), Ирада (тілеу, қалау), Кәлам (сөз), Тәкин (болдыру). Ойшыл ғылыми білімді жоғарғы игілік деп жариялай отырып, ағартушылықтың шыңына көтеріледі. Абайды ағартушы деп тану оның хакімдігіне нұқсан келтірмейді. Ағартушылық Абайдың сан қырының бірі ғана. Хакім Абайдың өзі осы сөзінде тағы да былай дейді: «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар еді.
…Әрбір ғалым хаким емес, әрбір хаким – ғалым» [2,95].

Абайдың отыз екінші сөзінен біз ғылымды меңгеруге ұмтылғандарға арналған құндылық бағдарларының белгілі бір иерархиясын табамыз: ғылыммен айалысу үшін, ең алдымен, оған де- ген ынта болу керек. Баюды, пайда табуды мақсат етпе. Егер де оған деген сүйіспеншілік болма- са, ақиқатқа жете алмайсың. Әуестенген және ізденген күндерің есіңде ең жарқын күндер ретінде қалады. Көңілің мен ойың ғылымға игі ниетте болған жағдайда ғана оның өзі де игілікке айна- лады. Біріншіден, алдына анық және игі мақсаттар қояды. Ғылымдағы мақсаттың анықтылығы (айқындылығы) мен қарапайымдылығы – оның құрамдас құндылықтарының бірі. Үшіншіден, — деп жазады Абай, егер сен ақиқатқа жеткен болсаң, тіпті өлімнен қорықсаң да одан қайтпа. Егер сенің білімің өзіңді иландыра алмаса, оны басқа біреу бағалайды деп ойлама.
Қазіргі ғылым әлеуметтанушысы Роберт Мертон этос функциясын орындайтын, төрт негізгі құндылық төңірегінде ғылым нормасын құрастырады. «Ғылым этосы түсінігі,-деп жазады ол,- ғалымға өктемдік ететін құныдылықтар мен түсініктердің, пікірлердің, дәстүрлердің, жарлықтар мен ережелердің сезіммен қабылдайтын кешеніне жатады. Ол әмбебабтық, жариялылық, риясыздық және ұйымдасқан скептицизм» [3].
Ғылым универсализмі (әмбебаптық) ғылыми білім мен оны бағалаудың объективтілігін көрсетеді. Ғылыми білімнің ақиқаттылығы ғалымның әлеуметтік жағдайына, оның жеке қасиеттеріне, жы- нысына, жасына, нәсіліне, беделіне, мәртебесі мен атағына тәуелді емес. Ғалымныңбеделі мен жетістіктері ғылыми мәні бойынша бағаланады, олар бірдей қатал тиімділігі тұрғысынан тексеріледі де сынға алынады. Жариялылық- ғылыми нәтижелер жалпыға ортақ игілік болуға тиіс деп санай- тын ғылыми іс-әрекеттің түбегейлі қағидаттарының бірі. Зерттеу нәтижелерін жариялай, не ауызша айта отырып, ғалым өзінің артықшылығын бекітіп және ғылыми талқыға салып қана қоймайды, сонымен бірге оны әрі қарай пайдалануға және дамытуға жағдай жасайды. Жариялылық, ғылыми білімнің еркін тарауы, ондағы монополизацияның болмауы – ғылым дамуының шарты. Риясыздық, ғалымның ең жоғарғы байлығы, оның алғашқы ниеті жеке пайда табу емес, ақиқатты іздеу керек екендігін білдіреді. Қызметте өсу, ғылыми бірлестіктің тануы, қоғамдық сый-марапат ғалымның зерттеу процесіндегі мақсаты болмауы тиіс. Оның барлығы тек ғылыми жетістік нәтижесі ретінде ғана мүмкін. «Риясыздық» нормасының тұрақты болмауы «ғылым патологиясын» туғызады (Р.Мертон), яғни, зиянды бәсекелестік, артықшылық үшін күрес, қызғаныш, жасырын плагиат (ұрлық) және т.б.
Ұйымдасқан скептицизм – ғалымға ғылыми бірлестік өкім ететін жүріс-тұрыс ережесі, оның мәні мынада:ғылыми іс-әрекет сабақтас байланыс болғандықтан, бұрынғы ғылыми жетістіктерді пайдаланумен қатар, оған және өзінің ғылыми нәтижелеріне сыни көзқараспен қарау қажет. Ғылымда жоғары беделге, қоғамдық пікірге, танымал қорытындыға ойланбай сенбеу керек. Ғылыми білімді бағалауда әділдік, жүйелілік және табандылықпен қатар, қателік немесе кемшілік табыла қалған жағдайда, батылдық пен жауапкешілікте көрсете білу керек. Мәліметтерді ауыстыр- мау міндеті, сынмен санасуға дайындық, басқаның артықшылығын ашық мойындау, өзінің және басқаның қателігіне көз жұмбау – скептицизимді құрайтын нормалар. Бұл арада «мақсат құралды ақтайды» деген қағида жүрмейді. Р.Мертон жасаған құндылық нормалары сыннан өтті, ғылым әлеуметтануында дәлелденді. Бұл оның ғылыми іс-әрекетті іштей ұйымдастырумен қатар, ғылымды сырттай бағалаудағы маңызын да көрсетті.
Бұл аталғандардың барлығы – ХХ ғасырдағы ғылым социологиясының мәселелері. Ал Абайдың даналығы, ХІХ ғасырдың өзінде, ғылым дамымай кенже қалған қазақ даласында отырып, осы мәселелерді көрегендікпен айқындай алғанында.
«Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбекке керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады.Аның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығарамақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады… Бахас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хирслану3 жарамайды. Егер хирсланса, өз сезімшіл гурулық4, мақтаншақтық, хүсідшілік бойын жеңсе, ондай кісі адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де,өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды [2, 68-69]. Бұл жоғарыда аталған «риясыздық» императивінің анық та айқын тұжырымдалуы. Пайдалы бәсекенің өлшемнен асып кетсе, зиянды бәсекеге айналатынын айтып отыр. Абай қырық үшінші сөзінде өлшем туралы былай дейді: «Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса, жа- рамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс» [2,117]. Хакім отыз екінші сөзінде ғылыммен ай- налысамын талап қылғандарға тағы да мынадай қағидаларға назар аудару қажет екенін түсіндіреді.
«Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза5, екінші –

мұхафаза6. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде7 болмақ керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.
Бесінші – осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар, жаным соған бек сақ бол, әсіресе! Әуел құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны ол. Ар бар жерде бұлар болмайды.
Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенің қыларлық, тұрам дегеніңде тұрарлық, мінезде азғырмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын! (5Ойласу, пікір алысу; 6Сақтау, қорғау; 7Барлық күшті жұмсау, тырысу; 8Қалайда, әйтеуір)» [2, 69-70].
Абайдың өкпе-назы өз заманының өкілдеріне, үміті мен сенімі келер заманның өкілдеріне арналған. Абай халқының өткенін, қазіргісін, болашағын саралап көреді. Халықтың болашағы- көмескі, «көк тұман». Ойшыл қалың елінің болашағын оқу, білім, ғылыммен байланыстырады. Бұл — қазақтың осал жағы. Білімге жетуге болады. Бірақ оған талап керек. Абай осы жолда талап қылушыларға берік ұстаным ұсынады. Ғалым ең алдымен адам болу керек, ешқашан адамдықты аттап кетпеуі керек.
Он жетінші сөзінде Абай ақыл, қайрат, жүректің басын қосып, үшеуін айтыстырады. Соңынан жүректі жақтап шығады. Ақылмен көп нәрсені түсінуге болады. Бірақ ақылдың мүмкіндігі шектеулі. Құдайды, ар-ұятты, махаббатты түсіну үшін жүрек керек. Осы үшеуі бірлікте болып жүрекке бағынса, ғылым сол. Яғни дүниенің сырын білуге болады. Яғни, данышпан ақылдың да, ақыл арқылы жүзеге асатын ғылымның да керек екенін насихаттағанымен, «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» / «Ақыл бәрін білгенмен бұл дүниеде, біле алмай бір Алланы болдырады» деп, жүрек тазалығын биіктетеді.
Абай өзіне де, замандастарына да өте биік талап қояды. Абай талабының деңгейіне ХХІ ғасырдың адамдары – біздер де – дұрыс жауап бере алмаймыз. «Ғылым таппай, мақтанба»– ХІХ ғасыр түгіл, шетінен сауатты ХХ ғасырдағы қазақтардың да көздегені, көксегені нағыз ғалым болу, ғылым сала- сын игеру болған жоқ. Ғалым болып, атақ алып жатқандар көп, әрине, бірақ Абай айтқан ғалымдық
– заман жайын, істің мәнін, адам жанын түсіну – сирек кездесетін құбылыс. Ғылым тұрғанда атақты, лауазымды, байлықты мақтаныш тұту – баланың ісіндей ерсі. Ғылым тап та, мақтан – қолыңнан келсе. «Орын таппай, баптанба» – біз үшін бұл әлі жаңалық, әлі қол жетпейтін мұрат. Дүниеде кім- кімнің де өз орны бар. Бірақ дүниедегі өз орнына ие болу үшін, оған кірпіш болып қалану үшін адам кім болуы керек? – Мәселенің түйіні осында. Абай, біздің ойымызша, осыны меңзеп отыр. Орын де- ген философиялықұғым. Әңгіме адамның өзін-өзі танып, өзін-өзі табуында; қалай болса солай өмір сүрмей, бір мақсатқа ұмтылуында. Өз орнын таба алмай, басқа біреудің орнында қуыршақ актер құсап, халыққа, қоғамға пайда тиер қызмет атқарудың орнына жоғарыдағы біреудің белгілеп берген рөлін ойнап жүргендер қазір де жетіп жатыр. Абайдың сөзінен тағы бір күрделі философиялық мәселенің төбесі көрініп қалады: адам орынға лайық болуы керек пе, әлде орын адамға лайық бо- луы керек пе? Кешегі Кеңес өкіметі тұсында қызметке орналасу номенклатуралық принцип бойын- ша жүзеге асты; яғни адам орынға қарай пайдаланылды, адам өзіндік тұлға болмай, жай құралға, мемлекеттік машинаның тетігіне айналып кетті. Әрине, іскер, алғыр адамдар Кеңес дәуірінде де болды, бірақ олар басыбайлы функционерлер болып қалды; ынта-жігер танытып, өздігінен мәселе шешпек болғандарды оп-оңай жөнге салуға болатын еді. Абайдың айтып отырғаны – адамның дүниедегі өзіне лайық орнын тауып, өзін-өзі танытуы, өз «Менін» жүзеге асыруы [4].
Абайтанушы академик Ғарифолла Есім: «Абайдың өз сөзімен айтсақ, Абайға «әркімнің де бар таласы». Әрбір зиялы қазақтың Абай туралы пікір айтуы түсінікті және орынды. Ақын барша қазақ жұртына ортақ болғанмен, әркімнің өз Абайы болуы да мүмкін. Әр адамның, әр ұрпақтың Абайды өзінше қабылдауына таңғалуға болмайды» , – дейді [1,88].
Менің де өз Абайым бар. Жалпы хакімдік туралы түсінігімді өлең арқылы былай өрнектеген едім:
…………………………………………………………………………..
Бұл өзі ылғи айырып отыру ақ пенен қара арасын…
……………………………………………………………………………
Ұлы көштің алдында оқ бойы озық отыру

Қалам-атыңды қансорпа қылып терлетіп, Ой-сезіміңмен дүние-теңізді тербетіп, Қайшылықтардың шешімін тауып, сирету, Жұртқа дұрыс өмір сүруді үйрету; Айналып келіп,қазақтай дархан халқыңды, Баладай аңқау халқыңды
Тарихтың сара жолына қарай сүйрету [5].
Абайдың хакімдігі сол, ол халқын, «қалың елін қазағын» тарихтың сара жолына қарай сүйреді.
«Бұл жол мал аярлық жол емес» деп, ғылым мен білім жолын нұсқады.
Абай бізге өткенімізді түсіну үшін, қазіргімізді зерделеу үшін, болашағымызды болжау үшін керек.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Есім Ғ. Хакім Абай. –Астана: Фолиант,2012. – 400б.
2 Абай. Қара сөз. Поэмалар. – Алматы: Ел, 1993. –272 б.
3 Мертон Р. Социальная теория и социальная структура. – Москва: Aст, 2006 г. – с. 769.
4 Рысқалиев Т. Даналық пен түсiнiктiң үлгiлерi. Философия тарихына шолу. – Алматы: Ақыл кiтабы, 1999.
–239 б.
5 Адаева Г. Хакім болып өмір кешіру…// Еуразия университеті — 2013- № 2-3 (135-136), қаңтар-ақпан.

REFERENCES
1 Esim G. Hakim Abai. – Astana: Foliant, 2012. – P. 400. 2 Abai. Kara soz. Poemalar.-Almaty: El, 1993. – P. 272.
3 Merton R. Sociyalnaya teorya i sociyalnaya struktura. – Moskva: Ast, 2006 g. – P. 769.
4 Riskaliev T. Danalik pen tusiniktin ulgileri. Filosofia tarihina sholu. – Almaty: Akilkitabi, 1999. – P.239. 5 Adaeva G. Hakim bolip omir keshiru… // Eurazia universiteti – 2013 — № 2-3 (135-136), kantar-akpan.

Адаева Гульнар Аманбековна, к.филос.н., доцент ЕНУ им.Л.Н.Гумилева Ценностные аспекты науки в мировоззрении Абая
В статье сделана попытка по-новому взглянуть на абаеведение. Из богатейшего наследия великого мыс- лителя предметом исследования выбраны размышления Абая о ценностных аспектах науки и роли лично- сти в науке. Показано, что Абай уже в ХIХ веке затрагивал и концептуально излагал проблемы, актуальные в современной социологии науки. На основе этого делается вывод о мудрости и прозорливости великого мыслителя, раскрываются новые грани таланта великого Абая.
Ключевые слова: Хаким, ученый, просветитель, этос науки, разум.

Adayeva GulnarAmanbekovna. Associate Professor L.N. Gumilyov Eurasian University Valuable aspects of science in the outlook of Abai
The paper attempts to take a fresh look at Abai. Because of the rich heritage of the great thinker as a subject of study there are chosen thoughts of Abai about valuable aspects of science and the role of personality in science. It is shown that Abay had in the nineteenth century affected and conceptually summarizes issues that are relevant in the contemporary sociology of science. Based on this conclusion about the wisdom and sagacity of the great thinker, reveal new facets of the talent of the great Abay.
Keywords: Hakim, Scientist, Educator, Ethos of science, Intelligence.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *