И.Ш. ЖҰБАНИЯЗОВ
т.ғ.к., Болашақ университеті, Қызылорда қаласы
ҚОРҚЫТ АТА ДӘУІРІНДЕГІ ОҒЫЗ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЗАҢДЫЛЫҒЫ
Мақалада алғашқы қауымның ыдырау процесі мен мемлекеттің пайда болуында қоғамдық таптардың рөлі және мемлекетті басқару аппаратын жетілдіру мен Оғыз мемлекетінің этникалық құрылымына тал- дау жасау мақсат етілген.
Түйін сөздер: әскери демократия, жоғарғы ақсүйектер кеңесі, іш оғыз бен тыс оғыз, жіктелу процесі, Оғыз мемлекеті құрамы.
ІХ-ХІІ ғасырлар оғыздар тарихында ең маңызды әрі өте күрделі саяси-экономикалық даму кезеңі болған. Ең бастысы, Оғыз мемлекетінің пайда болуы кезінде ел ішінде шаруашылықтағы алғышарттарының қалыптасуы болды. Орта ғасыр деректері бойынша, бұл кезеңде оғыз қоғамында әлеуметтік жіктелу қарқынды даму үстінде болған. Көшпелі оғыздарда негізгі мүлік теңсіздігі малға жеке меншіктік болуынан байқалды. Ибн Фадлен оғыздардың атақты байларында аса көп мал табындарының болғандығы жөнінде мәлімет келтірген. Олардың арасында тіпті кейбір адам- дарда 10000 бас жылқылары болған [1, 65-66]. Баю мақсаты қойылған малшыларда мал өсірудің түрлері одан әрі дамып және тармақталып, сала-салаға бөліне отырып, алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісін туғызып, егіншіліктен мал шаруашылығы бөлінді. «Бірінші ірі қоғамдық еңбек бөлінісінен қоғамда бірінші ірі екі топ пайда болды: мырзалар және құлдар, қанаушылар мен қаналушылар…» [2, 161] Демек оғыз қоғамында жіктелу процесі кешенді түрде шаруашылықтың
басқа да саласында қарқынды дами бастады. Әсіресе Сарыарқаның солтүстік аймағында орта ғасырда орналасқан оғыз қалалары – Даракта мен Даркүге түрлі түсті металлдар іздеп келген ко- лонистер шоғырлана бастаған [3, 94]. Елдің солтүстік аймағында мекендеген оғыз тайпалары кен өндірісін игеріп, металлургияның дамуына әсер етті. Нәтижесінде темірді игеру арқылы әртүрлі мамандыққа бейімделген қолөнер шеберлері шықты. Егер де бұрында оғыз егіншілері еңбек құралдарын өздері жасайтын болса, енді қолөнер кәсіпшілері олардан оқшауланып, ақырындап әртүрлі саладағы қолөнершілер бөлініп, «адамзат баласының тарихында екінші ірі қоғамдық еңбек бөлінісі – қолөнершілерді басқалардан бөлді, олардың ең маңыздысы – егіншіліктен» [4, 261]. Оғыз шаруашылығындағы бірінші және екінші қоғамдық еңбек бөлінісі мен алмасу қатар жүріп отырған. Бірақ айырбастаудың даму процесінде бара-бара кәсіби немесе жартылай кәсіби саудагерлерді шығарып, қоғамда үшінші ірі қоғамдық еңбек бөлінісін шығарды. Энгельс енді мұны
«ерте таптық қоғамға жатқызды» [4, 263]. Демек шаруашылықтағы бұл үшінші ірі қоғамдық еңбек бөлінісі оғыздардың мемлекеттілікке өтудегі қалыптасқан алғышарттарының бірі – саудагерлерді шығарған. Кешенді дамыған егіншілік пен мал шаруашылығы және металлургияның негізінде пай- да болған қолөнер мен сауданың өркендеуі қоғамдық еңбек бөлінісін тудырып, қоғамдық таптарды қалыптастырды. Қоғамдық таптардың пайда болуы, алғашқы қоғам формациясынан бірінші таптық қоғамды айыратын шеп болды.
Оғыз қоғамындағы мүлік теңсіздігінің тереңдеуі және алғашқы қауымның ыдырау кезінде қанаудың өсуі тұрғындар арасында қарама-қарсы топтарды шығарды. Осыдан келіп бай ақсүйектермен қатар қатардағы қауым мүшелері де қалыптасқан. Жаңа қалыптасқан таптардың ара- сынан бөлектеніп үстемдік етуші билік өкілдері шықты. Ендігі жерде оғыздар қоғамында бұрынғы әскери демократия дәуіріне тән билік органдары түбегейлі өзгерістерге ұшырап, ақырындап өзінің бұрынғы маңыздылығын жойды. Демек бұрынғы халық жиналысы, ақсақалдар кеңесі, ру-тайпа көсемдері сақталғанмен, енді таптар қалыптасу дәуірінде хан жанындағы ақсүйектер кеңесінің рөлі артып отырды. Сонымен қатар таптар қалыптасу дәуірінде байыған адам, әсіресе егер ол көсем болса, өзінің беделінен және ықпалынан айырылмас үшін көл-көсір той жасаған. Себебі таптар қалыптасу дәуіріне дейін «алғашқы кездегі жеке меншіктегі байлық ру немесе қауым меншігінде болса, кейін көсем меншігіне айналып, оның өзінде сақталатын болған» [4, 269]. Кейбір жағдайларда жиналған қор әскери басшыда да сақталған. Мысалы, оғыз қоғамында Қазан батырдың үйінде сақталған мол табысты ішкі және сыртқы оғыздар бөліскен немесе ұлан-асыр той жасау хандардың ханы Бай- ындыр (Оғыз хан) ханға ғана тән емес. «Мұндай психология, жиналған байлықты жұрт алдына шашу, таптар қалыптасу дәуірінде кең таралған әдет-ғұрып болған» [4, 270] Бұл дәуірде көсемдер биге, патшаға, ханға айналып отырған. Сондықтан да көп жағдайда тек көсемдік мемлекетке дейінгі билікті ұйымдастыру саяси немесе мемлекеттік басқарумен аяқталып отырған [4, 269]. Ал оғыздар қоғамында билікке келген хандардың ханы Байындырдың (Оғыз хан) көсемге айналуы [5, 360] қоғамды патриархалдық басқару әдісі аяқталып, мемлекеттік биліктің басқаруға көшкендігін көрсетеді. Сол себепті Байындыр хан (Оғыз хан) жаңа қалыптасқан мемлекеттік басқару функция- сын нығайтып, жетілдіріп отырған. Мысалы: Оғыз мемлекетінде жоғарғы органы – ұлы және кіші құрылтай жиналысына қатысушылардың мақсаты мен құрамы анықталып отырған. Кіші құрылтай жиналысына қатысушылар құрамына сырт оғыздар бектері сол қанаттағы учуктарды ел басқарудың ортақ мақсаттарына белсенді түрде қатыстырған [5, 411-412]. Әсіресе Байындыр ханның (Оғыз хан) мәслихатына ішкі және сырт оғыздарды белсенді қатыстырып, олардың арасынан мемлекетке еңбегі сіңген өкілдерін таңдап, оларды құрметті орынға отырғызатын болған [4, 187]. Ұлы құрылтай жи- налысына оң қанаттағы бұзықтардың учуктарға қарағанда үлкен айырмашылығы болды. Рашид ад- Диннің мәліметінде оғыздардың жоғарғы хандары тек бұзұқтардан сайланғаны айтылады [6, 86]. Оғыз қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың дамуы негізінде мемлекеттің басқару аппаратын жетілдіріп отырған. Ибн Фадленнің айтуынша, оғыз хандарының орынбасарлары «Ку- заркин» деп аталған. Олар ең жоғарғы лауазымдағы қызметті атқаратын болған. Және олардан өте күрделі айтыс-тартысты мәселелерді шешу мен сот ісінде төрелік етуге қатысуларына сұралып отырған [7, 127].
Оғыз мемлекетінде әскери қолбасшылар рөлі өте жоғары болғандығы байқалады. Ибн Фадлен Оғыз мемлекетіндегі ең жоғарғы қолбасшы Әтрек ибн Катан өте беделді және бай адам болғанын әрі ислам дінін жақтаушыларды қолдап отырғандығын айтады. Ол булгар патшасымен туыстық
қатынаста болғандықтан, Оғыз мемлекетінің сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырған. Ал мемлекеттік күрделі мәселелерді шешуде өзінің қарамағындағы ақсүйектер тобына сүйенгендігі ай- тылады [7, 25]. Оғыз қоғамының билік басында инал және тархандар тобы басты рөл атқарған. Себебі тархандардың тобына әскери қолбасшылар мен ірі бектер кірген. Ибн Фадленнің мәліметтерінде тархандар атақтылар арасында аса құрметті, жоғары дәрежедегі ақсүйектер тобына жататындығы айтылған [1, 64-65]. Сондықтан олар жоғары ақсүйектер кеңесінде ерекше көзге түскен.
Жоғары ақсүйектер кеңесіне оғыз хандарының мұрагерлері саналатын иналдар қатысатын болған. Олардың шығу тегі ханның анасы жағынан туыстықта болғандықтан, арнайы қамқоршы атабектер тағайындалып, тәрбиеленген [3, 143]. Оғыз қоғамында әміршілердің әйелдеріне «ха- тун» деп аталатын лауазым атағы берілген. Олар оғыз билеушілеріне үлкен ықпал жасаған және олардың кеңесімен санасатын болған. Ибн Фадлен баяндағандай, ірі оғыз мемлекет басшыларының қатындары саяси мәселелерді шешуге белсенді түрде қатысып отырған. Әтрек ибн Катанның ха- тыны араб елшісінің қабылдауында болғаны ерекше аталып өтіледі [8, 17]. Мысалы: Байындыр ханға (Оғыз хан) өкпелеген Бегіл бек бектердің жиынынан шығып кетіп, үйіне келіп әйеліне басқа елге кететінін айтқан еді. «Жігітім, патшалар – Тәңірінің саясы, патшаға қас болғаның дұрыс емес» [5, 184] деген әйелінің ақылын тыңдаған Бегіл бек сабасына түскен. Оғыз хан сарайындағы хатындардың жоғарғы мәртебеде болуы исламды қабылдағанша әйелдердің салыстырмалы түрде біршама еркін болғанын білдіреді.
Билік басында жоғарғы топтағы оғыздар арасында басқа да белгілі адамдардың әртүрлі құрметті және лауазымды атақтары болған. Олардың ішінде қоғамда ерекше орны бар бектер едәуір билік пен құдіретке ие болған. Атап айтсақ: улуг – бектер, беглер – бектер, дүмдар – бектер, чагда – ул
– бектер, тумен бектер, бой – бектер. Бектің атағы әкеден балаға мұраға қалдырылатын болған. Улуг – бек атағын ерекше еңбек сіңірген адамдарға жоғарғы хан тапсырған. Бұл құрметті атақпен марапатталғандар қымбат киімдер мен белбеу алған [3, 146]. Бектер тайпаны, ұлыстарды және халық жасақтарын басқарған. Оғыз бектері мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси-экономикалық мәселелерін шешуге белсенді қатысып отырған. Мысалы: «Байындыр хан (Оғыз хан) іш оғыз бен тыс оғыз бектерін мәжілісіне жинап Күржістаннан келген бір ат, бір қылыш, бір шоқпар салықтың көлеміне ренжіген. Қорқыт Атаның «Хан ием, неге ренжіп отырсың?» деген сауалына – «Қалай ренжімейін, жыл сайын алтын ақша келетін, оны жігіттерге, бектерге таратып беретінбіз, соны- мен олардың көңілі хош болатын. Ал енді мыналарды кімге береміз?» – деген» [5, 182-183]. Демек мемлекеттің ең маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде Байындыр хан (Оғыз хан) бектермен ақылдасып отырған.
Таптар қалыптасу дәуіріндегі оғыз қоғамында фискальдық салық жүйесінің пайда болуы мемлекеттің тұрақты басқару аппаратының болғандығын көрсетеді. Қазыналық салық жинаушылар жыл сайын отырықшы және көшпелі тұрғындарға үнемі әртүрлі алым-салықтар төлетіп отырған. Мұндай салықтарды «хараджа» деп атаған. Әдетте салықты жинаушылар арасында бейбітшілік- әкімшілік әрекет түрінде емес, көбіне әскери күшпен жинау науқаны орын алған. Ханның салық жинаушыларының арнайы атты жасақтардан құралған құрамында мыңға дейін адамдары болған. Егер де салық беруден бас тартқан жағдайда хан «бүлікшілерге» қарсы өзінің жазалаушы жасақтарын жіберіп отырған [3, 144]. Сонымен таптар қалыптасу дәуірінде оғыздарда түгел дерлік шаруашылық саласындағы жіктелу процесі арқылы қалыптасқан үстем таптардың мүддесін қорғау мақсаты мемлекеттің пайда болуына алып келді. Нәтижесінде оғыз қоғамындағы әлеуметтік- экономикалық өзгерістер таптар арасында кіріптарлық пен қанаушылыққа жол ашты.
Оғыз мемлекетінде ақсүйектер мен материалдық игілікті өндірушілер, қатардағы қауым мүшелерінің материалдық және әлеуметтік жағдайлары әркелкі болған. Оғыз қоғамындағы кедей- ленген қауым мүшелерінің толық құқықтары болмаған. Сондықтан М. Қашқари оларды «ятуктер» деп атаған [3, 95]. Оғыз қоғамында ең төменгі және құқықсыз әлеуметтік категориядағы құлдар патриархалдық сипатта болған. Себебі құл еңбегі экстенсивті мал шаруашылығының үстемдік жағдайында тиімді болмағандықтан, құл иеленуші өндіріс жүйесінің негізін қалыптастыра алмаған. Құлдарды әртүрлі үй шаруашылығында және хандардың, бектердің жасақтарын құрауда пайдаланған. Күңдерді үйдің қызметіне және еріксіз әйел ретінде қосалқы шаруашылықтарда пайдаланған. Экстенсивті мал шаруашылығы көп мөлшерде жұмыс қолын қажет етпегендіктен, кейбір жағдайларда құлдарды өлтіріп немесе еркіндікке жіберіп отырған. «Қорқыт Ата кітабында» ұрыс алаңында ерлік көрсеткен батыр Қазан жауды жеңу құрметіне орай қырық құл мен қырық күңге еркіндік бергендігі айтылады [5, 393]. Оғыз қоғамында кездесіп тұратын мұндай жағдайлар кішіпейілдік пен мырзалыққа лайықты мінез болып саналған.
Оғыздар мемлекетінің этникалық құрамы біркелкі болмаған. М. Қашқаридың мәліметіне сүйенсек, оғыздар арасында үнемі басқа этникалық топтардың араласып тұратындығы айтылған [3, 119]. Сырт оғыздардың жергілікті оғыздардың этникалық құрамының өзгеруіне әсері болғандығы байқалады. Кейбір жағдайларда этникалық қатынастардың күрделенуі қоғамда тұрақсыздықты ту- дырып отырған. «Қорқыт Ата кітабында» ішкі оғыз батыры Қазанның үйінде сақталған мол табы- сты бөлісу кезінде оның көмекшісі Бейректі өлтірген сырт оғыз бегі Арузды өлтірген Қазан батыр оның тұрғын жайын талқандап, тайпасын және халқын жазаға тартуды бұйырған еді [5, 428]. Демек сырт оғыздар құрамы әртүрлі этникалық тайпалар мен өзге этнос өкілдерінен құралған. Сондықтан оғыз мемлекетінде ішкі және сырт оғыздар деп бөлу жүйесі болғандығы анық. Екі қанаттағы оғыз тайпасының әскерлерінің өздеріне тиісті бекітілген жайылымдары мен пайдаланатын жерлері болған. Ішкі және сырт оғыздардың территориялық жүйесі әкімшілік негізінде басқарылған және оны топонимика ғылымы дәлелдеп отыр [3, 104]. Зерттеуші ғалымдардың мәліметтерін негізге алсақ, колонистердің (сырт оғыздар) сандық тұрғыдан алғанда кейбір оғыз қалаларындағы жергілікті (ішкі) оғыздардан бірнеше есе көп болғандығы дәлелденіп отыр [9, 319].
«Диуани луғат ат-түрік» кітабында ХІ ғасырдың ІІ жартысында төмендегідей оғыз тайпаларының
аттарын келтірген: қынық, қайыг, баюндур, йива, салур, афшар, бектили, букдуа, баят, язғыр, әймур, қарабұлақ, алқабұлақ, игдыр, урегир, тутырқа, ула – йондулуг, тюгер, джебин, печенег, джувулдур, джаруклуг [3, 102]. Ал Рашид ад-Диннің сызбасы бойынша оғыз тайпасының оң қанаты (бузук) құрамында – қайын, боят, алка – эвлей, қара – эвли, языр, дукер, додурга, беярли, аушар, қызық, бикдили, қарқын; сол қанат (учук) құрамындағыларды – банндур, бичине, гавулдур, чепни, са- лыр, имур, алайонтлы, узкиэ, бийчух, букдуз, йива, қынық деп атаған [3, 103]. Сондай-ақ оғыздар құрамында астар, аландар, қыпшақтар мен қимақтар тайпаларының қалдықтары және миграциялық көші-қон өкілдерінің, шаруашылықтың бар саласында жұмыс істеп, тұрақты өмір сүруге келген арабтарды, парсыларды, ирандықтарды, хорезмдіктерді және византиялықтар өкілдерін есепке алмағанның өзінде оғыздар мемлекетінің құрамында көптеген түркі тілдес ру-тайпалар бірлестігінің болғандығы талас тудырмайды. Оғыздар мемлекетінде шоғырланған өзге этностар мен түркі тілдес ру-тайпаларды жалпы атпен «Оғыз» деп атаған. Қорыта айтқанда, ежелден Оғыз елі бірлік пен достықты сақтаған халықтардың тұрақты мекені болған.
Оғыз мемлекеті құрамына әртүрлі тайпа кірген және көрші халықтармен етене араласып түрған. Орта ғасыр зерттеушілерінің деректерінде Ертіс бойында оғыздар мен қимақтар қыстақтары орналасқандығы айтылады. Бейбіт уақыттарда қыста қимақтар жерінде қалың қардың жаууы- на байланысты оғыз жеріндегі қыстауларға өздерінің жылқыларын айдап, көшіп-қонып жүретін болған. Оғыздардың тағы бір бөлігі Сырдарияның орта ағысы мен Қаратау бөктерінде көшіп-қонып жүрген. М. Қашқари деректерінде оғыздар мен қыпшақтардың тілдерінде ұқсастық болғандығы айтылады [10, 95]. Батыс Қазақстан аймағында өмір сүрген оғыз тайпаларының күнделікті тұрмыс- тіршілігіндегі ұқсастықтар башқұрт және басқа да көрші халықтарда болған. Оңтүстік башқұрт обалар мен бейіттерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ІХ-ХІІІ ғасырлардағы материалдар табылған. Олардың арасында тұрмыстық бұйымдар, әскери құрал-саймандармен жерлеуінде оңтүстік орыс далалалықтарындағы оғыздар жерлеулеріне ұқсастығы бар [11, 376]. Со- нымен оғыз мемлекетінің негізгі өзегі көшпелі және отырықшы, жартылай отырықшы тұрғындар болған. Олардың арасында түркіленген индоеуропалық тайпалардың ұрпақтары бар. Сырдария атырабын иран тілді және түркі тілдес оғыз тұрғындары мекендеген. Бұлар салыстырмалы түрде алуан түрлілігімен ерекшеленген. Мұндай этникалық құрамы жағынан әртүрлілік пен ерекшелік басқа да ерте феодалдық мемлекеттердің құрамына тән болған.
Қорыта келе, таптар қалыптасу дәуіріне оғыздарда түгел дерлік шаруашылық саласындағы
жіктелу процесі арқылы қалыптасқан үстем таптардың мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттің пайда болуына алып келді. Әсіресе ІХ-ХІІ ғасырлардағы оғыз мемлекетінде шығарылған теңгелерхалықаралық аренада оғыз билеушілері билік символына айналғандығын аңғартады [12, 29].
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Ковалевский А.П. Путешествие Ибн Фадлена на Волгу. Под. ред И.Ю. Крачковского. – М., – А., 1939. – 65-66 б.
2 Маркс К., Энгельс Ф. Соч., 2-ое изд. Т.2. – М., 1960. – 161 б.
3 Очерки истории Огузов и Туркмен Средней Азии Х-ХІІІ вв. – Изд. «Ылым», Ашхабад, 1969. – 94 б. 4 Алексеев В.П., Першиц А.И. История первобытного общества. – М., 1969. – 261 б.
ы
5 Қорқыт Ата. Энциклопедический сборник на казахском языке. – Алматы, 1999. – 360 б. 6 Рашид ад-Дин. Сборник летописей. //Пер. Л.А. Хетагурове. Т.1 кн. 1, – М., 1952. – 86 б.
7 Ковалевский А.П. Ахмед Ибн Фадлен и его путешествий на Волгу. – Харьков, 1956. – 127 б. 8 Ковалевский А.П. Ибн Фадлен. – Харьков, 1950, – 17 б.
9 История Казахстана. Т.1. – Алматы, 1996, – 319 б.
10 Ибрагимов С., Храковский В. Материалы для истории образования казахского языка. – ИАН Каз.ССР. СИАЭ. 1952, №2. – 95 б.
11 Мажитов Н.Д. Новые материалы о ранней истории башкир. Археология и этнография Башкирии. Уфа, 1964. – 376 б.
12 І Международная научная конференция «РАСМИР»: Восточная нумизматика – 2011». Сб. науч. трудов.
– Киев, 2013. – 29 б.
REFERENCES
1 Коvalevskii А.P. Putecestvie Ibn Fadlena nа Volgu. Pod.red I.Y. Кrackovskogo – М., – А. 1939. – 65-66 b. 2 Маrks К., Engels F. Soc., 2-ое izd. Т.2. – М., 1960. – 161 b.
3 Ocherki istorii Oguzov I Turkmen Srednei Azii Х-ХІІІ vv. – Izd. «Ylim», Аshabat. 1969. – 94 b. 4 AlekseevV.P. Persic А.I. Istoria pervobitnogo obcestva. М., 1969. – 261-bet.
5 Korkyt Ata . Enciklopediceskii sbornik na kazakhskom iazyke. – Аlmaty, 1999. – 360 b. 6 Rashid аd-Din. Sbornik letopisei. // Per. L.А.Hetagurove. Т.1. kn. 1. – М., 1952. – 86 b. 7 Коvalevski А.P. Ahmeda Ibn Fadlena i еgо putecestvi na Volgu. – Harkov, 1956. – 127 b.
8 Коvalevski А.P. Putecestvie Ibn Fadlena na Volgu. Pod.red I.Y.Krackovskogo – М. – А. 1939. – 64-65 b. 9 Istoria Kazakhstana. Т.1. – Аlmaty, 1996. – 319 b.
10 Ibragimov S., Hrakovskii V. Materiali dlia istorii obrazovania kazakhskogo iazika. – IAN Каz.SSR. SIAE.
1952. №2. – 95 b.
11 Mazhitov N.D. Noviemateriali o ranneiistorii bashkir. Arheologia I etnografiaBashkiriiUfa. 1964. – 376 b.
12 І Mezhdynarodnaia nauchnaia konferencia «RASMIR»: Vostochnaia numizmatika – 2011». Sb.nauch.trud – Kiev, 2013. – 29 b.
Закономерность формирование государства Огузов в эпоху Коркыт Ата
В статье на конкретных материалах рассмотрена роль классообразования в процессе распада перво- бытного общества и складования государства. Отведено месть совершенствованию организационно- управленческой функции власти и этнический состав государства огузов.