Қ.А. САДЫҚБЕКОВ
филол.ғ.к., Сүлейман Демирель университеті, Алматы
МӘМЛҮКТЕР ДӘУІРІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ҚЫПШАҚ ТІЛІНДЕГІ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР
М. Қашқариден бастау алған түркі тілдерін салыстыра зерттеу, түркі тілдерінің сөздігін түзу, өзге ұлт өкілдеріне түркі тілін үйрету дәстүрі сол дәуірден соң мәмлүктер топырағында жалғасын тапқанын көреміз. Бұл мақалада мәмлүктер топырағында дүниеге келіп, қазақ тілі тұрғысынан әлі күнге зерттеу нысанына айналмай келе жатқан грамматикалық және лексикографиялық жәдігерліктер жайында сөз бо- лады.
Түйін сөздер: мәмлүк қыпшақ тілі, түркітану.
Түркі тілдерінің, әсіресе қыпшақ тобына кіретін қазіргі қазақ тілінің тарихын оқып-біліп, зерт- теуде, олардың тарихи-салыстырмалы грамматикасы мен тарихи лексикологиясын жазуда және әр тілдің өзіне ғана тән қыр-сырын ашуда орта ғасыр қыпшақ, соның ішінде саны мен сапасы жағынан да өзгелерінен анағұрлым көп, әрі биік тұратын мәмлүк қыпшақ жазба ескерткіштерінің алар орны ерекше. Бұл кезең жазба мұраларының бір қатары қазақ ғалымдары тарапынан зерттеліп, материалдары ғылыми айналымға түсіп те үлгерді. Дегенмен халқымыздың тарихы мен мәдени өміріне қатысты бұл жазба ескерткіштердің бір бөлігі тек ғылыми әдебиеттерде аты аталуымен ғана шектеліп келсе, үлкен бір шоғыры тіптен белгісіз күйде қалуда. Осы мақаламызда әлі күнге дейін қазақ ғылымына беймәлім болып келе жатқан, қазірде шетелдердің түрлі кітапханаларында сақтаулы тұрған баға жетпес құнды жәдігерліктеріміздің бір тобы жайында зерттеуші қауымға ха- бар беруді жөн көріп отырмыз. Ең алдымен қыпшақтар жөнінде, соның ішінде мәмлүк қыпшақтары жайында да бірер ауыз сөз айта кетейік.
Алғаш 1909 жылы Моңғолия саяхаты барысында Рамстедттің Селенга өзенінің оңтүстігіндегі Могон Шине Усу (Мойун-чур) ойпатынан тапқан Ұйғыр қағанатының негізін салушысы Елетмиш қағанның (747-757) моласының басына қойылған эпитафиялық ескерткіште «Түрк қыбчақ елиг йыл олурмыш» деген сөйлемде ұшырасатын «қыбчақ» этнонимі араб-парсы жазбаларында «қыфчақ», орыс жылнамаларында «половец», латын және Еуропа тілдерінде «куман» сияқты түрлі атаулар- мен кездессе, немістер «фалбен», Мажарлар «кун», Армяндар «хартес» деген атаулармен атағаны
белгілі. Зерттеу еңбектерінде қыпшақтардың негізінен кейінен бірігіп кеткен екі түрік тайпасы- нан құралғаны айтылады [1, 16; 2, 1]. Араб зерттеушілерінің еңбектерінде болса қыпшақтар IX ғасырдан бастап белгілі бола бастаған. Себебі 656 жылы Батыс түрік қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстігі мен Ертіс өзені өңірін жайлаған қыпшақтар Қимақтар қағанатының құрамында болады [3, 26]. Қыпшақтар IX ғасырлардан бастап тарих сахынасынан көріне бастаған. XI ғасырдың басында Қимақтар қағанаты ыдырағаннан кейін қыпшақ, қуман және қимақ тайпала- ры мекен еткен террияларда саяси билік қыпшақ хандарының қолына өтеді. С.М. Ақынжанов та XI-XII түркі тайпаларының басына хан билігі бар қыпшақтар конфедерациясы қалыптасқандығын айтады [4, 205]. Сырдың төменгі ағысы мен Арал мен Каспий өңірлерінен оғыздарды ығыстырып, сол кезге дейін «Мафадатул-гуззия» (оғыздар даласы) аталып келген ұланғайыр территорияның
«Дешт-и Қыпшақ» деп аталуына себеп болады. XI ғасырдың орталарына қарай Еділ бойымен батысқа қарай қоныс аударған қыпшақтар көп ұзамайықпалды күшке айналып, Карпат тауларына дейінгі аралықта билігін жүргізе бастайды.
XI-XII ғасырларда шығысында Алтай мен Ертістен бастап Карпат пен Дунайға дейінгі аса үлкен территорияны мекендеген қыпшақ тайпалары көршілес мемлекеттер мен тайпалық одақтарға ықпал жасап, көптеген мемлекеттердің құрылуына негіз болады. Көптеген тайпалар мен этностық топтар күшейіп келе жатқан қыпшақ тайпаларының атымен атала бастайды. Дегенмен енді ғана біртұтас болып қалыптасып келе жатқан Қыпшақтардың Орта Азиядағы саяси үстемдігі Монғол шапқыншылығына дейін жалғасады. Алғаш рет 1223 жылы Калька өзенінің жағасында монғолдардан жеңілген қыпшақтар, 1238-39 жылдары монғол жасақтарына төтеп бере алмай екінші рет жеңіліске ұшырайды. Алайда Шыңғыс хан әскерлері ретінде келіп, Дешт-и қыпшаққа орналасқан түркі-монғол тайпалары (керей, меркіт, найман, уақ, жалайыр, қоңырат, т.б.) мен Жошы хан ұрпақгары жергілікті қыпшақтармен арала¬сып, сіңісіп біртұтас халыққа айналады [5, 41]. Моңғолдар қыпшақтардың саяси үстемдігін жойып, енді ғана қалыптасып келе жатқан қыпшақ мемлекетін ыдыратып жібергенімен, қыпшақ тілінің үстемдігін жоя алмады. Қыпшақ тілінің қолдану аясы бұрынғыдан да қарқынды түрде ұлғайып, Мысыр, Сирия және Үнді елдеріне дейін тарайды. Қыпшақ тілі Еуразияның апайтөс даласы мен Қап тауының арғы-бергі жағында халықаралық тіл деңгейінде қолданылған. Қыпшақ даласын мекендеген қыпшақ тілдес түркі халықтарының ара- сына моңғолдардың өздері де сіңісіп кеткендігі турасында сол дәуірде көзі көрген Марко Поло, Гильом Рубрук, Ибн Халдун секілді саяхатшылар өз еңбектерінде жазып қалдырған [6, 305].
Моңғол шапқыншылығына ұшырап, шартарапқа босып кеткен қыпшақтардың бір бөлігі XIII
ғасырдың басында Египет пен Сирия жеріне жалдамалы әскер ретінде келе бастайды. Бұл жалдама- лы әскерлердің арасында қыпшақтармен қатар Хорезм аймағынан қаңлы және қарлұқ тайпаларының да өкілдері болған. Сондай-ақ ол кездерде Анатолияның көптеген қалаларында «Гулам-хана» деп аталатын құлдар мектебі жұмыс істеген. Бұл жерлерде қыпшақ балалары тәрбиеленіп, Мысыр мен Сирияға жіберіліп отырған [2, 28]. Бастапқыда әскери қызметтерде болған бұл құлдар, уақыт өте келе маңызды әскери және әкімшілік орындарға отырып, ықпалды күшке айналады. Ақыры 1171 жылы Салих-ад-Дин негізін салған Мысыр, Шам және Месопатамия мен Оңтүстік Аравияда билік жүргізген Әйиубиттер мемлеклекетін Бахрия мәмлүктерінен шыққан Айбек 1250 жылы Мәмлүктер мемлекеті етіп қайта құрады. Араб дереккөздерінде қыпшақ түркілерінің құрған бұл мемлекет «әд- Дәуләтүт-Түркия» деп аталады.
Мәмлүктер этникалық құрамы жағынан әр түрлі елдің өкілдері болғанымен оларды қыпшақ сұлтандары билеп отырған. Мәмлүктер гвардиясында қыпшақтардан басқа өз еркімен жалданып жұмыс істейтін түркімендер, грузиндер, славияндар, түрлі еуропа халықтарының өкілдері де болған. Алайда олардың барлығы бір орталыққа бағынып таза қыпшақ тілінде сөйлейтін болған [7, 9]. Мысырға құл болып келген қыпшақтардан осындай дарынды, әрі ықпалды қолбасшылармен қатар көптеген ғылым және өнер адамдарының, тарихшылардың шығуы мәмлүк жерінде тек түркілердің ғана емес, қыпшақ мәдениетінің, әдебиетінің, тілінің қарыштап дамуына жол ашады. Жоғарыда да көрсеткеніміздей мәмлүк ретінде әскери қыстақтарда бір жерде шоғырланып өмір сүруі олардың өз ана тілдерін ұмытпауына ыңғайлы жағдай туғызады. Олар билік басына келген кезде өзге жергілікті халықтар да қыпшақ тілін үйренулеріне тура келеді. Себебі мәмлүк сұлтандарының көпшілігі араб тілінде оқып жаза алмайтын болған. Тек түркі яғни қыпшақ тілінде сөйлеген [8, 34-35]. Тіптен Сұлтан Беркүк заманында бүкіл мемлекеттік іс-қағаздар қыпшақ тілінде жүргізіліп, құқықтық мәселелер осы тілде шешілетін болған [9]. Сондықтан да билік басындағы қыпшақ сұлтандарға ар- налып қыпшақша арабша, арабша-қыпшақша сөздіктер түзіліп, қыпшақ тілі оқулықтары мен трак- таттар жазылған. Шығыстың атақты ақындары Фирдаусидің «Шахнамасы», Сағдидің «Гүлістаны»
секілді әдеби шығармлармен бірге көптеген ғылыми және діни трактаттар арнайы қыпшақ тіліне аударылды.
Мәмлүк қыпшақтары тілінде жазылған еңбектердің өкінішке орай өте аз бір бөлігі ғана осы күнге дейін келіп жеткен. Дегенмен осы күнге келіп жеткен қыпшақ жазба ескерткіштерінің үлкен бөлігін мәмлүк қыпшақтары тілінде жазылған шығармалар құрайды. Олардың бір қатары ғылыми айналымға еніп, тілдік ерекшеліктері жан-жақты зерттелсе, енді бірілерінің тек аты аталумен ғана шектелуде. Ал енді бір тобы зерттелмек түгілі аты да белгісіз күйде қалуда. Бүгінгі мақаламызда мәмлүктер дәуірінен осы күнге келіп жеткен, алайда құлпы ашылмай сырлы болып келе жатқан құнды жәдігерліктеріміздің арасынан қыпшақ тілі жайында жазлған грамматикалық оқулықтар мен лексикогафиялық сөздіктерді арнайы бөліп алып, зерттеуші қауымды құлағдар етуді жөн көріп отырмыз.
Жоғарыда да айтып өткеніміздей қыпшақ сұлтандары билік басына келіп, олар тек қыпшақ тілінде сөйлейтін болғандықтан түркі, яғни қыпшақ тілінің беделі артып, мемлекеттік тіл, тіпті профессор Құрышжановтың тілімен айтқанда халықаралық тіл қызметін атқарған тұста, жергілікті арабтар мен өзге де ауып келген халықтар қыпшақ тілін үйренулеріне тура келеді. Сондықтанда мәмлүк жерінде сол дәуірлерде қыпшақша-арабша, арапша-қыпшақша, қыпшақша-парсыша- моңғолша сөздіктер түзіліп, қыпшақ тілін үйрететін түрлі грамматикалық оқулықтар мен трактат- тар дүниеге келді. Осы күнге келіп жеткен сөздіктер мен грамматикалық оқулықтар мыналар:
1) Булғат ал-Муштақ фи Луғати-т-Түрк уа-л-Қыфчақ
2) Әл-Қауанин әл-Куллия ди-забти әл-луғати-т-туркия
3) Китаб әл-идрак ли-лисани-л-әтрак
4) Китаб ат-тухфа аз-зәкияфи-луғату-т-туркия
5) Китаб-и Межму-и тержүман-и Турки уә Араби уа Моғоли уә Фариси
6) Китаб әл-бейлик
7) Қауаид-и лисан-и Турки
8) Әнуар әл-мудия
9) Әш-Шудур-и әдхәлийя уә-л-қита әл-ахмадийя фи-л-луғати-т-түркия
10) Әд-Дүррату-л-мудия фи-луғати-т-турия
11) Китаб хилийати-л-инсан уа Хулбату-л-лисан
Бұлардың бірқатары (алдыңғы бесеуі) ескі Кеңестік және отандық ғалымдар тарапынан зерттеліп, материалдары ғылыми айналымға түскен болатын. Енді осы күнге дейін қазақ ғылымына беймәлім болып келе жатқан бірнешеуіне қысқаша тоқтала кетейік:
Әд-Дүррату-л-мудия фи-луғати-т-турия. Мәмлүктер кезеңінен келіп жеткен санаулы сөздіктердің бірі. «Түрік тілінің жарқыраған інжуі» деп тәржімаланатын аталмыш сөздіктің авторы, жазылған жері мен уақыты белгісіз. Зайончковский XIV ғасырдың аяғы не XV ғасырдың бас жағында жазылған болу керек деген болжам жасайды. Ескерткіштің түпнұсқасы Флоренцияның «Medicea Bibliotheca Laurenziana» кітапханасының Оrient – 130 нөмерімен сақтаулы. Қолжазбаның көшірмесі Хусрау ибн Абдуллаһтың қолымен жасалғандығын 47 бетке түсірілген арабша мәтіннен оқып білуге болады [2, 5]. Қолжазбаның жалпы көлемі 24 парақ (48 бет). Үстіңгі қатарға арабша сөздер мен тіркестер қара сиямен, астына түрікше баламалары қызыл сиямен жазылған. Басынан аяғына дейін түгел харака қойылған. Қолжазба 24 бөлімнен тұрады. Аллаһ, көк, жердегілер, хош иісті өсімдіктер, жеміс-жидектер, ағаштар т.б. сөздердің лексика-тақырыптық топтарының әрбірі жеке- жеке бөлімді құрайды. Тек 24-ші «Сөз тіркестері» аталатын бөлім тілашар ретінде әзірленгендігімен ерекшеленеді. 220 қысқа сөйлем беріліп олардың мағыналарын түсіндіріп отырған [10, 59]. Ескерткіш түркологияда 1963 жылға дейін жоғалған қолжазбалар қатарында аты аталып келген бо- латын. Ескерткішті тауып, тұңғыш рет баспаға әзірлеп ғылым әлеміне алып келген атақты поляк түркітанушысы А. Зайончковский болды. Ол «Rocznik Orientalistyczny» журналының 1965-1969 жылдар арасындағы түрлі сандарына ескерткіштің көшірмесін, сөздігін және тілдік ерекшеліктеріне қатысты мақалалар жариялап отырған. Түрік зерттеушісі Р. Топаралы да 2003 жылы еңбек тілінің морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері мен транскрипциясы және сөздігі мен грамматикалық анықтағышын, көшірмесімен қоса жариялаған [11].
Әш-Шудур-и әдхәлийя уә-л-қита әл-ахмадийя фи-л-луғати-т-түркия. XVII ғасырдың басын- да Мысыр елінде Молла ибн Мухаммед Салихтың қаламынан туған. Көрнекті түркітанушы Ә. Құрышжанов еңбектің атауын «Түрік тілі туралы алтын тізбе» деп тәржімалап, Мысыр жерінде 13 ғасыда «Китаб-и Межму-и тержүман-и Турки уә Араби уа Моғоли уә Фарисимен» (1254 ж) басталған қыпшақ тіліндегі лексикографиялық сөздік жасау дәстүрінің соңғы үлгісі, сондай-ақ жалпы қыпшақ ескерткіштерінің соңғысы осы «Әш-Шудур-и әдхәлийя уә-л-қита әл-ахмадийя
фи-л-луғати-т-түркия» екендігін айтады [12, 78]. Стамбул қаласында сақтаулы тұрған еңбектің түпнұсқасын Бесим Аталай 1949 жылы түрік тіліне аударып бастырған. Еңбек «етістіктер, есімдер, морфология, қыпшақ және араб тілдеріне ортақ сөздер және осман түріктерінің тілінен алынған сөйлемдер мен сөз тіркестері» деген бес бөлімнен тұрады.
Бұл аты аталған шығармалардың көпшілігі зерттеліп, ғылыми айналымға түсе қоймаса да, азды- көпті жұмыс жасалған, сақталған жері белгілі еңбектер. Бүгінгі күнге жете қоймаған немесе ғылым дүниесіне әлі күнге беймәлім күйде келе жатқан, алайда сенімді дереккөздерде аты аталып, ондай еңбектердің болғандығы жөнінде мәліметтер жеткен бір қатар грамматикалық, лексикографиялық жадыхаттар да бар:
1) Халйу-л-мүлк
2) Китаб әл-Әфжал
3) Надиру-д-Дәһр ғала мәлики-л-ғаср
4) Тухфат әл-мүлк
5) Әл-үмдәтү-л-қауийя фи лүгати-т-түркия
6) Заһиру-л-мүлк фи Наһуи-т-түрк
Бұл ескерткіштер жоғалған немесе әлі күнге сақталған жері табылмаған қолжазбалар санатына жатады.
Біздің заманымызға келіп жеткен қыпшақ тілі жайындағы мәмлүк ескерткіштерін зерделей келе мынадай түйін жасауға болатын сияқты. Әуелі, грамматикалық және лексикографиялық ескерткіштер ескі Кеңестік және отандық ғалымдар тарапынан бір сыпыра түрлі аспектілерде зерттелгенін білеміз. Алайда, көріп отырғандарыңыздай, әлі де сырлы сандық секілді аты да атал- май жүргендері қаншама. М. Қашқариден бастау алған түркі тілдерін салыстыра зерттеу, түркі тілдерінің сөздігін түзу, өзге ұлт өкілдеріне түркі тілін үйрету дәстүрі сол дәуірден соң мәмлүк жерінде жалғасын тапқанын көреміз. Бұлардың жазылу дәуірінің бір-біріне жақындығын, яғни Мәмлүктер мемлекетінің алғашқы кезеңдерін қамтитынын, М. Қашқаридың өзінің атақты Диуанын Мысырда аяқтағандығын және Диван Лұғат ит-Түрктің қазірге жеткен көшірмелерінің бірі Сұлтан Бейбарыс заманында, 1266 жылы Сирияда Мұхаммед ибн Әбу Бәкірдің қолымен жасалғандығын ескерсек, бұл ойымызды дәйектей түсетін сияқты. Сондай-ақ Ж. Баласағұнның Қутатғу Білік еңбегінің бір нұсқасы Мысырдағы түркі билеушісі Айдемірдің кітапханасынан табылуы Мысыр мен Орта Азия түркілерінің сол дәуірлерде тығыз мәдени қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді. Жалпы түркі тілінің бір ғана тарихи дәуірінен, яғни мәмлүк қыпшақтары кезеңінен осыншама лингвистикалық еңбектің келіп жетуі (осы күнге жетпегені, жетсе де белгісіз жатқаны қаншама) ол дәуірде Мысыр жерінде өте күшті түркологиялық мектептің қалыптасқандығын және бұл мектептің негізін салушы М. Қашқари екендігін айтуға болады. Дегенмен бұл әлі ол еңбектерді тауып, тілдік ерекшеліктеріне жан-жақты талдау жасап, бір-бірімен салыстыра отырып зерттеуді қажет етеді. Бұл алдағы күндердің атқарылар ауқымды істері болары сөзсіз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Өнер М. Бугүнкү Кыпчак Түркчесі. –Анкара, 1998. -270 s.
2 Туран С. Кыпчак Түркчесинде Келиме Йапымы ве Чекими. Йүксек лисанс тези. –Кайсери, 2006. -146 s. 3 Қалыбаева Қ.С. Салыстырмалы түркі фразеологиясы. – Алматы, 2009. – 403 б.
4 Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекого Казахстана. –Алматы: Гылым, 1995. – 294 с. 5 Құрышжанов Ә., Көмеков Б.Е., Дүйсенов С.Ж. Ескі қыпшақ тілі. – Алматы, 2007. – 570 б.
6 Құдасов С. XVI-XVII ғғ. Армян әліпбиімен жазылған қыпшақ тілі ескерткіштері: зеттелуі мен өзекті мәселелері // «Еуразия Қыпшақтары: тарих, тіл және жазба ескерткіштері» халықаралық ғылыми конферен- ция материалдары жинағы. –Астана, 2013. Б. -305-316.
7 Боранбаев С. «Түрік және қыпшақ тілінің туыстығы туралы жинақ» жазба ескерткішінің тілі (XIII- XVғғ.). – Шымкент, 2005. – 177 б.
8 Экман Й. Мемлүк Кыпчакчасынын Оғузлашмасына Даир. –Анкара, 1965
9 Текиндағ М.Ш. Мысыр ве Сүрийеде Курулмуш Түрк Девлетлери. Түрк Дүнясы Ел Китабы. –Анкара, 1976. -125-138 б.
10 Яван К. Кыпчакча Есерлер ве Үзеринде Йапылан Чалышмалар. Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары. – Алматы, 2006. – 48-61 бб.
11 Топарлы Р. Ед-Дүрретүл-Мудиййе Фил-Лүгатит-Түркиййе. Түрк Дил Куруму йайынлары: — Анкара, 1991. – 196 б.
12 Құрышжанов Ә. Тіл тарихы туралы зерттеулер. -Алматы, 2011. – 432 б.
REFERENCES
1 Öner M. Bugünkü Kıpçak Türkçesi. -Ankara, 1998. -270 s.
2 Turan S. Kıpçak Türkçesinde Kelime Yapımı ve Çekimi. Yüksek Lisans Tezi. -Kayseri, 2006. -146 s. 3 Qalybayeva Q.S. Salystyrmaly turki frazeologiasy. -Almaty, 2009. – 403 b.
4 Ahinzhanov S.M. Kypchaki v istorii srednevekogo Kazahstana. Almaty: Gylym, 1995. –294 s. 5 Quryshzhanov A., Komekov B.E., Duisenov S.Zh. Eski Qypshak tili. -Almaty, 2007. -570 b.
6 Kudasov S. XVI-XVII g. Armian alipbimen zhazylgan kypshak tili eskertkishteri: zerttelui men ozekti maseleleri
// «Evrazia Qypshaktary: tarih zhane zhazba eskertkishteri» halyqaralyq gylymi konferensia materialdary zhinagy.
–Astana, 2013. B. -305-316.
7 Boranbayev S. «Turik zhane qypshak tilinin tuystygy turaly zhinaq» zhazba eskertkishinin tili (XIII-XVg.).
-Shymkent, 2005. – 177 b.
8 Ekman J. Memlük Kıpçakçasının Oğuzlaşmasına Dair. -Ankara, 1965.
9 Tekindağ M.Ş. Mısır ve Süriyede Kurulmuş Türk Devletleri. Türk Dünyası El Kitabı. -Ankara, 1976. -125-138 b .
10 Yavan K. Kıpçakça eserler ve üzerinde yapılan çalışmalar // Bugingi türkitanu jane onın damu bağıttarı. – Almaty, 2006. – 48-61 b.
11 Toparalı R. Ed-Dürretü’L-Mudiyye Fi’L-Lügati’T-Türkiyye. Türk Dil Kurumu Yayınları: — Ankara, 2003. 12 Quryshzhanov A. Til tarihy turaly zertteuler. -Almaty, 2011. 432 b.
Садыкбеков К.А. Лингвистические произведения на Кипчакском языке во времена Мамлюков
Взятое начало с периода Кашкари можно увидит продолжение на мамлюкской земле сравнительное ис- следование тюркских языков, формирование словаря тюркских языков и других этнических групп в тради- циях тюркского языка. В статьеговорится о грамматических и лексикографических ценностях родивщейся мамлюкской земле и до сих пор не являющиеся объектом исследование в казахском языке.
Ключевые слова: Мамлюк кипчакский язык, тюркология.
Sadykbekov K.A. Linguistic works Written In Kipchak Branch Of Turkish in Memluk Era
It is quite wellknown that the study of contrasting Turkic languages, compiling the dictionary of Turkic languages, teaching Turkish to other nationalities were started from M.Khashkhari and continued in the area of Mamelukes. The article is considered about the grammar and lexicography heritages which have not been investigated, and still is not taken the subject of inquiry on Kazakh languages despite the treasures were used in the area of Mamelukes.
Key words: Mameluke Kipchak, Turkic studies.