КӨПҰЛТТЫЛЫҚ ЖӘНЕ КӨПТІЛДІЛІКТІҢ ҰТЫМДЫ ЖАҚТАРЫ: ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕДЕН

 


Г.Ә. СӘРСЕКЕ
филол.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Астана

КӨПҰЛТТЫЛЫҚ ЖӘНЕ КӨПТІЛДІЛІКТІҢ ҰТЫМДЫ ЖАҚТАРЫ: ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕДЕН

Мақалада көпұлтты мемлекетте тұрудың және көптілділіктің тиімді тұстары қарастырылады. Тал- даулар отандық және шетелдік тәжірибеге негізделеді. Мақала авторы бірқатар шетел ғалымдарының әртүрлі контекстерде жүргізген зерттеулерінің нәтижелерін талдай отырып, екітілділіктің когнитивтік артықшылықтары барлығын дәлелдейді. Автор екі тіл меңгерген адамдардың біртілділерге қарағанда біршама когнитивтік басымдықтарға, атап айтқанда күтпеген өзгерістерге тез икемделу, күрделі жағдаяттарда бір әрекеттен екіншіге бірден әрі кенеттен ауыса білу қабілеттеріне ие екендігін ерекше атап өтеді.
Түйін сөздер: билингвизм; когнитивтік қызмет; көптілділік; көпұлттылық.

Көпұлттылық және көптілділік қазірде жеке мемлекеттер мәселесі шеңберінен шығып, жаһандық мәселелердің қатарынан саналады. Әлемдік кірігу заманында түрлі ұлттардың өздерінің тілін, дінін, салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтап, татулық пен бірлікте бір мемлекетте өмір сүруі өзекті

болып отыр. Шекаралар арасында өзара байланыстар жаңа қарқынмен дамыған уақытта, ғылым мен білімде, сауда мен саясатта еркін алмасу мен ашық қарым-қатынас орнағанда мәдениаралық қатысым, көпұлтты ортада жұмыс жасай білу, әртүрлі ұлттармен тіл табыса білу, кемінде екі тілде еркін сөйлеп, жаза білу, көптілді меңгеру сияқты бірқатар талаптар өзектілігімен алға шықты. Мен мақаламда, алдымен, көпұлтты мемлекет және көпұлтты мемлекетте өмір сүрудің артықшылықтарын өзімнің шетелдік тәжірибемнің негізінде баяндаймын. Екіншіден, Ұлыбритания, Америка және Еуропаның кейбір елдеріндегі ағылшын тілінде жарық көрген зерттеулерге талдау жасай отырып, солардың негізінде екі не одан да көп тіл білудің артықшылықтарын айқындайтын боламын.
«Автобуспен жұмысқа келе жатырмын. Бір жағымнан француз тілінде сөйлескен адамдардың даусын естимін. Арт жағымнан қытай тілінде сөйлескендердің даусы шығады. Жанымдағы жігіт те- лефонмен хинди тілінде сөйлесіп жатыр. Тағы бір тұстан жапон, корей, парсы, түрік, итальян, орыс тілдерінде сөйлесіп отырған адамдардың сөздерін естимін». Бұл University College London оқу ор- нында ағылшын профессорының көптілділік тақырыбы бойынша бізге оқыған дәрісінен алынды. Бұл — Лондон. Лондон — әлемдегі сан түрлі этникалық топтар тұратын қалалардың бірі. 2007 жылғы UNESCO-ның есебі бойынша Лондонда үш жүзден астам тіл сөйленеді екен (http://en.unesco.org). Шын мәнісінде, Лондонда тұру менің көпұлтты мемлекетте өмір сүрудің мәнісін тереңірек ұғына түсінуіме және біршама дәрежеде өзімнің ұлттық көзқарасымның өзгеруіне де себепкер болды. Екінші жағынан, Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекеттен барған маған Лондон сияқты көпұлтты қалаға бейімделу әлдеқайда оңайырақ болды.
Көпұлтты әрі көптілді (heterogenious) мемлекеттерде тұратын халықтың біртілді әрі бірұлтты (homogenious) елдерде тұратын халықтан бірқатар айырмашылықтары бар. Ол басқа ұлттардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін біліп өсу, меңгеру, оларға құрметпен қарау. Өз дініңнен, өз тіліңнен басқа ұлттарға түсіністікпен қарау, олармен бір шаңырақ астында достықта, татулықта өмір сүре білу артықшылықтары. Әртүрлі мәдениет тоғысқан қоғамда әртүрлі ұлттармен бірлесе қызмет жасаса білу де көпұлтты мемлекеттерде өмір сүріп жатқан халықтардың артықшылықтары. Сондықтан Ұлыбритания және көптеген Еуропа елдерінде жұмысқа қабылдау талаптарының қатарында «бірнеше тілдерді меңгерумен» қатар «көпұлтты ортада жұмыс істей білу», «әртүрлі ұлт өкілдерімен тіл табыса білу», «мәдениаралық қатынас жасай білу» қабілеттерінің аталуы негізсіз емес. Лондонда әр ұлттың салт-дәстүрлерін сақтауына және насихаттап дәріптеулеріне, өз тілдерінде сөйлеулеріне еркіндік берілген. Тіпті жалпыхалықтық қызмет көрсету орындарын- да, атап айтсақ, ауруханаларда ағылшын тілінде сөйлеп, түсіндіруге тілі жетпейтін не мүлде тіл білмейтін пациенттерге аудармашының тегін қызметі ұсынылады.
Кез-келген көпұлтты мемлекетте ұлттар мәселесі ең күрделі мәселелердің бірінен саналады. Кейбір мемлекеттердегі саяси қақтығыстардың осы ұлттық мәселеден туындап отырғаны белгілі. Бұл тұрғыдан Қазақстанның татулық пен тыныштықтың мекені болып отырғаны көп елдерге үлгі. Бұл жайында шетел зерттеулерінде де айтылады: ‘Despite having more than one hundred different nationalities, Kazakhstan is considered to be one of the most stable post-Soviet republics with respect to interethnic relations’ [1, 181]. Көпұлтты мемлекетте «менің елім, менің елімде ұлттық тілім ғана болуы керек, барлық ұлт менің тілімде ғана сөйлеуі керек» дейтін әлемде «ұлтшылдар» деген атпен белгілі топтардың «менменінен» гөрі ұлттар мәселесіне кең көңілмен әрі түсіністікпен қарайтын, әрбір ұлттың кез-келген мемлекетте ұлттық бейнесін сақтай отырып, еркін өмір сүруіне мүмкіндіктер беретін «біз» деген көзқарастың маңызы әлдеқайда зор.
Көпұлтты мемлекетте көптілділіктің орын алуы заңды. Көптілділік дегеніміз адамның бірнеше тілде сөйлеп, түсіне білу қабілеті. Көп тіл білу қазіргі жаһандану заманында өзекті мәселелердің бірінен саналады. Жалпы көп тіл білудің тарихы бүгіннен басталмайды, ертеден бар. Қазақ айта- ды: «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл». Мұның мәнісі: қанша тілді білсең, сонша тілде ілім-білім жинайсың дегені. Тарихқа көз салсақ, көп тіл білген адамдар әр ғасырда болған. Ғұлама әл-Фараби араб, парсы, түркі тілдерін, грек, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренген. әл- Фарабидің 70 тілді меңгергендігі туралы дерек бар тарихта. Қазақтың бас ақыны Абай да бірнеше тіл меңгерген. Араб-парсы тілдерін білу арқылы ақын шығыс поэзиясын оқып білді, орыстың тілін білу арқылы орыстың классикалық әдебиетінен сусындады. Сол арқылы Абай қазақ поэзиясына түрленген сипат, жаңашыл үн қосты.

Кейбір елдерде көп тіл білу сирек құбылыс, мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Жапонияда, керісінше кейбір елдерде, мысалы, Жаңа Гвинея, Скандинавия елдерінде жергілікті халық кем дегенде 5 тілде сөйлеп, түсіне алады. Ағылшын тілі мемлекеттің негізгі тілі болып табылатын АҚШ-та екі тілде білім беру саяси тұрғыдан даулы, таласты мәселе. АҚШ-та тіпті иммигранттардың өзі ұлттық тілдері ағылшын тілі болмаса да өздерінің балаларының тек бір тілді ағылшын тілін үйренгенін қалайды екен [2]. Олар екі тілді қатар үйренудің балаларын шатастыратынын айтады. Ұлыбританияда да жүргізген өз зерттеуімде мен ұлты ағылшын оқушыларының екінші, үшінші тілдерді меңгеру көрсеткіші басқа елдердің, әсіресе, Еуропа елдерінің оқушыларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін, ағылшын балаларының шет тілдерді меңгеруге құлықсыз екенін зерттеулер көрсетіп отырғанын жазған едім [3]. Бұл, әрине, бірнеше себептерге байланысты, соның ішінде ағылшын тілінің әлемдік үстемдігінің де әсері бар.
Көп тіл білудің жақсы екенін бәріміз білеміз. Көп тіл үйренуге көбіміз ұмтыламыз. Бірақ оның ғылыми тұрғыдан дәлелденген біршама артықшылықтары бар екенін көбіміз біле бермеуіміз мүмкін. Зерттеушілер көп тіл білудің адам үшін когнитивтік артықшылықтары барлығын дәлелдеп отыр. Кейінгі зерттеулер [4; 5] екі тілде тәрбиеленген балалардың cәби кезінде когнитивтік артықшылықтың ерекше түрін дамытатындығын көрсеткен.
1960 жылдарға дейінгі батыстық зерттеулер екітілді балалар біртілді балаларға қарағанда тілді баяуырақ меңгеретінін және сөздік қорының азырақ болатынын көрсеткен. Бірақ бұл алғашқы зерт- теулерде екітілділікке қатысы бар жайттар, айталық, мектептегі оқу, ата-аналарының әлеуметтік- экономикалық жағдайлары есепке алынбаған, сондықтан бұл зерттеулердің қорытындыларын кейінгі зерттеулер жоққа шығарды. Кейінгі зерттеулер екітілділікке қатысты әртүрлі жағдайларды есепке ала отырып, екітілді меңгерген адамдар мен біртілді меңгерген адамдардың жалпы алғанда когниция мен тілді үйренуде айырмашылықтары болмайтынын дәлелдеді [6; 7; 8].
Кейінгі зерттеулер айқындаған ең басты ерекшелік ол екітілді меңгерген адамдардың біртілді меңгерген адамдардан кемшіліктер емес артықшылықтар жағынан асып түсетіндігі. Біздің са- намызды күніне қаншама көру, есту және басқа да дене мүшелері арқылы қабылданатан сезімге әсер ететін әсерлер, оған қоса адамның ойлары, рецептивті сезінулер шабуылдайды екен (сурет- ке қараңыз: суретте Science-тан сабақ беретін оқытушының күнделікті өмірі: бір мезетте әртүрлі сезім мүшелері — көзі, құлағы, мұрны – арқылы айналадағы түрлі әсерлерді сезінуі, денеге сезіну
— досының қолын қысып амандасуы, қолымен портфелін қысып ұстауы, немесе аяғындағы ауруды сезінуі, осыларға қоса мидағы ойлары).
Осының ішінде әйтеуір біреуін сәтті орындау үшін біз осы миға келіп жатқан әсерлердің 99 пайызын уақытша санамызда ұстап қалуымыз керек, олардың тек 1 пайызын іске асыруымыз ке- рек, және таңдау жасау нақты жағдайларға байланысты. Адамның осы таңдау жасау зейіні бірнеше процестердің жиынтығын қамтиды, ол когнитивті не басқарушы қызмет деп аталады да, ми қабығының префронтальды қабатында орналасады. Осы қызмет адам өмірінің әсіресе алғашқы 5 жылында ерекше дамиды екен [9].
Көптілді адамдар осы когнитивті қызметке қатысты ерекше артықшылыққа ие. Біртілді адамдар бір сөзді естігенде оны өздерінің жалғыз қорындағы кездейсоқ дыбыспен және мағына ережелерімен салыстыра алады. Ал екітілді адам бірнеше қорға ие және ол оларды жеке-жеке сақтауы тиіс. Мы- салы, b-u-rr-o фонемаларын естігенде испан әрі итальян тілдерін меңгерген екітілді адам оларды бірден егер испандық контекст болса, «есек», ал егер итальяндық контекст болса «май» деп түсінеді. Көптілді адамдар көптілді қарым-қатынаста өздерінің фонема және мағына ережелері қорлары ара- сында жиі және күтпеген жерден ауыса алады. Соның нәтижесінде көптілді адамдарда когнитивтік қызмет жүйесін қолдануда түрақты санадан тыс тәжірибе қалыптасқан.
Кейінгі зерттеулер бұл қабілетті ойынға құрылған тапсырмалар беру арқылы бағалайды [4; 6; 10; 11]. Ойынға құрылған тапсырмалар шатастыратындай етіп құрылады, айталық, тапсырма ережелері күтпеген жерден өзгертіледі не тапсырмаға балалардың көңілін алаңдататындай шатастыратын белгілер қосылады. Мысалы, балаларға қоянның не қайықтың суреті салынған, қызылға не көкке боялған, жұлдыз салынған не салынбаған карточкалар көрсетіледі. Егер карточка жұлдызбен болса, балалар карточкаларды түсі бойынша реттеу керек. Егер жұлдызсыз болса, олар карточкаларды суреті бойынша реттеп шығуы керек. Бұл экпериментте егер тапсырма ережесі, мысалы, түс бой-

ынша реттеу, әрбір талпыныста өзгермей тұрақты болып қалса, екеуі де біртілділер мен екітілділер, сәтті орындап шыққан. Алайда тапсырма ережесі ауысқанда, біртілділер екітілділерге қарағанда көбірек қиындыққа ұшыраған. Ғалымдар осы ойын мен өмірді салыстырып, өмірдің өзі де жалған не шатастыратын ақпаратқа және ережелердің күрт өзгерістеріне толы екенін айтады. Сонда бұл ойындардағы екітілділердің біртілділерден артықшылықтары нағыз өмір жағдаяттарына ауысатын болса, онда ол екітілді меңгергендерге пайдалы болмақ.
Бұл зерттеулер когнитивтік қызметтің екітілді меңгерген барлық жастағы адамдарға қатыстылығын дәлелдеген болса, сәбилер мен егде жастағы адамдарға жүргізген зерттеулердің нәтижелері ерекше қызығушылыққа ие. Kovacs пен Mehler [5; 8] «біртілді» сәбилер мен «екітілді» сәбилерге шатастыратын ойын тапсырмаларын берген. Мысалы, екітілді сәбилер туғаннан екі тілді естиді және сөйлейді, себебі сәбимен шешесі бір тілде, әкесі екінші бір тілде сөйлеседі. Екі тілді айтпағанда бір тілде сөйлей алмайтын сәбилерге мұндай эксперимент жүргізу ақылға сый- майтын сияқты көрінеді. Шын мәнісінде, сәбилер өз айналасынан естіген тілдің не тілдердің ды- быстарын ажырата алады екен және айналасынан бұрын естімеген дыбыс айырмашылықтарына көңіл бөлмейді екен. Мысалы, жапон сәбилерінде l және r дауыссыздарын ажырату қабілеті жоқ, ал ағылшын сәбилерінде ол қабілет бар. Себебі жапон тілінде бұл дыбыстардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ.
Kovacs пен Mehler сәбилердің компьютер экранының сол жағында орналасқан қуыршақтың суретіне қарауына бақылау жасайды. Мәні жоқ үш құрамды «lo-lo-vu» дыбысты бірінші естігенде сәбилер қуыршақтың суретіне қарауға үйретіледі. Тоғыз талпыныстан соң екітілді және біртілді сәбилер де үшқұрамды дыбысты естігенде экранның сол жағына қарап үйренген. Алайда зерттеушілер ережені өзгертіп қуыршақты экранның оң жағына басқа үшқұрамды дыбысты ай- тып ауыстырғанда, екітілді сәбилер алдыңғы сабақты ұмытып, жаңа тапсырманы алты талпыныс ішінде үйреніп алған. Керісінше, біртілді сәбилер тоғыз талпыныстан кейін де жаңа ережені үйрене алмаған. Екітілді сәбилердің екі ана тілін есту барысында бір тілден екінші тілге жиі әрі кенеттен ауысып отыру қабілеті басқа да ережелердің кенеттен болатын өзгерістерін тез қабылдап алуына көмектескен.
Екітілділердің біртілділерден артықшылықтары бар дегенге сенімсіздеу қарайтындарға бұл дәлелдемелер аз болса, зерттеушілер тағы бір зерттеу нәтижесін ұсынады. E. Bialystok, F. I. Craik және M. Freedman [12] жүздеген Альцгеймер деменциясы диагнозы бар болуы мүмкін деп анықталған Канадалық егде науқастардың арасынан екітілді пациенттерге зерттеу жүргізген. Зерт- теу нәтижесінде оларда аурудың алғашқы белгілерінің біртілді пациенттерге қарағанда бес жылға кешірек басталатынын анықтаған. Канадалықтардың өмір сүру ұзақтығы 79 жас, сонда 70 жас шамасындағы адамдардағы бес жылдық кешігу канадалық қарттардың өмірден өткенге дейін Аль- цгеймер ауруына ұшырау мүмкіндігін 47 пайызға төмендетеді екен.
Адамның дене мүшелерін үнемі жаттықтыруы олардың қызметін жақсарта түседі, жаттықтырмаса, керісінше, қызметі нашарлайды. Бұл көбіміз білетін қағида. Спортшының үнемі жаттығуы, музыканттың үнемі дайындалуы сияқты. Соған ұқсас екітілділік те ми үшін дәлелденген ең тұрақты жаттығу болып табылады (J. Diamond). Сондықтан J. Diamond «екі тіл үйренсе балаларға қиындау болады, шатасады» деген Американдық ата-аналардың сөзіне: «Bilingual rearing of children, instead of confusing them, may bring lifelong advantages», яғни «екітілді тәрбие балаларды шатастырмайды, керісінше өмірлік артықшылықтар әкеледі», — деген уәж айтады [2, 332].
Қорытып айтқанда, ғылыми эксперименттік зерттеулер екі тіл білудің адамның когнитивтік қызметін жақсартатындығын дәлелдеп отыр. Екі тілді меңгергендердің біртілділерден артықшылығы сонда, олар өмірдегі түрлі өзгерістерге тез әрі бірден жауап беру қабілетіне ие. Сонымен қатар күрделі жағдаяттарда кенеттен болатын өзгерістерге тез икемділік таныту, кәрілік ауруынан бо- латын ауытқулардың кешірек байқалуы сияқты артықшылықтарға да ие. Егер Қазақстанның көп тұрғынының екітілді, негізінен қазақ және орыс тілдерін, меңгергенін ескерсек, бұл когнитивтік артықшылықтарды қазақстандықтардың әрқайсысынан табуға болады деп ойлаймын. Қазақстандағы басқа да ұлттардың татар, башқұрт, шешен, ноғай, ұйғыр, өзбек тағы басқалардың үш тілді еркін меңгергенін ескерсек, олардағы когнитивтік қызметтің артықшылығы еселене түспек пе деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақ, ғалымдардың айтуынша, болашақта әлі де зерттеле түспек.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Oka Natsuko (2003). Nationalities policy in Kazakhstan: Interviewing political and cultural elites. In Keiko Sakai (Ed.), Social Protests and Nation-Building in the Middle East and Central Asia (pp. 181-211). Development Perspective Series.
2 Diamond J. (2010). The Benefits of Multilingualism. Social Science, 330, 332-333.
3 Sarseke G. (2012). The Introduction and Implementation of One Recent Curriculum Reform Initiative. Unpublished thesis. King’s College London, UK.
4 Bialystok, E. (2009). Bilingualism: The good, the bad, and the indifferent. Bilingualism: Language and Cognition, 12 (1), 3–11
5 Kova´cs A.M. & Mehler, J. (2009). Flexible Learning of Multiple Speech Structures in Bilingual Infants.
Science, 325 (5940), 611-612.
6 Costa A., Herna´ndez, M., & Sebastia´n-Galle´s, N. (2008). Bilingualism aids conflict resolution: Evidence from the ANT task. Cognition, 106, 59-86
7 Bialystok E. & Martin, M.M. (2004). Attention and inhibition in bilingual children: Evidence from the dimensional change card sort task. Developmental Science, 7 (3), 325-339.
8 Kova´cs A.M. & Mehler, J. (2009). Cognitive gains in 7-month-old bilingual infants. PNAS, 106 (16), 6556- 6560.
9 Shallice T. (1988). From Neuropsychology to Mental Structure. Cambridge: Cambridge University Press.
10 Bialystok E., Craik, F.I.M., Klein, R., & Viswanathan, M. (2004). Bilingualism, Aging, and Cognitive Control: Evidence From the Simon Task. Psychology and Aging, 19 (2), 290-303.
11 Bialystok E. & Craik, F.I.M. (2010). Cognitive and Linguistic Processing in the Bilingual Mind. Current Directions in Psychological Science, 19 (1), 19-23.
12 Bialystok E., Craik F.I.M, & Freedman M. (2007). Bilingualism as a protection against the onset of symptoms of dementia. Neuropsychologia, 45, 459–464.

Положительные стороны многонациональности и полиязычия: отечественный и международный опыт
В статье рассматривается положительные стороны многонациональной государственности и поли- язычия на основе отечественного и зарубежного опыта. Автор рассматривает влияние билингвизма на когнитивное развитие человека, обсуждая результаты нескольких исследований зарубежных ученых, про- водимые в разных обстоятельствах и контекстах. В результате этих исследований было доказано, что у полиглотов высоко развита когнитивная функция, они могут выполнять несколько функций быстро и одно- временно в отличие от монолингвов. Автор подчеркивает, что люди, владеющие двумя или более языками имеют больше преимущества по сравнению с монолингвами.
Ключевые слова: билингвизм; когнитивное развитие; полиязычие; многонациональность

The advantages of multinational countries and multilingualism: local and international experience
The article looks at the general positive effects of living in heterogenious countries and advantages of bilingualism. The analyses bases on local and international experiences. It examines the effects of bilingualism on cognitive development by discussing the results of several research studies conducted in different settings and contexts. Author highlights that multilingual people have more cognitive advantages than monolinguals such as ability to cope with unpredictable rule changes, switch frequently and unpredictably in confusing situations.
Keywords: bilingualism; cognitive development; monolingual; multinational

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *