Д.ӘБІЛОВТІҢ «СҰЛТАНМАХМҰТ» РОМАНЫНЫҢ ИДЕЯЛЫҚ-КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


Ж. СЕКЕЙ¹, Ш.А. ДОСКЕЕВА²
Семей қ. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті¹, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті²

Д.ӘБІЛОВТІҢ «СҰЛТАНМАХМҰТ» РОМАНЫНЫҢ ИДЕЯЛЫҚ-КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мақалада Д.Әбіловтің «Сұлтанмахмұт» романының идеялық-көркемдік ерекшеліктері қарастырылған. Поэтикалықамал-тәсілдерді қолданудағы жазушылық шеберлік пен суреткердің өзіндік стилі мен ұстанымы анықталып, қаламгердің өзіндік қолтаңбасы айқындалған.
Түйін сөздер: стиль, кейіпкер ойы, авторлық идея, эпитет, метафора, психологиялық баяндау, монолог, ой ағымы, диалог, психологиялық портрет.

Жазушы Дихан Әбіловтің «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясында көпірме көпсөзділіктен аулақ жүретінін байқау қиын емес. Аз ғана сараң бояумен, орнын дәл тауып қолданылған қысқа да нұсқа сөзбен тұтас дүниені еркін бейнелеп, айтар ойын қысылмай-қымтырылмай ұғынықты жеткізе алған. Мұның өзі тілдің қадір-қасиетін, құдіретін түсініп, әрбір сөздің мәнін, орнын, астарын, иша- расын түйсініп-сезінген жазушының ғана қаламынан туатын шеберлік.
Д.Әбілов – өзіне тән стильдік ерекшелігі қалыптасқан қаламгер. Жазушы «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясында баяндайтын оқиғаларды бірқалыпты жағдайда суреттеп отырған. Роман- да өткен күндердің елесі кейіпкер ойымен астасып жатады. Шығармада Сұлтанмахмұттың туған жеріне деген сағынышы, балалық шағының тәтті елесі, кейіпкердің ішкі сезімі, алғашқы махаббаты әсерлі бейнеленген. Д.Әбілов қарапайым адамдардың сан қырлы тағдырына көз жүгірте отырып, олардың өмірі жайлы нәзік сыршылдықпен ой қозғайды.
Қаламгер шығармаларында ерекше жарқ етіп көзге түсер, жарқ-жұрқ еткен оқыс оқиғалар жоқ, көпшілігі баяндау тәсілімен берілгендіктен, бір қарағанда оқиғаның баяу дамығанын аңғару қиын емес. Ағыл-тегіл баяндау, асқақ романтизм, асқан оптимизм байқала бермейді. Немесе көсемсіп, әйтпесе шешенсіп, айрықша философияға соғып отырған қаламгерді де көрмейміз. Сюжет баяу, бірқалыпты дамиды. Көркемдік шешім, шарықтау шегіне жеткен тұста ғана авторлық идеяны шым- шымдап сезіне бастайсың.
Адамдар арасындағы шым-шытырық қарым-қатынастан туындайтын шығарманың оқылымын қамтамасыз ету оңай емес. Жазушының композиция құрудағы, сюжет түзудегі шеберлігі осы тұста көрінеді. «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясында шым-шытырық оқиғалар жоқ, алайда шырғалаң оқиғалы туындыдан кем түспейді. Шытырман ойлы желісіне қызығушылық адам бойындағы білмекке құмарлық сезіміне құрылған.
Жазушының тым көп сөзділікке ұрынбай, қарапайым тілмен авторлық баяндау арқылы шығарманың тақырыптық-идеялық ерекшелігін, проблематикасын көп реттерде үзіндімен беруін байқауға болады. Бұл ерекшелік әрі көркемдік шешім, әрі авторлық концепцияның жүгін атқарып тұрады.
Роман-трилогияның кейіпкерлері шығарманың сюжеттік-композициялық құрылымына тиімді ене алған. Әдеби шегініс аясындағы немесе осы уақыттағы оқиғада сюжеттің басталуы, байланы- сы, шарықтау шегі және көркемдік шешімі бар. Әрбір оқиға бір қарағанда дербес, өз алдына жеке тұрған сияқты болып көрінетіні рас. Алайда бәрінің де сюжеттік арнадағы негізгі өзекке арқау бо- лып, соған қызмет етіп тұрғанын байқау қиын емес. Романдағы негізгі оқиға Сұлтанмахмұттың іс-
әрекетімен байланысты өрбиді. Бірақ автор сюжеттік-композициялық құрылымды шебер үйлестіре алғандықтан, әрбір оқиға танымдық, тағылымдық өре-деңгейі жағынан тиісті нәтижеге ие болған. Әр түрлі жағдайларда характерлердің типтену қағидаларын сюжет десек, Д.Әбіловтің аталмыш ро- ман-трилогиясына қызықты, оқырманды ынтықтырып отыратын сюжет тән.
Жалпы алғанда, жазушының бұл романында аса өткір сюжет, тосын, асқынған жайттар сирек кездеседі. «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясында айрықша эмоция тудырмай-ақ баяндалатын жайт- тар көп. Оқиға өтер ортаны суреттеуде де, яғни экспозициялық құрылымда да бірқалыпты, баяу баяндау орын алып отырады. «Терезеден таң сәулесі кірді. Махмұт әлі ояу, жалғыз. Мойнын терезе жаққа жалт бұрып, ағарып атқан таңды көріп, шамды шынының төбесінен үріп сөндірді де, қара тонның түймелерін салып, ескі түлкі тымағын киіп, далаға шықты. Ауа шымыр екен. Шаң-тозаңсыз ақ дала таңертеңгі сүттей тазалық демімен үрлейді. Сұлтанмахмұт құлашын қыран қанатындай екі жаққа жайып жіберіп, кеудесін кере суық ауаны ернімен емізіктеп ішіне тартып-тартып жіберді» [1, 147].
Романдағы қаһармандарға автор тарапынан мінездеме беру, қандай да болсын сипаттама жасау Д.Әбіловке тән емес. Әр қаһарман өзінің сөйлеген сөзімен, іс-әрекетімен характерін аша білген. Түрлі диалог арқылы әр образдардың мінезін ғана емес, сюжетке тән нәрсе – тартысты да байқауға болады. Қаламгер халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өз шығармаларында шебер жанастыра білген. Мәселен, Айдабол Қиғараның әрі сымбатты, әрі балуан Добан деген баласына Қуандық Бай- сал батырдың Балдай деген қызын айттырып әперуі, Желкенің Ақкеліншектің бетін ашуы секілді қазақтың салт-дәстүрлері кездеседі.
Жазушының стилі бірден қалыптасқан жоқ. Ол прозада өзінің қадамын әңгіме-повестерден баста- ды. Роман жанрына кіріспес бұрын қаламын шағын эпикалық жанрда сынады. Қаламгердің көркем әдебиет әлемінен оқшау өмір сүруі мүмкін емес. Дихан Әбілов өзіне дейінгі әдебиет алыптарының дәстүрлі мектебінен үйренді. Жалаң еліктемей, шығармашылық деңгейде игерді, өз прозасының шоқтығын биікке көтерді. Д.Әбілов романындағы адамның сезім дүниесінің орасан зор байлығы, сезімнің нәзіктігі мен өткірлігі, оқушыны баурап алатын керемет күші осының бәрі суреткердің тіл кестесіне, сөз қолдануына бөлекше сипат дарытқанын көреміз. Жазушы туындыларының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, жүрек лүпілін, сезімінің сан құбылып ойнақшуын көрсететін сипаттамалар, эпитет, метафора және басқа бейнелі сөздер өте көп кездеседі.
Дихан Әбілов қазақтың бүкіл сөз байлығының ішінен айтайын деген ойын айқын, ашық, тұжырымды жеткізетін сөздерді екшеп пайдаланады.
Қаламгердің туындыларында қазақ халқының адамзат тарихындағы орнын межелеуге ұмтылу тенденциясы сезіледі. Ол адам характерін халық тағдырымен, тарих тағдырымен тамырластырған. Ойымызды жинақтап айтар болсақ, олар, ең алдымен, авторлық позиция, жазу машығы, стиль, көркемдік құралдарды қолдану тәсілдері тәрізді жеке жазушының шығармашылық табиғатын тап- жылтпай танытатын өзіндік белгілерінен танылған. Д.Әбілов романындағы кейіпкерлер басынан өткен өмір көріністерін көркемдік қабылдау шеңберінде суреттеу, адамның қоғамда алатын орнын, әлеуметтік -моральдық ролін табиғи түрде дамыту белгілі бір жинақтаушылық ойға, эстетикалық тұжырым жасауға алып келеді. Міне, Д.Әбіловтің стилі дегенде үнемі назарда болатын жайлар осы- лар деп білеміз.
Адам санасындағы үздіксіз ой үдерісінің идеялық арналарын бағдарлау әдеби шығармада да кездеседі. Кейіпкердің ішкі ой ағынын, сезім қозғалыстарын бейнелейтін көркемдік тәсілдер – авторлық психологиялық баяндау, кейіпкер сөзі (монолог, ішкі монолог, ой ағымы, диалог және т.б.). Мұндағы авторлық баяндаудың өзіндік ерекшелігі көркем мәтіндегі жазушының демиург ретіндегі құдіреттілігімен сабақтас. Қаламгер үшін кейіпкер жан әлеміндегі психологиялық ой- сезімдердің терең түкпірлері, тұңғиық иірімдері соншалықты жұмбақ жайт емес, шешуін табуға, зерде ілестіруге болатын үдерістер. Диалог шығарма мәтінінде көп жағдайда коммуникативтік қызметте қолданыс табады да, ең алдымен, қаһармандардың алдын-ала ойластырылған, мақсатты, ұстамды және белгілі мөлшерде ресми сипаттағы ой-толғамдарын арқау етеді. Дегенмен мұнда да аракідік сұхбат барысындағы кейіпкер сөздерін дискурстық, эмоционалды-экспрессивтік аяда қарастырғанда айтушыға тән психологиялық темперамент, жағдаяттық көңіл-күй әуендерін ұшырастыруға мүмкіндік бар. Ал адам ой-сезімінің ішкі ағымы сапасындағы монолог – көркем бейненің рухани кеңістігіндегі көпшілік назарынан жасырын, таса аяларын зерделеудің бірден-бір тәсілі.
Талант иесінің интраверттік қыры тұрғысынан зер салсақ, ішкі сөздер – адамның ойлау үдерісінің

өнімділігін көркем түрде айғақтайтын психологизм тәсілі. Идеялық мақсатта ішкі монологтың баршасы қаһарманның жан дүниесін сомдауға бағытталатындығы анық. Әуезов шығармашылық тұлғасын мүсіндеуге ден қойған туындыларда кейіпкердің ішкі ой арнасын бақылаудың алуан түрлері кездеседі әрі олар психологиялық мотивация тұрғысында да әрқилы.
Д.Әбіловтің «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясы аяулы ақын С.Торайғыровтың өмір жолының кей мезеттеріндегі ой-толғамдарын, философиялық тұжырымдарын ішкі монолог арқылы қамтиды. Көркемдік поэтика тұрғысынан қарағанда, кей арада кейіпкер толғаныстарын бейнелеуде ішкі монологтан гөрі автор бағамы тиімдірек. Кейіпкер ой-сезімін бейнелейтін психологиялық баяндау түрі шығарманың жалпы құрылымдық-баяндау жүйесімен тығыз бірлестікте жүзеге асырылады. Қаламгер идеясы негізінде саналы түрде жоспарланатын немесе шығармашылық үдерісте көркем ойдың ағымы нәтижесінде бедер табатын ондай психологиялық баяндау үлгісі автор мен кейіпкер сөздерінің ортақ позициясынан беріледі. Әдетте бұл ұғым қос үнді сөз не ортақ төл сөз деп аталады.
Бұл құбылысты әдетте контаминация деп те атайды.
Шығарма мәтініндегі баяндаудың әлеуетті позициясы авторға тиесілі екені белгілі. Бейненің ішкі аясындағы рухани құбылыстардың түп-тамырын сыртқы қоғамдық-әлеуметтік, философиялық- мәдени факторлармен тамырластықта қопара зерделеуде, себеп-салдарлық тұрғыда психотал- дау жүргізуде тиімді жол авторлық психологиялық баяндау болып табылады. Өзі сомдайтын қаһарманның рухани әлемін барынша шынайы өрнектейтін автор ой-толғамы – көркем әлемдегі ақиқат бейнесі. Қаһарманның рухани, творчестволық өсу сатыларын баяндайтын «Ақын арманы» романында жас Сұлтанмахмұттың ой-толғаныстары көп жағдайда авторлық психологиялық баян- дау арқылы жүзеге асады. Бейненің тікелей өзіне тиесілі ішкі ойларының композициялық шекара- лары емле жүзінде айқындалғанмен, репликалық, фразалық сипатта автор баяндауының құрамына еніп кеткен. Сондай-ақ «Арман жолында» романында кейіпкердің ішкі толғаныстарын бейнелеу тәсілі автор-қаһарманның интуитивтік болжамы түрінде жүзеге асатындығымен ерекшеленеді. Бірінші жақтан баяндау стилінде қаһарманның жан сарайына үңілу композициялық тұрғыда қиынға соғатыны белгілі. Жазушы бұл мәселенің шешімін өзінше жүзеге асырған. Шығармашылық үдеріске эстетикалық көзқарас негізінде эмпатия ұғымы қалыптасқан. Эмпатия – өзге адамның психологиялық күйін түсіну, сезіміне ортақтастық білдіру. Тұлғаның өзге адам басындағы жағдайды өзіне телуі, яғни өзгенің бейнесіне енуі бөгде көзқарас тарабының субъектіге немесе керісінше ауы- суы арқылы жүзеге асатын проекция нәтижесі болып табылады.
Қаламгер романындағы Торайғыровтың өнер мен тағдыр, жазу еңбегінің бейнеті мен зейнеті
жайлы толғаныстары кейіпкердің өз өмірлік тәжірибесін саралауы күйінде көрініс тапқан. Торайғыровтың өз көңіл айнасына үңіліп, шығармашылық келбетін зерделейтін ішкі монологтары
– өзін тану жолындағы толғамдар.
Бейненің өзін тану әрекеттері ішкі монологтарда психоталдау арқылы да іске асырылады. Осы ретте тұлғаның психологиялық тұрғыда өзін тану және бағалау әрекеттері ұштасып жатады.
«Ақын арманы» жас талант Сұлтанмахмұттың оңаша толғаныстары жеке басының іс-әрекеттерін азаматтық-моральдық тұрғыда таразылауға құрылса, «Баянауыл баурайында» ақын Торайғыров та өз творчествосына рухани-адамгершілік мәселелердің шешілісі орайында сыни-философиялық пайымдарын іштей қорытуға негізделген.
Көбінесе жазушы айтқысы келген пікірлерін, әр нәрсеге көзқарасын көркем суретке, диалогтарға шым-шымдап енгізіп байқатпай өрбітіп жібереді. Оның өзі көбіне суреттеу күшін арттыра түседі Шығарма жазуда диалогтың алатын орны өте зор. Оны кейіпкердің дүниетанымы мен мінезін даралаудағы басты құралдардың ең негізгілерінің бірі деуге де болады. Мәселен, «– Немене, Жа- паш? Домбыра алғың кеп отыр ма қолыңа, ал! Жаяу ата рұқсат етер, — деді Сұлтанмахмұт.
– Ондай өнері бар ма еді, бұл баланың? Салық, тұр! Әпер! Қайсысын тартады екен өзі! – деді Жаяу Мұса.
– Бұл баланың саусақтары кең далада асыр салған құлындай ойнақтайды-ау өзі! Жарайсың, ба- лам! Зердең ашық жігіт екенсің. Тағы! Тағы тарт!
– Қысылып тартқаныңды сездім-ау осы? Енді қысылмай тарт!» [1, 29] деген жолдарда диалогқа сыртқы дүние мен ішкі сезім ағыстарын бейнелеу мен кейіпкер сөзін даралау ыңғайында көп жүк артылған. Әрбір адамның сөзінен характер табиғаты ұшқын шашады.
Жазушының аталмыш туындысында әдебиет теориясындағы көркемдегіш құралдар сөз ретінде өте орынды қолданған. Қаламгер тілі оқырманына жеңіл, түсінікті болғанымен, онда терең ой мен мазмұн жатыр. Қаламгер халық ауыз әдебиеті жанрындағы мақал-мәтелдерді де шығарма-ларында керегінше қолданған. Мысалы: Әкеңнің асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба? [1,

74] Ауру деген шелекпен кіріп, мысқылдап шығады [1, 80]; Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр [1, 91].
Д.Әбіловтің «Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясында тұрақты сөз тіркестері мен әдемі әуез беретін тіркестер де кездеседі: Жүрегіндегі ескі жараның орны біржола шыққалы тұрған әдіре ит жанын ең соңғы рет қинап қалып жатқанға ұқсайды. Баяғы қылышынан қан тамған ұрының тұқымы еді [1, 83];
Психологиялық портрет, монолог, кейіпкерлердің өткен өмірін еске алудағы шегініс – автордың кейіпкерлер «тарихын» берудегі орынды қолданған көркемдік компоненттер.
Шығарманың құрылымы тұтастай алғанда сатылы композициялы романға келеді. Ғалым М.Атымов мұндай белгідегі романның өзіндік ерекшелігін: «Мұнда роман бірі екіншісінің заңды жалғасы есебінде келетін бірнеше эпизодтардан немесе новеллалардан тұрады. Ол эпизодтар арасы бас герой арқылы байланыстырылады да, бас герой бір эпизодтан екінші эпизодқа ауысып, әр эпи- зод сайын жаңа жағдайда өз характерінің бұрын көрінбеген жаңа сапаларын көрсетіп отырады» [2, 118],- деп сипаттайды. Д.Әбіловтің эпикалық қалам қуатынан әдеби дәстүрді терең игеруі көрінеді. Пейзаж романда әр алуан көркемдік қызмет атқарады. Соның бірі — табиғат көрінісінің кейіпкер көңіл-күйімен бірлікте суреттелуі.
«Кешкі күннің қиғаш сәулесі тау жоталарын қызғылт-сарғыш ерекше бір нәзік нұрға малған. Асқар шыңдардағы аппақ қардың да реңі жұқарып, өңіне қан тепсінгендей сәл ғана қызғылт тартқан. Осы бір нәзік шырай Сұлтанмахмұттың көңілін жұмсартты. Ол соңғы екі-үш айдың ішіндегі сонау сұлу табиғаттың қойнында ащы терге малынған ауыр азабын ұмытты. Енді аса жылы рақат мекені, анадай ыстық сағыныш мекені жаудырап артта қалып барады» [1, 216].
Троицкіге аттану сәтіндегі Сұлтанмахмұттың туған жерге деген қимас сезімімен өрілген пей- заж жылы, әрі көркем берілген. Автор табиғат суретін жасауда ойдан шығармай, неғұрлым дәл, бар бояу-нақышымен беруге тырысады. Ал табиғатқа сүйсіне қарап, ішкі сырымен үндестік тауып тұрған кейіпкер көңілі табиғаттың көркіне лирикалық реңк берген.
Табиғат бейнесі кейіпкер басындағы психологиялық жағдайға орай түрленіп, қосымша көркемдік қызмет атқаруы дәстүрлі жай. Майсорды Сұлтанмахмұтқа у берді деп кінә таққан кездегі табиғат көрінісі романда мәселен өзгеше суреттелген.
«Шыңылтыр көк аспан биігінде жентектеніп қатып қалған қардай реңі суық ақша бұлттар көрінеді, жылтыр дөңгелек мұздай шақырайған күн көзінің өзі жылы сәуле емес, ызғар шашатын сияқты. Суырылмалы жаяу борасын айналадағы дүниенің ызғарын арттыра түседі. Дүние деген бір азынаған суық мекен сияқты да, өзі сол жапанда жалғыз қалған қорғансыз, мүсәпір бала сияқты көрінді Майсорға» [1, 215].
Кейіпкер басындағы жалғыздық көңіл-күй табиғаттың ызғарлы, суық бейнесімен тереңдетілген. Пейзаж сонымен қатар мезгіл, мекен де көрінісі. Романдағы оқиғалар, эпизодтар байланысында да табиғат көріністері суреттелуінің өзіндік орны бар. Д.Әбілов туындыда пейзаж қызметін өз мөлшерінде қолданады.
Кейіпкерлерді даралауда автор портретке айрықша көңіл бөледі. Жазушы негізінен психологиялық портрет жасауға шебер. Іс-әрекет үстіндегі, айрықша жағдайдағы кейіпкерінің көңіл-күйін сыртқы тұрпатымен байланыстыра бейнелейді.
«Үлкен қара көзін кең ашып қасындағы кісіге маңдайының астынан сүзе қарайды. Бұл оның қарсы дау айтқысы келгендегі әдеті болатын. Оған жалғас, ортадағы әдемі жұқа өңді, әсем майысып толқынданған жұмсақ, қоңыр шашты Казаринов. Оның бір қолын столдың үстіне бос тастай беріп, денесін сәл босаң ұстап, орындықтың арқалығына бір иығын тірей еркін отырысы, езуіне болмашы ғана кекесін күлкі ойнап, иегін көтеріп кісіге көзінің астымен қарауы – бойына сіңіп қалған нәзік тәрбиені танытады. Оның мақпалдай жұмсақ қоңыр даусын естігенде, биязы қимылын, үстіндегі әшекейсіз әскери киімнің денесіне қонымды ерекше бір жарастығын көргенде, тұла бойынан еміс қана жақсы әтірдің исін сезгенде, өзіңе өзің тәрбиесіз, дөрекі көріне бастайсың» [1, 59].
Жазушы кейіпкердің сыртқы сипатын беруде анатомиялық санамалауға көшпейді. Образдың сыртқы келбетінен ішкі жан дүниесімен үндестік тауып, оқырманына ишарамен аңғартады. Мәселен, Әмзе портретіндегі «Үлкен қара көзін кең ашып, қасындағы кісіге маңдайының астынан сүзе қарайды» дегендегі «сүзе қарайды» тіркесінен кейіпкердің тік мінезі қылаң береді. Казари- нов портретінен оның бөлекше бітімі байқалады. «Әсем майысып толқынданған жұмсақ, қоңыр шаштан» оның үстіне ұқыпты қарайтын сырбаздығы көрінсе, бұдан кейінгі сипаттамалар оны толықтыра, тереңдете түседі.
Автор кейіпкерлер портретін беруде қайталамайды. Әрқайсысының нақты белгісі мен басты си-

патын сол кездегі іс қимылымен, психологиялық күй-жайымен байланыстырып, көркем сипаттай- ды. Әрине, автордың портрет берудегі шеберлігін өзі айтқандай, образ сомдауда нақты өмірдегі адамға сүйеніп, оның кескін-келбетін, жүріс-тұрысын негізге алуынан іздеу керек.
Д.Әбілов – портрет жасауда реалист. Жағымсыз кейіпкердің сырт келбеті сүйкімсіз болуы қажет деген балаң әдебиеттің нышаны жоқ. Портреттің кейде сол кейіпкерге тікелей қатысы бар екінші бір образдың ішкі сезімімен тереңдетілуін жазушы орынды қолданады.
«Сұлтанмахмұт шыға жөнелді. Мәликесін қатты сағынған еді. Сарбауыр атқа қалай сонша шапшаң мінгенін сезген де жоқ, Айманбұлаққа қарай ұшырта жөнелді. Айманбұлақ ойда. Арасы шақырымға толар-толмас қана жер. Енді міне Махмұт сол төмпешік үстіне шыға бере-ақ, жолмен жаяу аяңдап, үйіне қайтып бара жатқан ақмаралдай аяулы Мәликені сыртынан көріп, қиялынан да, ұшқан құстан да жылдам құйғытып жетті де, ақ сәулесін құшағына алды.
Мәлике ғажайып түс көргендей. «Өңім бе? Түсім бе? деп тұрғандай. Үн-түнсіз мөлдіреп, Махмұтқа арналған көп сырлары, сағыныштары жазулы қарақат көзін мөлдіретіп тосып, ондағы жазулы хаттарын оқытып тұрып, сүйрік саусақтарының алақанымен Махмұттың иегінің астын, жағын, тоңазыған бетін сипап аялайды… Алақанымен емес, асыл жардың ыстық жүзін жүрегімен сипап жылытып тұрған тәрізді… Жар махаббатының ғана емес, ана махаббатының да жылуы мен мейірімін, сағынышы мен бақытын, тілеуі мен үмітін алақанының аялауымен жеткізе түсіп тұрғандай» [1, 82].
Психологиялық портрет кейіпкерлердің қас-қағым сәттегі сезімдерінің түйісуімен тереңдетілген. Портреттің көркем шығармадағы, образды даралаудағы қызметі ерекше. Кей туындылардағы образдың берік есте сақталып, көз алдыңда тұрып қалуы портрет жасаудағы жазушы шеберлігімен ұштасып жатады. Мәселен, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбайдың портреті. Шығарма барысында ол әр алуан іс-әрекетімен танылып, тұлғасымен көрінгенмен, оқырман оның ерек- ше сырт көрінісін, бет-пішінін естен шығармайды. Бұл кейіпкер сырт келбетінің айрықша жара- тылысымен, белгісімен байланысты болса, екіншіден, суреткердің сол белгіні ұтқыр теңеумен, оқырманның сана-сезіміне ерекше әсер ететін образбен бере алуында болса керек. Ал Д.Әбіловтің
«Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясында мұндай көріне қоймайды. Алайда, шығармадағы басты об- раздар оқырманға өзіндік ерекшелігімен, бітім-болмысымен, сезім-сырларымен толық көрінеді. Д.Әбілов кейіпкерлерін тартысты іс-әрекет үстінде бейнелейді және сол іс-әрекеттің образдың жан дүниесіне түсірген сәулесі мен әсерін, өзгерісін нәзік те көркем суреттейді. Сондықтан да жазушы туындысында кейіпкер ішкі әлемімен басым көрініп, дараланып жатады.
Сұлтанмахмұт бейнесін ашуда шағын монологтардың, өзді-өзімен іштей айтыстың орны ерекше. Мәселен, «Мәликешім! Алысқан қол, табысқан жүректі рақымсыз ажал таяуда айырғалы тұр-ау?! Бүгін сені аяп жасырғаныммен ертең демім таусылғанда қайтем? Оны қалай жасыра алармын?» Көңілімде үш арманым кетіп барады. Біріншісі, тым болмаса енді 4-5 жыл өмірім болмады. Аз өмірімде көп арпалысып аңсап күткен әділет заман туып еді… Айтамын деген сөз, бастаймын деген іс көкірегімде арман боп құлыпталып, аз күнде жер астына түсіп жоқ болғалы тұрғаны қайтерсің?
Екіншісі: азды-көпті жыл қағазға түсірген өлең-жырларым, ой-армандарым кітап боп жарыққа шыққанын көре алмай кетер шақ кепті. Өзім өлсем де, еңбегім өлмесе? Еңбектегі жүрегім өлмесе жарар еді-ау, Мәликеш? Ол еңбектерімнің жарқырап жазы шығып, күлімдеп күні туып еді. Аялдай алмай кетіп барам-ау осы?! Көрдің бе, мына мейірімсіз тағдырдың тас бауыр қаталдығын? Мұндай да рақымсыз барын білетінмін… Жылама, Мәликеш! Менің екінші өмірім – сол шығармаларымда. Илаһи, менің еңбектерім де «өлді деуге бола ма, рйлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» болса… мені сүйгенсенің жүрегіңнің де, халқымның да жұбанышы мен қуанышы үзілмек емес. Түсінесің бе? Түсінесің!
Үшінші: арманым – Мәликешім, Мәрмәрім, өзіңсің ғой! Сені де арманда қалдырып, өзім де арманда кетер боппын. Тым болмаса екі-үш жыл отасып қызық дәурен сүрмедік. Пәк жаныңды періштедей пәк күйінде қалдырғым келді. Ол сертімде тұрдым. Сен ақсың, сен пәксің. Пәк жаның бақыт тапсын! Екеуміздің махаббатымыз көрген түс тәрізді болды. Кешір!! Ажалды жеңу қолымнан келмеді! Ол қазір менің тіршілігімді тонауға үй сыртынан торып, босағадан сығалап, есік қаққалы келіп жүр маған! Алмай қоймас болар? Иә, алмай қоймайды. Дәрменсіз екем сұм ажалға? Саған ырзамын… Содансын… Содансын… – деп ар жағын айтуға тілі бармай, көзіне жас іркіп, іргеге қарап кетті» [1, 309]. Бұл үзіндідегі Сұлтанмахмұт сөзі бір бүгін емес, талай жыл көкейінде қатталған ақ-адал сезімнің сыртқы белгісі. Автор монологті жай қалыпта алмай, үлкен көркемдік жүк артқан. Әдебиет зерттеушісі Б.Уахатов «Абай жолы» роман-эпопеясына қатысты зерттеу еңбегінде диалогтің, әрбір кейіпкердің сөйлеу ерекшелігінің образды даралауда қаншалықты маңызды да

қажетті екенін айта келіп: «…Ал бас кейіпкердің даралануы – алдымен диалогке байланысты. Әрбір кейіпкердің өз характеріне лайықты диалогы, сөз саптау мәнері болмаса, ол оқушы жадында берік сақталмайды. Жазушы үшін әр адамды өзінше сөйлетіп, өзінше ойлатудан ауыр қиындық жоқ. Ди- алог әр уақытта геройдың характерінен, оның мінез-құлық, психологиясының қалыптасу, өзгеру тарихынан туып жатады. Әсіресе, үлкен полотнолы шығарма жасау үшін кейіпкерлердің сөйлеу тілінің маңызы зор. Сөйлеу тілі жоқ жерде оның үлкен характерлі кейіпкерлердің болмайтындығы да айдан анық нәрсе» [3, 283], — дейді. Осы ой тұрғысынан келсек, Д.Әбілов «Сұлтанмахмұтта» диа- логке жауапкершілікпен қарайды. Сөз, сөйлеу – ой-танымның, түсініктің сыртқа шығу формасы.
«Сұлтанмахмұт» роман-трилогиясында жазушының суреткерлік мүмкіндігі, тіл байлығы, қандай да бір психологиялық сәтті болмасын дәл жеткізу шеберлігі байқалғанмен, диалекті сөздерін қолдануы да көзге түседі. Мысалы, «кебіртең үн» [1, 59], «Ырабайда қан тепсініп нұр жүгірген жүзі» [1, 67],
«…дөй дуанбасы» [1, 131], «бар ғой, өзі де сондай шомбал» [1, 131], «шойдым» [1, 201], «кәдік» [1,
224], «запы, әккі» [1, 121].
Сондай-ақ айшықтаудың да алуан түрлерін жазушы шығармада пайдаланады. Қайталау мен сұраулық мағынадағы сөздердің үстемеленіп қолдануы арқылы кейіпкердің психологиясын, сол кездегі мазасыз жайы мен қиналысын неғұрлым бейнелі жеткізеді.
«Кейде өзінен өзі ыза болады. Тағдырына ыза болады. Әркімге ыза болады. Оны осындай халге түсірген кім? Оған да әркім-ақ себепші сияқты. Мұнда Майсорды түсінетін кім бар? Ең мықты дегені
«айт-двадан» басқаны білмейтін Нөсіп па?» [1, 226]. Сұраулы мағынадағы сөздердің үстемеленіп және қайталанып қолданылуы арқылы образдың әр нәрсенің басын бір шалған қарбаласы жақсы аңғартылған.
Көркем туындыдағы диалогтың көркемдік қызметі туралы ғалым Б.Майтанов: «Тысқары дүние мен ішкі сезім өзгерістерін бейнелеудегі авторлық төл сөздің мүмкіндіктері молаюымен қабат, кейіпкер сөздеріне мінездік даралаудың көрнектілігін арттыру орайында көп жүк артылады. Әр адамның тілінен характер қырлары ұшқын шашады, сөз хабаршылары қаһармандардың жан толғаныстарын анығырақ әрі сенімдірек көрсетеді. Персонаж ой әлемі туралы авторлық күмәнді топшылаулар диалогта шүбәсіз қолдау табады. Адамдардың әлеуметтік жағдайы, дүниетанымдық табиғатын олардың сөйлеу мәнеріндегі түрлі диалект, жаргон элементтеріне дейін ұмытпай пайда- лану белгілі бір типтерге тән лексика нанымдылығын тудырады» [4, 92], — дейді.
Жазушы Сұлтанмахмұт пен Мәлике диалогі арқылы бас кейіпкердің жан дүниесінің тазалығы көркем ашылады. Мұндағы диалог – психология, таным-түсінік көрінісі. Сұлтанмахмұт сөзі бір бүгін емес, талай жыл көкейінде қатталған ақ-адал сезімнің сыртқы белгісі. Автор ғалым Б.Майтанов жазғандай, диалогті жай қалыпта алмай, үлкен көркемдік жүк артқан.
Роман өзінің көркемдік жағынан қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосарлық шығарма. Жазу- шы қазақтың әдеби тілінің көркем ойының соңғы табыстарын орынды пайдаланған. Бұл кітап өзінің жазылу мәдениеті жағынан да көптеген қазақ жазушыларына үлгі боларлық дәрежеде. Қай шығарманың болмасын көркемдік жағын талдағанда, оны шығарманың негізгі идеясының іске асу- ынан, негізгі тартыстардың дұрыс өрістеп шебер шешілуінен, образ жасау әдістерінен – қорытып айтқанда, шығарманың жалпы идеялық құндылығы мен маңыздылығынан бөліп алып қарауға бол- майды. Бұл шығарманың көркемдік қасиетін айтқанда, біз ең алдымен автордың сол ездегі қоғамдық өмірдегі оқиғаларды дұрыс көре білгенін, әлеуметтік күштерді әрқайсысының өз орындарына сай сұрыптап ала білгенін, жаңа туып келе жатқан тарихи күштердің болашағын дұрыс аңғарта білгенін айтамыз.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Әбілов Д. Сұлтанмахмұт. Роман-трилогия. – Алматы: Жазушы, 1980. – 315 б. 2Атымов М. Көркемдік кілті — шеберлік. — Алматы: Ғылым, 1985. – 316 б.
3 Уахатов Б. «Абай жолы» — өнер жолы, өнеге жолы. Кіт. Жанр және шеберлік. Жауапты редакторы М.Базарбаев.- Алматы: Ғылым, 1968.- 352 б.
4 Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. Зерттеулер. — Алматы: Жазушы,1987. — 232 б.

REFERENCES
1 Abilov D. Sultanmakhmud. Novel-trilogy. -Almaty: Zhazushy, 1980. -315 b. 2 Atymov M. Korkemdik kilti -sheberlik. — Almaty: Gylym, 1985. -316 b.
3 Uahatov B. «Abai Joly»-oner Joly, onege Joly. Кіt. Genre and sheberlik. Executive editors M.Bazarbaev.- Almaty: Gylym, 1968. -352 b.
4 Maitanov B. Kaһarmannyn ruhani alemi. Zertteuler. -Almaty: Zhazushy, 1987. -232 b.

Ж.Секей¹, Ш.А.Доскеева²
Идейно-художественные особенности романа Д.Абилова «Султанмахмут»
Государственный университет имени Шакарима города Семей¹, Казахский гуманитарно-юридиче- ский инновационный университет²
В статье рассматриваются идейно-художественные особенности романа Д.Абилова «Султанмахмут». Был определен писательский талант, собственный стиль и позиция художника в использовании поэтических методов и средств. Уточнились личные приметы и подпись писателя.
Ключевые слова: стиль, персонаж, мысли, авторская идея, эпитет, метафора, психологический до- клад, монолог, ход мыслей, диалог, психологический портрет.

Zh.Sekey¹, Sh.Doskeeva². Ideal-artistic features of D.Abylov’s novel «Sultanmakhmut»
Semey state university named after Shakarim1, Kazakh humanitarian-juridical innovational university2
The article discusses the ideological and artistic features of the novel of D.Abilov«Sultanmakhmut». It was defined literary talent, his own style, and position of the artist in the use of poetic techniques and tools. Refine the personal signs and signature of the writer.
Keywords: style, character, thoughts, authorial idea, epithet, metaphor, psychologicreport, monologue, train of thoughts, dialogue, psychologic portrait

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *