А. МАЕМИРОВ
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доктаранты, Алматы, Қазақстан
«ҚЫЗ ЖІБЕК» ПЬЕСАСЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Мақалада Республикамыздың бірнеше театрында сахналанған Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» қойылымындағы режиссерлік шешімдер мен актерлік шеберлік жан жақты талданады.
Түйін сөздер: театр, шығармашылық, спектакль, режиссер, актер.
Еліміз егемендікке қол жеткізген жылдары бүкіл халықпен бірге қазақ театры да кеңестік идеологиядан құтылып, шығармашылықпен еркін айналысып, түрлі бағытта іздене бастады. Әсіресе, режиссерлердің бірнеше жылдар бойы көрермен санасының сүзгісінен өткен классикалық шығармаларды жаңа қырынан көрсете бастауын ерекше атап өтуге болады. М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Абай», «Қарагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері
– Ақтоқты» сынды т. б. классикалық қойылымдар әр кезеңдегі өзекті мәселелермен біте қайнасып, заман үнінен сыр шертіп, театр тарихынан белгілі болғандай көптеген сахна шеберлерінің жо- лын ашып, өнердегі өз орындарының бекуіне ықпал етті. Уақыт өткен сайын кезінде көрермен көзайымына айналған сахналық бейнелеу тәсілдері ескіріп, тың ізденісті талап ете бастады. Классикалық шығармалардың идеясы мен мазмұны жаңа кезеңнің талабына сай, үндес болуға тыры- сады. Әсіресе, режиссерлеріміз кеңестік кезеңдегі идеологиялық ұстанымдар мен саяси шешімдер арқасында классикалық қойылымдардағы мінезі, іс әрекеті, психологиясы бұрмаланып келген кейбір кейіпкерлерді жаңаша қырынан сахналап, жаңаша трактовкада жүзеге асырды. Жалпы, қазақ сахнасындағы классикалық драматургияның қойылу тарихы туралы ұлттық театртану саласын- да біршама зерттеулер жүргізілді. Атап айтсақ, Б.К. Нұрпейістің «Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері (1915-2005)» (2010 ж.) атты докторлық диссертациясы қорғалып, 2014 жылы монографиясы жарық көрді. Монографияда тәуелсіздік жылдарындағы қазақ режиссурасындағы классикалық қойылымдардың интерпретациясына байыпты байлам, ғылыми жаңаша тұжырымдама жасалды.
Көптеген жылдар бойы кәсіби режиссерлеріміздің ой елегінен өтіп, санамызда әбден қалыптасқан классикалық шығармалар режиссер Ж. Хаджиевтің шығармашылығында жаңаша түрге ие болып, басқа да режиссерлерге ой салды.
Ол жайында театртанушы А.Н. Қадыров: «Режиссуре Ж. Хаджиева присуще огромный интерес к внутреннему миру человека на грани духовного потрясения, всплеска. Он умеет взметнуть героев (Кодар – Бегайдаров в спектакле «Абай»), утвердить красоту человеческой природы, как главное нравственное достояние (Енлик – Омарова в спектакле «Енлик – Кебек»), показать многогранно человеческие метания (Нарша – Булгакбаев в спектакле «Карагоз»). Его спектакли – это выраже- ние человеческих позиций, режиссерской и художественной воли», – деп айтқандай, режиссер Ж. Хаджиевтің бұған дейінгі қойылымдардағы жағымсыз бейнедегі кейіпкерлерді енді мүлдем жаңа қырынан бейнелеуі, олардың ішкі психологиясын зерттеп, көрерменге жан сырын ақтаруы үлкен жаңалық болды [1, 355 б.].
1986 жылы Жезқазған облыстық драма театрының сахнасында Ж. Хаджиевтың режиссура- сымен қойылған Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклі қазақ ұлтына ғана тән психология мен философиялық ерекшеліктерді дәріптеуге негізделген. Қойылымдағы режиссер еңбегі жөнінде
«Қазақ театр режиссурасының қалыптсауы мен даму кезеңдері» атты еңбегінде өнертану докторы Б. Нұрпейіс: «Қойылымның режиссерлік шешімі өзгеше, бүгінгі күн талабына сай және ұлттық колоритте көрініс тапқан. Режиссер пьесаның идеясын тереңнен және де басқа қырынан ашады. Көбінесе әрекет арқылы уақыт пен кеңістікті пайдалануымен актер үшін ғана емес, көрермендерге де ой тастауды көздейді. Оның спектакльдері психологиялық және психофизикалық күшке толы болып келеді. Қойылымның бойынан режиссерлік ой-тұжырым анық байқалып, кейіпкердің эмо- цияларымен қатар сөз астарына үңіле отырып түпкі ойын айшықтап беруде алдына жан салмайды» [2,465 б.], – деп баға берген еді. Режиссер жақсылық пен жамандық, адам мен әлеумет арасындағы тылсым байланысты таба білгендігімен ерекшеленді. Жезқазған ұжымының бұл еңбегі қазақ театры
тарихындағы жаңалық ретінде бағаланып, С. Мусина бастаған сыншы қауымның оң көзқарасына ие болды. Расында да аталмыш қойылымдағы режиссердің ең үлкен тапқырлығының бірі «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан рөлін басқаша трактовкамен беруінде болатын. Осыған дейінгі опе- ралар мен киноларда, басқа режиссерлердің спектакльдерінде Бекежан тек қатыгез адам бейнесінде ғана көрсетіліп келді. Ал Ж.Хаджиевтің алдына қойған мақсаты Бекежанды жау, қарақшы ретінде көрсету емес, оның жұмыр басты пенде, ойы, түйсігі бар адам екенін жұртшылыққа паш ету еді. Сол мақсат-мұратын осы қойылымда ойдағыдай орындап шықты. Спектакль ешкімді де немқұрайлы қалдырмады. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен астасып, шығармаға жаңа үн бітті.
Режиссер бұл шығарманы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен балалар театрының сахнасында да тың шешімдермен қайта қойды. Бекежан бейнесін шығарған А.Бектеміров пьесада автор берген трактовканы кеңейтіп, ой мен физикалық әрекет тұтастығына, шынайылықа, сахналық үйлесімділікте құрған. Режиссер мен актер бейненің бүгінмен үндес қырларын ашуға үлкен мән берген. Бұл рөлдің басқалардан оқ бойы озып тұруын сыртқы келбеті мен ішкі жан дүниесінің үндестік табуымен байланыстыруға болады. «Режиссер ойындағыдай Бекежан – А.Бектеміровтің ойынында ақылдың да, ерліктің де бұл қоғамға керегі жоқтығын оны түпсіз терең шыңырауға қарай итеріп, қылмыс жасауына әкеліп соқтырады. Бұл шешім қазіргі біздің ахуалымызға да дөп келеді, өйткені әлеуметтік мәселелер уақытында шешілмейтіндіктен де адамдар шарасыздықтан қылмыскерлердің қатарын толтыруда» [2, 467 б.], – деген Б.Нұрпейістің ойын жалғастырсақ, режиссерлік шешім бойынша Бекежан – қара халықтың өкілі, ол Төлегенге Жібек үшін ғана емес, байдың баласы болғандығы үшін де, әлеуметтік әділетсіздік үшін де кектенеді. Жаһан далаға сыймаған жүрек сезімінің арқасында өз жанын құрбан еткен Бекежанның трагедиясын А.Бектеміров шеберлікпен жеткізді.
Спектакльден ұтымды таңдалған актерлік ансамбль мен соған ыңғайланған динамиканы, қазіргі өлшем-ырғақтарға сай элементтердің барлығын кездестіруге болады. Театр сыншысы Ә.Сығай режиссердің ой тұжырымын талдай келіп: «Қыз Жібек» операсында Төлеген өлген соң айдалада жалғыз қалады. Ол тіпті қазақ дәстүріне жат нәрсе. Мұнда Төлегеннің денесін Бекежан тобының жігіттері алып кетеді. «Адамға айтарын алты қазға айтты. Бізді адам құрлы көрмейді ғой» дейді олардың бірі. Дәстүр жалғастығы, классиканы бүгінмен үндестіру, қазіргі заманға бұру дегеннің бір жолы осы. Бүгінгі күн деген не? Сахнадағы ойынды, психологияны бүкіл болмысымен бүгінгі күнге құру. Қойылымда, ең бастысы, осы бар» [3], – дейді. Шынында да, «Қыз Жібекті» өзіндік дүниетаныммен оқыған режиссер Ж.Хаджиевтің көрерменге Бекежан бейнесі арқылы ұсынған трактовкасы – ұлттық классиканы сахналаудың бүгінгі озық үлгілерінің бірі болды.
Тарихи «Қыз Жібек» спектаклі Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық музыкалық драма театрының репертуарынан да елеулі орындардың бірін иемдене білді. Оны астаналық ре- жиссер Н. Жұманиязовтың жетекшілігімен 2004 жылы «Қыз Жібек» дастанының 500 жылдығына арнап сахналады. Режиссер өзінің ізденістерінің нәтижесінде дастанның бірнеше нұсқасын жаңа пьесасына арқау ете білді. Мысалы, бізге мәлім нұсқалар бойынша Қыз Жібекке тек Бекежан мен Төлегеннің ғана махаббаты көрсетіліп жүрсе, ал мұнда Жібекке ғашық басқа да жігіттердің ерліктері мен махаббаты паш етіледі. Қойылымда Бекежанның да жауы, көре алмайтын дұшпаны, ғашығына көз тігіп жүрген бірнеше бақталасы бар. Тіпті, сол жігіттердің Төлегенді өлтіріп, өкініп тұрған Бекежанды найзаман түйреп өлтіруі – көрермен үшін күтпеген жайт болды. Осылайша, ең басты бақталасынан құтылған жігіттер Сырлыбайдың сұлу қызына қарай құрақ ұшады. Өзіне ғашық жігіттердің көрсетер азабынан қашқан, бақталастықты мәңгілікке жою ниетімен Жібек өзін құрбандыққа шалып, жартастың басынан құлап, көз жұмады.
Сұлулығы бір өзінен асып жығылатын, пәк махаббат жолында жас өмірін қыршынынан қия білген Жібек рөлі А.Мақанованың ойынында көркемдік биіктен көрінді. Актриса арудың Төлегенге арнаған алаулаған махаббатын, бақытты тірлікке құштарлығын шынайы жеткізді. Өмірдің қуанышты сәттерін бар болмысымен қабылдаған Жібектің басына түскен қайғы-қасіретті шынайы трагедиялық жинаққа көтерген А.Мақанованың ойынында нақты көрінді. Сондай-ақ, актрисаның әдемі қойылған даусы мен жарасымды қозғалысы Жібектің жан дүниесін тереңнен қозғап ашуға өзіндік ықпалын тигізіп отырды.
Театрдың дарынды актері Е.Шымырқұлов сомдаған Төлеген халық тыныштығы мен салтанат құрған достықты армандайды. Актер Төлегенді арманына сай әрекет жасап, махаббатын қорғай
алатын, әділет пен бостандық туын жоғары ұстайтын қажырлы батырды суреттеген. Актердің сол кездегі жасы 50-ге таяғанына қарамастан, Төлеген бойындағы жастыққа тән қызуқандылық пен махаббатты, жігері жалын атқан албырттықты сай келтіріп, жас актерлерге бергісіз ойын үлгісін көрсетті.
«Режиссер музыкалы спектакльде сөз бен әннің, би мен музыканың бір жанрдан өріліп шығуын назарда ұстады. Трагедияның мазмұнын тереңдетіп, көркемдік жағынан тұтас шығуына спектакльдегі халық сахналары елеулі роль атқарды. Спектакль декорациясы режиссер мен суретші Қ.Жұмағұловтың шығармашылық ізденістерін танытады. Шымылдық ашылған кезде жағаға ұрып жатқан Жайықтың көк бұйра толқындары айрықша әсер тудырады. Сонымен қоса ерте кезде болған осынау бір оқиғаның тірі куәсіндей сезімге бөлейді» [2, 471 б.], – деген Б.Нұрпейістің пікірі режиссер мен суретшінің ортақ тондемінен туған сахнаның пластикалық шешімі қойылымға тұтас поэтикалық саз беріп, оның көркемдік мазмұнын тереңдете түскен. Астаналық режиссер Н.Жұманиязов Шым- кент театрының шығармашылық мүмкіншілігін шеберлікпен толық пайдаланып, «Қыз Жібек» спектаклін жоғары көркем дәрежеде қойды. Сонымен қоса, бағзы замандағы болған оқиғаларды қайта өңдеп, халық назарына ұсынылған спектакль театр актерлерінің кәсібилігін арттырып, репер- туарында ұзақ уақыт сақталды.
Классикалық шығармаға заманауи үн берудің тағы бір үлгісі режиссер Б.Атабевтың «Ақсарай» театрында қойған «Қыз Жібек» мюзиклі деп айтуға болады. Мұның алдында Б.Атабаев «Абай де- сем…», «Кебенек киген арулар», «Мәңгілік бала бейне», «Абылай хан», т.б. қойылымдарда өзіндік ой тұжырымымен көзге түскен режиссерлердің бірі. Ал, оның ұлттық және әлемдік классиканы игеруде жаңашылдық үн танытып, таптауырындық жолдан бас тартып, жаңа шешімдермен келуін құптағандар да, қабылдамағандар да аз болмады. Дегенмен де, Б.Атабаевтың режиссерлік концеп- циясынан туған М.Метерлинктің «Соқырлар», А.П.Чеховтың «Шағала», Б.Брехттің «Тоғышардың тойы», М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» мен «Қарагөзі», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектакльдерінен тың шешімдерді, классикалық дүниелердегі көтерілген идеялар мен бүгінгі заман мәселелерін үндестүру ниеті айқын байқалады. Режиссер осы қойылымдарында бұрынғы көне сүрлеуді қайталамай, сахналық дәстүрге байланбай, тыңнан түрен тартуға ұмтылған. Белгілі мәдениеттанушы Ә. Бөпежанова режиссер Б. Атабаев туралы: «Жалған патетика, жалаң идеяға жаны қас режиссер актерлік ойындағы астар ағысқа ерекше мән берді. Б. Атабаевтың жұмыс стилі, қатаң тәртіп талабы алғашында театр актерлері тарапынан қарсылыққа ұшырады. Бірақ режиссер өз мақсат-мұраты жо- лында жанкешті еңбектенді, актердің театр иерархиясындағы статусының көтерілуіне ерекше мән беруімен де бірте-бірте өзіне мұраттас жандар қатарын молайтты. Қолтаңбасы бірден түсінікті бола қоймаған режиссер кейбір драматург, театр зерттеушісі, сыншылары тарапынан аз сын естіген жоқ. Бірақ ол жұртшылыққа да өз жолының дұрыстығын, осы жолда, мүмкін, қателіктерге де ұрынуға құқы бар екенін мойындата білді. Жалпы, Б.Атабаев қойылымдары М.Әуезов театрының соңғы жылдардағы көркемдік-рухани ізденістердің бет-бағдарын айқындаған спектакльдер екені даусыз»
[4] – деп әділ бағасын беріп кетті.
Жалпы, Б.Атабаев театр өнерінің бес функциясы бар деп есептейді. «Бірінші функция – эстетикалық, екіншісі – коммуникативтік, үшіншісі – тәрбиелік, төртіншісі – эврестикалық, бесіншісі
– провокация» [5, 35 б.] – деп, бұл қағидаларды өз қойылымдарының өн бойына енгізіп отыра- ды. Режиссер өзінің өмірлік ұстанымдарына сай «Қыз Жібек» спектаклінде де дәстүрлі сахналық шешімдерден бас тартты. 1934 жылы жазылған операны ешбір нотасын, не партитурасындағы аккордына нұқсан келтірместен қазіргі жастар тілінде сөйлетті. Сонымен қатар, операны алғаш рет кейіпкерлер жасымен шамалас келген жас орындаушылардың көмегімен шығарды. Осыдан, орындаушылық штампқа әлі енбеген, дауыстарының табиғилығын әлі жоғалтпаған, физикалық, пластикалық мүмкіндіктері зор жас актерлердің эмоциялық қуаты да да қойылымның табысты болуына себебін тигізді. Санадағы дәстүрлі ойлардан аулақтанғаны сонша, режиссер оюлы киім үлгілері мен шолпылы қыздарды да сахнадан аластатқан. Атабаев жас актерлерге өз кейіпкерлерін бүгінгі түсінікпен орындауды міндеттеген.
Режиссер жайқалған дала мен биік тауларды, толассыз толқынды көлді үлкен матаның көмегімен сахнаның пластикалық шешімін тапқан. Ал, жігіттердің жекпе жегін рэп биі арқылы көрсетуі – за- манауи, әрі мюзикл жанрына сай келетін шешім болды. Сондай-ақ, Б.Атабаев операның клавирін ұлт аспаптық оркестрге арнап, композитор И.Кимге өңдетіп, қайта жаздыртты. Соның арқасында
халық ән күйлерінен құралған опера үні жұмсақ та жарасымды сүйемелдейтін оркестр әуеніне ие болды.
«Қойылымда көріністер жылдам ауысады. Көпшілік хордың арасынан суырылып шығып, жеке партияларды орындайтын әншілер арасында солист, хор әншілері деп бөліну жоқ. Осыдан келіп Төлеген мен Шеге, Бекежан мен оның қарақшылықпен айналысатын жігіттері арасындағы елеулі айырмашылықтарды көрмейміз. Мұнда азуын ақсыйтып кіжіну, немесе қатты қайғыру секілді аса терең психологизмге ұрыну да жоқ. Бекежанның Төлеген жігіттерімен заманауи жастардың
«тілінде» сайысатыны, Төлегенді өлтіретін жерде ешқандай суық қару жұмсамай, ширатылған қызыл түсті лентамен көрермен көз алдында Төлегеннің кеудедегі «жанын суырып алуы» сәтті табылған ұтымды көріністер. Театрдың берер эстетикалық күш қуаты да осындай сәтті табылған мизансценаны иін қандыра орындай алған актерлар ойынында болса керек» [6, 84 б.], – деп театрта- нушы А.Мұқан қойылымдағы режиссерлік тапқыр шешімдерді жоғары бағалап кеткен.
Е.Ілиясов бейнелеген Бекежан – Б.Атабаев қойылымының протогонисті. «Режиссер қазір Бекежандардың заманы екенін тура ұқтыра алды. Спектакльде Төлегенге қарағанда Бекежан алдыңғы кезекке көтерілген. Сахнадағы оқиғалар легі тек Бекежан мінезін терең ашуға бағытталған. Жібек пен Төлеген осы бейнені күшейту үшін әрекет жасап жүргендей әсер қалдырады» [2, 471 б.],
– деген пікірді қолдаймыз. Ал, қойылымдағы Қ.Қожабаев пен Л.Асановалар сомдаған Төлеген мен Жібеккөне заманның өкілдері емес бүгінгі күннің жастары секілді кейіпте өнер көрсетеді. Бір-біріне деген ыстық ықыластары мен жалын атқан махаббат сезімдері, күйініші мен сүйініші мейілінше на- нымды шыққан. Әсіресе, Қ.Қожабаевтың күмбірлеген дауысы, Жібек алдындағы ізеттілігі, сүйкімді көркі – Төлеген бейнесіне лирикалық сипат берген.
Жалпы, Б. Атабаевтың «Қыз Жібек» қойылымын жаңаша оқуын театр мамандары мен көрермен жылы қабылдады. «Болату Атабаеву удалось создать спектакль, современный по форме, но внев- ременной по содержанию. И это – большая удача для художника, каковым, несомненно, является большой режиссёр Б. Атабаев» [7] – деп журналист А.Омарова да көпшіліктің ойын білдіреді.
Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналанған Қ.Қасымовтың «Қыз Жібек» саун-драма- сы тың режиссерлік шешім арқылы ерекшеленді. Нәтижесінде, Қазақстандағы бірден-бір камералық қойылым саналды. Режиссер Қыз Жібек пен Төлеген тағдырының ең негізгі сюжеттік желісін ғана сүзіп алған. Төлеген мен Жібектің кездесуі, Бекежанның қызғаныш кесірінен жасаған әрекеттері, Төлегеннің өлімі – осының бәрін режиссер қырық бес минутқа сыйдырған. Сахнада бар-жоғы тоғыз орындаушы өнер көрсетеді. 45 минуттық қойылымнан шаманизм белгілерін де, вокалдық компо- зиция элементтерін де, би мен әнді де, актерлік ойын мен режиссерлік тапқырлықты да, декорация мен мизансценалық шешімдерді де оңтайлы түрдегі үлгімен кездестіруге болады. Ұлттық киімнің өзі болмаса да, үлгісі бар, үлкен салт-дәстүрлер толығымен қамтылмаса да, элементтері сақталған.
«Қыз Жібекте» шымылдыққа айналып тұрған сәукеленің етегі Жібек кигенде желпілдеген желек- ке айналады. Бірыңғай көгілдір түсті, биге де, актерлердің қимыл қозғалысына да икемді, ұлттық нақышты да, еуропалық үлгіні де еске түсіретін киімдер бірден өзіне тартады. Реквизиттердің басты бөлігін құрайтын қолшатырлар көпшілік сахнасының көмегімен бірде көшіп бара жатқан керуенді кейіптесе, енді бірде бүкіл бір ауылды суреттейтін киіз үй қалпында тұрады. Ал, Төлеген қайтыс болғаннан кейін, әлгі қолшатырлар жабылып, олар да аза тұтады… Көпшілік сахнасының орындауындағы өсек-аяң да өзге бір түрде баяндалып, жалпы қойылым көпшіліктің көңілінен шықты.
«Қыз Жібек» қойылымының соңғы уақыттардағы премьерасы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық қазақ драма театрында өтті. Режиссері талантты актер – С. Қамиев.
С.Қамиев актер ретінде тарихи тұлға Ә.Мәмбетов сахналаған «Қыз Жібекте» Төлегеннің рөлін ойнаған болатын. С.Қамиевтың режиссурадағы алғашқы қадамынан ұлттық жәдігерге азаматтық құрметпен және суреткерлік толымды дайындықпен келгені байқалады. Басты жетістігі шығарманың ұлттық бояуы мен қазақы нақышын шынайылықпен жеткізуге тырысуы. Қойылым барысынан опералық және кино нұсқаларының кей тұстарын пайдаланғанын көруге болады. Сахнаның безендірілуінде шымылдық бірде киіз үй, енді бірде тар қапасты бейнелейтін тәсіл бой- ынша ойластырылған. Киім үлгілері де сән мен салтанатқа толы.
Төлеген рөліндегі Ж.Ербота мен О.Жақыпбековтің ойыны қарайлас, бірқалыпта шыққан. Ал, Бекежанды ойнаған актер Е.Нұрымбеттің жылпостығы мен қорқаулығы, А.Қапаевтың өзіне деген
шектен тыс сенімі білініп тұрды. Жоғарыда аталған кейіпкерлердің ойыны туралы өнертанушы Ө.Ахмет: «…Төлеген әдет-ғұрып ережелерінен шыға алмай, қол аяғы жіпсіз байланып, қарадан қарап қысылып жүретін адам сияқты да, Бекежан ойына не алса, көңілі не қаласа, соның жолын- да әдет-ғұрып, инабат деген шарттылықтарды аттап өте беретін жан, дамуға, жаңаруға бейім іс- әрекеттің адамы ма деген ойға жетелейді. Кинода да, спектакльде де Бекежан бейнесінің тартымды да бедерлі сомдалатыны содан болар. Әлде бабаларымыздың шешуін кейінгі ұрпағына қалдырған бұл бір күрделі жұмбағы ма екен?» [8], – деп ойын сұрақпен аяқтайды.
Жас режиссер барынша мұқият болуға тырысқанымен, кеткен ағаттықтары да жоқ емес. Ол кемшіліктер көбіне салт-дәстүр тұрғысында болды: ала жіптің орнына белбеу тасталуы, некесі қиылмаған жастарға бесік сыйлауы, Төлегеннің бос бесікті тербетуі т.т.
«…Жас режиссердің көп ойланып, қатты қиналған жері спектакльдің финалы болса керек. Қара киім киіп, түн жамылып келіп, Қыз Жібек тұтқындалып, қазыққа байланған Бекежанды босатып, қолына қанжар ұстатады да екеуі жекпе-жекке шығады. Әрине, еркектің аты еркек. Бекежан қызды өлтіреді. …Екеуінің пышақтасуы логикалық тұрғыдан кісіні онша сендіре қоймайды. Жаман-
мен жағаласуды «ит пен ит боп ырылдасу» деп бағалайтын атам қазақтың адамгершілік туралы ұстанымы тұрғысынан қарасақ та, бұл әрекет Қыз Жібек табиғатына мүлде үйлеспейді. » [8], – деп
Ө.Ахмет өз пікірімен бөліседі. Өз кезегімізде біз де бұл пікірді қолдаймыз. Себебі, Жібек халық қиялындағы нағыз жардың бейнесі, нәзік ұғымдардың жиынтығы. Қатыгез Бекежан мен нәзік Қыз Жібектің жан дүниесін теңестірудің ұтылар тұсының басым екендігін алға тартқымыз келеді.
Мақалада бірнеше театр саласының жанашырлары мен сыншыларының еңбектері мен орамды ойларына сүйене отырып, қазақ театрларының классикалық драматургияны игеру жолдарындағы мәселелерді ашып, ғылыми тұрғыдан зерделеуді мақаламыздың негізгі тірегі еттік.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Кадыров А. После третьего звонка… (Сборник статей). – Алматы: Мир, 2007. – С.548.
2 Нұрпейіс Б. Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері (1915 – 2005): Монография. – Алматы: «Каратау КБ» ЖШС, «Дәстүр», 2014. – 520 б.
3 Ғұмыры ұзақ «Қыз Жібек» // Қазақ әдебиеті. – 6.07.1999
4 Бөпежанова Ә. «Мәңгілік бала-бейне» немесе Атабаев – Мұқанова көркемдік тандемі // Қазақ әдебиеті.
– 29.04.1997.
5 Атабаев Б. Абайдың 45 қара сөзі – тұнып тұрған конфликт // Мәдениет. – № 1(02) – қазан – 2006. 6 Алматы театрлары. – Алматы: «Алматыжарнама», 2010. – 272 б.
7 http://www.contur.kz/node/879
8 Ахмет Ө. Жаңаша қойылған «Қыз Жібек // Астана Ақшамы. – 8.06.2013.
REFERENCES
1 Kadirov A. Posle tretego zvonka… (Sbornik statey). – Almati: Mir, 2007 – S.548.
2 Nurpeyіs B. Qazaq teatr rejisswrasining qaliptaswi men damw kezengderі (1915 – 2005): Monografiya. – Almati: «Karataw KB» JShS, «Dastur», 2014. – 520 b.
3 Ghumiri uzaq «Qiz Jіbek» // Qazaq adebietі. – 6.07.1999
4 Bopejanova A. «Manggіlіk bala-beyne» nemese Atabaev – Muqanova korkemdіk tandemі // Qazaq adebietі. – 29.04.1997.
5 Atabaev B. Abayding 45 qara sozі – tunip turghan konflikt // Madeniet. – № 1(02) – qazan – 2006. 6 Almati teatrlari. – Almati: «Almatijarnama», 2010. – 272 b.
7 http://www.contur.kz/node/879
8 Ahmet O. Jangasha qoyilghan «Qiz Jіbek // Astana Aqshami. – 8.06.2013.
В статье широко проанализированы (рассмотрены) режиссерские решения и актерское мастерство в спектакле Г. Мусирепова «ҚызЖібек», поставленных в нескольких театрах Республики.
Ключевые слова: театр, творчество, спектакль, режиссер, актер.
This article widely analyzed the director’s decisions and acting in performances of Gabit Musirepov «KyzZhibek», which acted in several theaters of the Republic.
Keywords: theater, art, classic, performance, director, actor.