ҚАЗІРГІ ҚЫПШАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЖАЛПЫТҮРКІЛІК ЛЕКСИКАНЫ САЛЫСТЫРА ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕСІНЕ

 


Л.Қ. МЕЙРАМБЕКОВА
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, Астана

ҚАЗІРГІ ҚЫПШАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЖАЛПЫТҮРКІЛІК ЛЕКСИКАНЫ САЛЫСТЫРА ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕСІНЕ

Мақала қазіргі қыпшақ тілдеріндегі жалпытүркілік лексиканы салыстыра зерттеу мәселесіне арнала- ды. Сонымен қатар, қазақ тілі мен қазіргі қыпшақ тобы тілдерінің арасындағы тарихи сабақтастықтын түрлі қырынан зерттеуге, негізгі дамуын, қалыптасуын, бір жүйеге түсу ерекшеліктерін нақтылауға, та- рихи құндылықтарын анықтауға арналады.
Түйін сөздер: түркi тiлдерi, қыпшақ тілдері, түркi моносиллабтары, түбір негіздері, фонетика- фонологиялық ерекшеліктері.

Жалпытүркілік тектілден (протоязык) өрбіп, өзара тоғысу, қайта ыдырау тәрізді тілдік үдерістерді бірнеше мәрте басынан өткізген, өзіндік ерекшеліктерімен, бітім-болмысымен сараланатын, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан қазақ тілінің қалыптасу ерекшеліктерін, өзара туыстық деңгейін анықтауға арқау болып отырған құнды тілдік дерек көздің бірі қыпшақ тілдерінің материалдары. Түркі тілінің, яғни қазіргі қыпшақ тілдерінің лексикалық құрамы, фонетикалық жүйесі мен морфологиялық, синтаксистік құрылымы, стильдік ерекшелігі қазіргі қазақ тілінен де көрініс тауып отыруы тек табиғи-генеалогиялық сабақтастықты ғана көрсетіп қоймайды, жалпытүркілік рухтың, тілдік сананың беріктігіне де дәлел бола алады. Түркi халықтарының ұлттық-мәдени болмысын, тарихи-әлеуметтiк сипатын танытуға қызмет ететiн жалпытүркiлiк танымды жаңғыртып, қазақ жұртшылығы арасындағы рухани үйлесiмдiлiк пен тарихи тұтастықты сақтауға жол ашады. Бұл қазіргі қыпшақ тілдерін зерттеудiң тек түркология ғылымында ғана емес қазақ тілтаным аясындағы өзектi мәселе екенiн көрсетедi.
Түркілік макротоптардың бірі – көне түркі бірлестіктерінің құрамында болған көне қыпшақ тай- паларымен тікелей генетикалық-тарихи жалғастықта қалыптасқан, қазіргі түркі тілдерінің қыпшақ тобын құрайтын – қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, қырым татарлары, башқұрт, құмық, қарайым, қарашай-балқар халықтарының тілдері. Қазақ тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi салыстырмалы-тари- хи негiзде арнайы зерттеу нысаны ретiнде алынбауы көне мұралар тiлiн оғыздық, ұйғыр-оғыздық, қырғыз-қыпшақтық сипатта тануды қалыптастырып, батыс қыпшақ тiлдерiне қатысы күңгiрт қалып отыр, бұл жұмыстың өзектiлiгiнiң тағы бiр қырын анықтайды.
Көне түркі дәуірінде өмір сүріп, артына мол жазба мұра қалдырған мемлекеттік деңгейдегі түркілік бірлестіктер тек этникалық негізде ғана емес, географиялық-аумақтық негізде де құрылғаны тарихтан белгілі. Кең байтақ аумақты алып жатқан түркі елі өзіндік тілдік ерекшеліктері бар бірнеше түркі этникалық топтарын қамтығанын, сол көне тайпалардың қазіргі түркі халықтарының этностық құрамына шашырай таралғанын ескерсек, көне түркі жазбаларының барлық түркі халықтарына ортақ жәдігер, ортақ құндылық екені анық. Түркі тілдің ерекше белгілері қазіргі тілдердің тек біреуінен ғана емес, әр топтағы бірнеше тілдерден көрініс беруі де кезінде өзiндiк диалектiлiк ерекшелiктерi бар жалпытүркілік ортақ жазба әдеби тілінің қолданыста болғанының куәсі. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік деңгейдегі тайпалық бірлестіктер құрамындағы саны жағынан басым топтардың немесе билеуші тайпалардың тілі де басымдыққа ие болатынын естен шығармау керек. Соған орай, көне түркілердің қазіргі мұрагерлерінің көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысы қаншалықты дәрежеде, үлес-салмағы қандай деген мәселелердің туындауы да заңды. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде көне түркі тілінің фонетикалық, лексика-грамматикалық құрылымын дәлме-дәл қайталайтын бірде-бір тіл жоқ [1].
Қыпшақ тілдер тобын құрайтын тілдердегі моносиллабтардың фоно-морфо-семантикалық ерекшеліктерін айқындау. Қазіргі қыпшақ тілдеріндегі бір буынды түбір-негіздердің тұлғалық ерекшеліктерін анықтау аталған тілдердің дыбыстық жүйесін, морфологиялық құрылысы мен семантикалық құрылымын тереңірек тани түсуге жол ашады. Түркi тіл біліміндегі түбiртану өзiндiк тарихы бар, жан-жақты талданған сала болғанымен, түбiр сөздердiң құрылымдық типтерiн анықтауда әлi даулы мәселелердiң болуы да қазіргі қыпшақ тілдер тобын моносиллабтық деңгейде саралаудың көкейкестiлiгiн көрсетеді.

Кез келген тілдің лексикалық жүйесінің даму жолын, басқа тілдермен туыстық деңгейін анықтау ең алдымен түбір құрылымын айқындап алуға негізделетіндіктен түркі түбірлері жайлы алғашқы пікірлер де түбір құрылымын анықтауға бағытталып, моносиллабтық, дисиллабтық бағыттар қалыптасты. Түркі тілдеріндегі дисиллабтар мен полисиллабтар құрамындағы алғашқы буынды бастапқы тұлға ретінде қарауға теориялық негіз бар. Сондықтан моносиллабтық бағыт көптеген ғалымдар тарапынан (Н.Сауранбаев, Б.Юнусалиев, Н.А.Баскаков, А.М.Щербак, Э.В.Севортян, А.Н.Кононов, Ә.Т.Қайдар, Ә.Ибатов, М.Томанов, Б.Сағындықұлы, Ж. Манкеева, Е. Қажыбек т.б.) қолдау тауып, зерттеу нәтижелері түркі тілдері бойынша түбір және түбір-негіздер жүйесін құрайтын 6 құрылымдық модельді – V, VC, VCC, CV, CVC, CVCC – негізгі тұлғалар деп танығанмен, осы модельдердің қайсысы алғашқы (этимон түбір, этимологиялық түбiр, архетүбір, өлі түбір, ілкі түбір, бастапқы түбір, т.б.) деген мәселе үлкен пікірталас өзегі болып отырғаны белгілі [2].
Түркi лингвистикасындағы түбiртану мәселесi бойынша айтылған ой-пiкiрлер, түбiрлер мен түбiр-негiздердiң жекелеген аспектiлерiн қарастырған зерттеу нәтижелерi де, кешендi түрде жүгiзiлген зерттеулер де тiлдегi түбiрлiк деңгейдiң қалыптасуы мен дамуы фонетика-фонологиялық, морфологиялық, семантикалық, ономасиологиялық құбылыстардың өзара тығыз байланысына негiзделетiнiн, түбiр табиғатын тереңiрек тани түсу үшiн моносиллабтардың сыртқы тұлғасы мен iшкi мазмұнын сабақтастыра қарастырудың қажеттiлiгiн көрсетiп отыр. Себебi, жалпы лексикалық байлықтың өзегiн құрайтын моносиллабтар адамзат өмiрiндегi тiлдiң маңызын айқындайтын сан қырлы рухани-функционалдық сапаны қамтамасыз ететiн лингво-онтологиялық құрылым. Үнемi даму үстiнде болатын тiлдiк жүйенiң өзгермелi, икемдi табиғаты моносиллабтардың құрылымдық модельдерiнiң даму бағытымен, оның құрамындағы фоно-корреляттардың өзара сәйкестiк түзу мүмкiндiгiмен, таралу аясымен, фоно-морфологиялық, фоно-семантикалық, идеофондық, идеосегменттiк қырларымен сипатталады [3].
Зат есімдер: авуч – уыс, алақан; «әгәр силинсә үж ташилә йа үш кисәкилә йа үж авуч тобрақдан» (егер үш таспен не үш кескекпен не үш уыс топрақпен сүртілсе). Орта ғасыр қыпшақ жазбаларымен қазіргі түркі тілдерінде авуч//авыч//овуж//һавуч формаларында кездесетін бұл етістік тілімізде уыс сыпатында қолданылады. Қазақ тілінде сөз басында у дыбысына, алдынан көмескіленіп ұ//ү дыбыстары естілетіндіктен дифтонг дыбыс деп қарайды да ұ жазуда еленбейді. Ал бірінші буыннан кейінгі буындардағы у дыбысы ерін үндестігінің әлсіздігінен ы – ға айнала- ды. Осыдан қазіргі тілімізде бұл сөз а~ұ; в~у; у~ы; ч//ж~ш~с сәйкестіктері арқылы қалыптасқан. Сондай-ақ бұл сөздің негізгі түбір емес екендігін тіліміздегі уқалау етістігімен салыстыру арқылы аңғаруға болатын сияқты. Радлов «Сөздігінде»: «оғ- ов – тереть; ел оғмақ; оғала- растереть» деп түсіндіріледі де басына «осман түріктері тілінде» деп белгі соғылған [4]. Қазақ тілінің дыбыстық заңдылығын ескерсек (оғ>у) уқалау етістігінің құрамындағы ежелгі түбір тек у (ұу) морфемасы ғана, -қа, -ла- қосымшалар. Уыс сөзінің де негізгі түбірі у (ұу); -ыс істің істелу құралын, үдерістің атауын білдіретін көне -ч қосымшасының бүгінгі көрінісі болса керек (сүйініш, қуаныш сөздерінде сақталған). Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: уыс; баш.: ус төбө; тат.: ус төби; қырғыз: ýч; түрік: авуч; азер.: овуж; түркм.: овуч; өзб.: һàвуч; ұйғ.: авуч;
ағыз – ауыз; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: ауыз; башқ.: авыз; тат.: авыз; қырғыз: ōз; түрік:
ағыз; азер.: ағыз; түркм.: ағыз; өзб.: áғыз; ұйғ.: еғиз.
айақ — айағ – аяқ; Қазіргі түркі тілдерінің көбінде айақ (аяқ) тұлғасында кездесетін бұл етістік, көне түркі тілінде адақ, орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде адақ, азақ, аяқ сыпаттары қатар қолданылған. Бұдан көне варианты мен қазіргі варианты арасындағы д~й сәйкестігі аралық з звено дыбысы арқылы болғандығын көруге болады. Қазіргі тілдерден якут – атақ; шор – азақ болып көне сипатты сақтаған. Қазақ тіліндегі адақтау (ел адақтау) етістігі де осы сөзбен түбірлес және ескі күйін сақтаған. Қазіргі түркі тілдерінде: қаз., башқ., тат., қырғыз, түрік, түркм., өзб., ұйғ.: айақ (аяқ); азер.: айағ.
бойун – мойын; бойнумы. Орта ғасыр жазба ескерткіштері мен қазіргі қарлұқ және оғыз тілдерінде бойун тұлғасында кездесетін бұл сөз қазіргі қыпшақ тілдерінде мойын сипатында. Сөзбасындағы б//м сәйкестігі мен сөз ортасындағы у дыбысының қысаңдануы қыпшақ тілдеріне тән әдеттегі құбылыс. Қазіргі қазақ тілінде –н қосымшасымен қалыптасқан тарихи түбірлер үлкен бір топты құрайтыны белгілі (ерін, ұзын, қойын тб.). Мұның да негізгі түбір еместігін тіліміздегі ба- уыздау етістігімен салыстыру арқылы білуге болатын сияқты. Көне түркі тілдері сөздігінде: боғ- ду- шить, сдавливать; боғаз – горло, глотка; боғузлан- быт умерщвленным (задушенным, зарезанным. Түркі тілдерінде б~м, ғ~й сәйкестіктерінің әдеттегі құбылыс екендігін, келтірілген мысалдардың

барлығының (боғ-, боғаз, боғузлан-) мойынмен қатыстылығын және -/ы/н жұрнағының етістіктен зат есім тудыратындығын ескерсек сөздің бастапқы түбірі боғ- болса керек; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз., башқ., тат.: мойын; қырғыз: мойун; түрік, азер., түркм., ұйғ.: бойун; өзб.: бойүн; .
бурун – мұрын; Қазіргі оғыз және қарлұқ топтарында осы тұлғада сақталғанымен қыпшақ тілдерінің көбінде сөз басында б<м- ға ауысқан. қаз.: мұрын; башқ.: морон; тат.: борын; қырғыз: мурун; түрік, азер., түркм., ұйғ., өзб.: мұрын.
йүрәк – жүрек; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: жүрек; башқ., тат.: йөрәк; қырғыз: джүрөк;
түрік, түркмен.: йүрек; ұйғ., өзб.: йүрәк; азер.: үрәк.
дил – тіл; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: тіл; башқ., тат., қырғ., ұйғ., өзб.: тил; түрік, азер., түркмен.: дил.
дирсәк — тірсек, шынтақ; Қазіргі түркі тілдерінде бұл сөз семантикасы жағынан бәрінде бірдей емес. Мысалы, түрік, азербайжан, түркімен, татар, өзбек тілдерінде шынтақ мағынасында қолданылса, қазақ тілінде жан-жануарлардың аяғының буынына, яғни тізесінің ішкі жағына айты- лады. қаз.: тірсек; башқ.: тирһәк; тат., өзб.: тирсәк; түрік, түркмен.: дирсек; азер.: дирсәк;.
ел — ил — қол; Қазіргі оғыз тілдерінде кең қолданыс тапқан бұл сөз қыпшақ тобына кіретін тілдерде сақталмаған. түрік, түркмен., азер., ұйғыр.: ел;.
бармақ – бармақ, саусақ; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз., башқ., тат., қырғыз, түркм., өзб., ұйғ.:
бармақ; түрік: пармак; азер.: бармағ.
ирин – ірің; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: ірің; башқ., тат.: ирин; қырғыз: ирин; ұйғ.: жирин;
өзб.: йирин; түрік, азер.: ирин; түркмен.: ириң.
қан – қан; қаз., башқ., тат., түрік, қырғыз, ұйғ.: қан; азер.: ган; түркмен.: гāн; өзб.:
кáн.
қарын – қарын; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз., башқ., тат., қырғ., түрік: қарын//карын; азер., түркм.: гарын; өзб.: кáрин; ұйғ.: керин. Сөздің түпкі түбірі қар- өлі етістік түбірі, ал –ын көнеден келе жатқан етістіктен зат есім тудырушы жұрнақ болса керек (егін, жұлын, шығын сөздері құрамындағы). Сөзге негіз болған түбір «қар- переливаться через край, разливатся» етістігі болуы мүмкін.
қол — қол; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз., қырғыз: қол; башқ., тат.: қул; түрік: кол; азер., түркм.: гол; өзб., ұйғ.: кол.
көбек – кіндік; Қазіргі қыпшақ тілдерінде кездесе бермейтін бұл лексема оғыз тілдерінде «кіндік, қарын, ұрпақ, орталық» секілді бірнеше мағыналарда қолданылады. түрік: гөбек; азер.: гөбәк; түркмен.: гөбек. Қазақ тіліндегі «Көбек, Көбекбай» деген кісі есімдері осы сөзбен бір байланысы болса керек.
қулағ – қулақ – құлақ; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: құлақ; қырғыз: қулақ; баш., тат.: колак;
түрік: кулак; азер.: гулаг; түркм.: гулак; өзб., ұйғ.: қулак.
саж – шаш; қаз.: шаш; башқ.: сәс; тат.: чәч; қырғыз: чач; түрік, азер., түркм.: сач; өзб.: сач;
ұйғ.: сач; чач.
сүңүк – сүйек; Қазақ тіліндегі сүйек сөзі ң//м>г>в>й дыбыс ауысуы нәтижеснде келіп шығады. Ал, түбір сөз құрамындағы дауысты дыбыстарды о (ө) деп те, у (ү) деп те таңбалай беруге болады. қаз.: сүйек; баш.: һөйәк; тат.: сөйәк; қарайым.: сувақ; ноғ.: сүвек; қарақал.: сүйек; қырғыз: сөөк; азер.: сүмүк; түркм.: сүңк; өзб.: сүйәк;; ұйғ.: cөңәк; сүйәк;
тапуқ – тобық; Қазіргі тілдерде: қаз.: тобық; баш., тат.: тубық; қарақал.: тобық; түрік, түркм., ұйғ.: топук; азер.: топуг; өзб.: топық.
киши – кісі; Қазіргі түркі тілдерінде де солай. қаз.: кісі; башқ., тат., қырғыз, түрік, азер., түркм., ұйғ.: киши.
қул – құл; Өлі және тірі қыпшақ тілдері мен қазіргі түркі тілдерінде тегіс кездеседі. қаз.: құл; қырғыз: қул; баш., тат.: кол; түрік: кул; азер., түркм.: гул; өзб., ұйғ.: қул;. Оғыз тілдерінде (түрік, азербайжан) кул «құдайдың құлы, пенде» мағынасында ғана айтылады.
ата — әке; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: ата; башқ.: ата (әке); тат.: ати, ата (әке); қырғыз: ата (әке); түрік: ата (ата-баба); азер.: ата (әке); түркм.: ата (ата); өзб.: áтә (әке); ұйғ.: ата (ата, әке);
ебчи – үбчи — әйел; Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде ебчи //ерчи//ебши//ибчи//ибши//ипчи тұлғаларында жиі ұшырасады. Сөзге негіз болған түбір еб (үй); -чи зат есім тудырушы жұрнақ бол- са керек. Яғни, «үйші, үй иесі» деген мағынадан туындауы мүмкін. Қазіргі түркі тілдерінде кездесе бермейді. Тек хакас тілінде ғана епчи сыпатында қолданылады. Оңтүстік қазақтары тілінде «әпке, апа» мағынасында қолданылатын әпше сөзі осы сөзге бір қатысы болса керек. Сондай-ақ бір қатар тіліміздегі апа, әпке сөздері де осы сөзбен ұялас сөздер болуы мүмкін.

оғлан – ұл; ұлан; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: ұлан; башқ., тат.: оғул (түбір күйі); түрік, азер., түркм., ұйғ., өзб.: оғлан.
көз – бұлақ, көз, қайнар; Адамның дене мүшесінің атауы ретінде бүкіл түркі тілдерінде көз//күз// гөз тұлғаларында қолданылғанымен, бұл мағынада қазіргі түркі тілдерінде де белсенділігі төмен. қаз.: көз; башқ.: күзәв; тат.: кизләв; түрік: гөзе; түркм.: гөзбаш.
деңиз – теңіз; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: теңіз; башқ., тат.: диңгиз; қырғыз: деңиз; түрік: де- низ; азер.: дәниз; түркмен., ұйғ.: деңиз; өзб.: деңгиз.
су – су; «Қазіргі тілдерде: қаз.: су; қырғыз: су; түрік, азер.: су; түркм., өзб.: сув; ұйғ.: су; башқ.: һу; тат.: су; [7, 796-797]. Көріп отырғанымыздай көне тілде суб тұлғасында болған бұл лексема б//в// ø дыбыс ауысуына ұшыраған. Қазақ тілінде у дыбысының дифтонг дыбыс екендігі белгілі. Дауыссыз дыбыспен қатар келгенде алдынан көмескіленіп ү, ұ дыбыстары шығады да, жазуда ескерілмейді. Демек тілімізде бұл сөз сұу түрінде дыбысталатын болса, онда көне түркілік б дыбысы қазақ тілінде у дыбысымен сәйкеседі. Оңтүстік қазақтары тіліндегі «суғару» сөзінен бұл дыбыстың ғ дыбысы- мен де сәйкестігін көруге болады.
Сан есімдер: бир – бір; «қаз., ққ,, ноғ., қарайым, құм., қырғыз, түрік, азер., түркм., ұйғ., өзб.:
бир//бір; башқ., тат.: бер//бир;
ики – екі; қаз., ққ,, ноғ., қарайым, құм., қырғыз: еки//екі; түрік, азер., түркм., башқ., тат.:
ики; ұйғ., өзб.: икки;
үч – үш; қаз.: үш; қырғыз,түрік, азер., түркм., ұйғ., өзб.: үч; башқ.: өс; тат.: өч;
дөрт – төрт; қаз., ққ,, ноғ., қарайым, құм., қырғыз, ұйғ., өзб.: төрт; түрік: дөрт; азер.: дөрд;
түркм.: дөөрт; башқ., тат.: дүрт;
биш – бес; қаз.: бес; қырғыз, түрік, азер., өзб.: беш; түркм., ұйғ.: бәш; башқ., тат.: биш;
алты – алты; қаз., ққ,, ноғ., қарайым, құм., башқ., тат., қырғыз, түрік, азер., түркм., өзб.:
алты; ұйғ.: алтә;
йиди – жеті; қаз.: жеті; қырғыз: джети; түрік, түркм.: йеди; азер.: йедди; ұйғ.: йәттә; өзб.:
йетти; башқ.: йити; тат.: джиди;.
сикиз – сегіз; қаз., қырғыз: сегіз; башқ.: һигиз; тат.: сигиз; түрік, түркм.: секиз; азер., ұйғ., өзб.: сәккиз;.
тоқуз – тоғыз; қаз.: тоғыз; қырғыз: тоғуз; башқ., тат.: туғыз; түрік, түркм.: докуз; азер.:
доггуз; ұйғ.: токуз; өзб.: тоққыз;.
он – он; Жоғарыда біз көрсеткен ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдерінде тегіс осы тұлғада.
Етістіктер: дүш – түсу; Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., ноғ., ққалп.: түс; тат., башқ.: төш; қырғыз: түш; құм., қарай.: түш. Басқа түркі тілдерінде: түрік, азер., түркм.: дүш-; өзб.: түш-; ұйғ.: чүш.
йит — йәт — жету; (1. хватать 2. дойти, доежать); Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., қырғыз, ққалп.: жет; тат.: жит; башқ.: йит; ноғ., құм., қарай.: йет; Басқа түркі тілдерінде: түрік, түркм., өзб.: йет-; ұйғ.: йәт.
йүрү — жүру; Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., ққалп.: жүр; тат.: йөри-; башқ.: йөрө; қырғыз: жүрү; ноғ.: йүр; құм., қарай.: йүрү; Басқа түркі тілдерінде: түрік: йүрү-; азер.: йери-; түркм.: йөре-; өзб., ұйғ.: йүр.
қайт — қайту; Көне және қазіргі қыпшақ тілдерінің барлығында кездеседі. бастапқы түбірі қад-;
-/ы/т- өзгелік етіс жұрнағы. қадыт-//қайыт-//қайт-. Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., ноғ., құм., қарай., тат., башқ., қырғыз, ққалп.: қайт; Басқа түркі тілдерінде: азер.: гайыт-; өзб.: қайт-; ұйғ.: кайт.
вар — бару; Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., тат., башқ., қырғыз, қалп., ноғ., құм., қарай.: бар. Басқа түркі тілдерінде: түрік, азер.: вар-; түркм., өзб., ұйғ.: бар. Көріп отырғанымыздай қолжазбалар тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерінің барлығында бар — формасында. Қыпшақ және оғыз тілдері арасында б // в заңдылығы бар екендігі белгілі. Демек қолжазбада етістің оғыз нұсқасы қолданылған.
кич — өту, жарау; Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., ққалп., ноғ.: кеш; тат.: кич; башқ.: кис; қырғыз: кеч; құм.: геч; қарай.: кеч; Басқа түркі тілдерінде: түрік, түркм.: геч-; азер.: кеч-; өзб.: кеч-; ұйғ.: кәч.
кир — кіру; Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., ноғ., қарай., тат., башқ., қырғыз, ққалп.: кир-//кір;
құм.: гир-; Басқа түркі тілдерінде: түрік, азер., түркм.: гир-; өзб., ұйғ.: кир.
кит — кету; Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., ноғ., қарай., қырғыз, ққалп.: кет; тат., башқ.:

кит; құм.: гет; Басқа түркі тілдерінде: түрік, түркм.: гит-; азер.: гет-; өзб.: кет-; ұйғ.: кәт.
там — таму; Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., ноғ., құм., қарай., тат., башқ., қырғыз, ққалп.: там; Басқа түркі тілдерінде: түрік: дамла-; азер.: дамсыла-; түркм.: дам-; өзб.: тáмчилә-; ұйғ.: тамчили.
чық- шығу; Қазіргі қыпшақ тілдерінде: қаз., ноғ., ққалп.: шық; құм., қарай., тат. қырғыз: чык;
башқ.: сык; Басқа түркі тілдерінде: түрік, түркм.: чык-; азер.: чых-; өзб., ұйғ.: чық.
Қорыта айтқанда, Қазіргі қазақ тілінің ортағасырлық қыпшақ тілі негізінде дамығандығы белгілі.
Бұл жайт біздің пікірімізше, мынадай мәселелерді қамтиды:
— қазіргі қыпшақ және қазақ тілдерінің лексикалық қор құрылымы өзара өте жақын, тілдік- генетикалық негізі бір, ішінара айырмашылықтар тарихи объективті құбылыстардан туындаған;
— қазіргі қыпшақ және қазақ тілдерінің фонологиялық құрылымы өзара өте жақын, тілдік- генетикалық негізі бір, ішінара айырмашылықтар тарихи объективті құбылыстарға байланысты;
— қазіргі қыпшақ және қазақ тілдерінің морфологиялық құрылымы өзара өте жақын, тілдік- генетикалық негізі бір, ішінара айырмашылықтар тарихи объективті құбылыстарға байланысты;
— қазіргі қыпшақ жазба ескерткіштерінің орындалуындағы ареалдық алшақтықтарға қарамастан, негізгі лексикалық қоры қазақ тіліне өте жақын болып табылады.
Жалпы ескі қыпшақ өркениеті, мәдениеті тұрғысындағы, әсіресе ескі қыпшақ тілінің қазіргі бірқатар түркі тілдеріне түптіл (праязык) болып табылатындығына баса назар аудару қажет. Сондықтан заманауи түркологиядағы қазіргі қыпшақ тілдерінің арасындағы тарихи сабақтастықты түрлі қырынан зерттеп, негізгі даму, қалыптасу, бір жүйеге түсу ерекшеліктерін нақтылау, тиянақтау, тарихи құндылықтарын анықтау өзекті мәселелердің бірі.
Тіл тарихи-әлеуметтік құбылыс. Тілді қолданушылар әр заманда оның өзіне дейінгі жинақталған сөздік қорын, қалыптасқан заңдылықтарын қолдана отырып, тілішілік (интралингвистикалық) және тілден тыс (экстралингвистикалық) факторларға байланысты өз тарапынан әр түрлі ереже- қағидаларды енгізетіні, сөздік құрамды әр түрлі қырынан байытатыны және қандай да бір бөлігін (мақсатты түрде немесе стихиялы түрде) қолданыстан мүлде шығарып тастайтыны, я болма- са бұрыннан келе жатқан қолданыстарды әр түрлі қырынан өзгертетіні белгілі. Олай болса даму және қалыптасу заңдылықтарын қазіргі қыпшақ тілдерінің өзара салыстыра зерттеудің нәтижесі жалпытүркі тектілі дамуының аралық кезеңін көрсететін қыпшақ тектілінің өзіндік ерекшеліктерін жаңғыртуға, қалпына келтіруге негіз болары анық.

REFERENCES
1 Еskееvа М.Q. Моnоgrаphya. Кonе turki janе qipcaq tilderinin monosillabtiq negizi. – Аlmaty: Аris, 2007. – 250 b.
2 Аidarov G., Quricjanov A., Tomanov М. Кonе turki jasba еskertkicterinig tili. – Аlmaty, 1971. – 272 б. 3 Baitursynov А. Тil tagylymy. – Аlmaty: Аna tili, 1992.
4 Radlov V.V. Оpyt slovarya tyurkskikh naretchi//SPb., 1893-1911.
5 Syakhatova L., Usmanova М. Bazhrirsko-russki, russko-bazhkirski utchebnyi slovar. –Sankt-Peterburg: BKhV- Peterburg, 2000. –224 s.
6 Drevnie tuyrkskie dialecty i ikh otrajenye v sovremennikh yasikakh. Pоd red. I.А.Batmanova. –Phrunze: Ilim, 1971. –194 s.
7 Qaraqalpaq tilining tusindirme sosdigi. Jauapty red. М.Каlenderov. I, II т. –Nokis: Qaraqalpaqstan, 1982, 1984. 8 Qazaq tilinin tusindirme sosdigi. 10 tomdiq. – Аlmaty: Gylym, 1974, 1976, 1978, 1979, 1982, 1985, 1986.
9 Sevorotyan Э.V. Etimologitcheskii slovar tyurkskikh yasikov. –Моskva: Nauka, I-III т. 1974, 1978, 1980. IҮ т. (soavt. Levitskya L.S.), 1989. –767, 349, 395, 292.

Мейрамбекова Л.К., докторант 2-го курса. ЕНУ имени Л.Н.Гумилева, Астана.
К проблеме сравнительного изучения общетюркской лексики в современных кипчакских языках
Статья посвящена проблеме сравнительного изучения общетюркской лексике в современных кыпчакских языках. A также анализируется историческая взаимосвязь казахского и групп современных кыпчакских язы- ков.
Ключевые слова: тюркские языки, кипчакские языки, тюркские моносиллабы, корневые основы, фоне- тико-фонологические основы.

Meirambekova L.K., PhD student. Astana city, L.N. Gumilyov Eurasian National University. The problem of comparative study of common Turkic vocabulary in modern Kipchak languages
The article is devoted to the problem of comparative study of common Turkic vocabulary in modern Kipchak

languages. Also the historical relationship between Kazakh language and modern groups of Kipchak languages is analyzed.
Key words: turkic languages, Kipchak languages, Turkic monosyllables, root-stems, phonetic-phonological characteristics.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *