ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ПРАГМАТИКАСЫ

Б.И. НҰРДӘУЛЕТОВА
филол.ғ.д., Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ПРАГМАТИКАСЫ

Мақалада белгілі публицист-жазушы Тұрсын Жұртбайдың поэтикалық тілінің прагматикасы, жазушының сөз таңдау, сөз қолдану ерекшелігі туралы сөз болады. Қазіргі тіл біліміндегі поэтикалық тіл, суреткердің тілдік прагматикасы, айтылым адресаты туралы теориялық пайымдауларға талдау жасала- ды.
Түйін сөздер: поэтикалық тіл, суреткер тілі, айтылым адресаты, Тұрсын Жұртбай, сөз таңдау, конто- минациялау, ұлттың тілдік санасы, өзек-мағына, тілдің мифологиялық әлеуеті т.б.

Көркем шығарма дегеніміз біртұтас эстетикалық дүние болса, осы дүниені дүние етіп тұрған
– оның тілі, яғни көркем дүние құралы, поэтикалық тіл деп аталады. Көркем шығарманы тұтас эстетикалық дүние деп қарастыруымыз оның эстетикалық, әсерлілік қызметіне байланысты. Алай- да тілдің эстетикалық қасиеті оның коммуникативтік, информативтік қызметтерінен мүлде оқшау қалмайды, қайта осы қызметтеріне негізделеді. Тілдің көркемдігін қамтамасыз ететін басты белгісі ретінде тіл арқылы беріліп тұрған мазмұн мен қалыптың сәйкестігі, яғни суреткердің ұсынып отырған идеясының берілу тәсілдерінің (бұл жерде сөздер, қолданыстар) оқырман (тыңдарман) қауымға ұғынықтылығы мен әсерлілігін атай келіп, академик Р.Сыздық: «Поэтикалық тіл деген анықтауыш тіл көркемдігінің, дәлірек айтсақ, көркемдік үшін қолданыстың биігін, идеалын білдіреді. Сондықтан өлең біткеннің барлығында поэтикалық көрініс тұнып тұрмайды. Көріктеу құралдары қолданылған текстің өзінде әрдайым мазмұн мен қалыптың сәйкестігі бола бермеуі мүмкін, демек, текст әсемдік биігінен көрінбеуі ықтимал» [1, 406], – деп поэтикалық тілге қойылатын биік талап пен талғам жайын сөз етеді. Поэтикалық тілді құрайтын элементтердің екі типі бар. Кейбір сөздер үнемі әсерлі, экспрессивті мәнде жұмсалу арқылы тіліміздегі тұрақты поэтикалық сөздер тобын құраса, енді бірсыпыра сөздер тек контексте ғана поэтикалық өңге ие болады.
Біз осы мақаламызда белгілі публицист-жазушы Тұрсын Жұртбайдың поэтикалық тілінің праг-
матикасы, жазушының сөз таңдау, сөз қолдану ерекшелігі туралы сөз қозғамақшымыз.
«Суреткердің, айталық ақынның, поэтикалық тілін зерттеуде өз алдына бөлініп шығатын дер- бес тақырып – ақынның өзіне тән көркемдік қолтаңбасы, мұны ғылымда «шығармашылық кон- текс» деп те атайды. Бұл орайда ақын тіліндегі сөз-символдарды, өзі сүйіп, жиі пайдаланған троп- тарды және өзге де тіл элементтерін эстетикалық қызметте жұмсауының принциптерін, стильдік ерекшеліктері арқылы көрінетін «автор образын» ашып талдау қажет болады» [1, 407]. Р.Сыздықтың түсіндіруінде, «шығармашылық контекст» дегеніміз – ақынның өзіне тән көркемдік қолтаңбасы. Ақын поэзиясының мазмұны мен сол мазмұнның тілдік көрінісі ақынның «идиостилінен» сана- лады. Екеуі де «ақын (автор ретіндегі) образын» сипаттаумен байланысты қаралатын мәселелер. Автор образын ашуда Р.Сыздық «қазақ филологиясында бұрын-соңды әңгіме болмаған» «текст түзу» тақырыбын алғаш рет ғылыми тұрғыда сөз етеді. Оның талдауында текст түзу поэтикалық контекст ұғымына қатысты алынады. «Кез келген көркем шығармада немесе оның кез келген тұсында текст түзіле бермейді,– дейді зерттеуші, – Текст түзілісінің бір белгісі – шығарманың бір бөлігінде немесе бір өлеңнің өн бойында мағыналары бірін-бірі айқындайтын, модальдік реңктері біртектес сөздерді шоғырлап беру». Текст (мәтін) түзуде мағыналары бір-бірін ашатын экспрессивті сөздердің, семантикалық жақтан тақырыптас сөздердің шоғырланып берілуімен бірге, мағыналары әр түрлі сөздердің де контекст ыңғайымен мазмұндас болып шыға келуі ғажап емес. Ол үшін, әрине, суреткердің ерекше шеберлігі керек.
Ал суреткер тілінің прагматикасы дегеніміздің өзі – мәтін түзудегі авторлық позицияны таны-
татын жүйелі құрылым. Тіл біліміне «прагматика» терминін алғаш енгізген Чарльз Моррис оны семиотиканың синтактика мен семантикадан кейінгі үшінші таңбалаушы компоненті ретінде қарастырған. Мәтінтанушы Т.А.ван Дейк прагматиканы «контекстегі тілді зерттеу» деп көрсетеді. Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасын зерттеген еңбегінде профессор Қ.Есенова прагмати- ка туралы: «Сөйлеу актісінде бұл тіл ұстанушының тілдік бірліктерді өз түпкі ниетіне сай етіп іріктей білуі, қай сөзге баса мән беретіндігі, өз сөзінің тыңдаушыға қандай дәрежеде әсер етуін көздейтіндігі, соның нәтижесінде адресаттың қандай да бір әрекеттерге баруына түрткі болатындығы, сондай-ақ, айналадағы адамдарға өз сөзі арқылы өзін белгілі бір қырынан таныстыруға, көрсетуге тырысатындығы т.б. барлығы жинала келе оның түпкі ойының аудиторияға дәл, нақты күйінде жеткізілуін қамтамасыз етеді» – деген анықтама береді (4.8).
Кез келген мәтін коммуникативті. Мәтінтанушылар коммуникацияның үш түрлі кезеңін сөз етеді: коммуникацияға дейінгі кезең, вербалдық, яғни тілдік кезең, коммуникациядан кейінгі кезең. Коммуникацияға дейінгі кезең – адресанттың адресатын (адресаттарын) барлау кезеңі. Яғни автордың айтпақ ойы, ниеті тыңдаушыларының психологиялық қалпына, менталды деңгейіне, сонымен бірге осы «сөзді» айтуға мәжбүрлеген, жеткізген, мүмкіндік берген алғы шарттардың бағыт-бағдарына байланысты өрбиді. Ол автор мен қабылдаушының (тыңдаушы, оқырман) бір- біріне деген көзқарасы, бір-бірін, соның ішінде автордың тыңдаушысын бағалауына да байланы- сты болуы мүмкін. Қазіргі мәтінтануда айтылым адресаты ұғымымен беріліп жүрген осы теория бойынша сөйлеу барысында айтушы өз сөзінің тыңдаушы тарапынан қабылдануының апперцивті қорын (сөз болып отырған мәселеге қатысты бұрыннан қалыптасқан түсініктің бар-жоғын. Б.Н.): ситуацияны қаншалықты меңгергенін, берілген саладағы мәдени қарым-қатынасты бейнелейтін ар-

найы білімі бар-жоғын, оның көзқарастары мен сенімдерін, оның симпатиясы мен антипатиясын
– жалпы өзінің сөзінің тыңдаушыға қаншалықты әсер ете алатынын есепке алумен болады. Соған сәйкес сөз саптауын түрлендіріп, оның қарсы әсеріне (түсініліміне) мейлінше қозғау салу үшін түрлі әдістерді қолдануға тырысады. Осы әдістер әрі қарай айтылымның жанрын, стилін, оның түсінілімін анықтайды.
Қалай болғанда да автордың мақсаты біреу – айтылған ойдың тыңдаушығы жетуі, қабылдануы,
«жетім қалмауы».
Т.Жұртбай-адресант коммуникацияға дейінгі кезеңнің бірнеше тәсілін қолданады. Алдымен, тақырып таңдау. Мысалы, ақындық толғауға арналған шығармасы – «Жүрегімде жұмыр жер», та- рихи танымға арналған кітабы – «Дулыға», Абайдың әлеумет, қоғам туралы сыни көзқарасын тал- дайтын шығармасы «Күйесің, жүрек… Сүйесің» деп аталады. Қалыпты, оқырман-адресат күткен тіркес: «Күйесің, жүрек, күйесің…» түрінде болуы керек. Автор-адресант қарсы жақтың не күткенін біле тұра, жалт бұрылып, күтпеген, тосын, тіпті қарама-қарсы мәнді сөзді қолданады, сол арқылы адресантының «жүйкесіне жаттығу жасайды» (Қ.Жұбанов). Күйініп, түңіліп тұрған жүрек кенет
«сүйеді». Егер «күйесің, жүрек, күйесің» тіркесі тұрса, оқырман үшін қалыпты көп «зардың» бірі ретінде ғана көрінуі мүмкін, ал «күйе тұра сүйетін» жүректің мәселесі тың, тосын, сонысымен оқырманды елең еткізері сөзсіз. Оқырманды өзіне тарту, еліктіру, назарын өзіне (айтылымға) ау- дарту – адресанттың бірінші мақсаты. Келесі кезекте адресант өзіне лайықты адресат таңдайды немесе бар адресатты айтылым ишарасына, мақсатына сәйкес дайындайды. Тұрсын Жұртбай
«мәтінін жолдамас» бұрын реципиентіне сөз арнайды: «Сонымен қалған өмірді қайтіп өткіземіз? Қайтіп өткіземіз? Бұл сауалды сіздерге қою арқылы өздеріңізбен де сырласқалы отырмын. Себебі: дәл осы басылымның оқырмандарының ішінде ақыл тоқтатпаған бойжеткен мен бозбала жоқ. Және барлықтарыңыз да сөздің астарын, ойдың емеурінін түсінетін зиялы қауымнансыздар» [2, 5]. Осы арнау сөз арқылы автордың өзіне «ыңғайлы» аудиторияны (бұл жерде – оқырман) алдын-ала өзі таңдағаны байқалады. Автор бұл сөзді кімге, қандай мақсатта, қалай айтуға болатынын талғап, таңдап барып, «мәтін құрауға», коммуникацияның вербалды кезеңіне кіріскен. «Сонымен қалған өмірді қайтіп өткіземіз? Қайтіп өткіземіз?» деген қайталаулар автордың ұлт жанашыры ретіндегі жан-айқайына үн қосуға, бірлесуге шақырған ниетін танытса, «барлықтарыңыз да сөздің астарын, ойдың емеурінін түсінетін зиялы қауымнансыздар» деген жолдар автордың оқырмандарына қандай талап қойып, сенім артатынын көрсетеді, сол арқылы осы кітапты қолға алған оқырманды бір мақсат аясында топтасуға шақырады.
Автор үшін ең маңызды кезең – мәтіннің вербалды, яғни тілдік кезеңі. Сөздің адам ойы мен танымын көрсетудегі барлық қыры осы мәтін деңгейінде ашылады.
Поэтикалық тілді сөз еткен еңбектердің қай-қайсысында да поэзияның материалы сөз екендігі баса айтылады. А.Потебня сөздің «ішкі формасының» образ жасаудағы қызметін сөз етеді [3]. А.Веселовский сөзді поэзияны жасайтын материал ретінде алып, тарихи дамуы тұрғысынан тал- дауды ұсынады [4]. Қазақ тіл білімінің атасы – А.Байтұрсынұлы көркем тілге берген бағасында:
«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» [5,141] – деп бір-ақ түйіндейді. Р.Сыздықтың қарастыруында сөз (поэтикалық сөз) мүлде жаңа қырынан алынады. Сөздің жеке алғандағы мағынасы емес, контек- ске түскендегі, ақын не жазушы «қиялына» қызмет ете алатын мағынасы, тек жалаң мағына емес, сезімге әсер ететін бояулы реңкі, экспрессиясы оның информативтік, коммуникативтік ұғымымен біте қайнасып келе тұтас бір «әлем» жасайтыны анықталды.
Прагматика дегеніміз – айтушының ойы, ниеті десек, мәтіннің прагматикалық сипаты мәтін иесінің алдына қойған коммуникативтік мақсатын жүзеге асыруда тілдік құралдарды қаншалықты сұрыптап, талғап қолдануына байланысты. Әрине, сөз таңдауда сол сөз «билік құратын» контекстің мән-мазмұны және қабылдаушы жақтың түсінілім деңгейінің белгілі болуы адресат үшін маңызды болмақ. Осы орайда Тұрсын Жұртбай өзінің «таңдаулы адресаттарына» (ұлттың тарихын, мәдениетін, тілін терең меңгерген орта) арнаған мәтінінде қазақтың тілінің ең шұрайлы, көркем де өткір өрнектерін еркін қолданудан тартынбайды. Қазақ халқының бодандыққа түсіп, бұрыларға жер қалмаған шарасыз қалпын: «Енді бір аттаса – тарихтың шыңырауына құлап, діні де, тілі де, салт-дәстүрі де, ойлау жүйесі де, күнкөріс қам-қаракеті де, түрі мен киімі де, билік пен заң жүйесі де, тәлім-тәрбие ғұрпы да құрып, Басыбайлылықтың жылымы жұтып қоюға әзір тұр еді» [Күйесің жүрек…,14] – деп суреттейді. «Жылымына жұтылу» ұғымы қолданыста бұрыннан бар болуы мүмкін, бірақ «басыбайлылықтың жылымы» Тұрсын Жұртбай қаламына тән жаңа тіркес. Бұл қолданыстың тілдік әсерін сезіну үшін балық, теңіз кәсіпшілігінен хабардар болмай-ақ, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен

терін» оқу да жеткілікті болар еді. Ал автор оқырманының сондай деңгейіне сенімді болғандықтан да, осындай тілдік ойнатуларға еркін барады. Абайды қарабайыр таныммен түсіндірмек болған
«тоңмойындығымызды»: «Біз оның Ең Ұлы Нысанасын, «гүлденген ой өлкесін» жапырақсыз, тамырсыз қалдырдық та, ақ сөңкеге айналған ағаш сияқты жаттанды, сықиған сілтемелермен бүркемеледік» [2, 6] – деп сипаттайды. Сықиған – Қазақстанның батыс өңіріне тән тілдік ерекшелік, мағынасы – «керемет, жақсы». Бірақ «сықиған сілтемелер» тіркесінің астарында мақтау, ұнатудан гөрі мысқылдау, сынау мәніндегі сарказмдық реңк жатырғаны сөзсіз. Сондай-ақ, Тұрсын Жұртбай контексіндегі қылқұрт («халықты жұтатын қылқұрт…»), жаһил («Жаһангер Жаһил – Империя»), инсаншыл («қаншама дана, инсаншыл, әділетті болғанмен…»), делбе қылу («өсек таратып, ақыры делбе қылды емес пе»), жанын қасым етіп («намыс байрағының астына жанын қасым етіп жи- налып»), ғұнсырлық («Отаршылдық биліктің ғұнсырлығына барынша жеккөріншілікпен қарады») тәрізді екінің бірінің қаламына іліге бермейтін поэтикалық қолданыстар (кірме, кәсіби, жергілікті сөздер мен фразеологизм), жазушының тілтану қазынасынан ұсынылған ықтисаттық (экономика), дәбірлер (чиновниктер) тәрізді қазақыланған терминдер, «цыган диуанасы», шам көріп шамкөстік таныту, тіршілік алқымы (Алысқа арқан тартпай-ақ, көптің көз алдында жүрген, тіршілік алқымына назар салу) сияқты тосын тіркестер, Р.Сыздық айтқандай, жазушының идиостилін танытатын «сөз таңдау, сөз құбылту» ерекшелігі, адресант ретінде адресаттың түсінілімін, қабылдауын, әсерлілігін арттыратын әдіс-тәсілі деп түсінеміз.
Көркем тілде фразеологизмдерді контоминациялау (құрамын өзгертіп қолдану) жолымен
әсерлілігін арттыру әдісі бар екені белгілі. Жалпы фразеологизмдер ғасырлар бойы қалыпқа түсіп, құрамын да, құрылымын да, мағынасын өзгертуге болмайтын ұлттың тілдік қазынасындағы поэтикалық-танымдық тіркестер. Ал көркем тілде, шешендік тілде фразеологизмдерді орнымен өзгертіп, құбылта қолданудың да өзіндік әсері үлкен. Тіліміздегі «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген тұрақты сөз тіркесін Тұрсын Жұртбай: «Аға сұлтандар бір-бір қошқар болып алды да бір қазанға бастары сыймады» түрінде береді, ал қазақтың «дәніккеннен құныққан жа- ман» тіркесі: «дәніккеннен кәніккен жаман» деп қолданылған. Бұл жерде автор «кәніккен» сөзінің семантикалық астарындағы «кәнігі болу – үнемі біреуден бірдеңе жырып кетуге, алып кетуге үйреніп, қалыптасып кету» сияқты мағыналық реңкке иек артып отырғаны сөзсіз. Автордың прагматикалық тілінде өз жанынан фразеологизм, парамеология түзу де біршама орын алған: «Пәрменсіздің жанында дәрменсіздің жүретіні заңды», «ішін мидың нәрімен емес, қидың зәрімен нығыздап тастаған», «желігіп, жерініп, жерік боп, ерігіп жүріп», «Абайдың сөзін өзгеге емізіп, тәуелді етіп қойдық»; «Еліктеудің ар жағында – есерлік, желігудің желісінде – жөнсіздік, қызығудың қасында
– көрсеқызарлық, жатсынбаудың жабығында – бәрін бойына сіңіретін жылым жатыр». Дәніккен, кәніккен, пәрменсіз, дәрменсіз, мидың, қидың, нәрі, зәрі, желігіп, жерініп, жерік, еліктеу, есерлік, желігу, желісінде, жөнсіздік, қызығу, қасында, жатсынбаудың жабдығында жылым жатыр тәрізді дыбыстардың үндесімін, әуезділігін шебер ойната білу де Тұрсын Жұртбай-адресаттың қаламына тән.
Тұрсын Жұртбай тілінің прагматикасындағы енді бір әсерліліктің ізі – қазақ халқының тұрмыс- тіршілігіне ғана тән таным-түсінікті сипаттайтын этнографиялық ұғымдарды образдық мақсатта қолдану. Мына сөйлемдердің астарына үңіліп көрейік: «Одан қалғанын түріктен тараған тамырлас бұтақтар өзара бөлісе алмай, бәсіреге түсіріп, ортақ мұраның шалғайын жыртыс қып жыртады»;
«Сондай-ақ, кезі келгенде ойымызды еркін айтып, ақылға салудан, келеге түсуден тартыншақтауды да ар санадық»; «Оның үстіне, бұл түркі тарихының қоламтасын көсеп, тамырын аршитын еңбек емес» [8, 6-7]. Осындағы «бәсіреге түсіру», «шалғайын жыртыс қып жырту», «келеге түсу»,
«қоламтасын көсеу» тіркестерінің әрқайсысы – қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасынан ха- бар беретін этнографиялық қолданыстар.
Тіл білімінде көркем тілдің эстетикалық, мифологиялық әлеуетін, қолданысын зерттеуші А.Потебня енгізген «сөздің ішкі формасы» деген ұғым бар. Сөздің түпкі өзегіне жасырылған, екінің біріне ашыла бермейтін, сол сөздің, тілдің иесі – ұлттың тілдік санасы жасаған мағынасы бола- ды. Міне, осындай өзек-мағынаны ашып, қолдану тілдің майын қалқып ішкен сөз зергерінің ғана қолынан келмекші. Жазушының «Дулыға» аталатын тарихи-танымдық еңбегінде дулыға сөзінің мағынасын түрік сөзімен баламалап түсіндіруі, жер шары атауын кәдімгі жер етістігінен шығарып таратуы Тұрсын Жұртбай-суреткердің лингвистикалық зердесінің тереңдігін танытса керек. Автор жер сөзінің мағынасын: «Жер деген сөздің мағынасының өзі ұлы ұғымдық астардан шыққан. Жер. Біз жердің жемісін жеп, ырыздығымызды айырамыз. Есесіне ол біздің тәнімізді қойнына жасырады, денемізді азық етеді. Көне түркі пайымдауынша: «Түбінде бәрімізді осы топырақ жер, қорек қылар.

Тек жанымыз ғана Көк Тәңіріне ұшып кетпек», – деген қисынмен Жер атанған» – деп түсіндіреді. Әрине, бұл – таза лингвистикалық талдау, ғылыми қорытынды емес, бірақ жазушының суреткерлік зердесінен шыққан оқырманын ойландыратындай тұжырым.
Қорыта айтқанда, Тұрсын Жұртбай-адресаттың қазақ деген адресантқа бағытталған көсем сөзінің тілі қазіргі мәтінтанымдағы адресат – тіл – адресант факторы аясында ғылыми зерттеудің нысаны болуға лайық жүйелі тілдік-прагматикалық құбылыс екені анық.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Сыздық Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы: Арыс, 2004. — 611 б. 2 Жұртбай Т. Күйесің, жүрек… Сүйесің. – Алматы: Санат, 2001. – 408 б.
3 Потебня А.А. Слово и миф. – М.: Наука, 1989.
4 Веселовский А.Н. Историческая поэтика. –Москва: Высшая школа, 1989. – 404 с. 5 Байтұрсынұлы А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы,1989. – 305 б
6 Степанов Ю.С. В поисках прагматики (Проблема субъекта) // Известия Ан СССР. Серия литературы и языка. Том 40. – І № 4, 1981.
7 Есенова Қ. Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы. – А., 2007. -450 б. 8 Жұртбаев Т. Дулыға. 1-кітап. – Алматы: Жалын, 1994. — 368 б.

REFERENCES
1 Raviga Syzdyk. Abai zhaene hazahtyn ulttyh aedebi tili. – Almaty: Arys, 2004. – 611 s. 2 Tursyn Zhurtbai Kuiesin, zhurek… suiesin. – A: Sanat, 2001. – 408 s.
3 Potevnia A.A. Slovo I mif. – M.: Nauka, 1989.
4 Veselovskyi A.N. Istorisheskaia poetika. – M.: Vyshaia shkola, 1989. – 404 s. 5 Baitursynuly A. Shygarmalary. – A.: Zhazushy, 1989. – 305 s.
6 Stepanov Iu. S. V poiskah pragmatiki (Problema subekta) // Izvestia AN SSSR. Seria literatury I iazyka. Tom 40. – № 4. – 1981.
7 Esenova H. Hazirgi hazah media-maetinining pragmatikasy. A.: 2007. – 450 s. 8 Tursyn Zhurtbaev Dulygha. 1-kitap. A.: Zhalyn, 1994. – 368 b.

В статье рассматривается прагматика поэтического языка, своебразные особенности выбора слов и слововыражения писателя-публициста Т.Журтбая. Анализированы теоретические воображения о поэти- ческом языке, о языковом прагматике художника-писателя, о прагматике речи в современном языкознании. Ключевые слова: поэтический язык, язык художника, адресат речи, Турсын Журтбай, выбор слов, кон-
томинация, национальное языковое сознание, сердцевина значении, мифологический потенциал языка

The article discusses the pragmatics of poetic language, peculiar features of the choice of words and the word expression of the writer-publicist T.Zhurtbay. We analyze the theoretical imagination about poetic language, artist- writer`s linguistic pragmatics and about speech pragmatics in modern linguistics.
Kew words: poetic language, artistic language, speaking receiver, Tursyn Zhurtbai, word choice, contamination, linguistic consciousness of the nation, the potential meaning of the mythological language etc,.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *