Р.Қ. ӨМІРБЕКОВА, А.Ж. ЖҰМАҒҰЛОВА
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценттері Алматы қ., Қазақстан
СИНТАКСИСТІҢ НЕГІЗГІ ОБЪЕКТІСІ-ЕСІМШЕЛІ ОРАЛЫМ ЖАЙЫНДА
Мақалада сөз тіркестерін есімді, етістікті деп бөлу олардың басыңқы сыңарларының қай сөз таптары- нан болуы, соның ішінде етістікті сөз тіркестерінің морфологиялық, құрылымдық түрлері рөлінің әртүрлілігі сөз болады.Етістіктердің басыңқы қызметте жұмсалуы мен оның осы қызметтегі ерекшеліктері тура- лы М.Балақаев, Р.Әміров, Т.Сайрамбаев, Ә.Әбілақов т.б. ғалымдар едәуір дәрежеде пікір айтқаны белгілі. Етістіктің басыңқы қызметімен бірге енді басыңқы сыңарларының бағыныңқы сыңарларға ауысу процесіне тоқталмақпыз. Ол үшін етістіктің әртүрлі категорияларының сөз тіркесінің басыңқы сыңарында жұмсалу ерекшелігі, есімшелі оралымның синтаксистегі ең күрделі мәселенің бірі екендігі, бұл сияқты оралымдарды әртүрлі түсіндіру түбегейлі шешім таба қоймаған мәселе екендігі сөз болады Әрине, есімшелі оралымдар- ды нақты айту ең алдымен етістіктің негізгі ерекшеліктерін жан-жақты көрсету арқылы ғана жүзеге
асады. Сондықтан да етістіктің категорияларының сөйлемде қолданылу орындарын айқындаудың да негізгі мәселені шешуге себебі мол тиетіні анық. Басқа сөз таптарына қарағанда етістікті сөз тіркесі сөйлем мүшелері жағынан да едәуір көп айтылып келе жатқан сөз табы. Осыған байланысты бұл жерде етістіктің сөз тіркесі мен сөйлем мүшесінде баяндауыш қызметінде жұмсалуының өзіндік ерекшеліктерін айқындау ең қажет факт екендігі қарастырылады.
Түйін сөздер: етістік, сөз тіркесі, сөйлем мүшесі, баяндауыш, етіс, рай категориясы, сөз таптары, есімше, оралым, бағыныңқы сыңар, басыңқы сыңар.
Синтаксис, оның үлкен бір саласы сөз тіркестері қазіргі кезде жан-жақты зерттеудің объектісі болуда.
Қазақ тіл білімінде сөз тіркестерін М.Балақаев арнайы зерттей келе оның негізгі: а) байланысу формалары,
ә) байланысу тәсілдері,
б) синтаксистік қатынастары,
в) түрлері сияқты басты-басты объектілерін нақтылап, соның әрқайсысы арнайы зерттелу үстінде [1]. Әсіресе сөз тіркестерінің осы объектілерінің ішіндегі олардың түрлерін есімді, етістікті сөз тіркестері деп топтап беру сөз тіркесінің жігін айқындаудағы ең негізгі белгі болып табылса керек. Сөз тіркестерін есімді, етістікті деп бөлу олардың басыңқы сыңарларының қай сөз таптарынан болуына негізделсе керек. Соның ішінде етістікті сөз тіркестерінің морфологиялық, құрылымдық түрлерінің рөлі әртүрлі. Етістіктердің басыңқы қызметте жұмсалуы мен оның басыңқы қызметтегі ерекшеліктері туралы М.Балақаев, Р.Әміров, Т.Сайрамбаев, Ә.Әбілақов т.б. ғалымдар едәуір дәрежеде пікір айтқаны белгілі. Дегенмен, етістік – сан қырлы сөз табы. Сондықтан да олардың басыңқы қызметімен бірге енді басыңқы сыңарларының бағыныңқы сыңарларға ауысу процесіне тоқталмақпыз. Ол үшін етістіктің әртүрлі категорияларының сөз тіркесінің басыңқы сыңарында жұмсалу ерекшелігін сөз етелік. Есімшелі оралым синтаксистегі ең күрделі мәселенің бірі: жоғарыда көрінгендей бұл сияқты топтарды әртүрлі түсіндіру – оның әлі де болса түбегейлі шешім таба қоймағандығын көрсетсе керек. Әрине, есімшелі оралымдарды нақты айту ең алды- мен етістіктің негізгі ерекшеліктерін жан-жақты көрсету арқылы ғана жүзеге асады. Сондықтан да етістіктің категорияларының сөйлемде қолданылу орындарын айқындаудың да негізгі мәселені ше- шуге себебі мол тиетіні анық. Басқа сөз таптарына қарағанда етістікті сөз тіркесі сөйлем мүшелері жағынан да едәуір көп айтылып келе жатқан сөз табы. Осыған байланысты бұл жерде етістіктің сөз тіркесі мен сөйлем мүшесінде баяндауыш қызметінде жұмсалуының өзіндік ерекшеліктерін
айқындау ең қажет факт.
– Күрделі етістіктер:
Сүйіндік, Сүгірбай осындай сылтауды күтіп, қос қанатын қомдап отыр екен. Алдымен көшкен солар болды да, өзге Бөкеншілер де еріксіз тартып кетті (М.Әуезов).
— Салт, сабақты етістіктер:
Бала жігіт бұйрықты орындамады. Үн-түнсіз бұрылды да,өз үйіне қарай жүре берді (Х.Ерғалиев).
— Етістер:
Жүргіншілер келе жатқан қабат-қабат биіктің арасында жатқан жіңішке өзен кейде тарауланып көп салаға бөлініп, кейде иін тіркескен биіктік жартастардың арасынан жалғыз аяқ жолдай болып жіңішкеріп, жыланша иіріледі. Отағасы қозғала отырып сөйледі (М.Әуезов).Сіз қазір пәтеріңізге барып жуынып, тамақтанып, ұйықтап алыңыз (X.Ерғалиев).
— Болымды, болымсыз етістіктер:
Нанарын да, нанбасын да білмей аңырып қалды бәрі (Ғ.Мұстафин). Астыңғы үйдегі бапты аспаз- шы пісірген ыстық самсаны да жеген жоқ (Парасат).
— Етістіктің райлары:
Көп кешікпе, еркем, тамақ піскен кезде кел (С.Мұқанов). Менімен сөйлесіп, осында алып келіңіздер (М.Әуезов). Тағы бір соның лебізін естісек екен. Бірақ алыс жүрсе де, сол Абайда ақыл мен қайрат, тіл мен тәлімнің мол екенін әкесі танитын (М.Әуезов). Осында етістіктердің құрамы жағынан дара, күрделі түрлері, ал етістіктердің морфологиялық құрамы жағынан салт, сабақты етістіктер, етістер, болымды, болымсыз, рай түрлері т.б. жай сөйлемнің баяндауышы немесе құрмалас сөйлемдердің бағыныңқы сыңарлары қызметінде жұмсалған. Осындағы: отыр екен, тар- тып кетті, бұрылды, жүре берді, бөлініп, иіріледі, ұйықтап алыңыз, білмей, жеген жоқ, естісек екен т.б. етістіктері тек сөйлемнің соңында ғана жұмсалуға бейім. Сонда олар сөйлем мүшесі жағынан баяндауыш, ал сөз тіркесінде тек етістікті сөз тіркесінің басыңқы сыңары қызметінде жұмсала ала-
ды. Осы жағынан келгенде, бұл топтағы етістіктер тек етістіктік мағынасын әрі сөйлем мүшесі, әрі сөз тіркесінің басыңқы сыңары жағынан да нақтылай түседі. Етістіктің баяндауыш болу қызметі мен сөз тіркесіндегі басыңқы сыңары сөйлемнің соңында ғана жұмсала ма? деген мәселеге тоқталатын болсақ, мұның өзі етістіктердің әрбір түрінің ішкі ерекшеліктеріне байланысты демекпіз. Жоғарыда аталған етістіктердің сөйлемнің соңында ғана жұмсалуы етістіктердің негізгі қасиеті. Сол сияқты кейбір етістіктер сөйлемнің соңында баяндауыш бола отырып, енді сөйлемнің тек соңында қолданылып қоймай, сөйлемнің ішінде де жұмсалуы көбінесе барлық етістіктердің ішінде тек есімше түріне қатысты. Сондықтан да есімшелерде бірде етістік, бірде есімше де түрленетін деп, олардың өзін осындай ерекшеліктеріне қарай екі жақтан қарастыру үнемі айтылып келеді.
Әрине, есімшелердің әрі сөйлемнің соңында, әрі сөйлемнің ішінде қолданылуының:
а) сөйлем мүшесі жағынан, ә) морфологиялық өзгерісі жағынан, б) тіркесу қабілеті жағынан в) құрамы жағынан өзіндік ерекшеліктері бар.
Егер есімше сөйлемнің соңында келсе, ол үнемі баяндауыш қызметінде жұмсалады да, сөз тіркесінде сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарын құрайды. Енді есімшелердің қандай тұлғаларда басыңқы сыңарда жұмсалатынын қарастыралық.
-ған, -ген, -қан, -кен жұрнақты есімшелер арқылы: Кейбіреу жайдары ашық боламын деп, орын- сыз адамдармен жыртақтаған (Абай). Осы сәлемді ести сала Базаралы атқа мінген (М.Әуезов).
Тарының шықпай қалғанын Айранбай талай айтқан (М.Әуезов). Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, нәзік бел тал шыбықтай бұраңдаған (Абай).
-атын, -етін жұрнақты есімше арқылы: Мағаш пен Кәкітай бұл күндерде орташа кітаптарды, әсіресе жеңіл тілмен жазылған романдарды көп оқитын (М.Әуезов). Осы еңбекті жазуда көп оқығанын, көп ізденгенін айтатын (Жұлдыз).
-ар, -ер, -р жұрнақты есімшелер арқылы: «Білімдіден ақыл шығар, ақылды қарттан нақыл шығар (мақал). Бүгінгі күресте көрсеткен күшіңді өлеңге шығар (С.Мұқанов). Аудан өкілдері қазір ел ішінде болар (Ғ.Мұстафин).
Кейде есімшеге қатысты басыңқы сыңардағы есімше, көсемше тұлғалы етістіктермен күрделі түрде жұмсалуы арқылы: Ел жата Олжабек көше жөнелген (Ғ.Мұстафин). Бұл екі ауылдың арасын- да мұндай қақтығыс ұдайы болып тұратын (Ғ.Мүсірепов).
Есімшелерге есімше тұлғалы е көмекші етістігінің тіркесі арқылы күрделі түрде келе береді. Кеше Маржан келін қымыз ішкен екен (Б.Майлин). Сегіз жүз жылқыдан бір тай қалмаған екен (М.Әуезов).
Есімшеге модаль сөздердің тіркесі арқылы: Гудок бүгін бұрынғысынан ұзағырақ айқайлаған тәрізді (М.Горький). Осы сөйлемдерде есімшелер -ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтын, -итін,
-ар, -ер, -р жұрнақтары арқылы дара, күрделі түрінде сөйлемнің соңында келіп, үнемі баяндау- ыш қызметінде жұмсалған. Бұл есімшелердің етістік тұлғасындағы үлкен бір белгісі. Бірақ есімше үнемі сөйлемнің соңында келіп баяндауыш қызметінде ғана емес, енді сөйлемнің ішінде де келіп анықтауыш қызметінде жұмсалады. Сөйлемнің соңында келіп, сөйлемді біршама тиянақтау нәтижесінде баяндауыш қызметінде жұмсалса, енді сөйлемнің ішінде анықтауыш қызметінде жұмсалуы оның аясының кеңейгендігін көрсетсе керек. Есімшелердің есімдермен тіркесі арқылы олар сөйлем мүшесі, атқаратын қызметі, тіркесу қабілеті жағынан өзіндік өзгеріске ұшырайды. Әрине, есімшелер баяндауыш қызметінде басқа көмекші етістіктермен тіркесіп келе берсе, енді олар анықтауыштық қызметте көбінесе дара жұмсалады.
Жоғарыдағы есімшелер дара және күрделі түрде жұмсалған. Бірінші топтағы басыңқы сыңардағы етістіктермен екінші топтағы есімшелердің басыңқылық қызметі бірдей. Бұған қарағанда, етістіктер осы топтардың бәрінде тек басыңқылық қызметте жұмсалады деп білеміз.
Бірақ зерттеу барысында, осы екі топтағы есімшелі етістіктер басыңқы сыңарда жұмсалады делінгенімен, олардың сөйлемде қолданылу орындары, сөз тіркестерінің басқа сыңарларға ауысу процесі жағынан үлкен айырмашылықтарға ие екенін көреміз.
Жоғарыда айтылғандай, мұның өзі есімшелерге байланысты нақтыланады. Сондықтан да жыртақтаған, айтқан, мінген, бұраңдаған, шығар, болар, айтатын сияқты есімше тұлғалы етістіктер сөйлемнің соңында да, сөйлемнің ішінде де қолданыла алатыны есімшенің әрі етістікті, әрі есімдер сияқты түрленуімен де байланысты болса керек. Есімшелердің әрі етістік, әрі есімдерше түрленуі, түптеп келгенде, басыңқы сыңарлардың кейде бағыныңқы сыңарда да жұмсалуына әкеліп соғады.
Бұл жерде бізге ең қажеттісі – есімшелердің бағыныңқы қызметте жұмсалуы. Есімшелер сөйлемде басыңқы қызметте жұмсалады делінгенмен кейде есімшенің өзі етістіктермен өзара сөз тіркесін құрайтындығы да белгілі. Бұндай кезде есімшелер етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы қызметте де жұмсалады. Есімшелер етістіктермен әрі қабыса, әрі меңгеріле байланысады.
Есімшелердің септік жалғауында етістіктермен тіркесуі Ж.Болатов, Т.Ерғалиев еңбектерінде, сол сияқты синтаксистік оқулықтарда үнемі айтылуда [2;66]. Енді есімшелердің септік жалғауларда бағыныңқы сыңарда жұмсалуын көрсетелік:
— Шырағым, көңіліңді білдіре келгеніңе қатты ырзамын (Ғ.Мұстафин).
— Ұлжан жолдың ұзақ болатынын әбден білетін. Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлім етші,балам –деді (М.Әуезов).
— Ағылшындар тұсында алғанымыздан қалдырғанымыз болатын (Ғ.Мұстафин). Абай Ерболға сүйінгеннен қатты күлді (М.Әуезов). Осы сөйлемде:
барыс септігі — білдіре келгеніңе ырзамын табыс септігі — ұзақ болатынын білетін. тапқаның мен танығаныңды мәлім етші шығыс септігі — алғанымыздан көп болатын сүйсінгеннен күлді.
Осы етістікті сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары етістік екені белгілі. Ал оның бағыныңқы сыңарлары да етістік. Ол етістіктердің барлығы да барыс, табыс, жатыс, шығыс жалғаулы есімшелер. Олай болса, есімшелер етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы сыңарда жұмсалады екен.
Баукеңді құшақтаған бойы біраз уақыт жібермей тұрды (Егемен Қазақстан). Біздің ауылдың мұғалімдері «Егемен Қазақстан» газетін оқыған сайын оған жазылуға талпынуда (Егемен Қазақстан). Осы сөйлемде құшақтаған бойы, оқыған сайын түйдекті тіркестерінің негізгі сыңарлары есімше де оған түйдектелген шылаулар арқылы етістік пен етістік тіркесіп жұмсалған. Осы сияқты құбылыс тек есімше ғана емес, қимыл есімдерінде де кездеседі.
Әр аптаның жұмысында мемлекет басшысы бұл міндеттерді кезең-кезеңімен шешудің мүмкіндіктерін талқылау үшін премьер-министр Ә.Қажыгелдинмен кездесіп тұрмақшы (Егемен Қазақстан).
Есімшелердің етістіктермен қабыса байланысуы тілімізде бар құбылыс болғанымен, олар тілдік жағынан арнайы зерттеу объектісі болып алғаш рет Ғ.Иманалиеваның диссертациялық жұмысында жан-жақты айтылғаны белгілі [3].
Есімшелер тек етістіктермен ғана тіркесіп қоймай, тіпті есімдермен де қабыса байланысып, сөз тіркестерін құрайды. Проф. М.Балақаев бұл мәселеге арнайы орын беріп, есімшенің есімдермен сөз тіркестерін жасауы қалыптасқанын көрсеткен [4]. Бұл мәселе кейін барлық оқулық, ғылыми жұмыстарда орын алды. Әрине, сөз тіркесі қалыптаспай тұрған кезде де есімшелердің есімдерге анықтауыш болуы тұрғысынан сөз болып келсе, енді бұл мәселе әрі сөйлем мүшесі, әрі сөз тіркесі тұрғысынан да арнайы сөз болғаны белгілі.
Есімше етістікті сөз тіркесінде әрі басыңқы, әрі бағыныңқы сыңарда жұмсалса, енді олар есімді сөз тіркесінде үнемі бағыныңқы қызметте ғана жұмсалады деу орынды. Есімшелер есімді сөз тіркесінде
а) -ған, -ген жұрнақтары арқылы:
Жаманның берген асынан. Жақсының айтқан сөзі артық (мақал). Ауру шықпаған жаннан дәмелі.
Жалқау бітпеген малдан дәмелі (мақал).
ә) -атын, -етін, -йтын, -итін жұрнақтары арқылы: Оның сөзіне дәл алғаш кезде жауап айтатын кісі болмады (М.Әуезов). Абайдың жалтақ сөзді сүймейтін мінезін Шұбар жақсы біледі (М.Әуезов). Оқуға ынталанбайтын жас бар ма қазір? (С.Мұқанов).
б) -ар, -ер, -р жұрнақтары арқылы: Қолдан келер жәрдемді көрсеттік (Г.Мүсірепов). Көзің же- тер жерге дейін тігілген үйлер арасында ине шаншар жер қалмағандай (Қ.Исабаев). Әкесі айтар әңгіме әлі таусылмағанын сезген Жамал үлкен адамша алысқа көз тігіп, өзін байсалды ұстап отыр (О.Бөкеев).
Есімшелердің бұл тұлғаларда есімдермен тіркесі анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Есімшенің есімдермен бұлайша тіркесі үнемі айтылып келе жатқанымен, осы есімшелердің есімдермен тіркесінің өзі екі түрлі жағдайда сөз тіркесін құрайтындығын көруге болады. Біріншіден, жоғарыда көрсетілгендей есімшелердің -ған, -ген, -ар, -ер, -р, -атын, -етін, -йтын, -итін жұрнақты түрлері ғана есімдермен тіркесе алады. Екіншіден, осы тұлғалы есімшелер өзінен бұрын тұрған сөздерді өз жетегіне ілестіре келе, сол тобымен өзі қатысты сөздермен бір сөз тіркесін құрайды. Біз бұл жерде есімшелердің алғашқы сөз тіркесінен гөрі оның екінші түрдегі тіркесіне арнайы тоқталуды жөн көрдік. Өйткені, есімшелердің соңғы тіркесінің алғашқы сөз тіркесіне қарағанда өзіндік
ерекшеліктері бар екені айқын. Бұл сөз тіркесінде есімше өзі басыңқы сыңарда бағыныңқылық қызмет атқара отырып, әртүрлі сөз таптарын өзінің жетегіне алып, күрделі топ құрайды.
Есімшелердің бұлайша өзіне қатысты сөздермен бір топ құрауы, оның етістіктің басыңқы сыңарда жұмсалу кезіндегі қасиетімен тығыз байланысты. Жоғарыдағы сөйлемдерде есімшелердің тек басыңқы сыңарда жұмсалуы ғана көрсетілген болатын. Осы сөйлемдерден мына сөз тіркестерін алып қарастыралық:
орынсыз жыртақтаған, ести сала мінген, талай айтқан,
тал шыбықтай бұраңдаған, қазір болар,
ұзағырақ айқайлаған тәрізді, сегіз жүз жылқыдан қалмаған, өлеңге шығар т. б.
Осы сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары есімшелер де бағыныңқы сыңарлары: орынсыз, ұзағырақ — үстеу
ести сала — көсемше, қазір, талай — үстеу, тал шыбықтай — үстеу,
Сегіз жүз жылқыдан — сан есім мен шығыс жалғаулы зат есім, өлеңге — барыс жалғаулы зат есім
Сонда есімшелерге бағыныңқы қызметте осы сөз таптарының үнемі жұмсалатыны етістікті сөз тіркесінен белгілі екені айқын. Бұл есімшелердің етістікті сөз тіркесіндегі негізгі қасиеті деп білеміз. Ал есімшелер енді есімдерге бағыныңқы қызметте алдымен таза түрінде де, екіншіден, сол етістікті сөз тіркесінде де өзіне бағыныңқы сөз тіркесін құрайды. Бірақ осы есімшелер арқылы құралған сөз тіркестерінде басы ашылмаған, әлі де ойлануды қажет ететін мәселелер баршылық. Ол үшін мына сөйлемдердегі есімше қатысты сөз тіркестерін талдап көрелік.
Үйдің қабырғасында тырс-тырс соққан үлкен қабырға сағаттың дыбысы анық естіліп тұр (Ғ.Мұстафин) сөйлеміндегі тырс-тырс соққан сағат – деген күрделі сөз тіркесін талдап көрелік. Негізінде осында соққан сағат болып -ған, -ген тұлғалы есімше мен зат есімнің тіркесі болуы керек. Бұл есімшелі тіркестің негізгі бір қызметі. Осы сөйлемдегі тырс-тырс еліктеуіш сөзінің қай сөзбен сөз тіркесін құрауы ойланарлық жағдай. Еліктеуіш сөздер етістікті сөз тіркестерінде бағыныңқы қызметте жұмсалуы тиіс. Ал бұл жерде ол қалайда сөйлемнің соңындағы естіліп тұр етістігімен ғана сөз тіркесін құрап тырс-тырс естіліп тұр болып пысықтауыштық қатынаста жұмсалуға тиіс еді, бірақ бұл жерде ол қаншалықты естіліп тұр баяндауыштарымен мағыналық жағынан бір келгенімен, сөйлемде өзі қатысты сөзі жағынан ол естіліп тұр күрделі етістігімен тіркесуге тиісті емес, тек соққан есімшесіне ғана қатысты жұмсалған. Осыдан барып, біріншіден, тырс-тырс еліктеуіш сөзінің сөз тіркесіне қатысуы, екіншіден, сөйлем мүшесі болуы, үшіншіден, байланысу формасы, төртіншіден, оған қойылатын сұрау мәселесі жағынан ойлануды қажет етеді. Енді есімшеге тек бір ғана сөз қатысты болмай бірнеше сөз қатар тіркесетін ерекшеліктеріне де тоқтала кетейік:
Шығыстан Барлыбайға карай асатын Бөкенші асуының маңына да созылып барған. Екі аңшы келе жатқан бөктер бетегелі төскей болатын (М.Әуезов). Бұл сөйлемдерде де: Шығыстан Барлыбайға қарай асатын Бәкенші. Екі аңшы келе жатқан бөктер -сияқты топтар да алдыңғы сөйлем іспетті. Алдыңғы сөйлемде тек бір ғана сөз есімшеге қатысты жұмсалса, ал мына сөйлемдердегі сондай сөздер, бірінші сөйлемде шығыс жалғаулы зат есім мен барыс жалғаулы зат есімге түйдектелген шылау арқылы асатын етістігіне қатысты жұмсалса, екінші сөйлемде тіпті әртүрлі сөз таптары, яғни екі есептік сан есімі мен аңшы зат есімі келе жатқан көсемше мен есімшеге қатысты. Қолдағы бар материалдарға қарағанда, сөйлемнің ішінде есімшеге қатысты мұндай топтардың сөз саны жағынан да, сөз табы жағынан да және олардың тұлғалық ерекшеліктері жағынан да әртүрлі екеніне көз жеткізуге болады. Осы сияқты сөйлемдердің ішінде есімше алдында келетін бүкіл етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы қызметте жұмсалатын мына сөз таптарының бәрі де
зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу,
еліктеуіш сөз т.б. сияқты қабыса байланысқан жалғаусыз сөз таптары өздерінің әдеттегі қызметтерінен айрылып, енді есімдердің тобына ілесіп, есімшелі оралым жасайтынына көз жеткіземіз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. — Алматы, 1992.
2 Болатов Ж. Синтаксические функции причастия в казахском языке. Автореф. канд.филол.наук. — Алма- Ата, 1955.
3 Иманалиева Ғ. Қазіргі қазақ тіліндегі шылаулардың синтаксисі. Филология ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін жазылған диссертацияның авторефераты. Алматы, 1994.
4 Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. — Алматы. Мектеп, 1971.
REFERENSES
1 Balakaev M. Kazyrgy kazakh tyly. – Almaty, 1992.
2 Bolatov Zh. Syntaksysheskye funksyi prychastya v kazakhskom yazyke. Avtoref. kand.filol. nauk. — Almaty, 1955.
3 Ymanalyeva G. Kazyrgy kazakh tylyndegy shylaulardyn syntaksysy. Avtoref. kand.filol. nauk. — Almaty, 1994. 4 Balakaev M., Kordabaev T. Kazyrgy kazakh tyly. Syntaksys. — Almaty, 1971.
Р.К. Умирбекова, А.Ж. Жумагулова. Причастный оборот как основной объект синтаксиса
В данной статье речь пойдет о словосочетаниях , которые по своей природе, в зависимости от части речи к которой относится главное слово, делятся на именные и глагольные. Также речь будет идти о мор- фологической и структурной стороне глагольных словосочетаниях, об их исполняемой роли. Известно, что о способах применения и особенностях в использовании глаголов, как главных в словосочетании высказыва- лись ученые М.Балақаев, Р.Әміров, Т.Сайрамбаев, Ә.Әбілақов и др. Помимо всего этого, следует обратить внимание на процесс перехода главного глагола в придаточный. Далее речь пойдет о причастном обороте, как об одной из сложных проблем синтаксисе, и о проблемах многих других оборотов. Приступая к разговору о причастном обороте, прежде всего ,следует осветить все основные особенности глагола. Именно опреде- ление роли глагола в предложении может явиться причиной решения проблем в синтаксисе. В отличии от других частей речи глагольное словосочетание , даже по членам предложении, часто используемая часть речи. В связи с этим , здесь рассматриваются особенности функций глагола в словосочетаниях и предло- жениях, выступающего в роли сказуемого.
Ключевые слова: глагол, словосочетание, член предложения, сказуемое, залог, виды наклонений, части речи, причастие, оборот, придаточное главное.
R.K. Umyrbekova, A.J.Zhymagulova. Participal phrase as basic object of syntax.
This article deals with participial and verbal word-combinations and in what part of speech are their principal pairs including different roles of morphological and structural verbal word combinations. Such scientists as M.Balakaev, R.Amirov, T.Sairambayev, A.Abilakov expressed their opinion about application of verbs in the principal function and their peculiarities. I’d like to pay a special attention to the changing process of principal pairs into subordinate pairs together with the main functions of the verbs. For this particular application of different categories of verbs in the principal function of word-combination and the participial construction is one of the complex problems of syntaxes and another big problem is that different explanations are given to such construction. In order to call clearly the participle construction at first, it’s necessary to show in detail the main particularities of verbs. That’s why identification of verb categories in the sentence assists to make a general decision. Differ from other parts of speech verbal word combinations are widely discussed part of speech. In connection with it to identify the application of verbs in word-combinations and parts of speech as predicate and its peculiarities are necessary fact.
Key words: verb, word-combination, parts of speech, predicate, voice, participle, construction, mood categories, principal pair, subordinate pair.