ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МОТИВТЕР ҚЫЗМЕТІ

 


Д.С. ЖАҚАН
ҚР БҒМ М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклортану бөлімінің аға ғылыми қызметкері

ПРОЗАДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МОТИВТЕР ҚЫЗМЕТІ
(Д.Исабеков, С.Досан, Т.Нұрмағамбетов шығармалары негізінде)

Бұл мақалада қазіргі қазақ прозасындағы ортақ фольклорлық мотивтердің көркемдік қызметі талда- нып, оның әрбір қаламгердің стиліндегі өзгешелігі сараланады.
Түйін сөздер: фольклор, әдебиет, мотив, проза, стиль.

Қазіргі қазақ әдебиетінің прозалық туындыларындағы жалпы фольклорлық заңдылықтар жазушы таланты мен оның алдына қойған мақсатына байланысты әрқилы сипат иеленетіндігі. Бұл кезеңдегі шығармаларға тән басты ерекшелік: ешбір саяси, әдеби шектеулер мен қысым қыспағында қалмай, фольклорлық ой, образ, ұғым-түсініктерді мейлінше еркін пайдалана білуінде. Қаламгерлер тара- пынан да ғасырдан ғасырға сұрыпталып, екшеліп жеткен фольклорлық құндылықтарға қайта оралу мен қызығушылықтың басымдығы көңіл аудартады.
Талантты прозаиктер фольклорлық құндылықтарды өз ой-санасында қайта қорытып, жеке тұлғаның болмыс ерекшелігін ашудың психологиялық құралы дәрежесіне көтере алған. Мәселен, аң мен адам арақатынасы жайлы көне түсініктерді тірілтіп, көркемдік мақсатта пайдалану арқылы бүгінгі оқырман қажетіне жарата білуде А.Алтай шеберлік танытса,фольклорлық түс көру мотивінің көркем шығармадағы кейіпкер характерін ашуға, образ бен ойды айшықтауға жұмсалуы, бейсаналық архетиптердің (бір адамның екіге жарылуы), кейіпкердің жан түпкірінде жатқан құпия қалтарыстарына бойлаудың әдісі ретінде түрленуі қазіргі әдебиеттің фольклорды мүлде жаңа деңгейде пайдаланғанын Т.Әбдіков, М.Мағауин шығармаларынан айқын аңғарылады. Жазушылардың өзекті ойды айту үшін сана түпкіріндегі ғажайып сәтке ену, өң мен түс, ғайып болу, сапар шегу сияқты фольклорлық ұғымдардың авторлық идеямен астасып, шығарманың түпкі қазығы адам жанының тазалығына, ізгілікке оралу ойларымен үндесіп, жымдасып кеткені, яғни, мұндағы фольклор жазушылар үшін адамзатты адамгершілікке үндеудің өзіндік өрнегін салуға себеп болған деп айтуға болады. Мысалы: Д.Исабековтің[1, 242; 368] «Өкпек жолаушы» шығармасындағы
«Әйел-ана» архетипі, «Үй – архетипі» мен «Жол мотивінің» ұлттық ерекшелікке сай жаңаша мәнде жаңғыруы – автордың фольклорға шығармашылық қарым-қатынасының даралық қолтаңбасының айғағы.
Д.Исабековтің кейіпкерінің әжесінің аузынан айтылатын сөз бүкіл халықтың ұрпақ тәрбиелеуге деген аса зор жауапкершілігін танытады. Тек ата-ана емес, туған, туыс, әулет, ауыл-аймақ тұтас елдің оң ниетінде болып, мейірім мен ізгілік құндағында өскен бала ешқашан қаталдық танытпасы анық. Авторлық ой осы мазмұнды меңзейді.
Адам баласы ұрпағының өсіп-өнуіндегі ананың орны көне фольклордан бүгінге дейін түрлі дәрежеде бейнеленіп келеді. Д.Исабеков осы туындысында «Әйел – ана» ұғымына архетип тұрғысынан келген. Себебі, кейіпкер әйелдің бүкіл болмысы, оның әже, аналарының іс-әрекеті, көзқарас, санасы көне ана-еркі замандарынан бастау алатын ұрпақты сақтау, көбейту, дүниеге тек қайырым мен мейірім төгу мазмұнынан нәр алған. Қаншама қайғы-қасірет көрсе де, ошақтың отын өшірмей, бөтенді жатсынбай, бала-шағасын өсіріп отырған әйел тұлғасында көне түркілік Ұмай анаға тән қасиеттер нышаны бар. Шығармадағы әйелден таралып жатқан мейірім, қайырым осыны көрсетеді.
Туындыда қыз баланың ата-анаға жауапкершілігін баса көрсететін мұсылмандық аңыздың негізінде дүние тіршілік бастауы – әйел дейтін ерте анаеркі дәуірінің элементтерімен қатар мұсылмандық миф те астасып жатыр.

Яғни ислам дінінде – Аллаһ тағала әмірлерінен именіп, бойұсынуда болғандар үшін жаннат- тан орын дайындалады деп көрсетілген. Шығармадағы исламдық ұғымдармен қатар көне сенім ізі қыз баланың о дүниеде де қамқоршылық қызмет атқара алатындығы жайлы мотивтен көрінеді. Ол о дүние тозақ, күнә, сауап жайлы исламдық түсініктермен толығып, әйел тұлғасын дәріптеудің көркемдік әдісі ретінде қолданылған.
Шығармадағы басты фольклорлық сипат үй архетипінің шеберлікпен бейнеленуінен де көрінеді. Аталмыш шығарманың негізгі оқиғалық орны болған екі бейтаныс жанға ортақ үйде кездесетін екі адамның бірі: осы үйде ұзақ жылдар қоныстанып, анасы мен тұңғышының шілдеханасын, балалық қылығын қызықтаған, кейін тағдыр тәлкегімен Сібірге кетіп, жиырма жылдан кейін оралған жо- лаушы жігіт пен осы үйдің қазіргі тұрғыны бала-шағасын өсіріп-бағып, жан-жаққа жіберген жалғызілікті әйел. Шығарманы оқып отырғанда үйдің адам өміріндегі маңызы жайлы ежелден келе жатқан таным-түсініктердің бояуы қалыңдай түседі. Фольклорлық түсініктегі үй – тұтастай тұрғыда киелі мәнге ие. Жазушы шеберлігі арқасында бұл мотив кейіпкердің өткен өміріне, туған жұртына, туған үйіне деген сағыныш, аңсау сезімдеріне тереңдей бойлататын психологизмнің бір амалына айналған.
Мифтік ұғым бойынша есік тұтқасы – игерілген кеңістік пен сырт кеңістіктің аралық нүктесі шығармадағы үй есігінің ашылуы, жабылуына мән берілу арқылы да жазушы өткен мен бүгін, өлім мен өмір, ізгілік пен зұлымдықтың ара қатынасын, яғни алмасып жататын өмір құбылыстарын бей- нелеген.
Ал, қазық – негізгі әлемнің үш бағытын: жоғарғы, ортаңғы, төменгі бағытын білдіретін ны- шан. Араға жиырма жыл салып, оралып тұрған жолаушының өзінің әу бастағы мифтік мекеніне оралуының тұспалы. Мұны қазақ «Ат айналып, қазығын табар» деп тұжырымдаған.
Сондай-ақ осы шығармада фольклорлық жол мотиві де көркем қолданылған. Жанның өлмейтіндігі туралы, оның белгілі бір уақыт аралығында дүниеге сапар шегетіндігі жайлы, бақсының, ауру адамның жанын іздеп, мифтік кеңістікті емін-еркін аралайтындығы сияқты жайттар бұл архетипті тудырған себептер. Мифтік ұғымдардағы игерілмеген кеңістікті «бөтен», «жат» деп бейнелеу, жер- леу ғұрпының да негізгі сарындары. Шығармадағы жолаушы – жігіт өз мекенінен ұзақ уақыт қол үзіп, сырт елде тағдыр талқысын көріп, кері оралады.
Фольклорлық кейіпкердің іс-әрекеті жолға шығу, сапар шегумен тығыз байланысты десек көркем әдебиеттегі жол мотиві – уақыт пен кеңістікті біріктіріп, адам баласы өткеніне ой жүгіртіп, тағлым түйдіріп, жанын тазартудың, білімін байытудың әдісіне айналған. Д.Исабековтің жолаушы кейіпкерінің өмір жайлы, әйел, ана жайлы толғаныстары – осының дәлелі.
Түркі халықтарына ғана емес жалпы адамзаттық фольклорлық ұғымдармен астасып жатқан Құс образының, мысалы: Ақбас бүркіт бейнесінің түрлі таным-түсінік тарихын (тотемдік, шамандық, аруақ культі) тоғыстыратын бейне ғана емес, өткен мен бүгінді байланыстыратын мифтік уақыт символында пайдалану шеберлігі де С.Досановтың [2] «Тұйық» романынан байқалып отыр.
Ал іштей түрлі салаларға жіктелетін күрделі құрылымдық жүйе фольклорлық ғұрып-салттың көркем прозадағы сипаты, тақырып пен жазушы идеясына қатыстылығы да күрделі мәселе. Мы- салы: «Жан – кене», «Жан – түйе», «Жан – көбелек», т.б. образдарындағы көне жан туралы мифтік түсініктің заманға сай жаңғыртылуы Т.Нұрмағанбетовтің [3, 233; 348], Ж.Шаштайұлы [4, 163; 370],С.Елубай [5, 13] сияқты жазушылардың шығармаларында обал, сауап, қиянат жайлы халықтық ұғымдарды ұрпаққа ұлағат ету үшін жинақты, тұспалды ой айтудың құралында пайдаланғандығы аңғарылады. Жазушылар кейіпкердің өзін және оның айналасын өлім арқылы сынап, жалғандық пен шынайылықтың бет-бейнесін ашып, адамгершілік эстетикалық мақсатты мұрат тұтады.
Кешегі кеңес кезеңінің өзінде де түрлі тыйымдарға қарамастан, фольклорды шеберлікпен пайдаланудың жолын талантты қаламгерлер таба білген. Табиғаттың дүлей күштерімен бетпе-бетте ерлігімен дараланатын ежелгі аңшы-мерген тұлғасын тірілтіп, тұспалды ой айта білген шығармалар шоғыры да арнайы талдауды керек етеді. Демек, қандай кезеңдерде де фольклор мен әдебиеттің байланысы бірде табиғи, бірде мақсатты түрде үнемі жалғасып отырған. Ал бұл құбылыстың про- за жанрының ерекшелігіне сай бірде айқын, бірде көмескі көрінуі заңдылық. Себебі, поэзияға тән ұшқырлық пен заман талабына тез бейімделу немесе драмаға тән көрермен талабын ескеретін

ықшамдылық қасиеттер прозада өз заңдылығына сәйкес дамиды. Оның үстіне фольклор – әдебиеттен көп бұрын пайда болған, сан ғасырдан бүгінге дейінгі түрлі даму, өзгеру, түрлену жолы- нан өткен өзіндік көркемдік жүйесі қалыптасқан әлем. Сондықтан, әрбір қаламгердің фольклорға қарым-қатынасында тек таланттылық қана аздық етеді. Жоғарыда талданған шығармалардағы фольклордан үйрену, меңгеру, сіңдіру, қайта жаңғырту секілді заңдылықтардың ізі осы ойымызды айғақтайды.
Әрине, екі түрлі күрделі жүйенің өзара терең байланысындағы жалпы түркілік фольклорлық мотивтердің көркемдік қызметін бір мақала толыққанды шешіп бере алмайды. Алайда жоғарыда талданған мотивтерді туыстас халықтар мәтінімен салысыру арқылы тұжырымдар түйіндеу алдағы зерттеулерге негіз боларлық күрделі мәселе екені анық.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Исабеков Д. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 1993. 2 Нұрмағанбетов Т. Айқай. – Алматы, 2001.
3 Досанов С.Тұйық. – Алматы, 2007
4 Шаштайұлы Ж. Жала мен нала. Алматы,1992. 5 Елубай С. Ақбоз үй. – Алматы, 2007.

REFERENCES
1 Ysabekov D. Eki tomdyk shygarmalar zhynagy. – Almaty, 1993. 2 Nurmaganbetov T. Aykay. – Almaty, 2001.
3 Dosanov C. Tuyyk. – Almaty, 2007.
4 Shashtayuly Zh. Zhala men nala. – Almaty, 1992. 5 Elubay S. Akboz uy. – Almaty, 2007.

Жакан Дуйсенгул Советкызы.
Старший научный сотрудник отдела фольклористики института литературы и искусства имени М.О.Ауезова МОН РК.
Функции фольклорных мотивов в прозе (на основе произведении Д.Исабекова, С.Досана, Т.Нурмагамбетова)
В данной статье проанализирована художественная функция фольклорных мотивов,нашедших отраже- ние в современной казахской прозе.Отдельно рассмотрены стилевые особенности каждого мастера слова.
Ключевые слова: фольклор, литература, мотив, проза, стиль.

Zhaqan Duysengul Sovetkyzy.
(Senior Researcher of the folklore department of literature and art institute named after M.O.Auezov MES RK).
Functions folklore motifs in prose (based on works of D.Isabekov, S.Dosan, T.Nurmaganbetov)
In this article analyzes artistic function of general folklore motifs in modern kazakh prose. These motifs in the style features of each creators reviews separately.
Кеу words: folklore, literature, motive, prose, style.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *