А.Е. ИСМАГУЛОВА
филол.ғ.к., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қаласы
ПОЛИЛОГТЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫ-ПРАГМАТИКАЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ
Берілген мақалада полилогтық сөйлеудің негізгі функционалды және прагматикалық ерекшеліктері қарастырылады. Қарым-қатынас адамдарды басқаратын негізгі құрал, кез келген сөйлеу актісі ниетті білдіретін аяқталған минималды сөйлеу бөлігі және нәтижеге жететін вербалды қарым-қатынас әрекетінің бірлігі болып саналады. Хабарламаның (қарым-қатынас актісінің) функционалды сипаттамасы қарым-қатынас бағытына, және коммуникация міндетіне тәуелді болуы мүмкін. Осылайша, қызметтер классификациясы прагматикалық болып табылады яғни, қарым-қатынас құралдарын қолдану арқылы белгілі мақсаттарға жету. Қазіргі кезде бұл қызмет адамдардың әрекеттері мен санасын манипуляциялау құралы ретінде, арнайы мақсатта қолданылады. Ол негативті және позитивті түрде болуы мүмкін.
Түйін сөздер: полилог, семантика, прагматика, қарым-қатынас, қызмет, коммуникант.
«Шынайы өмірде тіл бірдей үш өлшемде қолданылады: семантика, синтактика, прагматикада» [1,3]. Тіл білімі тарихында әр дәуірде әртүрлі философиялық парадигмалар орын алды: семантикалық парадигманың негізінде есім философиясы болды, соның арқасында есім философиясы құрылды; синтактикалық парадигманың ықпалымен предикат теориясы жасалды; ал прагматикалық фило- софия «сөздердің эгоцентристік философиясын» тудырды [1,3]. Ч. Морис семантика, синтактика және прагматиканың арасындағы айырмашылықтарды көрсетті. Синтактика белгілер арасындағы қатынасты ажыратады, семантика шынайы объектілерге белгілердің қатынасын анықтайды, праг- матика адамдар мен белгілердің арасындағы байланысты қарастырады, яғни, қарым-қатынас әрекеті үрдісінде әңгімелесушіге ықпал ету үшін тілді қолдану [2]. Прагматиканың негізгі қағидасы ретінде тілді қолдану Л. Витгенштейннің мағына теориясына [3] (мағына дегеніміз қолдану) және П. Грайстың сөз қарым-қатынасы теориясына сүйенеді [4,67-68].
Прагматиканың негізгі зерттеу объектісі сөйлеуші болып табылады. Тілдегі мағына да жалпы адамның өзіне тән қасиетін айқындайды, оған қоса ол этноорталықтанған, яғни, белгілі этносқа бағытталған, және жеке тұлғаның сөйлеу құралдары мен тәсілдерін таңдауында жеке ұлттық ерекшеліктеріне байланысты. Бұны В. фон Гумбольдттың салыстырмалы тіл білімінің төрт объектісі дәлелдейді: «… тіл және ол арқылы жалпы адамның мақсаттарға жетуі, адамның даму кезеңіндегі шығу тегі және жеке халықтар…» [5,304].
А. Вежбицкаяның пікірінше, тіл өзі белгілі әлем бейнесін суреттейді, сонымен қатар әрбір жеке тіл –жеке әлемдік бейнесін көрсетеді, сол арқылы сөйлеушінің қажеттілігін белгілейді [6]. Осыдан шығатын қорытынды, тілдік мағыналар прагматикалық, мағынаның ерекшелігі негізінде прагматиканың шекаралары айқындала түседі [7].
Субъективтілік – cемантика мен прагматиканы байланыстыратын буын. Тілдің субъективтілігінің орталық обьектісі субъект болып табылады. Осындай тәсіл арқылы прагматиканы семантиканың аймағы ретінде қарастыруға болады, «сөйлеудің өзара ықпалына бағытталған, тілдік бірліктерді зерттейтін; … бұл бірліктер арқылы семантикада сөйлеуші негізгі рөлді атқарады» [8,223].
Семантика, белгілердің мағынасын көрсетсе, прагматика – сөйлеушілердің айтылымды белгілерге қарым–қатынасын көрсетеді. Тілдік бірліктердің семантикасы әртүрлі сөйлеу жағдайларда осы бірліктердің прагматикалық диапазонын белгілеу арқылы анықталады. Семантикалық деңгейге антропоцентристік ерекшеліктерді енгізудің өзі тілдік семантиканың аспектісін айқындай түседі. Осының негізінде, сөйлеу жағдайы арқылы айтылым құрамындағы прагматикалық мағыналар коммуникативті мінездемеге ие болады. Прагматикалық компоненттер сөйлеушінің эмоцияла- ры мен бағасы арқылы жеткізіледі, немесе коммуниканттың шынайы өмір туралы елесі, білімі, тәжірибесі арқылы ұғындырылады.
Кез келген тілдік байланыс ақпарат алмасу түрі ретінде өтеді. Прагматикалық мақсат белгілі ақпараттық міндетті шешуді көздейді, яғни прагматикалық және коммуникативтік мақсаттар сәйкес келеді. Ақпараттар алмасу репликалары кезекті репликадан кейін коммуниканттардың жағдайын өзгертуге бағытталғандықтан, талдаудың негізгі мәселесі – репликалармен алмасу үрдісінде ақпараттардың қозғалыста болуы.
Сөз байланысының прагматикалық шекаралары сөйлеушінің ниетімен байланысты, сондықтан полилогтық сөйлеуде, полилогқа қатысушылардың ниеттерінің соқтығысын көрсететін, тілдің
прагматикалық потенциалын зерттеу маңызды, өйткені, біздің пікірімізше, тіл семантикасының прагматикалық бағыттылығы полилогта қызмет ету жағдайында өте айқын көрінеді.
Коммуникативті функционализмнің көзқарасы бойынша, тіл — адамдар қарым-қатынасының жүйесі ретінде қарастырылады. Функционалды тәсіл арқылы тілді адамдардың сөйлеу қарым- қатынастарының құралы деп алады. Осы тәсілдің мақсаты — сөйлеу әрекеті түрлері мен белгілі қарым-қатынас байланысы жағдайында синтаксис, семантика және прагматиканың құрылымдық түрлерін суреттеу.
Қарым-қатынас үрдісінің заманауи көзқарасы болып жаһанды сөйлеу туралы «әрекеттік» пікір, оны сөз реакциясының жүйесі ретінде емес, белгілі әрекет түрі ретінде, атап айтқанда тілдің бірнеше қызметі бір мезгілде іске асатын сөйлеу әрекеті ретінде қарастыру. Осыдан шығатын қорытынды, аталған жұмыстың зерттеу пәні лингвистикалық прагматика деп аталатын теориялық концепция. Осылайша, бірінші орынға қарым-қатынас сәтсіздігінің пайда болуының белгілі жағдайларын түсіндіру мен талдау шығады. Мұнда олармен байланысты сөйлеу тактикасы, айтылымның иллокутивті күштері, айтылымның прагматикалық мағынасы, сөйлеушінің референ- циясы, прагматикалық пресуппозиция, сөйлеушіннің өзі айтып тұрған сөзіне қатынасы ескерілу керек.
Біз байланыс құралы ретінде тіл туралы айтқанда, ең бастысы тілде шынайылықтың арнайы жалпы адами белгісі бекітіліп, көрсетілетінін меңзеп тұрмыз. Дәл осы қасиетінде тіл екі аспектіде қарастырылады – қоғамдық және жеке, ол осы тілді қолданушының тілдік танымы мен тілді қоғамдық құбылыс ретінде анықтайтын қарым-қатынас үрдісі табиғатымен байланысты.
«Тіл және қоғам» мәселесін зерттеуде, ғалымдар адам әрекетінің әр түрлі орталарда тіл қызметінің заңдылықтары туралы ұғымдарды құрастыруға септігін тигізетін бірнеше категориялар мен түсініктерді анықтап, ажыратты. Ажыратылған ғылыми түсініктер қоғаммен де (социум, тілдік ұжым, сөйлеу ұжымы, қатынас ортасы, байланыс аумағы), тілмен де (тіл, диалект, тілдің ауызша сөйлесу түрі, тілдің жазбаша-кітаби түрі, халықтық тіл, ұлттық тіл, әдеби тіл, атқаратын қызметі бой- ынша әдеби тіл түрлері, функционалды стильдер, тілдің жағдайы, тілдің сыртқы жүйесі, (қоғамдық- байланыс жүйесі және оның компоненттері), тілдік жағдай, тілдік жағдай түрлері, қатынас ортасы және оның түрлері және т.б.) байланысты. Тілдің өмір сүру түрі – ол адами ұжымда қызмет етуінің және оның құрылымдық ұйымдасуының белгілі түрлерінің бірі.
«Қарым-қатынас» термині көпмағыналы: ол, мысалы, «массалық қарым-қатынас құралы» бірлестігінде қолданылады (пресса, радио, телевидидар жайында айтқанда), техникада оны байла- ныс сызықтарын анықтау үшін қолданады, әлеуметтік лингвистикада қарым-қатынас – тілдесудің синонимі.
В.В. Знаков тілдесу дегенді, бастапқы кезде бір-бірінің психолингвистикалық және социолингвистикалық қасиеттерін анықтауға тырысумен мотивацияланатын, соның арқасында тұлғааралық байланыстар құрылатын, субъектілердің өзара әрекетінің түрі деп түсінеді [9].
Сөйлеу қарым-қатынасы қарым-қатынас жағдаятының шеңберінде өтеді. Р. О. Якобсон бойынша, қарым-қатынас актісінің негізгі компоненттері мыналар: адресант – референция, хабарлама, байла- ныс, код — адресат. Референция ( латынша Referre – хабарлау, баяндау) – ол хабарламаның мазмұны. Сөйлеудің қарым-қатынас қызметі референцияның іске асуына байланысты. Адресант – хабарла- маны жіберуші, адресат – хабарламаны қабылдаушы. Р.О. Якобсонның түсінуінше, хабарлама сөзді тудыру үрдісі мен нәтижесі, ал қарым-қатынас актісінің мақсаты – қарым-қатынасқа қатысушылар арасындағы байланысты жүзеге асыру. Қарым-қатынас актісінің берілген құрылымының коды – қарым-қатынас актісіне қатысушылар қолданған тіл немесе оның варианты [10,53].
В.В. Знаков қарым-қатынасты қоғамдық өзара әрекеттесудің мағыналы аспектісі ретінде анықтайды және ондағы өзара байланысты қарым-қатынастық, интерактивті және перцептивті үш жағын ажырату арқылы байланыс құрылымын сипаттауды ұсынады. Сонымен, қарым-қатынас тұлғалар арасындағы ақпарат алмасудан тұрады. Тілдесудің интерактивті жағы байланысатын ин- дивидтер арасындағы өзара әрекеттесуді ұйымдастырудан тұрады. Қарым-қатынастың перцептивті жағы қабылдау үрдісі мен партнерлардың қарым-қатынасы және өзара түсінісу негізінде бір-бірін тануын білдіреді [9].
В.И. Беликовқа жүгінетін болсақ, қарым-қатынас жағдаяты белгілі компоненттерден тұрады: 1) сөйлеуші (адресант); 2) тыңдаушы (адресат); 3) сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы қатынас және олармен байланысты 4) қарым-қатынас тональділігі (ресми – нейтральды — достық); 5) мақсат; 6) байланыс құралы ( тіл немесе оның жүйесінің бірі– диалект, стиль, және паратілдік құралдар –
мимика, жест); 7) қарым-қатынас тәсілі (ауызша\ жазбаша, бетпе–бет \ қашықтықтан); 8) қарым- қатынас орны [11].
Бұл компоненттер – жағдаяттық ауыспалылар. Олардың әрбіреуінің ауысуы қарым-қатынас жағдаятының ауысуына, осыған сәйкес жалпы олардың қарым-қатынас жағдаяты ерекшелігінің және қарым-қатынас құралының өзгеруіне әкеледі. Осылай, қарым-қатынас мақсаты кез кел- ген сөз актісі арқылы жүзеге асады, ал тілдің белгілі қызметтерінің қолданылуымен сөз актісінің түрлері сан алуан. Мысалы, бір нәрсені хабарлағанда, сөйлеуші хабарламаның сөз актісіне жүгінеді және тілді оның ақпараттық қызметінде қолданады, эмотивті байланыста да болуы мүмкін, ол сөйлеушінің ниетіне тәуелді. Өтініш, қорқыту, ант, кешірім, бұйрық сияқты сөйлеушінің интенци- ялары сөз актісінің тиісілі түріне енеді. Олар бір бірінен мақсатына байланысты да, және тілдің әртүрлі қызметінде бірлесу мінезі бойынша да ажыратылады.
20 ғасырдың ортасында ағылшын философы Дж. Остин, ал одан кейін американ ғалымдары Дж. Серль мен Г. Грайс сөйлеу актісі теориясын құрастырды, олар сөйлеу қарым-қатынасы үрдісіне тән заңдылықтардың қатарын және постулаттар мен қағидаттарды ұсынды. Сол постулаттар мен қағидаттарды орындау сөйлеу актісіне не толық сөйлеу қарым-қатынасына сәттілікті қамтамасыз етеді. Осылай, сөйлеу қарым-қатынасы үрдісінде, әр тұлғаның сөйлеу мінезінің ерекшелігі оның сөйлеу актісі спецификасына немесе ерекшелігіне байланысты құрылады.
Адамдар сөйлеу қарым-қатынасы үрдісінде, адресантқа түсінікті болуы үшін, айтылымдар- ды құрастырғанда тіл құралдарын – оның грамматикасы мен сөз байлығын қолданады. Бірақ, берілген тілдегі байланыстың сәтті болуы үшін, тек сөздік қор мен грамматиканы білу жеткіліксіз: тіл бірліктерінің қолданылу шарты мен олардың байланысуын білу керек. Басқаша айтқанда, тілді қолданушы адам грамматикадан басқа, «жағдаятты грамматиканы» да игеру керек. «Жағдаятты грамматика» дегеніміз тілді тек лексикалық бірліктердің мәніне және олардың сөйлемдегі байла- нысу ережесіне сай ғана қолдану емес, сонымен бірге сөйлеуші мен адресант арасындағы бай- ланысу ерекшелігіне, олардың байланысу мақсаттары мен тілді қолданушының коммуникативтік құзыреттілігін құрайтын тіл білімімен бірге басқа факторларға да тәуелді.
Тілді игеру білімінен айырмашылығы бар және коммуникативтік құзыреттілікті құрайтын бай- ланысу дағдыларының сипатын, былайша айтқанда жанама сөйлеу актілері мысалында көрсетуге болады. Жанама сөйлеу актісі дегеніміз мақсаты мен мәніне сай келмейтін форманы айтамыз. Бұл сәйкессіздік екі зияткерлік «білу» және «қолдану» категориялары арасындағы фундаментал- ды айырмашылықты көрсетеді. Мысалы, тілді білу пассивті болуы мүмкін, ал тілді қолдану тіл құралдарымен байланысу кезінде белгілі белсенді дағдылардың болуын білдіреді.
Тілді меңгеруде тек қана грамматика мен лексиканы білумен шектелмейтіні анық. Жеке тұлға қандай да бір қарым-қатынас дағдыларына ие болуы тиіс. Яғни адам өзінің тілдік білімін практика- да, белгілі бір ситуацияда қолдана алуы тиіс.
Полилогтық қарым-қатынас сөйлеуші адам мен тыңдаушы адам тарапынан екі жақты қарастырылуы тиіс. Сөйлеуші адамның сөзі, оның белгілі бір тілдік бірліктерді таңдап, қолданып отырған контекст ішіндегі сөздер жиынтығы. Тыңдаушының жауапты реакциясы айтылған сөзге деген көзқарасы. Таңдау және тыңдау процестері әрине сөйлеуші мен тыңдаушының өмірлік тәжірибелік біліміне байланысты [9,18].
Сөйтіп, полилогтық тіл аясында мағыналық компоненттерді кодтау және декодтау прагматикалық шартталған. Себебі сөйлеу актісіндегі сөйлеуші мен тыңдаушының өзара қарым-қатынасы олардың ментальді және әлеуметтік іс-тәжірибесіне тікелей байланысты.
Сөйлеу актісі сөйлеушінің ниеті мен қандай да бір сөздер жиынтығын және сол сөздер жиынтығынан шығатын қорытындыны байланыстырушы вербалды қарым-қатынастың бірлігі болып есептеледі. Сөйлеу актісінің прагматикалық қызметі, ең алдымен сөйлеуші тұлғасының қоршаған ортаға деген әсер ету актісі немесе өзіне деген әсері, сонымен қатар адресатқа берілетін әсер актісі болып табылады [11]. Ғылыми әдебиеттердегі «сөйлеу актісі», «сөйлеу жанры», «сөйлеу тактикасы», «сөйлеу стратегиясы» ұғымдары әр түрлілігін анықтау барысында, бұл ұғымдардың әр қайсысы әр түрлі деңгейдегі абстракциялық зерттеуге сәйкес келетінін көрсетті. Сөйлеу актісінің моделі, сөйлеу жағдайының компоненттерін көрсетеді. Сөйлеу жанрының модельдері әдеттегі ситуацияларға немесе қарым-қатынас барысындағы әңгіме тақырыбына байланысты болады. Сөйлеу стратегиялары сөйлеуші тұлғасының ұстанатын құндылықтарымен, ережелерімен шартта- стырылады. Сөйлеу тактісі сөйлеу жанрының құрылымдық компоненті және сөйлеу стратегиясын жүзеге асыру тәсілдерінің бірі болып табылады.
Дж. Серль және Дж. Остин сөйлеу актісінің теориясы көптеген функцияларды орындауға бағытталған деп есептейді. Мысалы синтаксистік үрдіс — толық бір жүйе деңгейіндегі заңдылықтар
ізденісі. Бұл заңдылықтар қанағаттанарлық қарым-қатынасқа бағытталған интеграциялық меха- низм.
Сөйлеу әрекетінде антропоцентристік тәсіл өзекті болып келеді, себебі тіл әрқашанда даму үстінде жүретін динамикалық жүйе ретінде қарастырылады. Сондықтан да лингвист ғалым адамның нақты ішкі жан дүниесінің шынайы кейпін аша отырып, адам мен қоршаған ортадағы, сонымен қатар, іс-әрекет пен тіл арасындағы байланысты орнататын және интенция, яғни сөйлеушінің ішкі ниетін анықтайтын фунцияларды анықтай алуы тиіс. Сөйлеу актілерінің теориясында антропоцентристік бағыт сөйлеушінің ішкі ниетіне, яғни, сөйлеу түрінің иллокутивті күшінде байқала бастайды [13,39].
«Айтылым» иллокутивті күштің, белгілі бір илокутивті типіне жатады. Бұл айтылымның коммуникативті–прагматикалық типтерін анықтауға мүмкіндік береді. Дж. Остиннің функцияға және ниетті айтылымға негізделген классификациясы вердикативті, экзерситивті, коммисивті, бехабитивті және экспозитивті сөйлеу актілерін бөліп көрсетті. Кейіннен Дж. Серль иллокутивті күштердің әр түрлілігіне және оның пропозиционалды мазмұнына қарай жіктеді: 1) берілген типтегі актының мақсаты бойынша; 2)психологиялық күйлер бойынша (сенім, ниет, ықылас); 3) иллокутивті мақсаты бар күш; 4) сөйлеуші мен тыңдаушының өзара қарым-қатынасы; 5) сөйлеушіге тыңдаушының тарапынан айтылған көзқарасы; 5) дискурстың қалған бөлігінің байланысы бойын- ша; 6) иллокутивті күшті көрсетуші пропозиционалды мазмұны бойынша [14,43-44].
Дж. Серльдің пікірі бойынша, пайымдау актілерінің негізгі сипаттамасы пропозиционалды мазмұнға деген сөйлеушінің сендіру сөзі. Лингвистикада иллокутивті актінің бұл түрін -констатив- тер деп атайды. Адресанттың сөйлеу ниетіне байланысты констативтер жоғары және төмен әсер ету прагматикалық нұсқалары арқылы ерекшеленеді. Алғашқысына эмоционалды бейтарап айты- лымдар жатады. Екіншісіне автордың сипаттамасы мен адресанттың айтылған фактілерге берілген жағымды немесе жағымсыз жеке көзқарасы. Сөйлеу актілерінің директивті типтерінің мақсаты тыңдаушыны бір істі орындауға көндіру. Олар қажеттіліктер мен қалау, тілектерді білдіреді. Сөйлеуші тыңдаушының жауапты реакциясын себептендіреді. Комиссивті сөйлеу актілері арқылы сөйлеуші келер шақтағы орындайтын міндеттерімен өзін және тыңдаушыны байланыстырады. Экспрессивті сөйлеу актілері тыңдаушының іс-әрекетіне деген сөйлеушінің эмоционалды реакциясын білдіреді. Мұндай сөйлеу актілері баламалылық және мазмұнын білдіруі жағынан талқыланады. Жағымды әлеуметтік баға дұрыс болған сөйлеу актісінде көрінеді. Иллокутивті актіні ерекшелеу полилогтық сөз түрінің прагматикалық мағынасын анықтауға мүмкіндік береді: бұл жерде айтылған сөздердің формаларына емес, қатысушылардың айтқан сөздерінің мазмұнына көп көңіл бөлінеді. Сондықтан да, коммуникативті ситуацияның параметрлері, қарым-қатынастың уақыты және орны, адресант пен адресаттың жеке мінездемесі мен сипаттамасы сияқты ерекшеліктерді ескеру қажет. Әсіресе тыңдаушының сөйлеушінің айтқанын қабылдау түрі маңызды болып келеді. «Айтылған сөз» бен «тыңдалған сөздің» арасындағы қашықтық имплицитті қорытындылармен толықтырылады. Имплицитті қорытынды тыңдаушының есте сақтау қабілеті мен біліміне байланысты болады [15].
Имплицитті мағынаның екі түрі бар: пресуппозициялы имплицитті мағына және имплицитті
коммуникативті мағына [15].
Бір жағынан алып қарағанда, жаңадан айтылған сөзді өңдеу барысында, ақпарат алушы оның мағынасын өзінің бастапқы білімі арқылы түсінеді. Екінші жағынан алып қарағанда, айтылған сөзге жауапты реакция сөзі алынған ақпарат негізінде жасалған қорытынды болып табылады. Сөйтіп, сөйлеу интеракциясы коммуниканттардың пресуппозициясы, яғни олардың базалық білімдерімен тығыз байланысты.
Қорытындылай келе, қарым-қатынас адамның өмір сүру шарты болып табылады. Адамның филогенезі және онтогенезі адамның қарым-қатынассыз қалыптасуы мүмкін еместігін дәлелдейді (К. Ясперс). Қарым-қатынастың бірқатар рөлдік функцияларын ажыратып, көрсетуге болады. Ең алдымен қарым-қатынас ол адамның өз менін көрсету тәсілі, яғни, адам қарым-қатынас барысын- да қоршаған ортасына өзінің менін, өз жеке қасиеттерін көрсетіп, өз-өзін мойындатады. Сонымен қатар қарым-қатынас әлеуметтік білімнің қалыптасу негізі, себебі ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілген білім қарым-қатынастың негізінде пайда болып, жинақталып отырды.
Қарым-қатынас адамдарды басқарудың негізі болып келді. Қазіргі заманда бұл қызмет адамдардың санасы мен іс-әрекетін жаулап, манипуляциялау немесе басқаруға айналып кетті. Мұндай жағымды және жағымсыз құбылыстар экономикада және саясатта, адамдардың арасындағы жеке қарым- қатынаста да байқалып жүр. Қарым-қатынас адамның өмір сүру қажеттілігі және оның бақытының бір шарты. Себебі қарым-қатынас адамның жеке басы үшін маңызды, әр адамның іс-әрекетінің бейсана қажеттілігі, оның мотивтері де жасырынды. Соның ішінде қарым-қатынастың белгілі бір
объектіні таңдау және оған бағытталу сияқты сипаттамалары бірінші орынға шығады. Мұндай қажеттіліктер достық және махаббат сияқты қарым-қатынас түрлерінде байқалады.
Қарым-қатынастың рольдік қызметтері оның құндылығын кем дегенде екі аспектіде қарастыруды ұсынады:
— қоғамдық-маңызды және жеке нәтижеге жетуге бағытталған, утилитарлы-прагматикалық аспектіде;
— өзіндік құндылық аспектісінде – қарым-қатынас үшін қарым-қатынас, оның мәні өз ойын айту және партнердың рухани құндылықтарына жақындайтын және сол арқылы өзінің құндылықтарының көбейтетін адамдардың рухани азығы.
Қарым-қатынастың құралдары мен каналдарынан тәуелсіз, біз арнайы хабарламаны жеткіземіз, мысалы, басқа адамдарға ескерту үшін (жол белгілері мен дауыс айғайы), басқа адамдарға ақпарат беру үшін (телемәтін немесе пресс-релиз), бір нәрсені түсіндіру үшін (оқулық немесе эксперимент жоспары), көңіл көтеру үшін (анекдот немесе көркем фильм), бір нәрсені суреттеу үшін (докумен- тальды фильм немесе ауызша әңгіме), біреуді көндіру үшін (Ақшаларыңызды жинақ кассасында сақтаңыздар! деп ұран тастайтын плакат).
Қарым-қатынастың мақсаттары түрлі қажеттіліктерге қызмет етеді: өмір сүру, басқа адамдар- мен ынтымақтастық, жеке қажеттіліктер, басқа адамдармен байланысты жалғастыру, адамдарды басқаша әрекет жасауға немесе басқаша ойлауға көндіру, басқа адамдарға билік жүргізу (мұнда на- сихат та жатады), қоғамдастықтар мен ұйымдарды біріктіру, ақпаратты алу және хабарлау, әлемді және ондағы өз тәжірибелерімізді түсіну (сенім көзі, өзіміз туралы, адамдармен байланыс тура- лы, шынайылық туралы ойымыз), шығармашылық табиғаттың және қиялдың көрінуі. Р. Димблби мен Г. Бертон біздің қажеттіліктерімізді төрт топқа бөледі: жеке, қоғамдық, экономикалық және шығармашылық (artistic expression).
Адамның қажеттіліктерін суреттеу үшін, американдық психолог Абрахам Маслоу ұсынған, кесте-пирамиданы жиі келтіреді. Оның мотивациялар концепциясына сай, біздің қажеттіліктер иерархияны құрайды, яғни жеке тұлғаны қалыптастырудың жоғары және биологиялық негізді қажеттіліктері бар. Маслоудың пирамидасында бес деңгей бар: физиологиялық қажеттіліктер (тамақ, сусын, секс); қауіпсіздік қажеттіліктері (баспана, киім, қауіпсіздік сезімі); қарым-қатынас қажеттіліктері (махаббат, достық, отбасы, белгілі адамдар тобына ену); сыйластық қажеттіліктері (өз-өзін сыйлау, адамдардың сыйлауы, билік); жеке тұлғаны қалыптастыру қажеттіліктері (өз пікірін айту, шыңайылық таныту).
Хабарламаның (қарым-қатынас актісі) функционалды мінездемесі оның бағыттылығына, негізгі қарым-қатынас міндетіне тәуелді болуы мүмкін. Р.О.Якобсон алты функционалды қызметті анықтады: эмотивті, конативті, референтивті, поэтикалық, фатикалық, метатілдік. Ол ұсынған әрбір қызмет қатысушыларға немесе қарым-қатынас элементтеріне байланысты. Кейбір ғалымдар (А.А. Леонтьев, Н.Б. Мечковская) сиқыр немесе қарғыс қызметін, этникалық қызметті, биологиялық қызметті (жануарлардың қарым-қатынасы үшін) қосады. Атақты психолог және лингвист Карл Бю- лер әр сөз актісінде көрінетін тілдің үш қызметін анықтады: сөйлеушімен байланысты экспрессивті қызмет, тыңдаушымен байланысты қаратпа (апеллятивті) қызмет және сөйлесу пәнімен байланы- сты хабарлама (репрезентативті) қызметі. Хабарламаны жіберуші өз ойын айтады, тыңдаушыны қаратады және қарым-қатынас пәнін байқатады.
Қарым-қатынас пен тіл қызметінің дәстүрлі екі не үш түрі бар, олар бір-бірімен алмасып та, ау- ысып та жатады. Тіл, ең біріншіден, танымдық (когнитивті) немесе ақпараттық қызметті атқарады деп есептеген: идеялар, түсініктер мен ойды білдіру және оны басқа коммуниканттарға жеткізу. Екінші қызметі – бағалау: жеке баға мен пікірін айту, үшінші – аффективті: эмоциялар мен сезімді жеткізу. Әлеуметтік лингвистика бойынша жұмыстардың атақты америкалық авторы Роджер Т.Белл, аталған қызметтермен гуманитарлық ғылымдардың үш аумағын сәйкестендіреді: лингвистика мен философия (когнитивті қызмет), әлеуметтану мен әлеуметтік психология (бағалау қызметі), психо- логия және әдебиеттану (аффективті қызмет). Р. Димблби мен Г. Бертон қарым-қатынас актісі мен хабарламаның алты қызметін атайды: ескерту, кеңес, ақпарат, сенімділік, пікір айту, көңіл көтеру.
Тіл қызметінің тағы бір қызықты моделі австралиялық лингвист М.А.К. Хэллидейдің есімімен байланысты. Хэллидейдің жүйесінде үш макрофункциялар бар, оларға жеке тұлғаның тілдік даму үрдісінде тағы да баланың тілдік мінезіндегі жеті дискретті (жеке) қызметі қосылады. Хэллидейдің ойынша, ересек адамның әр актісі кем дегенде бір қызметті атқарады. Хэллидейдің жүйесіндегі үш макрофункция – идеялық, тұлғааралық және мәтіндік. Идеялық дәстүрлі когнитивтіге жақын,
бірақ, оған қарағанда кең, өйткені ол «тәжірибені көрсету», бағалау және аффективті аспектілерді қамтиды. Тұлғааралық қызмет сөйлеушінің сөйлеу жағдаятындағы ролін, басқалармен өзара әрекеті мен жеке мүддесін көрсете отырып, индексальды және регулятивтіні қамтиды. Дәл осы қызмет әлеуметтік топтар жіктелетін, ал жеке тұлғаны дамыту мен өзара әрекеттесуге мүмкіндік алатын, әлеуметтік қатынастарды орнату мен сақтауға көмектеседі. Мәтіндік қызмет сөйлеу актілерін құрылымдаумен – грамматикалық жағынан дұрыс және жағдайға сәйкес сөйлемдерді таңдаумен
– байланысты. Хэллидей функционалды грамматиканы таңдау грамматикасы деп жайдан жай атаған жоқ. Хэллидейдің моделі тілді шартты-жағдаятты қолдануда суреттеуге мүмкіндік береді. Онда бір жағынан, семантикалық компонент әлеуметтікпен сәйкестендірілсе, екінші жағынан
– лингвистикалық компонентпен шарттастырылады. Хэллидейдің пікірінше, семантика кірерде әлеуметтік, ал шығарда – лингвистикалық. Сонымен, семантика – әлеуметтік және лингвистикалық жағдаяттар (мәтінмен және белгілі сөйлеу актісіндегі тіл құралдарымен) арасындағы уақытаралық құрама деңгей. Қызметтің бұл классификациялары прагматикалық болып есептеледі, яғни, белгілі мақсатқа жету үшін қарым-қатынас құралдарын қолданумен байланысты.
Осылай, қарым-қатынастың жалпы қызметтері, өмірдегі және адам мен қоғам әрекетіндегі орны туралы сөз қозғауға болады. Сонымен қатар, жеке қарым-қатынас актілерінің қызметі туралы айтуға болады. Жеке бір қарым-қатынас актісінде бірнеше қызмет қатар келуі мүмкін, олардың ішінде біреуі немесе екеуі негізгі анықтауыштар болады. Қызметтердің қайсысы жетекші екенін есепке ала отырып, қарым-қатынас актісінің жүйесін құрастыруға болады. Қарым-қатынастың функци- ялары қарым-қатынас моделіне негізделіп, қарым-қатынастың қатысушылары мен элементтеріне
«бекітілген» бола алады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Степанов Ю.С. В трехмерном пространстве языка. – М.: Наука, 1985. – 3.
2 Агапова С. Г. Основы межличностной коммуникации (английский язык) / Серия «Высшее образование».
– Ростов н/Дону.: Феникс, 2004. – 288 с.
3 Витгенштейн Л. Логико-философский трактат / Пер. с нем. Добронравова и Лахути Д.; Общ. ред. и пре- дисл. Асмуса В. Ф. — М.: Наука, 1958 (2009). — 133 с.
4 Грайс Г. П. Логика и речевое общение // Новое в зарубежной лингвистике. Вып. 16Ж Лингвистическая прагматика. М., 1985. – С. 67-68.
5 Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. – М.: Прогресс, 1984. – С. 304 6 Вежбицка А., Язык, культура, познание. – М.: Русские словари, 1996.
7 Wierzbicka А. Cross-cultural Pragmatics: The semantics of Human interaction. – Berlin, 1991.
8 Падучева Е.В. Семантические исследования. Семантика времени и вида. Семантика нарратива. – М.: Школа «Языки русской культуры», 1996. – С. 223
9 Знаков В.В. Психологический журнал. Том 26. – № 1. –С. 18-28.
10 Давыдов М. В. Пособие по интонации английского языка. М.: Высшая школа, 1975. – С. 53. 11 Беликов В. И., Крысин Л. П. Социолингвистика. – М., 2001
12 Андреева Г.М., Богомолова Н.Н., Петровская Л.А. Cовременная зарубежная социальная психология.
Тексты – М.: Изд-во Моск. Ун-та, 1984. – С. 88.
13 Леванова А. Е., Брайан О. В. Прагматика пресуппозиций в диалогической речи // Прагматические усло- вия функционирования языка: Сб. н. тр. Кемерово, 1987. – С.39.
14 Нариньяни А. С. Функциональное представление речевого акта в формальной модели диалога // Диа- логовое взаимодействие и представление знаний: Сб. н. тр. Новосибирск, 1985. – С. 43-44.
15 Searle J. R. Background Meaning // Speech theory and Pragmatics. 1980.
REFERENCES
1 Stepanov Yu. S. V trekhmernom prostranstve yazyka. – М.: Nauka, 1985. – S.3.
2 Agapova S. G. Osnovy mezhlichnostnoi kpmmunikacii (angliyskiy yazyk) / Seriya «Vysshee obrazovanie». – Rostov n/Donu: Feniks, 2004. – 288 s.
3 Vitgenshtein L. Logoko-pholosophskiy traktat / Per. S nem. Dobronravova I Lakhuti D.; Obsch. Red. I predisl.
Asmusa V. F. — М.:Nauka, 1958 (2009). — 133 s.
4 Grais G.P. Logika I rechevoe obschenie // Novoe v zarubezhnoi lingvistike. Vyp. 16Zh Lingvisticheskaya pragmatika. М., 1985. – S. 67-68.
5 Gumboldt V. Izbrannye trudy po yazykoznaniu. – М.: Prograss, 1984. – S. 304. 6 Vezhbitzka A. Yazyk, kultura, poznanie. – М.: Russkkie slovari, 1996.
7 Wierzbicka А. Cross-cultural Pragmatics: The semantics of Human interaction. – Berlin, 1991.
8 Paducheva E.V. Semanticheskie issledovaniya. Semantika vremeni I vida. Semantika narrative. – М.: Shkola
«Yazyki russkoi kultury», 1996. – S. 223.
9 Znakov V.V. Psikhologicheskiy zhurnal. Тоm 26 № 1. – S.18-28.
10 Davydov M.V. Posobie po intonacii angliyskogo yazyka. М.: Vysshaya shkola, 1975. – S.53. 11 Belokov V.I., Krysin L.P. Sociolingvistika. – М., 2001.
12 Andreeva G.M., Bogomolova N.N., Petrovskaya L.A. Sovremennaya zarubezhnaya socialnaya psikhologia.
Teksty– М.: Izd-vо Моsk. Un-tа, 1984. – S. 88.
13 Levanova A. E., Brayan O.V. Pragmatika presuppoziciy v dialogicheskoi rechi // Pragmaticheskie uslovia funktsionorovania yazyka: Sb. n. tr.Kemerovo, 1987. – S.39.
14 Narinyani A.S. Funktsionalnoe predstavlenie rechevogo akta v formalnoi modeli dialoga // Dialogovoe vzaimodeistvie I predstavlenie znaniy: Sb. n. tr.Novosibirsk, 1985. – S. 43-44.
15 Searle J. R. Background Meaning // Speech theory and Pragmatics. 1980.
А.Е. Исмагулова. Функционально-прагматические характеристики полилога
В данной статье рассматриваются основные функциональные и прагматические особенности полило- гической речи. Общение выступает основным средством управления людьми, любой речевой акт является единицей вербальной коммуникативной деятельности, соединяющей намерение, завершенный минимальный отрезок речи и достигаемый результат. Функциональная характеристика сообщения (коммуникативного акта) может быть дана в зависимости от его направленности, его основной коммуникативной задачи. Таким образом, классификация функций является прагматической, то есть, связанной с употреблением ком- муникативных средств для достижения определенных целей. В настоящее время функция используется це- ленаправленно как средство манипуляции сознанием и действиями людей, причем как в негативном, так и в позитивном плане.
Ключевые слова: полилог, семантика, прагматика, коммуникация, функция, коммуникант.
A.E. Ismagulova. Functional pragmatic characteristics of a polilogue
The article deals with the functional and pragmatic peculiarities of a polilogue. Сommunication is a main means of managing people, any communicative act is a unit of verbal communicative activity which connects intention, completed minimal speech part and achieving result. Functional characteristics of information (communicative act) may be given on dependence of its direction, its basic communicative task. Thus, functions’ classification is pragmatic, i.e. connected with the use of communicative means to achieve definite aims. Nowadays, the function is used purposefully as a means of consciousness manipulation and people’s actions, at that of negative and positive plans.
Keywords: polilogue, semantics, pragmatics, communication, function, recipient.