ОҚУ МӘДЕНИЕТІ – ОҚЫРМАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

 

Ж.Б. ӘБДІБЕК
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Астана

ОҚУ МӘДЕНИЕТІ – ОҚЫРМАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

Мақалада оқырман шығармашылығы қарастырылады. Оқырманның оқу үдерісіне физиологиялық және мәдени қасиеттердің әсері ғылыми тұрғыда талданады. Әлемге танымал әдебиет зерттеушілердің, сыншылардың ғылыми ой-пікірлері салыстырылып, түйінделеді.
Түйін сөздер: оқырман, қаламгер, оқу, шығармашылық, мәдениет, оқырман әлемі, қабылдаушы.

Оқырман шығармашылығы – оқырман санасын, оқырман болмысын, оқырман мәдениетінің көрінісін қарастыратын салалардың бірі болып табылады. Онда жеке оқырман тәжірибесі мен өзге оқырмандармен өзара әрекеттесу тәжірибесі жинақталып, жүзеге асырылып, тұлғаның эмоциялық және интеллектуалды дамуы орын алады. Оқырман санасына – «оқырман шындығын, оқырман әлемін бейнелеудің жоғары түрі» жатады.
Оқырман оқыған дүниесін қабылдап, танып, қиялынан өткізіп, бағалап қана қоймай, сонымен бірге оны түрлі тұлғалық және қоғамдық қажеттіліктеріне сай өз санасына икемдеп, одан алған таным-тағлымын өмір тіршілігінің өзге түрлерінде (кәсіби, бос уақыт, жанұялық-тұрмыстық және т.б. ) қолданады.
Игерілуіне ақыл да, сезім де, қиял да қатысатын сөз шығармашылығының негізгі табиғаты оқырман әрекетінің эстетикалық, танымдық және ойшылдық әрекеттен тұратындығының фактісімен түсіндіріледі.
Әдебиет оқырманға эмоциялық түрде әсер етіп, интеллектуалдық және сезімдік ләззатқа бөлейді. Оқырман ғылыми шындықтың немесе моральді доктринаның мазмұнын тікелей игеретін болса, онда туындының мазмұнын түсіну үшін оны толық бастан кешіру қажет. Көркем мәтінді эстетикалық, бейнелік жақтан қабылдап, түсіну мүмкін емес, себебі ол қызығушылық танытылған эмоциялық-тұлғалық жауап қайтарумен қатар жүріп отыру керек. Кітапты сүйіп оқымайынша оның бойына салынған құндылықтарды тану да, ұғыну да мүмкін емес.
Өкінішке орай, қазіргі заманғы рационалды қоғам адами сезімділікті жетілдірудің мағынасын жеткілікті түрде бағаламайды. Осы кезде адамзат тіршілігінің және әрбір жекелеген индивидтің өмір тарихы өмірдегі көптеген нәрселердің логикалық емес сезімдік, эстетикалық әрекеттестік деңгейінде анықталатындығын және шешілетіндігін көрнекі түрде көрсетіп отыр. Ж.Ж.Руссоның сөздерін мысалға алсақ: «Тек қана ойланатын адам – жай ғана бұзылған хайуан» деген. Эмоцияны бастан кешіру адамның рухани өмірінің ерекше саласын құрайды, ал тұлғаның ақылының даму деңгейі, адамгершілік ұстанымдары эмоциялық қабылдау негізінде анықталады. «Эмоциялық ба- стау адами «меннің» болып танылатын бүкіл болмысынан көрініс табады. Оны адамның мінезінен, тәртібінен, әлемге деген, кітап пен оқуға деген қатынасынан бөліп қарастыруға болмайды» [1;12].
Көркем бейнелілік құралдар арқылы жақсылық пен жамандықтың табиғаты туралы мәңгі этикалық әңгіме өз жалғастығын табады. Тұсында В.Г.Белинский: «Адамгершілік мәселесін өнер мәселесінен айыру жарыққа, жылуға және жану күшінен отты бөліп салу сияқты мүмкін емес» [2;76],- десе, Ю.М.Лотман: «Полярлы бастаулары өзара шиеленісте болған кезде ғана жүзеге асы- рылады. Өнердің тек қана этикалық тұрғыдан қабылдануының мүмкін еместігін жоққа шығаратын эстетиканың табандылығы, осы секілді дәлелдерге негізделеді. Этика және эстетика өнердің екі жігі секілді бөлінбейді» [3;109] – деп өнер мен адамгершілік арақатынасының мәселесі күрделі мәдениеттану проблемасы екенін анықтап берген болатын. Мәселен, ғалым – өнердегі этикалық құндылықтардың өсуін, көркемдік әлемнің өмір шындығына қарағанда еркіндіктің жедел артуы- мен ерекшеленсе, соның арқасында өнер «моральдан тыс қалуымен» түсіндіріледі. Ол тек тыйым салынған нәрсені ғана емес, сонымен бірге мүмкін емес нәрсені де мүмкін етеді. «Әдеби сюжет- тер адамды еркіндікке қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, оның сол сәтте сезінген сезімдерін зерттейді. Сөйтіп, кез келген өнер туындысы қиял еркіндігіне беріліп, оның өзгеріп тұруына мүмкіндік беріп, кейбір норманы орнатады» [3;110]. Ю.М.Лотман өнердің өмір шындығына қатысты
«еркіндік аумағы» немесе «данышпан қасиеті» деген ойларын ұсынады. Бірақ бұл еркіндікті сезінудің өзі өнердің шындық болмысына көз жеткізген бақылаушыны білдіреді.
Жаратушының еркімен көркем образдарға айналған этикалық құндылықтардың әсер етуі ғаламат күшіне ие бола тұра, тұлғаның құндылықтар жүйесін қалыптастыру құралы болып табыла-

ды. Мәселен, жазушы неғұрлым талантты болған сайын көркем тілі соғұрлым жарқын, ұстанатын идеяларының ықпалы күшті болып, жасаған көркем бейнесі ықтималдықпен жүзеге асырылады.
Кейбір сыншылардың пікірінше жағымды әдеби кейіпкер міндетті түрде еліктеуге тұратын үлгі болуы тиіс. Рас, бұл үдеріс әдебиеттің ролін едәуір жеңілдетіп, туындының дидактикалық сипатқа ие болуына қол жеткізеді. «Кейіпкерді «тым мінсіз» ететін шектен тыс дәріптеушілік оқырманның теріс реакциясын тудырады, себебі образды таза абстракцияға айналдырады» [3;67]. Бұл, оқырманның белгілі бір қасиеттері мен сапаларын ойсыз көшірмелеуге әкеп соқтырып, әдебиеттің өзінің ең басты қызметінен – ойға, рефлексияға, шығармашылыққа әсер ету қасиетінен айырылатындығына себепкер болады..
Көркем шығарма оқылу барысында ғана оқырманның игілігіне айналады, себебі қаламгер туындының этикалық құндылықтарын құрастырмайды, ол оқу әрекеті барысында жүзеге асатын үдеріс. В.О.Скитневский: «Оқу дегеніміз – пәлсапалық ету, яғни адам табиғатына тән ішкі әлемін жасап, ғаламның заңдарын тануға көмектеседі. Оқудың мағынасы «оқылған нәрсеге өз қатынасын қалыптастыру мен өз түсінігіңді көптеген өзгелермен қатар қоюдан тұрады… Өзгеше айтқанда, оқу
– бұл негізінен диалогтық, тіпті полилогтық әрекет, ал оқырманның оқылған нәрсеге қатысты өзін айқындайтын, жастар үшін өз жолын анықтайтын, таптырмас мектеп болып табылады» [4;18].
Көркем шығарманы түсіну және талдау қабілетін дамыту қоршаған ортаны түсіну дағдыларын жетілдірумен тікелей байланысты. Оқырманның ойлау әрекетінің қабілетіне оның көркем бейнені қабылдау және қаламгермен диалог құра білуі тікелей байланысты. Қаламгер әрқашан оқырманның пікіріне құлақ арта отырып, оның бейтарап ойына, эмоциялы жауап қайтаруына, образдарды құру қабілетіне, ассоциативті байланыстардың белсенділігіне көңіл бөледі.
Г.Лихтенбергтің ойынша «оқу дегеніміз «қарыз алу», ал соның негізінде жаңалық ашу – «сол қарызды қайтарумен» бірдей». Осыған дейін жаралған нәрседен жаңа нәрсені жасау оқырман шығармашылығы деп танылды. Ол тек көркем әдебиет үшін ғана емес сонымен бірге мәтіндердің өзге түрлері үшін де айрықша болды. Оқырманның ғылыми мәтіннен алған білімі – сұрақтар мен мүдделердің түрлендірілген және ойша байланысқан жаңа дерлік ғылым бола тұра, өзге біреудің ойын қабылдау ғана емес, өз ойының пайда болуы болып табылады. Яғни, Н.А.Рубакиннің ай- туы бойынша: «Оқу дегеніміз – бұл өзгелердің ойларының көмегімен өз ойыңды тудыру». Де- мек, оқырманның шығармашылығы – оқу үдерісі кезінде оның көңілінде туындайтын ойлар мен сезімдердің, образдардың және сұрақтардың жүйелі түрде көрініс тауып жататындығы. Оқудың жаратушы әрекет ретіндегі концепциясы соңғы жылдары кеңінен зерттеліп жатыр. Мәселен, XIX ғ. В.П.Острогорскийдің, В.Я.Стоюниннің еңбектері бастау алса, М.А.Рыбникова, Н.А.Рубакин, Л.С.Выготский, В.А.Сухомлинский ары қарай дамытты. Ал эстетик В.Ф.Асмустың 1960-жылдардың басында жазылған «Еңбек пен шығармашылық түріндегі оқу» атты мақаласында оқырман шығармашылығы туралы ғылыми ойлар көрсетілген. 1980-жылдардың аяғында А.М. Левидовтың «Қаламгер-образ-оқырман» еңбегінде дүниетанымдық тұжырымдамалар жасалды. Концепция мағынасы бойынша оқу дегеніміз – бұл табиғат жағынан әдеби шығармашылықпен ұқсас, «адам өмірінің бүкіл рухани саласына сүйенетін және оған тікелей тәуелді болатын ой мен қиялдың, сезімдердің, ақылдың көрініс табатын шығармашылық түрі болып табылады» [5;124].
Оқу – бұл тек эстетикалық және интеллектуалдық ләззаттың қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар әлемді тану әдістерінің бірі. Әдебиет туған тілге қарапайым түрде шолуға мүмкіндік береді, оның құпияларын ашады. Әрбір әдеби шығарма «өмір энциклопедиясының» үзіндісі болып та- былады. Әдебиет – өнердің өзге түрлерімен қатар, ұлттың тарихи шежіресін жасайды, идеологи- яны тудырып, ұрпақтар арасындағы ауыспалылықты жүзеге асырады. Адам әдебиеттің көмегімен қоршаған орта және әлем туралы ең дәл және өзге ғылымдардың көмегімен қол жеткізе алмайтын дүниелерді танып білуге мүмкіндік береді. «Өнер туындысы адамның және ол тұратын қоғамның не екенін философиялық немесе психологиялық тұрғыдан емес, біздің тәжірибемізді неғұрлым анық көрініс тауып жатқан образдардың көмегімен түсінуге мүмкіндік береді» [5;156]. Сонымен қатар, оқу тілдесу дағдыларын қалыптастырады, өзін өзі тануға көмектеседі, ойды дамытып, жеке сөздікті қалыптастырып, байытады.
Оқу өмірдің өзі сияқты көп өлшемді, себебі өмір көркем шығармада өзінің қарапайым ағымында ашылады. Әдебиеттану тәсілі ретіндегі бұл көркемдік шындықты көптеген ойшыл- дар мен суретшілер мойындайды. Мысалы, Р.Барт: «Әлемдік әдебиеттің қарастырмаған бір де бір ғылыми материясы жоқ; әдеби шығарма әлемі бәрін бойына сыйдырады және білімнің бүкіл түрлерін қамтиды» дейді [1;79]. Сөз өнерін адам мен әлем қатынасына байланысты қызықтыратын бағыттары: тұлғаның өзіне, басқа адамдарға, адамзат пен оның тарихына, табиғатқа, материалдық және рухани мәдениетке, ғаламға қатынасы болып табылады.

Көркем қабылдау үрдісі көптеген факторларға негізделеді, бәрінен бұрын оқырманның қаламгер ойының мазмұнын түсінуге дайындығы мен жеке «түсіну көкжиегіне» байланысты болады. Сондықтан оқырман әрекетінің біліктілігі немесе оқу мәдениеті туралы айту өте орынды.
Оқу мәдениеті – бұл шығарманы оның бүкіл тереңдігімен және тұтастығын қабылдай білу қабілеті, оны қаламгер мен оқырман арасындағы дәнекер ретінде түсіну керек. Яғни, оқырман көркем мәтін арқылы қаламгермен «келісім диалогын» (М.М. Бахтин) құрып, сонымен қатар ол мәтінде қарастырылған ақпаратты (жазушы өмірбаянының деректері, тарихи оқиғалар, әдебиеттану ғылымының мәліметтерімен және т.б.) өз түсінік талғамы бойынша салыстыра отырып қабылдайды. Оқу мәдениетін игеру – бұл қаламгерді түсіну, қаламгер мен оқырман арасындағы тілдесу, әңгіме болып табылады. Әңгіменің дәнекері мәтінде жатады, оқырман мәліметтер мен ресурстар (тілдік, интеллектуалдық, мәдени, рухани және т.б.) негізінде талдау жасайды. Оқу – қаламгер мен оқырманның диалогы, бірақ керісінше емес екендігін есте сақтау қажет. Мәтін мазмұны – бұл қаламгердің ашқан жаңалығы, оның әлемге деген көзқарасы, дүниетанымын сөзбен жеткізген
еңбегі.
Көркем мәтінді дұрыс түсіну емес, толыққанды түсіну жайлы айтқан жөн болады. Шығарманы толыққанды түсіну әдеби дамудың жоғарғы деңгейін көрсетеді және оқырман тұлғасының қалыптасуына себін тигізеді. Ол эстетикалық бағалардың болуымен, оқылған нәрсеге тұлғалық қатынаспен, мазмұн мен форма, логикалық және образдық, эмоциялық нәрсенің бірілігін қабылдаумен сипатталады. Көркем мәтінді толыққанды қабылдау – бұл жасырын мағыналарды, об- раздарды, сөздердің астарына көңіл бөлу, ашық айтылмаған ойларды, сезімдерді танып білу .
Оқырман қандай да болсын бір шығарманы неғұрлым тереңірек және толығырақ қабылдаса, шығарма соғұрлым тұлғаға үлкен әсерін тигізеді. Оқу қабілетінің дамуына оқылған нәрсенің көлемінің әсер етуі тым аз. Оқу әрекетінің дағдыларын жетілдіру үшін сапаның – ненің және қалай оқылғанының мағынасы зор. «Әрине, оқуда (жеке әңгімедегі сияқты) қаламгер кім (немесе әңгімелеуші) екені зор маңызға ие. Арзан, жоғары көркем құндылықтарымен ерекшеленбейтін ро- манды оқу ояу жүріп, түс көргенмен бірдей. Мұндай оқу нәтижелі реакцияны туғызбайды; мәтін телевизиялық шоудың немесе біз теледидарға қарап, тұрып шайнайтын қытырлақ картофель сияқты тез жұтылып кетеді» [2;98]. Қаламгер-әңгімелесушіні таңдай білуден оқырман сауаттылығының деңгейі көрінетіндігі сөзсіз. Бірақ «егер, әсіресе, оқушылардың нені оқу керектігі туралы мәселе қоғамдық санада жиі пайда болатын болса, онда біздің қалай оқитынымыз жайлы мәселе тек қана аясы тар мамандарды, соның өзінде аз қызықтырады» [5;97].
А.М. Левидов 1930-жылдардың өзінде-ақ «Көркем әдебиетті оқуды үйрету», «Көркем әдебиетті оқу мәдениетін арттыру» мәселесінің маңыздылығын атап көрсетті. Біздің уақытымызда, қызықты бағдарламалар мен әдістемелік құралдардың, оқудың алуан түрлі техникалары мен тәсілдерінің көптігіне қарамастан, бұл мәселенің маңыздылығы төмендеген жоқ. Мұндағы басты мәселе – мақсаттар мен құндылықтардың анық жүйесінің жоқтығы.
Айтылған нәрсе негізінде мәдениетті (білікті, эстетикалық дамыған, ойдағыдай) оқырманның образын қайта құруға болады.
Мәдениетті оқырман – бұл «кітапқа деген қажеттілігі бойына терең тамыр жайған» адам [5;89]; ол үшін әрқашан өзге мәтін мен өзге мағынаның (қаламгердің) тұлғалық маңызы бар; оған оқыған нәрсені ұғыну мен оған өз қатынасын қалыптастыру әдеті де тән. Біздің ойымызша, мәдениетті оқырманның бойында төменде көрсетілген қасиеттер болуға тиіс:
— көркеммәтінарқылықаламгермен диалог құруға, оныңкөзқарасындұрысжәнежауапкершілікпен түсінуге дайындық болу керек;
— сыншыл ойлауға, шығармашылық пен рефлексияға, туынды және онда бейнеленген өмірлік құбылыстар туралы өзіндік пікір түюге қабілетті болу керек; сыншыл сараптамаға – «мәтінді жәй түсініп қоюдан гөрі неғұрлым күрделі үрдіске қабілетті болумен қатар, оқырман өз дүниетанымы бар және оны қаламгердің дүниетанымымен салыстыратын тұлға ретінде көрінеді»;
— «мәтінді бақылаудан туған туынды мағынасы жайлы сұрақтар мен болжамдар, оның құрылымы мен кейіпкер әлемі «құрылысын» сараптаудан – синтезге көшуге мүмкіндік беретін тәсілдерін білу, яғни туындыны оның аспектілері мен элементтерінің байланыстары мен арақатынастарының тұтастығында түсінуге көшу»;
— шығармада оқиғалардың орын алатын уақыттың атмосферасына еніп кетуге ұмтылу; басқа ешбір жазба көзінде сақталмаған өте сирек білімді қабылдауы;
— сөз өнерінде дамыған әсершілдік; қаламгер сөзін оның бүкіл эмоциялық астарларын және қосымша мағыналық бояулар мен мағыналарды тани білу, оның артында тұрған көру және есту об- раздарын қайта жасау қабілеті;

— ассоциативті ойлау, уақытпен және кеңістікпен бөлінген оқиғаларды салыстыра білу. Оқырман мәтіннен «қарап, оқып» қана қоймай мәтінді қабылдау үрдісіне өзінің білімдерін, ойларын және өзінің өмірлік және оқырмандық тәжірибесінің өзге де құрамдас бөліктерін қосу керек;
— рухани құндылықтар туралы кең түсінік болу керек (идеалдар туралы қатаң тұрмыстық ойларға, тұрмыстық логика заңдарына сүйеніп, шығарылған этикалық нормаларға қарамастан);
— көркем образдардың тілін білу керек;
— көркем білімге негізделген әдеби талғамның болуы, кітаптарды өз бетінше, түсінікпен, дәлелді түрде таңдау қабілеті болу керек;
— шығарманы форма мен мазмұнның, объективті бейне мен субъективті айту бірлігінде қабылдай білу қабілетке ие болу керек. Жақсы оқырман көркем шығарманы өз бетінше қабылдауға қабілетті; адамзат пен халықтың жасаған өнегелі құндылықтарын сақтап, аударып отыратын мәдениеттің бөлігі ретіндегі әдебиетті түсіну керек.
Идеалды оқырманға кең түрдегі сипаттаманы В.З.Осетинский берді: «Идеал оқырман — кітапты оқуды бастаған сәттен оны түсіну қиындығын бастан кешіреді; Әр уақытта бұл кітапты түсінудің не екені және оны қалай жасайтындығы жайлы өзіне сұрақ қояды. Ол әдебиеттің не екендігі ту- ралы түрлі ұсыныстармен және мәтінді түсінудің түрлі тәсілдерімен таныс болады. Оның ойында
«тарихшы» мен «формалист», Лотманның оқушысы мен Бахтиннің жақтаушысы, ақын мен байсал- ды ғалым диалог құрады. «Гамлеттің» идеалды оқырманы ешқайда асықпайды. Ол трагедияның қалай «жасалғанын», Шекспирдің нені ойлағанын және оның өзінің трагедиядан нені ашқанын,
«Гамлеттің» XVII ғ. басында қалай оқылғанын және XXI ғасырда қалай оқылатынын түсінуге ты- рысып, трагедияны ұзақ және қайта-қайта оқиды. Ол трагедия әлеміне шомып отырып, өзін батырға теңейді, — сол кездің өзінде мәтінді жайбарақат сараптап, оның құрылу тәсілдерін, өтпелі себептерін, қос мағыналылығын байқайды. Ол «Гамлеттің» Англияда жазылғанын және оның мәселелер жиынтығы дәл осы дәуірде туындағанын үнемі есінде сақтап жүреді. Және сол кездің өзінде бұл трагедияны Шекспирдің Беккеттің немесе Софоклдың пьесаларына қайтарған жауабы ретінде қабылдап, оқиды. «Идеалды оқырман», қайталап өтейік, түрлі теориялардың және дискурстердің негіздерін біледі және оларды диалогта қиылыстыра алады, ол бұл қабілетті жаңа мәтіндерге қолданып, үнемі дамытып, жетілдіріп отырады. Оның тек ғана көркем шығармаларды емес, бірақ сонымен қатар теориялық-әдеби зерттеулерді, кітаптар туралы ой білдіретін әдебиеттанушылардың, сыншылардың, ақындардың зерттеулерін оқитындығы түсінікті. Мұның өзінде оған тек зерттеу нәтижесі ғана емес, ойлау тәсілі де қызық» [4;204].
Дарынды жазылғанкітапдарындыоқырманныңболғанын қалайды. Рас, оқу– бұл шығармашылық, кейде тіпті өнер (оқырман дарындылығының деңгейіне қарай). Оқу техникасын жетік меңгерген адам ғана өзін осы жағынан көрсете алады. Сондықтан бастапқы әдебиеттанымдық дайындық қажет. Ол оқу қабілеттерінің дамуына бағыт беріп, оқырман шығармашылығын жетілдіреді, өз әсерлерін айырып, қарауға, оларды рационалды-ұғымдық өңдеуге ұшыратуға ұмтылатын, білікті, дамыған оқырманды тәрбиелеуге көмектеседі.
Өнерден рахат алу үшін өз бойынан көркемдік түсінудің жоғары мәдениетін дамыту қажет, яғни оқуды арнайы үйрету және үйрену керек. Алайда көркем мәтіннің мағынасын түсінуге арналған оқырманның өз бетінше әрекеті болуы тиіс. Сөз шығармашылығы табиғатының өзі мәтінді түсіну мәдениетін дамытуға және шығармашылық ойлауға, зерттеу мен тануға итермелейді. Қаншалық қиын болғанына қарамастан, бұл үрдіс қызық, себебі әлем мен адам туралы ерекше мағыналар мен білімдерге толтырылған поэзия әлеміне үңілуіне мүмкіндік береді. «Адам бір күні кітаптың таңғажайып құпиясына қолын тигізіп, «онымен мәңгілік ауырады»».
«Оқуға деген сүйіспеншілік талантты және ереше адамдардың қасиеті» деген С.В. Федоровқа қарсы шығу қиын [3;102]. Оқу дарындылығы – әрекеттің кез келген саласындағы табыстың негізі болып табылады, сондықтан ол өзіне деген ерекше ұқыпты қатынас пен көңіл бөлуді талап етеді. Оқу әрекетінде визуализация қабілеті, рефлексия мен рухани ізденіске қабілет жүзеге асырылады, психикалық және ой үрдістері, көркем образдар тілімен берілген қаламгер ойын түсіну арқылы шындыққа қол жеткізу үрдісіне тартылатын адамның эстетикалық қабілеттері мен қажеттіліктері жетілдіріледі.
Қорыта келгенде, жоғарыда көрсетілген теоретиктердің оқу табиғатына қатысты пікірлері сәйкес келмесе де эстетикалық оқу қабілеті оқырманның тұлғасына байланысты екен атап өтті. Бір зерттеушілер керемет нәрсенің түсінілуін таза физиологиялық қасиет ретінде, екіншілері – тәрбиенің, білімнің, жинақталған көркем тәжірибенің нәтижесі түрінде қарастырды. Негізі шындық біздің ойымызша соның орта белінде: нақты адамның оқуына физиологиялық (көру, есту, сезіну

қабілеттері) қасиеттер де, мәдени қасиеттер де (сауаттылық, түрлі мәтіндерді оқу тәжірибесі мен арнайы білім) әсер етеді.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Асмус В.Ф. Эстетика теориясы мен тарихының мәселелері: мақалалар жинағы/ В.Ф. Асмус: Искусство, 1968.- 244 б.
2 Барт Р. Таңдаулы жұмыстар. Семиотика. Поэтика. – Москва: 1994.- 375 б.
3 Белинский В.Г. Д.И. Фонвизин шығармаларының толық жинағы.// Белинский В.Г. Тоғыз томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Москва: Художественная литература, 1976. — 195 б.
4 Бородина В.А. Тұлғалық оқырман ретінде дамуы: теориялық-әдістемелік аспектілер. ф.ғ.д. диссертациясының авторефераты. – СПб.: СпбГУК, 2007. — 124
5 Прозоров В.В. Оқырман және әдеби үдеріс. – Саратов: Саратов атындағы университет баспасы, 1975.
– 211 б.

REFERENCES
1 Asmws V.F. Estetika teoriyasi men tarihining maselelerі: maqalalar jinaghi./ V.F. Asmws: Iskwsstvo, 1968.- 244 b.
2 Bart R. Tangdawli jumistar. Semiotika. Poetika. – Moskva: 1994.- 375 b.
3 Belinskiy V.G. D.I. Fonvizin shigharmalarining toliq jinaghi.// Belinskiy V.G. Toghiz tomdiq shigharmalar jinaghi. 2-tom. – Moskva: Hwdojestvennaya literatwra, 1976. — 195 b.
4 Borodina V.A. Tulghaliq oqirman retіnde damwi: teoriyaliq-adіstemelіk aspektіler. f.gh.d. dissertaciyasining avtoreferati. – SРb.: SpbGWK, 2007. — 124
5 Prozorov V.V. Oqirman jane adebi uderіs. – Saratov: Saratov atindaghi wniversitet baspasi, 1975. – 211 b.

В данной статье рассматривается творчество читателя. Проанализированы влияния читательского процесса на физиологическое и культурное восприятия читателя. Сопоставляется и обобщается научные взгляды всемирных литературоведов и критиков.
Ключевые слова: читатель, писатель, читать, творчество, культура, мир читателя, восприятия.

This article creativity of the reader is considered. Influences of reader’s process on physiological and cultural perceptions of the reader are analysed. It is compared and generalized scientific views of the world literarycritics and critics.
Keywords: a reader, writer, to read, work, culture, world of reader, perception.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *