ГОДОНИМДЕР ТАРИХИ-МӘДЕНИ ДЕРЕККӨЗ РЕТІНДЕ

 

Ш.Қ. ЖАРҚЫНБЕКОВА1, Ж.М. ҚОҢЫРАТБАЕВА2, М.Қ. КАИРОВА3, Ә.Т. ҚОЖАЕВА4
филол. ғ. д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры1, филол.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті2, филол.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы

ГОДОНИМДЕР ТАРИХИ-МӘДЕНИ ДЕРЕККӨЗ РЕТІНДЕ

Мақалада Астана қаласының ономастикалық кеңістігі аясында годонимдердің қала өмірінің тари- хи дамуы мен мәдени өсуіне тигізер ықпалы жөніндегі мәселе қозғалады. Годонимдердің грамматикалық, семантикалық және семиотикалық қырлары тарихи кезеңдерге негізделіп, салыстырмалы түрде қарастырылады. Кезеңдік салыстырмалы зерттеу годонимдердің тарихи-мәдени, саяси код ретінде Елор- да тарихының әр кезеңіне өз таңбасын салып отырғандығын ашып көрсетеді. Бұл мәселе тарихи-саяси шындық Астана қаласының мемлекеттік мұрағат деректері арқылы сараланады. Сонымен қатар, Астана қаласы годонимдер кеңістігінің бүгіні семантикалық «шоғыр» мен семиотикалық ұстанымның ұлттық ны- шанды бірліктер көрсеткіші екендігі талданады.
Түйін сөздер: ономастикалық кеңістік, қала ономастиконы, урбаноним, годонимдер, тарихи-мәдени дереккөз, орталық өзек.

Белгілі бір қаланың ономастикалық кеңістігі орталық өзектен (ядродан) және шеткері өзектен (периферия) тұрады. Орталық өзек деп қала онимдерінің ерекше әрі басты негізі – урбанонимдер (яғни, қаланың ішкі нысандарының атаулары) танылса, ал шеткері өзекке жалқы есімдердің қалған барлық түрлері (прагмонимдер, эргонимдер, менсонимдер, дромонимдер, т.б.) жатқызылады. Аста- на қаласының ономастикалық кеңістігінің орталық өзегі – годонимия (урбанонимнің ерекше түрі) тұтас тарихи-мәдени дереккөздер арнасы болып табылады. Годоним термині гректің «жол, көше, арна» деген сөздерінен шыққан, ол урбанонимнің бір түрі ретінде қала ішілік желілік нысандар
– даңғыл, көше, бульвар, жағалау, т.б. атаулары дегенді танытады [1,50-51]. Астана қаласының қала мәртебесін алғаннан бергі кезең ішінде (1862 жылдан бері) годонимия жүйесі тарихпен бірге өзгеріп, құбылып, түрленіп келеді, сондықтан бүгінгі Елорда тарихын шынайы сөйлетуде оны жан- жақты зерттеудің маңызды екендігі сөзсіз.
Бірден айтарлығы, Астана қаласының годонимдер кеңістігі «көп қабатты»: онда төңкеріске дейінгі жұрнақтар, кеңестік кезең кезіндегі билік саясаты, тәуелсіздік алған жылдардағы бұрынғы атауды қайта беру сынды сипаттар сақталған. Бұлардың ішінде, әсіресе, кеңестік кезеңнің бояуы қала атауларына қатты сіңген. Себебі кеңестік билік кеңестік қалалар деп аталатын мәдени-тарихи орталықтарға өзінің ерекше «ұстанымын» жүргізді.
Ономастика ғылымының тарихында годонимия мәселесін зерттеуде оның грамматикалық, семантикалық және семиотикалық қырларына мән берудің маңыздылығы ескертіледі [2, 111]. Алғашқы тәсіл годонимдердің тілдік модельдерін анықтауда жұмсалды. Годонимдер жүйесіндегі бұл құбылыс қазақ ономастикалық кеңістігінен де орын алды. Астана қаласының төңкеріске дейінгі және кеңестік кезеңдегі ономастиконында сындық типтегі модельдер ерекше «қызмет етті». Қаланың көше, даңғыл, алаң атаулары -ский, -ская, -ный, -ная секілді сындық мән тудырушы типтік атауларға толы болғанын аңғаруға болады. Мәселен, ХІХ ғасырдың соңы — ХХ ғасырдың басындағы қала годонимдік жүйесінің 60-70 пайызы адъективті типтегі атауларды құрады. Театральная, Цер- ковная, Большая Базарная, Малая Базарная, Хлебниковская, Училищная, Мещанская, Степная, т.с.с. годонимдер сипаты — соның айғағы. Ақмоланы өз иелігіне алуды көздеген Ресей отаршылары қаланың ономастикалық келбетін, яғни тілдік-мәдени тағдырын үнемі қадағалап отырды. Атауы жоқ

көшелерге ат тағылды. Бұл жөнінде Ж. Қасымбаев мынадай тарихи дерек келтіреді: «1914 году по решению думы получили наименования все доселе безымянные улицы города. Так в Акмоле появи- лись Думская, Крепостная, Гостинодворская, Больничная, Омская, Мечетная, Караванная и другие улицы» [3, 106]. Бұл тәсіл кеңестік кезеңде Астана қаласының годонимдік жүйесінде «өнімділігін» тіпті арттыра түсті. Оның астарында қала келбетін кеңестендіру (советизация), орыстандыру (ру- сификация) саясаты жатқан еді. ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап бірқатар өзгерістерді басынан өткерген қала онимдері бұл тұста тіпті «жаңа леп» алды. 1920 жылдың 16 қарашасында «Ұлы Қазан Төңкерісінің» 3 жылдығының атап өтілуіне байланысты бұрынғы көше, алаң атауларын жаңаша ата- улармен алмастыру қаралды. Сөйтіп, «Ақмола қалалық уездік атқарушы Президиумы отырысының хаттамасында бірқатар көше атаулары қайта ауыстырылады: батыстан шығысқа қарайғы Училищная көшесі Коммунистическая болып, Малая Базарная көшесі Пролетарская болып, Береговая көшесі Интернациональная болып, Хлебниковская көшесі Октябрьская болып, ал оңтүстіктен солтүстікке қарайғы бағыттағы Мещанская көшесі Гражданская болып, Соборная көшесі Первомайская бо- лып, Больничная көшесі Красноармейская болып, Думская көшесі Коммунальная болып қайта аталды» [4, 236]. Қала годонимиясының грамматикалық тәсіл арқылы атау алуының келесі кезеңі 1930 жылдарды қамтиды. «1934 жылдың желтоқсанында Астана қалалық Кеңесі Президиумының қаулысымен Степная көшесі Революционная болып, Крепостная көшесі Спортивная болып, Станичная көшесі Буденовская болып, Болотная көшесі Колхозная болып өзгертілді» [5, 89-94]. Нәтижесінде грамматикалық тәсілдің бұл «өнімділігі» қаланың ономастикалық картасын адам та- нымастай өзгертті. Қазақ тілінің грамматикалық табиғатына мүлдем жат бұл амал-тәсілдің жұрнағы қаланың жол нұсқаушы картасынан соңғы уақытқа дейін түспей келді. Тек еліміз өз тәуілсіздігін алып, өткені мен болашағын таразылай бастаған егемен жылдарда ғана «орыстандырылған» бұл сынды тәсілдердің жолы қиылды. Дегенмен ел ішінде күнделікті тұрмыстық коммуникацияда әлі де «Коммунистическаяға қарай бара жатырмын», «бұрынғы Спортивнаямен жүресіз», «Первомай- скийде отырмын», т.б. секілді ауыз үйренген «үйреншілікті» естіп, жұмсап қалатынымыз жасырын емес.
Годонимдерді зерттеудің екінші қыры – семантикалық тәсіл ономастикон тарихында бұрыннан бар құбылыс. Жалпы, кез келген кеңістіктегі (қала, аудан, ауыл, аймақ) годонимдер жүйесінің негізгі мақсаты – оның мағыналы болуында. Себебі олар ақпараттық және әлеуметтік мәнге ие. Годонимдер белгілі бір нысанды (көше, даңғыл, алаң, бульвар) жай атамайды, ол сол жердің тари- хы, сол халықтың ұлттық болмысы, этникалық тегі жөнінде маңызды ақпар береді. Бұл тұрғыдан алғанда, годонимдердің бойында екі семантикалық міндет болады: дифференциациялаушы және информативтік [2, 113]. Дифференциациялаушы (бөлшектеуші) қыры бір нысанды екіншісінен айы- рып көрсетуге қызмет етсе, информативтік (ақпараттық) қыры қажетті нысан жөнінде ақпар береді. Көше, даңғыл атауларын бір-бірінен бөлшектеп, нақты ақпар ұсынуда годонимияны семантикалық аспектіде қарастыру аса маңызды. Семантикалық тәсілмен жасалған годонимдерде мекен-жайды нұсқау қызметі басымдық танытады. Бұл тәсіл Астана қаласының ономастика тарихынан да орын алады. Тарихи жағынан алғанда, годонимия құбылысы ақпараттық жүйе ретінде қалыптасты: көше атаулары қала кеңістігінен хабар беретін шағын жол нұсқаушы қызметін атқарды. Астана қаласының алғашқы кезеңінде көше атауларының бойынан бағыт-бағдар сілтеуші ұстаным байқалады.
«ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы Ақмоланың көрікті жері болып табылатын мешіт (1838 жылы
салынған) орналасқан көше Мечетная деп, пошта бөлімшесі орналасқан көше Почтамтская деп аталған. Ал Торговая және Хлебниковская көшелерінің қиылысында Сібір сауда банкі (Сибирский торговый банк) орналасқан. 1910 жылы қалада алғаш рет саудагер байлар А.И. Скворцов пен Д.В. Егоровтың «Метеор» атты жеке меншік кинематографы ашылады да, дәл осы көшеге Театральная атауы беріледі. Ал 1920 жылға дейін ірі көшелердің бірі Церковная деп аталған, себебі онда Алек- сандр-Невский шіркеуі болған» [6. 24, 28, 49, 74, 81]. Қала тұрғындарының жүріп-тұруына бағдар беруде семантикалық тәсілдің рөлін осы деректерден аңғаруға болады. Яғни, ақпараттық годоним- дер арқылы қажетті нысанның (мешіт, банк, пошта, театр, т.б.) қайда орналасқандығын тез анықтау қолайлылық туғызады. Астана қаласының кеңестік тұстағы ономастикалық кеңістігін қарастырып, талдау барысында біз семантикалық тәсілдің қаланың годонимия жүйесінен тыс қалмағанын байқаймыз. Сол кездегі Целиноградтың бойынан Заводская, Складская, Ремонтная, Кирпичная секілді семантикалық годонимдерді табуға болады. Дегенмен аталмыш ұстаным номинациялау үдерісінен шеткері ығыстырылған, кейінгі кезекке шығарылған деуге болады. Кеңестік кезең оно- мастикасы өзінің қалыптастырған «жүйесімен» жүрді: барлық орталық, негізгі көшелердің аттары Ленин, К. Маркс, Коммунистическая, Мира, Интернациональная, Октябрьская секілді атаулармен

аталса, шеткері көшелерді Вагонная, Пивная, Совхозная, Северная, Южная, Заводская, Локома- тивная, Первоцелинников, Кирпичная, Складская, Встреча, Ремонтная, т.б. атау үрдіс алды. Бұл ұстаным бұрынғы Кеңестер Одағына кірген елдердің қай-қайсысына да тән міндет болғаны тарих- тан белгілі. Қала годонимиясын «жаңартып», оларға қайта атау тағуда кеңестік ономастика саласы, оның ішінде Астана ономастикасы да бір ғана мақсатқа «қызмет етуге» мәжбүр болды, ол — Кеңес үкіметі көсемдерінің аттарын ұлықтап, коммунистік партияның саяси ұстанымдарын насихаттау еді. Сондықтан да көшеге тағылған атауларда оның атаулық белгісін ашатын сипат болған жоқ, тек қызыл империяның негізгі саяси-идеологиялық «құндылықтарынан» хабардар етті.
Қала көшелеріне атау беруде (номинациялауда), қайта атауда (реноминациялауда) ұстанатын үшінші ұстаным – семиотикалық (таңбалық) тәсіл. Бұл тәсіл арқылы көше, даңғыл, алаңдарға атау беру екі түрлі қағида бойынша жүзеге асты: демонстративті және меморативті.
Демонстративті годонимдер Астана қаласының алғашқы кезеңінде көрініс тапқан. Дегенмен, негізгі үдерісін кеңестік кезеңде алған. Ол қала көшелерінің мазмұнына Заря, Красная звезда, Ураган, Мир, Свобода, Коммунальная, Труд, Борьба, Крестьянская, т.б. атауларды алып келді [4, 236]. Бұған қоса, алаң аттары да демонстративтендіріле бастады. Мәселен, Базарная және Каза- чья алаңдарына 25 Октябрь, Крепость алаңына Красный штаб, Старая Слободка алаңына Рабо- чий уголок сынды «жаңа лептегі» атаулар берілді [4, 236]. Дерек көздері көрсетіп отырғандай, Астана қаласының алғашқы кезеңі (1862-1919) болсын, Кеңес үкіметі тұсындағы (1920-1990) келбеті болсын, демонстративті годонимдердің дені орыс тілінде көрініс тапқан. Онда ұлттық бояу, халықтық таным мәселелері тіпті бой көрсетпейді. Қала көшелерінің алғашқы уақыттағы атаулары жергілікті жерде сауда-саттық, әкімшілік, діни жұмыстардың жүргізіліп, елдімекенге кейбір ұлт өкілдерін миссионерлік мақсатта арнайы жіберілгендігінен хабар береді. Ал кеңестік кезеңде көше, алаңдардың қайта атау алып, «жаңғыруы» коммунистік партияның «ұлы идеяларын» іске асырумен тікелей байланысты болды. Бұл мәселе халықтың санасында қалыптанған (кодификацияланған) жүйе ретінде тұрақтанып үлгерді. Тек еліміз өз тәуелсіздігін алып, дербестігін жариялаған жылдар- дан бастап қана қала демонстративті годонимдерінің бойына қан жүгіріп, ұлттық нышан, ұлттық түр ала бастады. Атап айтқанда, Тәуелсіздік, Желтоқсан, Бейбітшілік, Республика, Жеңіс, Алаш, Мерей, Керуен, т.б. годонимдері ұлттық рухты оятып, ұлттық сананы сілкитін жаңа күш сыйлағаны анық.
Семиотикалық тәсілдің екінші бір түрі — меморативті годонимдер көше, алаң, даңғылдарға еліне еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерін ұрпағы мәңгі сақтап, тарихқа тағзым ету мақсатында қойылады. Әлемдік ономастикалық кеңістікте солай. Астана қаласының годонимия тарихын кезең- кезеңімен жүйелеп, қарастыру барысында біз меморативті годонимдердің тарихы Кеңес Одағы уақытынан басталғанын аңдадық. Қолда бар мұрағат деректеріне қарағанда, алғашқы меморатив- тер 1920 жылы Қазан Төңкерісінің 3 жылдығына байланысты берілген. Атап айтқанда, «Бұрынғы Церковная көшесі Ленин, Степная көшесі Урицкий, Новая көшесі Троцкий, Большая Базарная көшесі К. Маркс, Мечетная көшесі Вахитов, Акмолинская көшесі Коротков, Южная көшесі Ку- сков, Гостинодворская көшесі Луначарский, Торговая көшесі Бухарин, Станичная көшесі Коширин, Чернобродская көшесі Зиновьев атауларына ауыстырылып, ал оңтүстіктен солтүстік бағытындағы аты жоқ көшелерге жаңадан Энгельс, Лобков, Каменев, Чернышевский, М. Горький есімдері берілген» [4, 236]. Бұл — меморативті принциптің қаланың ономастикалық кеңістігінде жаппай үрдіс алуының бастамасы еді. 1934 жылы Ақмола қалалық Кеңесі Президиумының қаулысымен бірқатар «ескірген атауларға» жаңадан атау беріледі: Новая көшесіне Сталин, Станичная көшесіне Буденный, Чернобродская көшесіне Тельман, Лобков көшесіне М. Горький есімдері берілді [5, 89]. Сөйтіп, Астана қаласы көшелерінің аттары «құрмет тақтасына» айналады. Және ол «тақтаға» тек «лайықты тұлғалардың» есімдері ғана берілуі тиіс еді. ХХ ғасыр кеңес ономастика тарихын зерттеушілердің көрсетуінше, «егер 1920 жылдары белгілі бір тұлғаның есімін беру туралы шешім саяси және идеологиялық элитаның есімін сақтау мақсатында шығарылса, ал 1930 жылдары он- дай шешімдер әскери төңкерісшілерге деген адалдық пен шынайы берілгендікті танытты» [7, 11]. Меморативті годонимдерді бекітіп, көше, алаң атауларына тіркеу идеологиялық сүзгіден өткен, мемлекеттік «маңызы ерекше» саяси үрдіс болды: ол халықтың санасын улап, оны ұлттығынан айыру еді. Елордамыздың кеңестік кезеңіндегі меморативті годонимдерінің 90-92 %-ы алып державаға қызмет еткен үкімет басшылары мен большевиктер партиясы көсемдерінің есімдерімен аталғанын аңғару қиын емес. Бұдан шығатын қорытынды, қаланың Ақмола және Целиноград кезеңдеріндегі меморативті годонимдерінде семантикалық принциптің мәні өзгеше танылды. Жалпы, меморативтердің берілу мақсаты – сол өлке, аймаққа қатысы бар (еңбегі сіңген, қызметі

өткен) кісі, тұлға есімдерімен атау деп ұғынылады. Яғни, көшелерге берілген атауларда аймаққа, қалаға қатысты ақпараттық нышан, мағыналық сипат болуы тиіс. Ол информативтік, семантикалық принциптің «ұшқынын» мына деректерден көреміз. 1934 жылдың қыркүйегінде жиырма күндік сапармен Ақмолаға С.М. Киров келеді [8, 87]. Сол жылдың желтоқсанында Ақмола қалалық Кеңесі Президиумының Қаулысымен С.М. Кировтың құрметіне Старая көшесі Киров болып өзгертіледі [9, 93]. Көше атауының бұлай өзгертілу принципі Кировтың Ақмола қаласында болғандығынан хабардар етеді, ақпараттылығы осы. Кеңес үкіметі тұсындағы демонстративті және меморативті принциптер қала годонимиясының өзіндік болмысын ашып көрсете алмады. Бұл жайт – Кеңестер Одағының бар аймағына тиесілі көрініс еді. Барлық қалалар мен далалардың годонимдер жүйесінен Ленин, Маркс, Энгельс, Сталин сынды көше, даңғыл, алаңдарды табуға болар еді. Сондықтан да кеңес, оның ішінде қазақ ономастикалық кеңістігі іштей серпіліске, жаңғыруға дайын еді.
Астана қаласының меморативті годонимдерінің жаппай өзгертілу кезеңінің келесі белесі ХХ ғасырдың 90-жылдарымен байланысты. Бұл кезең қазақ ономастикалық кеңістігінің, оның ішінде, әсіресе, Астана қаласы ономастиконының саяси, рухани қысымнан азат етіліп, ұлттық сипат ала бастауымен ерекше. Годонимдер ономастика кеңістігінің маңызды әрі елеулі саласы ретінде халық өмірінің тарихи, мәдени, саяси дереккөзі болып табылады. Сондықтан ол қоғамның талап-тілектерін орындауда, заманның сұраныстарына жауап беруде үнемі алдыңғы орында жүреді. ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы қазақ ономастикалық кеңістігіндегі серпіліс, оң өзгеріс, жаңғырулар сол себепті де алғаш годонимдер бойынан белең ала бастады. Астана қаласының годонимдер кеңістігіне трансонимизацияланған онимдер, яғни меморативтер 1989 жылы ұлттық жаңарумен бірге келді. Мұрағат дерегі бұл жөнінде былай дейді: «Согласно заключения комиссии ЦК Компартии Казах- стана (Решение от 10.04.1989 г.) по изучению творческого наследия деятелей науки, культуры и ис- кусства и учитывая предложения городской комисссии по наименованию и перенаименованию улиц исполком Совета народных депутатов решил переименовать улицы: Водопроводную в улицу имени А. Байтурсынова крупного ученого лингвистика, литературоведа, тюрколога, поэта-переводчика и Омскую в улицу имени Ж. Аймауытова одного из основоположников казахского романа, известного лингвиста, поэта-переводчика» [10, 124]. Бастауын осылай алған меморативтердің ұлттық годоним ретінде бекітілуі, ұлттық мазмұнға сай қалыптасуы 1997 жылы аса қарқын алғандығын байқаймыз. Мәселен, «Астана қалалық тіл саясаты және ономастика жөніндегі комиссияның және қалалық мәслихаттың бірінші шақырылған кезектен тыс 27 сессиясының шешімімен К. Маркс – Кенесары, Революция – С. Сейфуллин, Октябрь – М. Әуезов, Ленин – Абай, Авдеев – Ш. Уәлиханов, Буденный
– Қорқыт, Смокотин – Жәнібек Тархан, Тельман – С. Торайғыров, Шмидт – М. Дулатов, Шверник
– М. Тынышбаев, Сакко-Ванцети – Ә. Бөкейханов, Колочев – Г. Потанин, Вокзальная – Біржан сал, Социалистік – М.Х. Дулати, Дризге – А. Затаевич, Сейфуллин – Р. Қошқарбаев көшелері болып өзгертіледі» [11, 46]. Мамандардың мәлімдеуінше, Елорда көшелері атауларына ұлттық мазмұн бе- руде, әсіресе, 2007 және 2009 жылдардың орны ерекше. Қазіргі таңда Астана қаласында 934 көше бар десек, соның 93 %-ы таза ұлттық атаулар. Бұл жылдары тиісінше 432 және 201 көше қайта аталған немесе жаңа атаулар берілген. Осындай қарқынды үдерістің арқасында 1997 жылдан бүгінгі күнге дейін 817 көшеге жаңа атаулар берілген. Оның ішінде ескі атаулардың ауыстырылғаны – 400, жаңа атау иемденгені – 417. Елорда меморативті годонимдерін бүгінгі таңда ел, жер, ұлт тарихы- на, ғылымына, мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне, сондай-ақ әлемдік өркениет тарихына ерек үлес қосқан ұлы тұлғалардың есімдері құрайды. Бұл трансонимизацияланған онимдердің ұлттануында, әрине, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жанындағы мемлекеттік ономастика Комиссиясы нақты жұмыстар атқарып келеді.
Годонимдердің тарихи-мәдени, саяси код екендігін ескерсек, Елорда тарихының әр кезеңі қаланың көше, алаңдарына өз таңбасын салып отырған. Халықтың рухани және идеологиялық өміріндегі ол таңбалар соңғы уақытқа дейін ұлттық құндылықтарымызбен қатар өмір сүріп келді. Дегенмен күн тәртібінен түсті. Ол идеологиялық сарқыншақтың бірі – Мирзоян көшесінің талай жылдар бойы өзгертілмей келуі еді. Әрине, годонимия тарихындағы ондай құбылыстардың орын алуының белгілі себептері болды. 2015 жылдың 24-ақпанында Астана қалалық мәслихатының 5-шақырылған кезектен тыс сессиясының шешімімен Л. Мирзоян атындағы көше Қ. Сәтбаев көшесі болып өзгертілді. Көше атауының Қ. Сәтбаев есімін иеленуінің өзіндік номинация- лау уәждері бар: біріншіден, Қаныш Сәтбаев – қазақ ұлттық ғылымына, мәдениетіне, тарихына еңбегі ерекше сіңген ғалым; екіншіден, Қазақ Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның

тұңғыш президенті болған қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш академик; үшіншіден, Астана қаласының ономастикалық кеңістігінде Қ. Сәтбаев атына берілген ешқандай нысан атауы жоқ. Яғни, меморативті (семиотикалық) годонимдерді беру принципінің белгілеріне толық жау- ап бере алады. Сонымен қатар, осы отырыста қаламыздағы 119 көшеге Ш. Айтматовтың, Е-352 жобалық көшесіне Будапешт, 142-жобалық көшесіне Ө. Жәнібековтің, 209-жобалық көшесіне Ұзақ батырдың, 203-жобалық көшесіне Жәрмеңке абыздың, 188 көшеге Ш. Қосшығұлұлының, 200 көшеге І. Омаровтың, 59-жобалық көшесіне Жантай батырдың, Е-487 жобалық көшесіне З. Шашкиннің, Е-107 жобалық көшесіне Ә. Өмірзақованың, Н. Тілендиев орамына А. Кенжиннің, Жерұйық көшесіне (3-4 пикет) Р. Дүйсенбаевтың есімдері берілді. Дарабоз көшесі мен А. Тоқпанов көшелері біріктіріліп, А. Тоқпанов көшесі деп қайта аталатын болды [12].
Демонстративті және меморативті годонимдердің таңбалануында ескерер мәселенің бірі – атаулардың әр қала, өңірлердегі қайталанып берілуі, бір есімнің бірнеше қала, ауылдардағы годо- ним, ойконим, топоним нысаны болып келуі. Мәселен, Кеңес үкіметі тұсындағы Ленин, Маркс, Крупская, т.б. онимдердің барлық қала мен дала кеңістігіне годоним ретінде міндетті болғандығы секілді. Өмір тәжірибесі көрсеткендей, бұндай қайталаушылық бір қаланы екіншісінен ажыра- тып, ерекшелеудің орнына олардың бірін-бірі қайталауына алып келді. Сондықтан годонимдер табиғатына тән ақпараттылық, мағыналылық (семантикалық), таңбалылық (семиотикалық) сияқты белгі-қасиеттер көше, алаң, даңғыл атауларын қайта қарастыруда мән берілуі тиіс бірден-бір ұстаным (принцип) болғаны жөн. Бұл тұрғыдан келгенде, Астана қаласының көше, алаң атаула- рын жаңғыртып, ұлттық сипатта сөйлетуде оң шешімін тауып отырған жайттарды атап өту ләзім. Мәселен, Астана қаласының қазіргі ономастикалық картасынан еліміздің басқа аймақтарында кездеспейтін Уәлитхан Танашев, Айдархан Тұрлыбаев, Жаһанша Сейдалин секілді меморативтерді, Саққорған, Абат Байтақ, Созақ, Орбұлақ, Қозыбасы сынды тарихи атауларды, Аушадияр, Адыр- на, Ақжелең, Әлқисса, Бәсіре, Шашу, Желмая, Көкіл, Қосбасар, Назқоңыр секілді демонстративті годонимдерді табуға болады. Бұл Елорданың атаулар тарихын өзге өңірлерден, біріншіден, ерек- ше таңбалап көрсетуге қызмет етсе, екіншіден, ел орталығын қазақыландыруға, ұлттандыруға атсалысуға көмектесуде.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Елорда көшелеріне атау беруде семантикалық ұстаным негізінде семантикалық «шоғырдың» пайда болуы. Қаланың белгілі бір шағынаудандарында әдеби- мәдени, тарихи-топонимикалық маңызы бар атаулардың бірыңғай берілуі еліміздің Бас қаласын өзге қалалардан ерекшелендіріп тұр. Мысалы, Сарайшық көшесі мен Қорғалжын тасжолының аралығында қазақ халқының тарихы мен әдебиетінде ерекше орын алған Ақын Сара, Баян сұлу, Ұмай ана, Тұмар ханым, Айша бибі, Қыз Жібек, Ұлпан, Домалақ ана, Қарашаш ана, Айман-Шол- пан, Мәриям Жагорқызы, Қалқаман-Мамыр, Ләйлі-Мәжнүн, Ұлбике ақын, Ақжүніс, Ақбаян, Жұбан аналардың құрметіне қойылған көше атаулары үлкен бір «шоғырды» (квадрат) құраса, Бу- рабай, Жайық, Ертіс, Бұқтырма, Есіл, Шу, Лепсі, Іле, Еділ сияқты бірыңғай гидронимдік атаулар шоғыры: Қордай, Түлкібас, Мойынты, Баянтау, Бөрілі, Сарқан т.б. еліміздің өзге өңірлеріндегі та- рихи топонимдік атаулардың шоғыры қаланың ірі шағынаудандарында орналасқан.
Астана қаласы тарихының годонимдер жүйесін, номинациялану принциптерін қарастыра келе түйеріміз, оның урбанонимдер қатарының ең ескі де тарихи бөлігі екендігін аңдаймыз. Тарихи- мәдени дереккөз ретінде Елордамыздың көше, алаң, даңғыл атаулары өз бойына тарихи-саяси шындықты жинаған өмір ордасы деуге болады. Қаланың Ақмола — Акмолинск – Целиноград — Ақмола — Астана атты әр кезеңі секілді ол да әрқилы дәуірдің рухын сіңіріп, атау тағу, қайта атау алу сынды өткерімдерді басынан өткерді. Қала ономастикалық кеңістігінің бүгіні мен болашағында годонимдер жүйесі сондықтан да маңызды әрі өзекті сала ретінде қарала бермек.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Подольская Н.В. Словарь русской ономастической терминологии. – Москва: Наука, 1978. – 200 с.
2 Шмелева Т.В. Ономастика: учебное пособие. – Славянск-на-Кубани: Издательский центр филиала ФГБОУ ВПО «КубГУ», 2013. – 161с.
3 Касымбаев Ж., Агубаев Н. История Акмолы (ХІХ – начало ХХ века). – Алматы: Жеті жарғы, 1998. – 176
с.
4 Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты. 250-Қ., 1-Т., 3-І. 5 Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты. 32-Қ., 1-Т., 7-І.
6 Дубицкий А.Ф. Пройдемся по улицам Целинограда. –Целиноград, 1990. –111 с.

7 Мазур Л.Н. История России ХХ века а названиях населенных мест // Вопросы ономастики. 2011. — № 2 (11). -C. 5-18.
8 Дубицкий А.Ф. Город на Ишиме. — Алма-Ата: Казахстан, 1986. –С. 152. 9 Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты. 32-Қ., 1-Т., 7-І.
10 Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты. 32-Қ., 10-Т. (қосымша), 307-І. 11 Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты. 36-Қ., 2-Т., 34-І.
12 http://egemen.kz/2015/02/25/50835

REFERENCES
1 Pоdоlskaja N.V. Dictionary of Russian оnomasion terminology. –Moscow: Science, 1978. – 200 p.
2 Smеlеvа Т.V. Onomastics: train aid. –Slabjansk-na-Кubani: Publishing center of branch of FGBOU ВPO
«КubGU», 2013. –161p.
3 Каsumbaev Zh., Аgubaev N. History of Аkmoly (ХІХ is beginning of ХХ of century). –Аlmaty: Zhety zhargy, 1998. – 176 p.
4 Municipal record office of Astany. F 250, I 1, B 3.
5 Municipal record office of Astany. F 32, I 1, B 7.
6 Dubitskji А.F. We will walk on streets of Tselinograds. – Tselinograd, 1990. – 111p.
7 Мazur L.N. History of Russia ХХ centuries and the names of the inhabited places / Questions of onomastics.
2011. № 2 (11). — P. 5-18 .
8 Dubitskji А.F. City on Ishim.- Аlma-Аta: Каzakstan, 1986. – 152 p. 9 Municipal record office of Astany. F 32, I 1, B 7.
10 Municipal record office of Astany. F 32, I 10. (appendix), B 307.
11 Municipal record office of Astany. F 36, I 2, B 34.
12 http://egemen.kz/2015/02/25/50835

Ш.К. Жаркынбекова1, Ж.М.Коныратбаева2, М.К.Каирова3, А.Т.Кожаева4, д.филол.н., профессор ЕНУ имени Л.Н.Гумилева1, к.филол.н., доцент ЕНУ имени Л.Н.Гумилева2, к.филол.н., ст.преподаватель ЕНУ имени Л.Н.Гумилева3, преподаватель ЕНУ имени Л.Н.Гумилева4
Статья посвящена вопросу о влиянии годонимов на культурно-историческое развитие города в контек- сте ономастического постранства города Астаны. Исследование годонимов проводится в сравнительном аспекте с учетом грамматических, семантических и семиотических принципов, основыванных на историче- ской периодизации города. Изучение годонимов в качестве культурно-исторического, политического кодов в сопоставительном аспекте показывает, что каждый исторический период оставил свой знаковый отпеча- ток на ономастику столицы. Это подтверждается историко-политическими фактами, представленными из городского государственного архива г. Астаны. Также анализируется современное состояние годоними- ческого пространства города, которое свидетельствует о росте национального самосознания, проявляю- щееся в семантическом и семиотическом принципах наименований.
Ключевые слова: ономастическое пространство, ономастикон города, урбаноним, годонимы, истори- ческо-культурные источники, основа.

Sholpan Zharkynbekova1, Zhanar Konyratbayeva2, Meruert Kairova3, Assel Kozhaуеva4, L.N.Gumilyov Eurasian National University, Doctor of Philological Sciences , Professor1, L.N. Gumilyov Eurasian National University, Candidate of Philological Sciences, Docent2, L.N.Gumilyov Eurasian National University, Candidate of Philological Sciences3, L.N. Gumilyov Eurasian National University, Lecturer4
The article is sanctified to the question about influence of names of streets on cultural and historical development of city in the context of оnomastions space city of Astana. Research of names of streets is conducted in a comparative aspect taking into account grammatical, semantic and semiotic principles, founded on a historical division into periods of city. Study of names of streets as cultural and historical, political codes in a comparable aspect shows that every historical period left the sign imprint on onomastics of the capital. It is confirmed by the historical-political facts presented from a municipal record office Astana. The modern state of names of streets space of city, that testifies to the height of national consciousness, is also analysed, showing up in semantic and semiotic principles of the names. Keywords: onomastic space, onomasticon of the city, urbanonym, street name, historical and cultural sources,
basis.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *