БАЯНДАУ ДИСКУРСЫНДАҒЫ НАРРАТОР-АВТОРДЫҢ ӨЗІНДІК СИПАТТАРЫ

 

Ж.Қ. КІШКЕНБАЕВА
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының аға оқытушысы

БАЯНДАУ ДИСКУРСЫНДАҒЫ НАРРАТОР-АВТОРДЫҢ ӨЗІНДІК СИПАТТАРЫ
(Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» хикаяты бойынша)

Мақалада көркем прозадағы нарратор қызметі классик жазушы Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесін талдау арқылы қарастырылады. Көркем прозадағы нарративтілік ұғымы әдебиеттанушы ғалымдар тұжырымдарына негізделе отырып, сарапқа салынады. Автор мен баяншы, әңгімеші арасындағы байла- ныс тәсілдері мәтіндік талдаулар негізінде танытылып, көркем шығарма құрылымындағы нарраторлардың көріну сипаттары, нарративтіліктің эстетикалық табиғаты туралы ой қорытылады.
Түйін сөздер: автор, көркем проза, нарратор, нарративтілік, нарраталогия, әңгімеші, баяншы, сюжеттік құрылым, интрига, бетперде, сюжеттік-баяндаушылық мәлімет, авторлық позиция.

Ұлттық прозамыздың бастауында тұрған классик жазушы Бейімбет Майлиннің 1915 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алушы қазақ жастары шығарған «Садақ» атты қолжазба жур- налында жарияланған «Шұғаның белгісі» [1, 5-24] повесі бірсыпыра зерттеулерге арқау болғаны белгілі. Біздің талдауымыз осы туынды мәтіні құрылымындағы баяндау қызметін таныту.
Повесте әңгімені жазушы-әуезелеуші бастайды. Оқырманға баяншы арқылы белгілі болып, әңгімеші арқылы жеткен бұл туынды оқиғасындағы авторлық баян нарраторлық қызметті нақты, айқын көрсетеді.
Әдебиеттану саласындағы зерттеулерде автор мен нарратор ұғымын бір-біріне қарсы қоятын тұжырымдар да бар. Себебі автор көркем туындыдан тысқары, яғни «оқиғалық шеңбердің» сыртын- да болса, нарратор – керісінше, сол көркем туындының негізгі бір бөлшегі, «оқиғалық шеңбердің» ішінде, оның қозғаушы күші, онсыз баяндау болмайды. Көркем туындыдағы мұндай тұлғаларды бүгінгі еңбектерде «әңгімеші», «баяншы» терминдерімен анықтайды. Бұл аталған нарратор түрлері өзінің көркем туындыда атқарар қызметтеріне байланысты дараланады.

Неге авторды нарратордан (шартты түрде) бөліп қарауымыз керек? Ең әуелі, бір ғана ав- тор әр түрлі туындыларда түрлі мәнерді таңдайтынын ескереміз. Мысалы, Бейімбет Майлиннің
«Шұғаның белгісі» повесінде автор бір қалыппен көрінсе, «Күлпаш», «Сары ала тон», «Қанды кек» әңгімелерінде басқаша танылады. Бұл туындылардағы әуезеушілер (А.Байтұрсынов) шығармаға барынша «тәуелді». Сондықтан да туынды оқиғасы мен идеясы авторды өзіне бағындырған. Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол майдан», «Шал мен теңіз» туындыларында баяндаушы әр қалыппен көрінсе, Лев Толстойдың «Анна Каренина» романы мен «Әзәзіл» повесінің әрқайсысында баяншының тұлғасы әр түрлі сипатта. Н.В.Гогольдің «Диканька хуторы түбіндегі кештер» мен «Шинелін» қараңыз. Мұнда да автор біреу болғанмен оқиғаны баяндаушылар да бір-біріне мәнері жағынан сәйкес емес. Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романы мен «Әнші» әңгімесін, М.Әуезовтің
«Көксерек» мен «Қаралы сұлу» туындыларын алайық. Болмаса Ә.Кекілбайдың «Аңыздың ақыры» романы мен «Ханша-дария хикаясы», «Күй» повестерін тілге тиек етуге болады. Бұдан басқа, егер автор, мысалы сатиралық бетпердені (масканы) кигенде баяншыдан әдейі алыс қашықтықты ұстап, онымен мүлде сәйкес келмейді. Бұл жерде Абайдың «Болыс болдым мінеки» өлеңін мысалға алуға болады.
Сондай-ақ, әдеби-көркем туындының «қайнар көзі» ретінде қаламгер нарраторды, яғни оқиғаны, оны баяндап беретін «нақты» немесе «ойдан шығарылған» тұлғаны сомдайды. Ақырында көркем туындыда баяндалатын жазушы қиялы негізінде «ойдан шығарылған» оқиғаны нарра- тор шындыққа айналдырып, оған шынайы сипат дарыта отырып, өз басынан өткендей, өмірде болғандай етіп жеткізеді. Нарратор автормен кереғар, қарам-қайшы қалыпта ғана тұрмайды, бұл екі тұлға арасындағы түбегейлі айырмашылық жиі байқалады.
Автор оқиғаны суреттегенде оған әрі автор, әрі нарратор ретінде қатысу мүмкіндігі бар. Ол өз таланты бен мүмкіндігін пайдалана отырып, баяндауды барынша әсерлі ете алады. Әрбір көркем туындыны дүниеге әкелуде оның авторының өзгеше, мүлде жаңа мүмкіндігі туындайды. Ол бір оқиғаны, тарихшы, өнерпаз, жауынгер немесе әмірші, ғалым, дәрігер атынан жеткізіп бере ала- ды. Олардың әрқайсысы өз көзқарасы мен өз қалауы тұрғысынан танылады. Автор көп жағдайда мұндай «мүмкіндіктерді» өз туындысының мәнін арттыру мақсатында жүзеге асыратыны белгілі. Мысалға Даниэл Дефоның «Робинзон Крузо» романын алсақ, мұнда автор барлық жүкті кейіпкер- әңгімешіге «арқалатады». А.Пушкиннің «Капитан қызы» романында да кейіпкер-әңгімеші жетекші міндетті өзіне алған. Ғ.Мүсреповтің «Қазақ солдаты» романындағы кейіпкер де әңгімешіге айнала- ды. Сөйтіп, шығарма желісінде баяндалған жағдаяттар бастан кешкен оқиғаны жеткізгендей әсерлі бейнеленеді.
Нарративтіліктің лирикалық, эпикалық және драмалық туындыларда көрінуінің де өзіндік ерекшелігі, яғни әдеби жанрларға тәуелді шектеулі шекарасы бар. Егер лирикалық туындыда өз сезімін, субъективті халді бейнелейтін лирикалық «мен» әрекет етсе, драмалық шығармада нар- ратор оқиғаға, тартысқа, қақтығысқа орын беріп, өзі «шетқақпайланып» қалады. Ал, эпикалық жанрдағы туындыларда нарратор автор мен оның суреттейтін әлемі арасында өзгеше делдалдық қызметін атқарады.
Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі мен Ғ.Мүсреповтің «Қазақ солдаты» романындағы автор мен баяншы арасындағы қарым-қатынас өзгеше сипатта болса, С.Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында автор мен баяншы арасында тығыз сабақтастық бар. Себебі, бұл роман мемуарлық сипатымен ерекшеленіп, автор тұлғасын нақты, шынайы қалпымен танытуға жақынырақ келеді.Ал, «Қазақ солдатында» кейіпкер-әңгімеші бар жүкті өзіне алған.
Бірсыпыра қаламгерлер нарратор-баяншыға өз міндетін толықтай «сыйға тартады». Қаламгердің жеке өмірі мен шығармашылығы арасындағы байланыс өте күрделі әрі нәзік. Кейбір жағдайларда баяншы образы шын жүзін тасалағысы келген, нағыз бет-бейнесін жасыруға тырысқан автордың
«жаңа бетпердесі» екендігін Андре Моруа өз жазбаларында атап айтқан болатын. Ол өзінің «Әдеби портреттер» еңбегінің Вольтерге арналған тарауында бұл мәселені былайша түсіндіреді: «… жүрегіндегі жасырын ойды айтқысы келген, алайда… жасқанған жазушылар фантастикаға жүгінуге мәжбүр болды да …шындыққа сай келмейтін ойды жазды. ХҮІІІ ғасырдағы Франциядағы ахуал осындай болатын… Галаннан аударған «Мың бір түннен» (1714-1717) бастап, одан әрі «Парсы хаттарында» ориенталистика жазушылардың батылдығын сақтықпен қорғап тұратын бетпердеге айналған» [2, 322-323]. Сөйтіп, нарраторлық қызметте авторлық «бетперденің» өзіндік үлесі бар екенін алға тартады. Әңгімеші тұлғасының да жетекші орынға шығуының кейбір мысалдарында осы «бетперде» туралы тұжырымды еске алуға тура келеді.

Көркем мәтіндегі автор туралы мәселе ХХ ғасырдың екінші ширегінде постмодернистердің жан-жақты зерттеу нысанына айналғаны белгілі. Олар өз зерттеулерінде көркем мәтіндегі автор тұлғасының көрінуін туындының көптеген мағыналық, көркемдік деңгейлерінен іздестірді. Олардың пікіріне сүйенер болсақ, жазушы өз туындысындағы кейіпкерлер психологиясы арқылы өздерінің жан-дүниесін, қорықынышы мен үрейін, наразылығын, күйініші мен сүйінішін бейнелейді. Автор мен кейіпкер арасындағы басқа да түрлі байланыстарға зерттеушілер ерекше назар аударуды жөн деп санайды. Сондай-ақ, автордың «екіге жарылуы» көптеген әдеби-көркем шығармалардың басты ерекшелігіне айналғанын да білеміз. Бұған қазақ көркем әдебиетінен келтірер бір мысалымыз – М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» повесі.
Кең құлашты, ұзақ көлемді эпикалық туындыларда автор тұлғасының барынша көмескіленуі де заңды құбылыс. Егер ХІХ ғасыр әдебиетінде автор бейнесі әдеби-мәдени феноменге айналса, ХХ ғасырдың аяғында мәтін оқиғасы белсенді позицияны иеленіп, «автордың жоғалып кетуі», яки көрінбей, тасада қалуы белең алды. Бірақ, ол ешқайда кеткен жоқ қой, бар болғаны оның өзі туындатқан көркем әлемге беретін суреткерлік бағасы, қаламгерлік көзқарасы, айтар үкімі
«көрінбей» қалды. Яғни, автор мәтінге барынша «бейтарап» позицияны ұстана бастады. Ең басты- сы – автордың «бейтараптануымен» мәтіннен экспессивті-эмоционалдыі лексика «ығыстырылды». Көркемдік ізденіс нәтижесінде оқиға желісі жаңаша бағытта өрбіп, кейіпкерлер тұлғасы жаңа қырларымен суреттеліп, танылды.
Негізі, егер авторды іздесек, ең әуелі баяндауға сүйенеміз. Бұл заңдылық. Ал, баяндау тізгіні не баяншының, не әңгімешінің қолында болады.
Сонымен, негізгі нысанға қайта оралсақ, «Шұғаның белгісі» повесінің прологы ретінде жол үстіндегі екі жолаушы арасындағы әңгіменің басталу жағдаяттарын айтуға болады. Теоретиктер тұжырымына сәйкес нарративті қызмет баяншы («Шұғаның белгісінде» ол – әңгімені сұраушы адам) және әңгімеші (осы повестегі оқиғаны айтушы, сол өзі айтқан оқиғаға қатысы бар адам) болып жіктелетінін жеткілікті дәйектедік. Повесте осы екі қызметтегі тұлға барынша анық көрінеді. Ака- демик З.Қабдолов: «Бірінші тарау түгел әңгіме ішіндегі әңгімеге, яғни осы әңгімені айтып беруші адам (Қасымжан) жайын, сонымен бірге автордың (бұл жерде ғалымның мегзегені – баяншы –Ж.К.) жолға шығуын әңгімелеуге кетеді де, сюжет екінші тараудан (Қасымжан аузымен) …басталады», – дейді [3, 178]. Бұл жерде ғалым айтқан «әңгіме ішіндегі әңгіме» мәселесіне назар аударсақ, оны ба- яндау мен әңгімелеудің «қабаттасауы» деп түсіндіруге болады. Осы баяндау, әңгімелеу теориясын қазіргі әдебиеттануда нарраталогия ғылымы қарастырады. Нарраталогия деген атау әдебиеттану ғылымының бір бағыты ретінде «нарратив» сөзінен туындағаны белгілі.
Орыс филологы, әдебиеттанушы Г.К.Косиков тұжырымынан мысал келтірсек: «Нарра- тив (ағылшынша: narrative) – әңгімелеу, баяндау. Нарратология теориясы сюжеттік баяндаудың құрылымын (ағылш. plot, story; франц. histoire, récit; intrigue; неміс. geschichte) және сюжет түзілісінің барлық заңдылықтарын зерделейді. Нарраталогияның негіздері Аристотельдің «фактілердің реті» түрінде қорытындыланатын «әрекетке, оқиғаға еліктеуден» («mimēsis praxeōs») туындаған «баян- дау» («mythos») ілімінде жатыр» [4, 159].
«Қазіргі нарраталогия кейбір фабулаларға (тарих, интрига) қатысты сюжеттік-баяндаушылық мәлімдеу (дискурс) аумағында барынша кең түрде ғылыми ізденістер жүргізуімен ерекшеленеді» [5, 4] дей отырып, В.Тюпа әңгіме тек көркем мәтінге, тіпті вербальды мәтінге ғана қатысты еместігін, нарратативтілік категориясы кеңінен таралып, концептуалдық тұрғыда байи түскенін тілге тиек етеді.
Жекелей алғанда, «нарративтілік» категориясы түрліше түсіндірілетінін де айту керек. Қазіргі нарраталогия ғылымының көрнекті өкілі, американдық тарихшы әрі әдебиет сыншысы Х.Уайт нарративті құрылым түсінігін, оның ішінде тарихнамалық дискурс мәнін, құрамына интрига- ны қоса отырып, барынша кеңейтті. Ол: «Интрига құрылымы мағына тарихының сомдалуында, оны құрайтын оқиғаларды «тұтас, бәрін қамтитын немесе архетиптік пішінде» түзетін баяндау арқылы біріктіру жолымен жүзеге асырылады», – деген тұжырымды ұсынады [6,7]. Француз, литва лингвисті және әдебиеттанушысы А.Ж.Греймас пен Ж.Курте нарративтілікті «кез келген дискурстың суреттеу ғана емес, ұйымдастырушы принципі де» деп айқындайды [7, 249].
ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында А.Данто, М.Бахтин, Ж.Женнет еңбектерінде нарративтілікке қатысты пікір-тұжырымдар талқылауға түсті. В.Тюпа нарраталогияның басты проблемасы мүмкін, А.С. Дантоның сөзі арқылы тұжырымдалған болар деген пікір айтады [5, 5]. Ол сөзді келтірер болсақ: «Барлық әңгімелеу – бұл дегеніміз оларды бір-бірімен жіктеп, топтастыратын және кейбірі

жеткіліксіз сипатта болғаны себепті шығарылып тасталатын оқиғаға бағынышты құрылым» [8, 132].
Артур Дантоның бұл анықтамасынан әу бастан айтылып келе жатқан баяндау, әңгімелеу теориясының заңдылықтарының көрініс беретінін ескеріп, Шмид пікіріне біз де қосыламыз.
Француз әдебиеттанушысы Жеррар Женетт өзінің «Нарративті дискурс» еңбегінде (1972 жылы жарық көрген) ішінара баяндау тероиясына тоқталады. Оның пайымдауынша: «Нарратив тұрғысынан саралағанда, баяндау оқиғада айтылатын тарихпен тығыз байланыста жүзеге асыры- лады» [9, 66].
Нараторлар қызметі көркем туындыдағы оқиға желісінің «шекараларын» белгілеуде ерекше көрінеді. Мәселен, «Шұғаның белгісіндегі» баяншы мен әңгімешінің сюжеттік құрылымдағы ор- нын былайша анықтаймыз: Повестің кіріспесінде, өзіміз шартты түрде пролог деп атаған бөлігінде жол үстіндегі жолаушылар туралы хабар беріледі. Оны айтушы – баяншы, болмаса сол баяншылық міндетті атқарушы автор. Баяншының суреттеуімен осы екі жолаушының (оның біреуі, әрине, өзі) түр-сипаты, мінген аттары оқырманға таныстырылады.
«Біз екеу едік.
Менің астымда – жортақылау тапал торы ат, жүргіштеу. Ер-тоқымы ескілеу, байлардың малға мінетін ер-тоқымы. Үстімде қонған үйімнен сұрап киген шидем күпі. Қолтығымдағы жыртығынан жел өтіп, мазамды алыңқырап келеді. Жолдасым отыз-қырықтардың шамасындағы жер ортасы адам, сиректеу сақал, мұрты бар; қара бұжыр, күлімсіреп дөңгеленіп тұрған қара көзді, пішініне қарағанда бір түрлі сөйлемпаз адам секілді. Астында қойшылар мінер қаракер бесті, үсті-үстіне ұрып отырмаса, кейін қала береді» [1,5].
Баяншы өзінің сырт сипатын толық суреттеп, қасындағы сапарлас серігіне мінездеме де жасай кетуді ұмытпайды. Мінген көліктеріне де ерекше мән береді. «Біртүрлі сөйлемпаз адам» деуінен-ақ алда айтылар әңгімеге дәлелдеме берілгендей. Жолдың жайын айта келіп, ол (әңгімеші): «…Обаның белесінен тура ассақ, алдымыздан бір кішкене сүрлеу келеді. Сол сүрлеумен барып Шұғаның белгісінен қара жолды қиып аламыз» [1,6], – деп алда айтылар оқиғағаға «сүрлеу» салады.
« – Сіз білмейтін шығарсыз, жассыз ғой. Уақытында Шұғаның әңгімесін бұл өлкенің баласына шейін біліп болып еді… Ой, шіркін, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау, – деді».
Жолдасымның бұл сөзінен мен Шұғаға ынтықтым. Анығын сұрап білгім келді» [1,6].
Сөйтіп, әуелгі суреттелетін оқиға жол үстіндегі екі жолаушы, келіп қалған күз көрінісі болса, әрі қарайғы уақиға желісі әңгімешінің айтуымен беріледі. Осы арада М.Бахтиннің мына сөзін келтіре кеткен орынды: «Біздің алдымызда екі уақиға тұр, бір уақиға – туынды туралы айтылғаны да, енді бірі – айтылған әңгіменің өзі (осы соңғысына біз өзіміз де тыңдаушы-оқырман ретінде араласа- мыз); бұл уақиғалар әртүрлі уақытта (ұзақтығы жағынан да әртүрлі), әр түрлі жерде өтеді және сол уақытта біз толыққанды туынды ретінде тани алатын біртұтас, бірақ күрделі уақиғаға бірігеді. Біз бұл толыққандылықты оның тұтастығы мен бөлшектенбейтіндігі деп қабылдаймыз, бірақ со- нымен бір мезетте оны құрайтын сәттердің барлық айырмашылықтарын да түсінеміз» [10, 403- 404]. Айтылып отырған екі уақиға повесть мәтініндегі жол үстіндегі екеу және екі жолаушының біреуінің әңгімесінен өрбіген оқиға желісі. Екі уақиғаның бірінің басында баяншы (автор десек те болар) тұрса, екіншісінің басында әңгімеші (Қасымжан) тұрғаны белгілі. Әңгімеші мен баян- шы нарратордың балама пішіндері. Көп жағдайда біреуі болмаған мәтінде міндетті түрде екіншісі болады. Ал, «Шұғаның белгісінде» екеуі де бар. Әңгімеші – болып өткен оқиғаның жай ғана бақылаушысы да, белсенді әрекет етушісі де болуы мүмкін. Қасымжан – әрі әңгімеші, әрі сол өзі айтқан оқиғаның куәгері, қатысушысы.
Әңгімеші демекші, мысалдар келтірсек, А.Пушкиннің бірінші жақтан баяндалатын «Капи- тан қызы» туындысының әңгімешісі – Петр Гринев, Ғ.Мүсреповтің «Қазақ солдаты» романының әңгімешісі– Қайрош Сарталиев, А.Бектің «Арпалыс» романыныңәңгімешісі– Бауыржан Момышұлы. Бұл үш әңгімеші де оқиғаға тікелей араласатын кейіпкерлер, тіпті орталық қаһармандар.
Теориялық еңбектердегі тұжырымдарға сүйенсек, ең әуелі, әңгімеші өзі баяндаған оқиғаның жай ғана куәсі болуы мүмкін. Әңгімешінің ролі мұнда жай ғана оқиғаны сипаттаушы болады. Әрине, ол оқиғаға әр түрлі деңгейде баға береді. Бірақ, оқиғаға араласпайды, бар болғаны сол оқиғаға куәгер болып қана қалады [11,122 ].
Тағы бір жағдайда әңгімеші оқиғанының тікелей қатысушысы, яғни оқиғаның бір кейіпкері болуы мүмкін. «Бұл қызмет арқылы әңгімеші өзіне бейнеленген көркем әлемнің бар «жүгін» жинақтайды. Мұндай жағдайда әңгімешінің баяншыдан айырмашылығы сонда, оқиғаның себебінен мағлұматы

болмауы, оны түсіндіруде қателесуі де мүмкін. Әңгімешінің қате талдауы бір мезгілде суреттелетін оқиғаның себебіне айналады. Басқаша айқанда, әңгімеші кейіпкердің айырмашылығы кәдімгі фун- киялармен бірге оған оқиғаны баяндау қызметі жүктеледі» [11,122-123 ]. Әңгімешінің әрі оқиға кейіпкері болуы баяндауға тың қарқын дарытады. Әңгімеші атынан баяндау сюжет дамуындағы белсенділікті де барынша арттырады. Өйткені бір жағынан оқиға дамуын сырттай бақылау, екінші жағынан, сол оқиғаға қатысушы болып, салдарын бірге көру әңгімешінің болмысын барынша күрделендіру арқылы көркем туындының эстетикалық әсерлілігі мен қуаты жоғарылайды.
Шұға мен Әбдірахман арасындағы қайғылы махаббатты әңгімелеуші Қасымжан осы оқиғада белгілі бір роль атқарады, сондай-ақ оқиғаны әңгімелей отырып, өзінің және басқа кейіпкерлердің күйініш-сүйініш сезімдерін, бастан кешірген халдерін толығымен оқырманға жайып салады. Со- лармен бірге күйініп, бірге қайғыру сезімін тудырады. Айтылар әңгімеге тыңдарманын еліктіре баяндау – фольклорлық туындылардағы басты шарт болғаны белгілі. Осындай шеберлік Б.Майлин әңгімешісінің бойында бар. «Өй, өзі де Шұға десе Шұға еді-ау!» деген тамсаныс тек әңгімеші тара- пынан ғана емес, бейнеленген әлемдегі кейіпкерлер аузынан, соңында осы әңгімені беріле тыңдаған, оқыған адамдар аузынан да шығады.
Әңгімешінің айтар оқиғасы – Шұға мен Әбдірахманның махаббаты, бас кейіпкері – Шұға. Шұға туралы сөз ерекше ілтипатпен, тамсаныспен, құрметпен айтылады. Сонымен, әңгімеші, екі жастың махаббатының куәгері, оқиғаның ортасында болған Қасымжан таныған Шұғаның келбеті мен мінезі былайша суреттеледі:
«Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді… ақ құба, талдырмаш, көзі қап- қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін… Бұл күнде ондай қыз қайда. Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайтынын да білмейсің, ешкіге құсап шошандап жүргені. Заман бұзылған ғой… иә…» [1,7]. Бұл – повестің екінші тарауын- да, яғни оқиға басталмас бұрын берілген мінездеме. Соңғы сөйлемнен әңгімешінің заманға деген наразылығы, өткенге деген көзқарасы да қабат көрінеді. Осы көзқарас үшінші тараудың басында айқындала түседі: «Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың исі де жоқ» [1,6]. Әңгімеші тек сол оқиғаны жеткізуші ғана емес, заман, адам туралы өзіндік көзқарас-пікірі, берер бағасы бар адам. Оның бұл сөзінен өкініш, шарасыздық, наразылық аңғарылғандай болады. Алашшыл тұлға, көрнекті ақын М.Жұмабаевтің «Өткен күн таң-тамаша ертегі ертегі ғой» («Батыр Баян» поэмасы- нан), «Өткен күн ертегімен таласқандай/ Уа, дүние, ол күндерде Алаш қандай!» («Қорқыт» поэма- сынан) деген мағынадағы жан шерін танытатын толғаныстары Б.Майлиннің кейіпкер-әңгімешісінің сөзімен үндес келеді. Алмағайып заманға тап келіп, тағдыры тәлкекке түскен халықтың жан күйзелісінің сезілуі шығарма шынайылығына өз әрін қоса түседі. Онсыз оқиға жадағай, жалаң қалып, тыңдаушыға шынайы болып әсер етпес те еді. Әңгімеші тамсанған замандағы жайлау сәнінің суреттелуі де әсерлі, нанымды.
«Апырым-ай, адамзатта ондай сұлу болады екен-ау!.. Акқудың көгілдірігіндей осы аппақ. Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгіштермен безеп тастаған қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан түлкі бөрік, өзі сұлу адамды мүлде одан жаман жандандырып, құбылдырып тұрды» [1,7]. Бозбала біткеннің арманына айналған, халықтық фольклордың тамаша бір үлгісі «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүністің «Қытай менен Қырымнан / Тәмам жақсы жиылса / Аузындағы сөзі едім» дегеніндей, ел аузына мінсіз сән-салтанатымен іліккен Шұғаның бейнесін осындай деңгейге жеткізе суреттеу әңгімешінің «қара жаяу» еместігін паш еткендей. Ал, әңгімешіні өзі бейнелеген әлемнің шебер баяншысы ретінде даралап шығару автордың талант деңгейіне байланысты.
Шұғаның Әбдірахманға деген махаббаты да кіршіксіз. Сол махаббат жолында құрбан болған аяулы жанның аз ғана ғұмырының жарқын сәттері Әбдірахмандай көзі ашық, көкірегі ояу азамат- пен байланысты. Әңгімешінің суреттеуінде, бір-біріне сай екі жастың сүйіспеншілігінің еш айы- бы жоқ. Алайда, екі жасты екі айырған, азаматтың басын жаламен істі етіп, аяулы қызды дерт- ке шалдықтырған адамдардың іс-әрекеттері оқиғаны шиеленістіре түседі. Қызы Күлзипаны «ел мақтаған» Әбдірахмандай жігітке беруді көксеген Айнабай әрекеті Әбдірахманды жаламен қамауға алдырумен аяқталады. «Есімді білген соң Әбдірахманға біраз жолдас болдым ғой, құдай біледі, қазақ баласына инедей қиянаты жоқ еді. Қадір білетін жұрт қайда?» деп назырқанады әңгімеші [1, 20].
Әбдірахманның Шұғаға деген сүйіспеншілігі әңгімешінің айтуында әсерлі берілген. Шұғамен алғашқы тілдесу, хат жолдау сәттеріндегі көңіл күйі, болысқа айдап бара жатқан кезедегі жол

үстіндегі кездесу сәті оқырманның көз алдынан өткендей болады. Екі жасқа тілекші, жанашыр болған Қасымжанның (әңгімеші) жан күйзелісін тыңдаушы терең сезінеді. Шұғаның құсадан дерт- ке шалдығып, төсек тартып жатып қалуы, ақыры Есімбектің Әбдірахманды ақтап алып, екі жасты қосуға бел буғаны, Шұғаның соңғы сәттегі қамығуы, Әбдірахманың оралуы, ақырында Шұғаның сүйгенін көре алмай «арманда жан тапсыруы» бір ырғақпен әңгімеленгенімен, жанды сурет, әсерлі оқиға ретінде есте қалады. Бар оқиға Шұға тағдырымен қабысып, күллі суреттеу Шұға айналасы- на жинақталады. Қасымжан әңгімесінде Шұғаның сұлулығы, мінезі, лебізі дерлік ерекше әсермен көрініс береді. Әбдірахманның алғашқы өлең-хаты, болысқа айдалып бара жатқанда шығарған өлеңі – осының бәрі Қасымжанның айтуымен тыңдарманын (оқырманын) ерекше әсерлендіреді. Сөйтіп Шұғаға деген ықылас артады. Бұл эстетикалық әсер шығарманың мінсіз құрылымында. Ал, мұндай шеберлік, «композицияның мінсіз қиысуы» (З.Қабдолов) Б.Майлин қаламының қуатында. З.Қабдолов тұжырымына сүйене айтсақ, «Бұл не? Бұл әншейін Қасымжанның ғана тамсануы дейсіз бе? Әлде Шұғаның жаназасына жиналған жұрттың аһ ұруы деп тұрсыз ба? Әрине, екеуі де! Соны- мен бірге, сол екеуінен де бұрын, бұл – авторлық тенденция!» [3, 189].
Автор ретінде Б.Майлин осы шығарманы тудырушы, сол арқылы өзінің көркемдік әлемін бейнелеуші. Біз авторды көркем туындыдан бөлектеп тастай алмаймыз. Себебі, көркем шығарманың күллі құрылымы – композициясы мен сюжеті, тақырыбы мен идеясы, ондағы тартыс, шиеленіс пен кейіпкерлердің болмыс-бітімі, мінез-құлқы автордың позициясы арқылы көрінеді. Автордың талғамында қорытылып, тілдік бояуымен түзілген көркемдік кеңістігі шығарманың эстетикалық нысанын танытады. Жазушы туындыға әрі автор, әрі кейіпкер ретінде қатыса отырып, өзінің ойын
«ортақ үнмен» беретінін ескерсек, нарративтілік құрылымынан біз қаламгер көзқарасын аңғара ала- мыз. Қасымжан әңгімешінің әсерлі әңгімесі арқылы оқырманға баяндалаған көркемдік шындықтың көз жетпесе де көңіл түйсінер тұңғиығында, яғни «астарында» жатқан қаламгерлік «үн» баяншы мен әңгімешіге тең бөлініп, күрделі бұл нарратор-тұлғалар эстетикалық жүкті «жұмыла» көтерген. ХХ ғасырдың басында жазылып, қазақ прозасының классикалық үлгісіне айналған, әлі күнге дейін оқырманын ерекше әсерге бөлейтін «Шұғаның белгісі» повесінің көркемдік құпиясының
кілті де осында тұр.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Майлин Б. Шұғаның белгісі. Алматы: Атамұра, 2003. – 264 б.
2 Моруа А. Вольтер. Романдар мен повестер. Кітапта: Стефан Цвейг, Андре Моруа. Әдеби-психологиялық портреттер. Әдеби портреттер. Өмір сүру ілімі туралы жас жігітке ашық хат. Астана: Аударма, 2009. – 584 б.
3 Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Санат, 2002. – 360 б.
4 Косиков Г.К. Нарратив // Современная западная философия. Энциклопедический словарь / Москва: Культурная революция, 2009. 392 с.
5 Тюпа В.И. Нарраталогия как аналитика повествовательного дискурса («Архирей» А.П.Чехова). Тверь: Твер. гос. университет, 2001. – 58 с.
6 Уайт Х. Метаистория: Историческое воображение в Европе XIX века. Екатеринбург: Изд-во Уральского ун-та, , 2002. – 527 с.
7 Греймас А.Ж., Курте Ж. Семиотика. Объяснительный словарь теории языка. Сост., вступит. ст. и ред.
Ю.С. Степанова. Москва: Радуга, 1983. – 580 с.
8 Данто А.С. Аналитическая философия истории. Москва: Идея-Пресс, 2002. – 292 с.
9 Женетт Ж. Работы по поэтике Фигуры. Москва: Издательство им. Сабашниковых, 1998. – Т.2. – 944 с. 10 Бахтин М.М. Вопросы литературы и эстетики. Москва: Художественная литература, 1975. – 504 с.
11 Хазагеров Г.Г., Лобанов И.Б. Основы теории литературы. Ростов н/Д: Феникс, 2009. – 316 с.

REFERENCES
1 Mailin B. Shuganyn belgіsі. Almaty: Atamura, 2003. – 264 b.
2 Morua A. Volter. Romandar men povester. Kіtapta: Stefan Cveig, Andre Morua. Adebi-psihologiyaliq portretter.
Adebi portretter. Omіr suru іlіmі turaly jas jіgіtke ashyq hat. Astana: Audarma, 2009. – 584 b.
3 Qabdolov Z. Soz onerі. Almaty: Sanat, 2002. – 360 b.
4 Kosikov G.K. Narrativ // Sovremennaya zapadnaya filosofiya. Enciklopedicheskii slovar / Moskva: Kulturnaya revoluciya, 2009. 392 s.
5 Tyupa V.I. Narratalogiya kak analitika povestvovatelnogo diskursa («Arhirei» A.P.Chehova). Tver: Tver. gos. universitet, 2001. – 58 s.
6 Wait H. Metaistoriya: Istoricheskoe voobrajenie v Evrope XIX veka. Ekaterinburg: Izd-vo Yralskogo yn-ta, 2002. – 527 s.

7 Greimas A.J., Kyrte J. Semiotika. Obyasnitelnii slovar teorii yazika. Sost., vstypit. st. i red. U.S. Stepanova.
Moskva: Raduga, 1983. – 580 s.
8 Danto A.S. Analiticheskaya filosofiya istorii. Moskva: Ideya-Press, 2002. – 292 s.
9 Jenett J. Raboti po poetike Figuri. Moskva: Izdatelstvo im. Sabashnikovih, 1998. – T.2. – 944 s. 10 Bahtin M.M. Voprosi literaturi i estetiki. Moskva: Hudojestvennaya literatura, 1975. – 504 s. 11 Hazagerov G.G., Lobanov I.B. Osnovi teorii literaturi. Rostov n/D: Feniks, 2009. – 316 s.

Кишкенбаева Ж.К. Особенности нарратора-автора в повествовательном дискурсе (на основе пове- сти Б.Майлина «Памятник Шуги»»)
В статье рассматривается функция нарратора в художественной прозе через анализ повести Б.Майлина
«Памятник Шуги». Понятие нарративности в художественной прозе анализируется на основании утверж- дений ученых-литераторов. Средства связи между автором и повествователем, а также рассказчиком познаются на основе текстовых анализов, обобщаются идеи о представлении нарраторов в структуре ху- дожественного произведения, об эстетической природе нарративности.
Ключевые слова: автор, художественная проза, нарратор, нарративность, нарратология, рассказчик, повествователь, сюжетная структура, интрига, маска, сюжетно-повествующее сведение, авторская по- зиция.

Kishkenbayeva Zh.K. Features narrator-author in narrative discourse (based on the novel B.Mailin
«Monument Shuga’’)
This article deals with narrator’s function in fictional prose based on analysis of B. Mailin’s story “Shuganyn belgisi”. The problems of narration are studied based on the concepts of literary scholars. Furthermore, in the article the methods of interrelation between the author, narrator and story- teller is considered through analyzing texts. The author of the article gives consideration to the types of narration in fiction prose and aesthetic feature of narration. Key words: author, fiction prose, narrator, narration, narratology, storyteller, plotline, suspense, the mask,
narrative information, author’s position.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *